Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Олжас Сүлейменовпен кездесу кеші өтті. Ине шаншар орын қалмаған зал ішінде иін тірескен оқырман өздерінің сүйікті қаламгеріне қолдан келген қошеметін көрсетті.
Олжекең туралы ода айтудан аулақпыз. Онсыз да Алаштан ат оздырған әлемдік әйдік тұлға оған оншалықты зәру емес. Алғашқы аяқ алысынан-ақ алысқа шабар арғымақтың арынын байқатқан талантты ақынына алқалаған әлеумет әділ бағасын баяғыда-ақ беріп қойған.
Кеңестік тоталитаризмнің «толықсып» тұрған тұсында «Аз и Я» атты әйгілі кітабын жазып, айды аспанға бір-ақ шығарған көзсіз ерлігі көкірегі ояу көпшіліктің есінен сірә, кетер ме. СОКП Орталық Комитеті саяси бюросының тапсырмасымен, Сусловтай сұр кардиналдың сұқ саусағын шошайтуымен «ұлы орыс халқына қарсы жазылған ұлтшылдық рухтағы» еңбекті талқыға салғанда азулары алты қарыс академиктер жан-жағынан арадай талағанымен ата жаумен айқаста атойлап алдымен шабатын Олжабай батырдың жетінші ұрпағына қисынды уәж айта алмай қиналғаны әмбеге аян. Кейін іс насырға шабуға айналған соң Дінмұхамед Қонаевтай данагөйдің ақылымен баспасөз бетінде кешірім сұрағандай сыңай таныта салды...
Осындайда ойға оралады. Жетпісінші жылдардың ортасында Мәскеудегі Останкино телестудиясындағы шығармашылық кешінде оған керауыз біреу: «Осы уақытқа дейінгі жазғандарыңыздың ішінде бас тартатындай дүниелеріңіз бар ма?» деген қиямпұрыстау сұрақ қойды. Сол кезде сегізінші сыныпта оқып жүрген біздің өзіміз әлгі қудың нені меңзеп тұрғанын сездік те, теледидар бетіне телміре қалдық. «Қайтер екен?» Қаны қою әр қазақтың санасында осындай сұрақ қылаң бергені анық. Сабазыңыз саспады. Қалың көрерменге қасқая қарап: «Я ничего подлого не написал», деді де келесі сауалға көшіп кетті.
Еліміз тәуелсіздік алған соң айналасына ажал сеуіп келген Семей полигонын жабуға аттандап атсалысқан азамат тағы Олжас Омарұлы екенін бүгінде екінің бірі біледі. Ал енді оның ел тарихын екшеудегі еңбегі тіптен ерен. Ұзақ жылдарғы ұдайы ізденістің жемісіндей «Мың бір сөз», «Атам заманғы түркілер» және басқа кесек туындылар автордың атақ-даңқын аспандатып жібергенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Қазағын ұлықтаған қайраткердің әмбебаптығын әр саққа жүгірткендер де болмай қалмады. Билік басындағы базбір идеологтарымыз: «Екі кеменің құйрығын ұстап екіленгенше, өлеңін жазып жайына жүрмей ме», дегенге дейін барды.
«Егер тарихшыларымыз елгезектік танытып, халқымыздың өткен-кеткенін, айналасындағы алыс-жақын көршілерімен аралас-құраластығын, рухани ауыс-түйісін жеріне жеткізе зерттеп, зерделесе әрине мен махаббат жырларын маздатып мамыражай поэзиямен айналысар едім. Амал қанша...»
Кітапханадағы кездесуде осылайша ой толғаған көрнекті қаламгер көкейіндегі көшелі пікірлерін көмейінде ірікпеді. Кейбірін келтіре кетейік.
«Былтыр Қарағандының техникалық университетіне барсам, менің ілгеріде айтқан: «Ұлттың күші – арсеналдарда емес, кітапханаларда», деген сөзімді қабырғаға көрнекі етіп іліп қойыпты. Сол пікірімнен қайтпаймын. Кітапхана – адамзат ақыл-ойының қоймасы. Бұл баға жетпес байлықтан айырылуға болмайды».
Осыған байланысты ол Астана төріндегі Ұлттық кітапхана қорында бүкіл дүниежүзінде бірер данасы ғана сақталған сирек құндылықтар барлығына ризашылығын білдіріп, жастарды мұндай асыл қазынаның қадірін сезінуге шақырды.
