Қазіргі уақытта білім интеллектуалдық қана емес, сонымен қатар, қоғам өркендеуінің экономикалық базасын құрайтын мемлекеттің іс-әрекетінің аса маңызды саласы болып табылады. Бұл Елбасы ұсынған Бес халықтық реформаның «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында еліміздің тұрақты дамуы мен 30 дамыған елдің қатарына енуге негізделген бағыттарымыз ретінде айқындалған. Осы тұрғыда Елбасы Ұлт Жоспары аясында білім беру саласына бірқатар реформаларды жүргізуді тапсырды. Ондағы түйінді идея бүгінгі білім мен ғылым жүйесінің уақыт талабына жауап бере білуі болып табылады.
Елімізде білім берудің мазмұнын жаңарту осы салада қызмет ететін тұлғаларға көптеген міндеттер жүктейді. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты аймақтағы педагогтардың біліктілігін арттырумен қатар, еліміздегі біліктілікті жетілдіруге жасалып жатқан мүмкіндіктерді олардың өз пайдасына асыруына, сол арқылы ел мүддесінің алға басуына атсалысып келеді.
Қазір Қазақстанда әлемдік білім беру кеңістігіне бағытталған білім берудің жаңа жүйесі қалыптасуда. Бұл оқу-тәрбие үдерісінің педагогикалық теориясы мен практикасындағы маңызды өзгерістер арқылы жүзеге асырылуда. Жаңа буын оқу материалдарын дайындаудағы, олардың қызметін өзгерту мен білім беру практикасында қолданудағы инновациялық көзқарас білім беру саласын жаңғыртудың құрамдас бөлігі болып табылады. Мұғалім өзінің орны мен оқу үдерісіндегі рөліне, оқушыға деген қарым-қатынасына жаңаша көзқарасты қалыптастырмайынша, білім беруді сапалы өзгертуі мүмкін емес. Біздің ойымызша, мұғалімдерді, әдіскерлерді және мектеп басшыларының арнайы дайындығынсыз жаңа мектепке өту асығыс болар еді. Өйткені, оқытудың түбегейлі жаңа мақсат-міндеттерінің, мазмұны мен технологияларының, бағалаудың жаңа формаларының мәнін түсінбей жаңа теориялық идеяларды практика жүзінде жүзеге асыру мүмкін емес.
Сондықтан да, құзыреттілікке бағытталған жаңартылған білім беру мазмұнын ескере және оқытудың жаңа тәсілдері мен әдістерін енгізудің үздік тәжірибелерін тарата отырып, педагогтардың біліктілігін арттыру қажет.
Білім беру мазмұнын жаңартуға көшу кадрлық ресурстарға жаңа талаптар қойып отыр: білім беруге құзыреттілік көзқарас аясындағы жұмыстарға педагогтерді даярлау; педагогтерді денсаулықты сақтайтын технологиялармен қамтамасыз ету; білім беру үдерісін дараландыру артып отырған жағдайда жұмыс істеуге дайын болуды қалыптастыру. Сондықтан, педагогке жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының жаңартылған мазмұны мен әдіснамасын қабылдауға; білім беру үдерісінің бағдарламалық және әдістемелік қамтамасыз етілуінің өзгеруіне; педагогикалық қызметтің мақсаты мен тәсілдерінің өзгеруіне дайын болу керек.
Қазіргі кезде әрбір педагогті мынадай сұрақтар қызықтырады: жаңартылған білім беру мазмұнының қолданыстағы білім беру мазмұнынан айырмашылығы неде? Мектептегі білім беру үдерісін ұйымдастырудың тәсілдері өзгере ме? «Нәтижеге бағытталған білім» түсінігі нені білдіреді? Жаңартылған білім беру мазмұнына мұғалім қалай және қай бағытта дайындалуы керек? Міне, осы сұрақтардың шешілуіне педагогтардың біліктілігін арттыру институттары ықпал етуде. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-тың облыстық филиалы және «Назарбаев зияткерлік мектебімен» бірлескен мақсатты жұмыстарының нәтижесінде облыс педагогтері жаңартылған бағдарламалар бойынша оқытылуда. Енді бізге осы тәжірибені жүйелеп, республика мұғалімдеріне тарату қажет.
