• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2016

ҰБТ-ны қайта тапсыру ақылы болмақ

401 рет
көрсетілді

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы С.Нюсупов, Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Ж.Жонтаева, Жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры С.Өмірбаевтың, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның басқарма төрайымы К.Шәмшидинова және Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қ.Әбдиевтің қатысуымен 2016 жылғы ҰБТ-ны өткізуге дайындық турасында брифинг болып өтті. ҰБТ осы жылдың 2-15 мау­сым аралығында 166 арнайы жабдықталған пункттерде өт­кізіледі. Бұл пункттер аудан ор­та­лықтарының мектептерінде, 50-і облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жоғары оқу орындарының ғимараттарында орналасқан. Жоғарыда айтылған барлық 166 ҰБТӨП-те мемлекеттік комиссия жұмыс істейді. Осы жылдың ақпан айынан бастап республиканың барлық өңірінде БҒМ ақпараттандыру-түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта мемлекеттік комиссия жергілікті атқарушы органдармен ақпараттық-түсіндіру және 2016 жылғы ҰБТ өткізуге дайындық бойынша ұйымдастыру жұмыстарын қызу қолға алған. Биылғы мектеп бітірушілер саны 121 092 (оның 83 330-ы қазақ тілінде оқығандар, 37 762-сі – орыс тілінде). ҰБТ-да 86 991 бітіруші қатысады, 63 021-і қазақ тілінде, 23 970-і орыс тілінде оқыған мектеп түлектері. Тағы бір ескеретін жайт, шекті 50 балл жинай алмаған бітірушілер үшін 2016 жылдың тамыз айында кешенді тестілеуді қайта тапсыру мүмкіндігі берілген. Бірақ, қайта тапсыру ақылы, бар болғаны – 2242 теңге және ақылы негізде оқуға ғана құқық береді. Аталған шара жоғары оқу орнында білім алуға ниет білдірген барлық 86 991 бітірушіге жоғары білім алуға үлкен көмек. БҒМ, жергілікті атқарушы органдар және ҰБТӨП жанындағы мемлекеттік комиссиялар ҰБТ-ны сәтті өткізу үшін қажетті жағдай жасауда. Жыл сайын тест тапсырмаларының базасы 20-30 пайызға жаңартылып отырады. Сондай-ақ, бұл жүйе бойынша 1609 аудиторияны пайдалану жос­парда тұр. Министрлік өкілдері ретінде даярланған 1745 адам (бір аудиторияға 1 адам) жіберіледі. Биылғы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалпында. 2015 жылдан бастап ҰБТ-ны өткізу қағидаларына ҰБТ мен пән бойынша жылдық бағаның қорытындысына сәйкес, орташа арифметикалық құрамдық баға қойылады. Дау тудыратын жағдай­да бағаны дөңгелектеу көтермелеу жағына жасалады. Мұндай аттес­таттау мектептің жұмысын әділ бағалауға, мектеп бітірушілерге түсетін психоэмоционалдық салмақты азайтуға мүмкіндік береді. ҰБТ өткізу пункттерінде рәсімге қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ҰБТ-ны объективті және айқын өткізуге жағдай жасау мақсатында 1399 ұялы телефон дыбысын басатын, 438 металл іздегіш, 275 бейнетіркеуіш және 2250 бақылау камерасын қою жоспарланып отыр. ҰБТ қорытындысы министр­лік­тің, Ұлттық тестілеу орталы­ғы­ның сайтында жарияланатын болады. Ол үшін ЖСН және тесті­ле­нушінің жеке коды (дербес қор­ға­ныш қойылған) енгізілсе жет­кілікті. Айта кетейік, Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) 2004 жылы енгізілді. 12 жыл ішінде оған 1 миллион 504 мың мектеп бітірушілері қатысты, бұл осы жылдардағы мектеп бітірушілердің жалпы санының 77,1 пайызын құрайды. Раушан СҮЛЕЙМЕНОВА