«Біз қандай заманды бастан кешіп жатырмыз? Айтайын, бәріміз өтпелі кезеңде өмір сүрудеміз. Қайда барамыз? Қайда болушы еді, келесі өтпелі кезеңге келеміз. Кеудесінде жаны тұрғанда кез келген халық алға тарта береді. Бұл – қарапайым өмір қағидасы».
Сөз сүлейі Сүлейменов енді бір сәт: «Социализмге қалай қарайсыз?» деген сауалға байланысты сөйлеп кетті. «Өзімді іштей социалист санаймын. Бұл ежелгі гректерде, Платон дәуірінде туған ескі һәм есті идеология. Түп-төркіні қоғам ұғымына саяды. Ендеше, қарақан басыңның ғана қамын жемей, қоғам жайында қордалы мәселе қозғағанның несі жаман?!.».
Дуалы ауызды қойсаңшы бұл. Атақты адамның пайымдары әжептәуір әсер етіп, көз алдымыздан баяғыда кітап сөрелеріне сыймай сіресіп тұратын Маркс, Энгельс, Ленин томдары еріксіз елестеп өтті. Расымен де, жоғарыдағы жарықтықтардың шығармаларында іліп аларлық игі идеялар жетерлік-ау іздеген жанға.
Ағыл-тегіл ақтарылған абыз өзін қандай өзекті проблемалар толғандыратынын жұртшылыққа жайып салды. «Алды-артымызды абайламайтын албырт шағымызда өз жайымызды көбірек күйттеген шығармыз. Ал жас ұлғайған сайын мойныңдағы жауапкершілік жүгі ауырлап, халқыңның алдындағы қарызың мен парызыңды көбірек есте ұстайтын боласың. Ел, жер, әлем тағдыры жарғақ құлағыңды жастыққа тигізбей мазалайды. Әсіресе, дүбірге толы дүниенің аласапыран ахуалы қатты алаңдатады. Бейнелеп айтқанда бәріміз Планета атты алып мемлекетті мекендейміз. Қазақстан соның бір аймағы іспеттес. Біздің еліміздің бейбітсүйгіш, бітімгершілік бағытындағы қайырлы қадамдары өзгелерге үлгі-өнеге болғанын мақтан тұтамын. Өйткені, бейбіт күннің астында берекелі тірлік кешіп, қалаған ісіңмен шұғылдануға ештеңе жетпейді!».
Белгілі журналист Ғаділбек Шалахметов жүргізген басқосуға бір топ зиялы қауым өкілдері қатысып, мерейтой иесіне жылы лебіздерін жеткізді.
Алғашқы сөзді алған Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтай ұлылардың кіндік қаны тамған қасиетті Баянауыл жерінде жетпіс жеті атасы өсіп-өнген Олжастай тарланбоздың топырағына тартып туғанын тілге тиек етіп, оның бүкіл болмыс-бітімімен туған халқымыздың тұлпар мініп, ту ұстар ұлына, маңдайына басар марғасқасына айналғанын атап көрсетті. Содан соң арғымақ тектес ақынның сонау 1962 жылы жазылған: «Вблизи Чингизских гор его могила», деп басталатын өлеңіне тоқталып, небәрі екі шумаққа данышпан Абай дүниеге келген киелі өңірдің атомдық сынақтар салған жарасын сыйдырып жібергенін сүйсіне еске алды.
Мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов сегіз қырлы, бір сырлы Сүлейменовтің күш салуымен 2008 жылы ЮНЕСКО арнайы конференция ұйымдастырып, адамзаттың төрткүл дүниеге тарауы жөніндегі батыл болжамдарға жол ашылғанын алға тартты. Алқалы жиындар қазір Колумбия университеті секілді іргелі ғылыми орталықтарда жалғасын тапқанын, Американы ашқан арғы түріктердің айбынын асыруға Олжастай дархан дарынның қомақты үлес қосқанын айтты.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин осыдан пәлен жыл бұрын: «Батыс та жоқ, Шығыс та жоқ, Бір әкенің екі баласы бар», деп көрегендік танытқан ағасының ұстанымы қазіргі уақыттың талабымен толықтай үндесетіндігін, қазақтың арғымағын, домбырасын, сағым ойнаған сары даласын жырға қосып асқақтатқан ақынның шалқар шабыты әлі де шалқи беретініне сенім білдірді.
Кездесуде сахнаға жас талапкерлер шығып, орталарында отырған мәртебелі мейманның өлеңдерін оқыды. Өз кезегінде кемеліне келген кемеңгер Олжас ізбасарларына сәттілік тілеп, ақсақалдық ақ батасын берді.
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»
Астана