• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2016

Ел мүддесі алдымен ескерілуі тиіс

329 рет
көрсетілді

Біз өңіріміздің қадірлі ақсақалы, облыстың құр­метті азаматы Жақсылық ЫСҚАҚОВҚА жолығып, Елбасы Жер кодексінің кейбір нор­маларына не себеп­ті тоқтау сал­ға­ны жө­нін­дегі пікірін білген едік. – Киелі атамекен еске түссе, жасымыз сексеннен асса да елең ете қаламыз. Бойымызға жас­та­йымыздан елдік ұғымдарын сіңір­­ген қасиетті ауыл бәріміз үшін жұмақ іспеттес. Дүниеге шыр етіп келгеннен кейінгі өңір әр­­кез ыстық көрінеді. Танымал жазу­­шы Шерхан Мұртазаның «Құдай-ау, не құдіретінің барын, Алматыда жүрсем де, алыс шетел­­дерге қыдыра барсам да не ойым­­нан, не түсімнен шықпайды. Ойым­мен сол ауылда жүремін. Бала кезімдегідей сылдырап ақ­қан бұлағы, желмен жайқалып, тол­қын­дана тербелген шалғыны көз алдыма келеді», деп ақтарыла сыр шертуінен сайын даланың таң­ға­жайып ерен құбылысын терең ұққандай боласың. Туған жер­ді, елді қадірлеу, қастерлеу– ата-ба­баларымыздан қалған ама­нат. Сол себепті, «Батырлар дүріл­­деп өткен жер, Тұлпарлар дүбі­рін төккен жер, Бас иіп, иіс­кеп топы­рағына, Тағзым жасамай өт­пең­дер» (М.Мақатаев) деген тағы­лым­ды бүгінгі ұрпаққа ұғын­ды­ра білсек, аға ұрпақ парызының өтелгені. Мұның бәрі көз алдымда сақ­талып, көкіректе жатталып қалған кешегі өмір көріністері. Ал, үл­кен толғаныспен сыр ақтарып отыр­ғаным, Президенттің Жер кодексіне енгізілген кейбір түзету­лерге мораторий жариялауы­на байланысты. Ертеректе Әлмерек шешен: «Еліңнің сырын біл, жерің­нің тілін біл. Ел ішінде дау туса, осы екеуінен туады. Елің­ді көшіресің, жеріңнің бар жақ­сы­сын өшіресің», деген екен. Бір­лік­шіл ағайынның тірлігін, ел қуаты бірлігін алты­бақан ал­ты ауыздығы емес, көшелі көсем­дігі танытса керек. Бар гәп Жер кодексі баптарының дұрыс түсін­дірілмеуіне, жан-жақты на­си­­хаттың жүргізілмеуіне, ашық әң­гіме-сұхбаттардың ұйым­дас­ты­рылмауына келіп тіреледі. Кеңесіп пішкен тонның келте болмайтыны секілді, бұрынғы заңға енгізілген ұсыныс-толықтырулар ашық, мөл­дір жүргізілгенде орын­сыз дүр­лігулерге жол беріл­мес еді. Ел­ба­сының ескертпе­сі­нен кейін ғана құзырлы орган­дар­дың шабан үйрек құсап қоз­ғала бастаған­дары сондықтан. Бұрындары халық үшін қызмет ету, ел үшін тер төгу, адал ең­бек­ті ардақтау басты ұран, ай­ны­­мас қағида, асыл мұрат болатын. Өмірімізбен қоса әр­бір ісі­мізде өз қолтаңбамызды қал­­­ды­р­уға ұмтылатынбыз. Қазір ше? «Кім екеніңді еңбегіңмен дә­лел­де, Басқа жол жоқ әлемде» (Қ.Мырзалиев) дәурені өтіп, құн­ды дү­ниелеріміздің маржаннан ар­занға айнала бас­таған кезеңіне тап болдық. «Құлағыңдағы алтын сыр­ғаңды қайтейін, алтын сөзді ұқ­паса», деген екен біреу налы­ған­­нан. Жер кодексіне түзетулер ен­гі­зілгеннен кейін тиісті ведомост­во­лар мен билік орындары бар шаруа осымен бітті дегендей ар­қаны кеңге салғаны жасырын емес. Ең бастысы, жұртшылық ха­бар­сыз қалды. «Келісімге келмей керісе берсең, елден береке, ер­ден қадір кетеді» (Шөңкі би) деген осы! Жасыратыны жоқ, жерге кім болса сол ие, сол қожа. Алған өні­­­мі жұмсаған шығынын ақта­м­ай­­­тын шаруашылықтар да аз емес. Мамандығым агроном бол­ғандықтан, көп жыл аудандық партия, облыстық атқару