Мақтаарал ауданында көктемгі егіс жұмыстары қарқын алды. Ауданда жалпы суармалы егістік алқап 136,4 мың гектарды құраса, бүгінгі таңда 12130,5 гектар жерге бақша, 810 гектар жерге дәндік жүгері, 227 гектар жерге күнбағыс егілді. Ал, аудан ауыл шаруашылығы саласының негізін құрайтын мақтаны 83 мың гектар жерге егу жоспарлануда.
Жуырда ауданның Ералиев ауылдық округіндегі «Нұралы Жол – Ж» шаруа қожалығы егістік алқабында мақташылар бас қосып, семинар-кеңес өтті. Семинар-кеңесте аталған шаруа қожалығының төрағасы Ербол Ералиев үстіміздегі жылы 190 гектар алқапқа мақта шит орналастыратындықтарын айтып, осы саладағы өздерінің озық іс-тәжірибелерімен бөлісті. Жиында Мақтаарал ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков, «Қазақ мақта ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басшысы Ибадулла Үмбетаев, «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басшысы Нұрлан Балғабеков, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Бегім Серіков, тағы басқалар мақта шаруашылығын дамытудағы түйткілді мәселелер мен оларды шешудің жолдары жөніндегі өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Семинар-кеңеске қатысушы мақташылар «Нұралы Жол – Ж» шаруа қожалығының егіске жерді дайындау және мақта шитін орналастыру жұмысы барысымен танысты.
Осы күннен бастап, мақтааралдықтар мақта шитін себуге жаппай кірісті.
Асқар ОМАРХАНОВ,
журналист
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Мақтаарал ауданы