Филиал профессорлық-оқытушылар құрамының шығармашылық тұрғыдан өсуіне ерекше көңіл бөледі. Қазіргі уақытта жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу, «РІSА-2012 қорытындысы және оның танымдық үдерістің менталды деңгеймен арақатынасы» және «Өзін өзі тану» пәнін оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» біліктілік арттыру курстары бойынша тренерлік курстар өткізілді. Курстардың бағдарламалық мазмұнын сапалы жаңарту мақсатында филиал қызметкерлері шетелдік біліктілік арттыру тәжірибесін зерттеу және енгізу жұмыстарын жүргізді. Мысалы, жүйелік көзқарас негізінде дамыта оқыту технологияларын қолдану; дуальды оқыту жүйесін енгізу тәжірибесін зерттеу; жалпы білім беретін мектептердің жағдайында инклюзивті білім беруді ұйымдастырудың түрлері мен әдістері және Smart оқыту технологиялары.
Білім беру үдерісіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу бойынша мұғалімдердің жұмысын арттыру, сандық білімдік ресурстардың республикалық банкін толықтыру үшін елімізде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Сабақтың ерекше әлемі», «Ең үздік АКТ-ны (Ақпараттық коммуникациялық технология) пайдаланушы ауыл мектебі» және басқа бейне сабақтардың байқаулары өткізілді. Ағымдағы жылда институттың ұйымдастыруымен өткізілген «Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың қазіргі үлгілері мен әдістері: тәжірибе және келешегі» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік on-line конференциясы осы жұмыстың дәлелі деуге болады. Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау мәселесі отандық білім беру ұйымдарындағы оқыту үдерісінде өзектілігімен ерекшеленіп отыр. Конференция мектеп оқушыларын бағалаудың қазіргі әдістерін ендіру мәселелерін, шарттары мен мүмкіндіктерін талқылау мақсатында ұйымдастырылды.
Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау тәжірибесі мен оның келешегі – тек отандық қана емес, сонымен бірге, әлемдік деңгейде талдап, қарастыруға тұрарлық мәселе. Конференция жұмысына білім және үздіксіз кәсіби білім беру салаларындағы жетекші мамандар және облыс, республиканың деңгейлік бағдарламалар курсын бітіріп, сертификатталған мұғалімдерімен бірге, Назарбаев Университеттің, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының, Кембридж университетінің (Ұлыбритания), Белоцерковь үздіксіз кәсіби білім беру институтының (Украина), Қазан мемлекеттік мәдениет институтының (Татарстан Республикасы), Пермь мемлекеттік гуманитарлық-педагогикалық университетінің (Ресей), «Билимкана» қоғамдық қорының (Қырғыз Республикасы) өкілдері қатысты.
Біз SMart-қоғамда, басқаша айтқанда, ақылды қоғамда өмір сүреміз. Яғни, біздің айналамызда өміріміздің барлық аспектілерін жақсартатын техникалық құралдар және әртүрлі сервистер бар. SMart-білімнің басты аспектісі – білім алушылардың саны бойынша ғана емес, сондай-ақ, уақыттық және кеңістіктік көрсеткіштердің көмегімен оқыту барлық жерде және әрқашан қолжетімді болатын, интерактивті білім беру ортасында кедергісіз пайдалануға болатын, оқыту шекарасын кеңейтуге мүмкіндік беретін дүниежүзіндегі барлық контенттердің көмегімен мобильді құрылғыларды қолдану негізінде икемді оқыту.
Қазақстанды жаңғырту – бәріміздің ортақ ісіміз. Білім беруді жаңғырту – бүгінгі заман талабы. Қазіргі таңда жаңа технологиялармен оқыту жүйелі түрде жолға қойылып келеді. Оған мамандарды қайта оқыту, интерактивті білім беру, түрлі технологиялық тәсілдер арқылы оқуға деген қолжетімділікті арттыру сынды мысалдарды айтуға болады. Осы орайда, институт білім беру ұйымдарымен бірлескен жұмысқа үлкен мән береді. Яғни, педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру саласының өзекті бағыттарының бірі – педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру ғана емес, мүмкіндігінше сол педагогтермен бірлесе отырып білім беру бағытындағы өзекті мәселелерді анықтау, оны жақсарту жолдарын табу.
Еліміздегі білім беру саласында қордаланған мәселелер өте көп. Мысалы, білім жүйесін жаңарту үдерісі бүкіл әлемдегі білімнің даму үрдістеріне сәйкестендірілу мақсатында бағалау жүйесін реформалау қажеттілігін анықтады. Оқушылардың оқу жетістіктері тек оның пәндік білімі, білігі мен дағдысы деп емес, оның өз бетінше білім алу, оқу, өзіндік жеке тұлға ретінде жасампаздығы деп түсіну керек.