коми­тет­терін басқарғандықтан, таби­ғат­тағы жаратылыстың бәрі бір-бірімен тамырлас, сабақтас еке­нін жақсы білемін. Бір жыл­дары «кіші ирригация» деген нау­қаншылдықты бас­тан ке­шіргенімізді әлі ұмыта қой­ған жоқпыз. Оның салдарынан кі­шігірім көлдер тартылып, суа­лу­ға, қоршаған орта бүлі­ну­ге ай­налды. Мен облатком төр­аға­сы­ның орынбасары қыз­метінде жүргенмін. Әңгіменің тоқетері, мәсе­лені обкомның бюросына дейін жеткізіп, жұртшылық тіле­гімен үш қайнаса сорпасы қосылмай­тын шешімді тоқ­тат­қа­нымыз бар. Қазір жер күті­мі­не кім жауапты деген сауал қойылса, әкімқаралар теріс ай­­налады. Фермерлер жалға алып отырғандарын, меншік иесі емес екендіктерін көлденең тар­тады. Қазанның қақпағын ұста­ған­дар, жерге иелік етушілер мате­риалдық игілікті бірінші орын­ға шығарды. Бұл– қасірет. Ашкөздік, қанағатсыздық ар-ұяттан бездіріп, оның соңы рухани кемелсіздікке ұрындырады. Жер-ана мұндай «еркелікті» көтермейді, кешірмейді. Білікті­лігі мен білімділігі келмесе де, екінің бірі–диқан. Аты бар да заты жоқ фермерлер көбейген. Латифундистер шұрайлы жерлер­ді иеленіп алған. Жер өңдеу тех­нологиясынан бейхабар. Аз жеген ұры, көп жеген ірі болды. Әрқай­сысының ойлайтыны–қара бастың қамы. Елді мекендер жетімсіреп, ұмыт қалған. Оны көріп өскен ұрпақ кімге еліктейді, кімнен үлгі алады? Агрономдар ауылға барудан қашқақтайды. Біз тың игеру сы­қылды дүрбелең шақта диплом алып, еңбекке араластық. Елді мекендерге жібе­рер алдында Мельник деген ауыл шаруашылығы министрі қа­был­дап, жас мамандарға ақжол тіле­ді. Үкімет қамқорлығы осындай еді! Қазіргі кей министрлер өз міндеттерін тиісінше атқара ал­май­тынына намыстанбайды, әдет болып жұққан. Дәстүр үзіл­ген жерде дүрмек басталады. Бар­ша­мыз болып ойланатын мәселе осы. Елбасының төрағалығымен өткен келелі кеңесте жер заңна­ма­сына байланысты қабыл­данған шешімдерді жүзеге асыру –бәрі­мізге сын. Онда мәсе­ленің егжей-тегжейлі зерт­тел­мегені, со­ның салдарынан шала қарпылған киіз­дей ұсы­ны­ла салғаны қадап айтылды. Алаш арыстары аңсаған бақыт­қа қол жеткізген дәуірде ауыл­ша­руа­шылық мақсатындағы жерлерді қа­лай болса солай пайдалануға, кім көрінгенге ұстата салуға еш қақымыз жоқ. «Қазақ құдайға өкпелемеуге тиіс. Ол қазаққа бай жерді де, талантты ұл, қызды да берді. Бірақ соның қызығын бұл қазақ көре алмай келеді. Еврей талантының, байлығының бәрін кәдеге жаратады. Неміс құдай бергеннің 70-80 пайызын пай­да­ла­нып қалады. Ал, қазақ ең құры­ғында сол құдай бергеннің тым болмаса 20 пайызын неге жүзеге асырмайды? Жер бай, талант бар, ақыл да жетеді. Ендеше, қазақ неге кедей болуға тиіс» (Г.Бельгер) деген сөзді билік тізгінін ұстағандар  да, еңбек еткендер де бір сәт естен шығармаулары керек. Бабаларымыз қалдырған бай жеріміздің ырыс-берекесін, ризы­ғын көретін күндер алда. Өмір бүгінмен шектелмейді. Ел ба­сын­дағы ауыртпалықтар әлі-ақ өтеді. Біз алапат аштықтың кезінде туып, аман қалған ұрпақпыз. «Қарны тойып, нан жеген адамда арман бар ма», деген сөзді ес­тіп өскендіктен, Жер-ананың қаді­рін жақсы білеміз. Енді жерге де­ген жекеменшік пиғылды нық қа­лып­тастырудың жолдарын қарастырайық! Жазып алған  Өмір ЕСҚАЛИ,  «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы