• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2016

Әлем тыныштықты қалайды

447 рет
көрсетілді

Кеше Астанадағы Ұлттық музейде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне арналған «Қазақстан: ұлт қауіпсіздігіне төнген жаңа сын-қатерлер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Еліміздің жас тарихшылары, ғалымдар, саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар және студенттер қатысқан дөңгелек үстел барысында «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі кеңінен талқыланып, оның тұрақтылық пен орнықты дамудағы рөлі сөз болды. Сондай-ақ, басқосуда өткен ғасырлардағы сұрапыл соғыстардың әлі күнге тигізіп келе жатқан зардаптары туралы айтылды. Ұлттық музейдің «Қазақстан тарихы» бөлімінің жетекшісі Шынар Уаисова өз кезегінде «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің мән-маңызын айта келіп, Қазақстанның ядролық қауіпсіздік саласындағы көшбасшылығын сөз етті. «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жер бетіндегі бейбітшілікті сақтайтын құжат ұсынып отыр. Қазақстан – адамзат тарихында ядролық қарудан ресми бас тартқан алғашқы мемлекет, Семей полигонын жапқан ел. Ядролық қаруды жерде де, суда да, ауада да пайдалануға болмайды. Елбасы манифесі – тек ядролық қаруға емес, жер бетіндегі кез келген соғыс түріне қарсы үндеу», – деді Ш.Уаисова. Дөңгелек үстелге қатысқан саясаттанушы, филология ғылымдарының кандидаты, саясаттану докторы (PhD) Мұхит-Ардагер Сыдықназаров өткен ғасырлардағы сұрапыл соғыстардың адамзатқа алып келген ауыртпалығы жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. «Егер бірінші дүниежүзілік соғыстағы, одан кейінгі ашаршылық пен қуғын-сүргін жылдарындағы, Ұлы Отан соғысындағы адам шығынын есептесек, жан ауырады. Қазақстан осынау зұлматты жылдарды басынан өткермегенде қазір біздің халқымыздың саны 80 миллионға жететін еді», – деді спикер. Сондай-ақ, ол бейбіт өмір барда, оның қадірі білінбейтінін айтып өтті. Дөңгелек үстел сәтінде тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Бас редакторлар клубының мүшесі Видади Салахов, саяси шолушы Дамир Қасымов, Ауған соғысы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жанат Байжұманов және басқалар «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жөнінде өздерінің орнықты пікірлерін жеткізді. Олардың сөздеріне қарағанда, әлемдік ядролық қауіпсіздікті нығайту тұрғысындағы Қазақстанның көтерген бастамалары әлем жұртшылығы тарапынан қызу қолдау тауып отыр. Бұдан бөлек, олар манифестің БҰҰ-ның ресми құжаты ретінде қабылданғанына екпін берді. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»