Бүгінгі таңда жаңашыл мұғалім бағалаудың жаңаша жолын құрастыруы тиіс. Оқушыларды бағалаудың жаңа пішіндері баланың тиімді оқуына бағытталып, оқушының тапсырманы орындауы, алға жылжуы, жақсы, күшті және кемшін тұстарын анықтауға неге назар аудару керектігі туралы ақпараттар алуға және реттемелі кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Қазіргі бағалау оқушыны нені білмейтіні емес, керісінше, нені білетініне шоғырландыру үшін пайдаланылуы керек. Бұл мәселені ауқымды қарастыру үшін қолданылатын эволюция түсінігі педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесінде оқыту сапасын басқарудың ақпараттық негіздері ретінде қабылданып отыр. Институттың профессорлық-оқытушылар құрамы қолданылатын эволюциялық-зерттеу білім алушылар мен педагогтердің, білім беру жүйесі мен білім басқармасы ұйымдары арасындағы сенімді кері байланысты қамтамасыз етеді, сондай-ақ, өзін өзі бақылау, өзіндік аттестаттау мен өзіндік сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Эволюция үдерісінде басты назар нәтижеден талдауға, оқыту үдерісін түзету, оқыту жетістіктері мен проблемаларын рефлексиялауға аударылады. Осыдан оқыту үдерісіне қатысушылардың оқу еңбегінің нәтижесіне жауапкершілігін қалыптастырады және білім алушылардың танымдық әрекеттерінің белсенді дамуына жағдай жасайды.
Заманауи білім беру тұжырымдамасы адамды тәрбиелеу мен дамытуды жүзеге асыруға бағытталған. Осыған орай білім беру мазмұнын қазіргі заманауи қоғамның талаптарына сай – оқушылардың білім, білік, дағды, шығармашылық әрекеттерін, тұлғаның көзқарастары мен мінез-құлық қасиетін дамытуы деп түсінуге болады. Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында институт облыс педагогтерінің оқушы білімін бағалаудағы жаңашылдықты тәжірибеде табысты қолдануына ұйытқы болып, педагогтерге бағыт-бағдар беруі арқылы отандық білім беру саласының дамуына үлес қосып отыр.
Республикамыздың білім беру кеңістігінде институттың инновациялық бағытта жасалып жатқан жұмыстары Президент Нұрсұлтан Назарбаев анықтап берген білім беруді дамытудың стратегиялық бағыттарымен біте қайнасып даму үстінде. Бұл білім беруді жаңғыртудың талаптарына сәйкес педагогикалық кадрларды сапалы және тиімді дайындау, халықаралық тәжірибелерді зерделей отырып, біліктілік көтеру жүйесінде әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге тез бейімделуді қамтамасыз етуде.
Осы орайда, институттың техникалық және кәсіптік білім беру бойынша қызметкерлері өткен жылдың 14-18 желтоқсаны күндері Австрия астанасы Вена қаласындағы WIFI International экономиканы дамытуға қолдау институтында біліктіліктерін арттырды. Тағылымдамаға бағытталған «Австрияның кәсіптік білім беру жүйесі» тақырыбында өткен курс Австрияның кәсіптік білім беру жүйесімен танысып, басым бағыттарын анықтау және бәсекелестіктің артықшылықтарын қарастыру үшін білім беру жүйесін зерделеу, педагогикалық кадрлардың біліктілігін көтеру жүйесіндегі басымдылықтарды анықтау және сол арқылы еліміздегі педагогтерді оқытудың бағдарламаларын жетілдіру жолдарын қарастыру мақсатында ұйымдастырылды.
Қазіргі заман талабына сай еліміздегі «Білім туралы» Заңның 5-бабында «Барлық оқу орындары мемлекеттік жалпы міндетті стандартқа сәйкес, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білу мен дамытуды, орыс тілі және бір шетел тілін оқып үйренуді қамтамасыз етуге тиіс» деп көрсетілген. Осыған байланысты институт қызметіндегі басты басымдықтардың бірі ретінде «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын жүзеге асыру қолға алынып отыр. Институттың ұйымдастыруымен халықаралық және республикалық деңгейлерде бірқатар іс-шаралар өткізілді. Осы мәдени жобаны іске асыру аясында институттың профессорлық-оқытушылық құрамына ағылшын тілін үйрену мен дамыту мақсатында қызметкерлеріміз үшін ағылшын тілінен тегін курс ұйымдастырылып, өткізіліп жатыр.
Ғалия СЫЗДЫҚБАЕВА,
«Өрлеу» Біліктілікті арттырудың ұлттық орталығы» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру
институтының директоры
ТАРАЗ