• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2016

Жерді игеру үшін алдымен ауылды түлету керек

558 рет
көрсетілді

АСТАНА. 14 мамыр. Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысында қатысушылар халықтың көкейінде жүрген сауалдарды көтеріп, қазақ даласының қадыр-қасиетін барынша бағалау қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар, олар бос жатқан жерді игеру үшін алдымен ауылды дамытып, жастарды сол ауылдарға орналастыру керек екенін мәлімдеді. Бұл туралы egemen.kz тiлшiсi хабарлады. Комиссия мүшесі Мұрат Әбенов жастар арасында жер мәселесінде біржақты ғана түсінік қалыптасқанын айтты. Ол: «Бүгінгі таңда еліміздің жастары жер мәселесіне қатысты тек өздерінің ішкі эмоциясын ғана білдіріп жүр. Шындығына келгенде жер реформасы не үшін жасалып жатыр, нарықтық айналымға енгізу не үшін қажет деген мәселелерді олар терең білмейді. Сондықтан біз Жер реформасы не үшін жасалғанын жастарға кеңірек түсіндіруіміз керек», – деді қоғам қайраткері. Сондай-ақ, Мұрат Әбеновтың айтуынша, кейінгі жылдары қаланың адамдары ауылға көп баратын болған. «Қалада оқыған қазақтың жас жігіттері ауылдан кәсіп ашып, жұмыс жасауды көздеуде. Себебі олар ауылдық жерлердің жерін игеруде тиімді жағын байқады. Ал ауылдың жастары керісінше, қалаға қашып жатыр. Сондықтан осы жағдайды дұрыстау үшін жастарға көбірек ақпарат беруіміз керек», – деді ол. Ал комиссия мүшесі Нұрлан Ерімбетов бос жерлерді игеру үшін алдымен әлеуметтік тұрғыда қарау керек деп санайды. «Біз алдымен ауыл халқын есепке алуымыз керек. Олардың тұрмыс-тіршілігіне үңіліп, жұмыспен қамтылуын қамтамасыз еткеніміз дұрыс. Сосын барып бос жерлерді игеруге көшкен жөн. Отандық кәсіпкерлерді, шетелдік инвесторларды тартқанымыз абзал. Халықтың жер сатылады немесе жалға беріледі, сосын жерімізден айрылып қаламыз деп қорқуына негіз жоқ. Заң бар, қадағалаушы орган бар, билік бар. Олар жерімізді тартып алып немесе азаматтық алып тұрақтап қалмайды. Ең бастысы инвестор арқылы біз жаңашылдықты үйренеміз, жерімізді тиімді пайдаланамыз, жергілікті тұрғынға жұмыс болады», – дейді ол. Талғат Райымбек. Дерек, фото: egemen.kz.