Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Австралияның, Ирландияның, Бенин Республикасының, Сирия Араб Республикасының және Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасының Қазақстанда Төтенше және өкілетті елші қызметін қоса атқарушы дипломаттардан Сенім грамоталарын қабылдады.
Алғаш болып Сенім грамотасын Австралия елшісі Питер Мартин Теш тапсырды. Елшімен кездесуде Г.Әбдіқалықова Қазақстан үшін Австралия Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі маңызды серіктес болып саналатынын атап өтті. Сондай-ақ, Астана Канберрамен ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге зор мән беретініне назар аударып, 2015 жылы екі ел арасындағы жалпы сауда айналымы 74,2 миллион доллар болғанын тілге тиек етті. Өз кезегінде П.Теш Австралияның Қазақстанның әлемдік саясаттағы ұстанымдарын қолдайтынын айтып, тау-кен, ауыл шаруашылығы, білім және инфрақұрылым салаларында бірлесіп атқаратын жұмыстың көп екеніне тоқталды.
Ал Ирландия елшісі Эдриан Макдейдтен Сенім грамотасын қабылдау барысында Мемлекеттік хатшы екіжақты қарым-қатынастар серпінді дамып келе жатқанын айтты. Қазақстанның Ирландиямен ынтымақтастықты дамытуға және екіжақты шарттық-құқықтық база аясын кеңейтуге ерекше назар аударатынын назарға алған Г.Әбдіқалықова екі елдің салық қызметтерінің арасындағы қосарланған салық салудан бас тарту туралы конвенция бойынша келіссөздер қорытындысына қанағаттанушылық білдірді.
Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы Ирландия тарапына БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын қолдағаны үшін алғыс айтты.
БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Э.Макдэйд: «Мен үшiн Қазақстанда елшi болып қызмет ету – үлкен құрмет. Бүгін мен Сенiм грамотасы арқылы Ирландия президентiнiң Қазақстан басшысына жолдаған құттықтауы мен игi тiлектерiн жеткiзгiм келедi. Қазіргі таңда біздің екiжақты ынтымақтастығымыз жақсы деңгейде. Алдағы уақытта қарым-қатынасымызды одан әрi нығайтуға мүмкiндiк зор. Сондықтан, осы бағытта талмай еңбек етуге дайынмын», – деді.
Бенин Республикасының елшісі Анисет Габриэль Кочофадан Сенім грамотасын қабылдау кезінде Мемлекеттік хатшы Қазақстан Африкадағы саяси және экономикалық үдерістерді мұқият бақылап отыратынын және құрлық елдерімен байланысты кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті. Г.Әбдіқалықова аталған мемлекеттің елшісіне Қазақстан Президентінің штаб-пәтері Астанада орналасатын Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын құру туралы идеясын қолдағаны үшін ризашылық білдірді.
Журналистер алдында жасаған мәлімдемесінде А.Кочофа өзінің Мәскеуде оқығанын, сол себепті Қазақстанды студент кезінен жақсы білетінін айтты. Одан бөлек, елші университет қабырғасында дәріс оқыған кезінде ең дарынды шәкірттері Қазақстаннан болғанын да есіне алды. Сондықтан да бұл күнді өміріндегі ең бақытты сәттердің біріне балаған ол Қазақстан сынды ұлы мемлекетте қызмет ететініне қуанышты екенін жеткізді.
Сирия Араб Республикасының елшісі Риад Хаддадтан Сенім грамотасын қабылдағаннан кейін Г.Әбдіқалықова Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың, сондай-ақ, Сирия билігі мен оппозициясының зорлық-зомбылық пен қантөгісті тез арада тоқтату үшін өзара мәмілеге келу арқылы елдің саяси болашағын айқындауға жұмсаған күш-жігерін қолдайтынын айтты. Мемлекеттік хатшы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне ұсынылған Қазақстанның кандидатурасына қолдау көрсеткені үшін Сирия тарапына да ризашылық білдірді. Сонымен қатар, Қазақстан мен Сирия арасында сан ғасырлық дәстүрлі байланыс орныққанына және көрнекті тұлғалар – Әбу Насыр әл-Фараби мен Сұлтан Әз-Захир Бейбарыстың екі халық арасындағы достық қарым-қатынастың символы болып табылатынына назар аударды.
Өз кезегінде Р.Хаддад «Қазақстан үкiметi Еуразиялық экономикалық одаққа қосылу туралы бастамамызды қолдайды деген ойдамыз. Сондай-ақ, Қазақстан үкiметi саясаттағы бағытымызға да қолдау танытатынына үмiттенемiз. Бұл бiздiң елдегі дағдарысты еңсеру үшiн аса қажет. Бұған қоса, лаңкестiкке қарсы күресте де Қазақстанның бізді қолдайтынына үмiт бiлдiремiз», – деді.
Сонымен қатар, Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасының елшісі Аялев Гобези Воркнеден Сенім грамотасын қабылдаған Г.Әбдіқалықова Қазақстанның Африка құрлығына қатысты сыртқы саясатында Эфиопияның айрықша орын алатынын айтты. Екіжақты ынтымақтастықты жандандыру мақсатымен 2014 жылы Аддис-Абебада Қазақстанның елшілігі ашылғанын жеткізген Мемлекеттік хатшы Эфиопия халқын алдағы 25 мамыр – Африка күнімен, сондай-ақ, 28 мамырда атап өтілетін Эфиопия демократиялық күштері жеңісінің 25 жылдығымен құттықтады.
Шет мемлекеттердің елшілері кең ауқымды мәселелер бойынша байланыстарды, соның ішінде қаржы, мұнай-газ, азық-түлік өндіру, баламалы қуат көздері және тағы басқа салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екендіктерін білдірді. Г.Әбдіқалықова аталған мемлекеттердің Төтенше және өкілетті елшілерінің жұмысы елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға септігін тигізетініне сенім білдіріп, оларды Астана қаласында өтетін халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесінің жұмысына қатысуға шақырды.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан»