Қазіргі заманғы геология – бұл жер қыртысы және Жердің неғұрлым терең салалары, құрамы, құрылымы, қозғалысы және жер қыртысының даму тарихы мен ондағы пайдалы қазбалардың орналасуы туралы өте күрделі ғылымдар кешені. Геологияның басты міндеті түрлі елдердің халық шаруашылығы мен экономикасын минералды-шикізаттық ресурстармен қамтамасыз ету болып табылады. Прогрестің дамуы және әлемдегі халық санының артуы себепті минералды-шикізаттық ресурстардың рөлі мен оны пайдалану көлемі үнемі өсу үстінде.
Оған Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы нақты дәлел бола алады. Бұған дейін кеңестік геологтардың көптеген буыны құрған қуатты минералды-шикізаттық ресурстарды толықтай өз меншігіне ала отырып, біздің еліміз күрделі өтпелі кезеңді еңсеріп, қысқа мерзімде экономикалық тәуелсіздікке және өнеркәсіптің өзге салаларын дамытуға, сондай-ақ, халықтың әл-ауқатын арттыруға қол жеткізе білді. Бұл сала қазірдің өзінде Қазақстан экономикасының негізі болып отыр, біздің зерттеулеріміз көрсеткендей, елдегі минералды-шикізаттық ресурстардың сарқылмауына байланысты оның одан арғы табысты дамудың базисі болу мүмкіндігі зор.
Минералды-шикізаттық ресурстар Қазақстанның экономикалық дамуын айқындай отырып, индустриялық-инновациялық саясат жүзеге асатын іргетасқа айналды. Біріншіден, шикізат секторынан түсетін табыстардың бір бөлігін өңдеу саласына тиімді түрде бөлу жаңа технологиялардың арқасында қосылған құны жоғары, ішкі және әлемдік рыноктарда бәсекеге қабілетті өнім алуға жағдай жасайды. Екіншіден, индустриялық дамуда тек дәстүрлі шикізатты пайдалану көлемі ғана артып қоймай, сонымен бірге жаңа серпінді технологияларды пайдалану нәтижесінде бірінші кезекте сирек кездесетін металдардан тұратын жаңа пайдалы қазбалармен қамтамасыз ету де талап етілетін болады.
Қазақстанда геология ғылымының дамуы өткен ғасырда белгілі ғалым Қ.И.Сәтбаевтың басшылығымен жүргізілген кең ауқымды өңірлік-геологиялық жұмыстарға негізделді. Ол жұмыстар барлық ғылыми және ғылыми-өндірістік геологиялық зерттеулердің негізіне айналды. Қазақстан аумағындағы минералды ресурстардың кең көлемді әлеуеті осы зерттеулердің арқасында пайда болды. Соның бәрі республиканың қарқынды дамуын және қуатты өнеркәсіптік мемлекет ретінде қалыптасуын қамтамасыз етті.
Осылайша, ғылым мен өндірістің арасында тығыз байланыс жүзеге асырылды. Жүйелі геологиялық зерттеулердің арқасында Қазақстан кен өндіру, металлургия, химиялық-технологиялық, энергетикалық және өнеркәсіптің өзара байланысты өзге де көптеген салалары үшін даму базасына ие болды.
Қазіргі жағдайда кен орындарын ашуда ғылымның көбірек қажет болуының өзіне тән себептері бар.
Бірінші себеп. Бір қарағанда жағдайдың қолайлы көрінетіндігіне қарамастан, Қазақстанда басымдыққа ие көптеген пайдалы қазбалар, әсіресе, түсті металл бойынша өткір тапшылық пайда болуда. Қазіргі уақытта елімізде, әлемнің өзге де өңірлеріндегі сияқты «оңай ашылатын кен орындары» қоры сарқылып келеді. Пайдалы қазбаларды қарқынды өндіру оның рентабельді қорларының жұқаруына әкеліп соқтыруда. Соның салдарынан елде кен орындарын ашу жыл өткен сайын анағұрлым күрделеніп, көп еңбекті қажет етуде және қымбатқа түсуде. Сондықтан да пайдалы қазбалардың кен орындарын іздеу мен барлаудың стратегиясы мен тактикасына түзетулер енгізу қажет. Міне, дәл осында геология ғылымы айрықша рөл атқаруы тиіс.
Екінші себеп. Ғылыми-техникалық революция Жаһан туралы, Жер планетасы туралы жаңа білімдерді игеруге, жекелеген өңірлердің дамуына, тиісінше Қазақстанның бүкіл аумағы мен жекелеген өңірлеріндегі геологиялық даму мен жер қойнауының құрылымы туралы ақпараттардың жылдам жаңаруына, жаңа теориялық идеялардың, тұжырымдамалар мен технологиялардың пайда болуына әкелуде.
Тұрақты есеп жүргізу және ғылыми прогресті пайдалану қажеттілігі геологиялық барлау жұмысындағы ғылым мен өндірістің ажырағысыз байланысын бұрынғыдан да бетер айқындай түсті. Инновациялық қызмет оларды өзара жақындастырудың неғұрлым тиімді жолы болуы мүмкін. Пайдалы қазбаларды болжаудың, іздеу мен барлаудың тиімділігін арттыру мақсатында жаңа теориялар мен тұжырымдамаларды, ғылымды қажет ететін технологияларды құруға және игеруге деген қажеттілік инновациялық қызметті дамытуға итермелейтін маңызды фактор болмақ. Саланың жаңа сапалық деңгейге көшуінде мемлекеттің оң экономикалық саясаты инновациялар үшін шешуші сыртқы ынталандырушы күш болып табылады.
Қазақстан Республикасы Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің қолдауымен біз нарық экономикасының талаптарын, сондай-ақ, білім беру, ғылым мен өндірістің интеграциялануын ескере отырып, Қазақстанның минералды-шикізаттық ресурстарын толықтыруды ғылыми қамтамасыз етудің стратегиясын әзірледік. Ол біз басшылық жасайтын Казнедра, Қ.И.Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институты, Геологиялық-географиялық зерттеулер орталығы және басқа да жетекші ұйымдардың ғылыми-ұйымдастырушылық қызметінің негізіне алынды. Қазіргі заманғы теориялық және практикалық талдаулар мен технологиялардың негізінде көпсалалы іргелі және қолданбалы кешенді зерттеулер жүргізіліп, оған пайдалы қазбалар қорларын толықтыру бойынша зерттеулерді ғылыми қамтамасыз етуді тиімді жүзеге асырып келе жатқан Қазақстанның бүкіл ұйымы қатысты. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде Қазақстанның және жекелеген өңірлердің ең жаңа болжау-минерагениялық және кешенді геохимиялық карталары, іргелі болжамдардан тұратын және Қазақстанның минералды ресурстарына стратегиялық баға берудің негізіне айналған ірі монографиялар басылып шықты.
Біздің зерттеулеріміздің қорытындылары халықаралық беделді форумдар мен практикалық салаларда сынақтан өтті. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың (әлемнің жетекші ғалымдарын тарта отырып жүргізілген халықаралық аудиттің) қорытындысы бойынша минералды-шикізаттық ресурстар саласындағы ғылым мен техниканың Қазақстан үшін айқындаушы маңызға ие екені атап көрсетілді және біздің болжамдық жұмыстарымызға жоғары баға берілді.
Бұл жұмыстар қазақстандық және шетелдік жер қойнауын пайдаланушылар арасында үлкен сұранысқа ие.
Қазақстанның пайдалы қазбаларды анықтаудағы үлкен перспективаларын, сондай-ақ, минералды-шикізаттық ресурстарды дамытудың проблемаларын, міндеттері мен стратегиясын көрсететін осынау жұмыстардың нәтижелері Мемлекет басшысына ұсынылды.
Айта кету керек, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жер қойнауын пайдаланушылар минералды-шикізаттық ресурстардың толығып отыруын қамтамасыз ететін болады деген үміт зор болатын. Бірақ ол үміт ақталған жоқ. Жаңа кен орындарын іздеу – ол көлемді қаржы шығындарын қажет ететін және игеру мерзімі 10-15 жылға дейін созылатын тәуекелі мол жоба. Оның бәрі барлық уақытта бірдей шетелдік және отандық инвесторларды тарта қоймайды. Жеке компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар және басқа да инвесторлар қайтарымы ұзақ мерзімге созылатын кең ауқымды геологиялық зерттеулерді қаржыландыруға бара бермейді. Олардың геологиялық барлау жұмыстарына бөлетін шығындарының аздығы сондай, оның өзі кен орындарын бөлу шеңберіндегі өздерінің дербес міндеттерін шешуді де қамтамасыз ете алмай жатады. Соның салдарынан Қазақстан аумағын кешенді геологиялық зерттеу, іздеу және ғылыми-зерттеу жұмыстарының доғарылып қалғаны соншалық, іс жүзінде саланы, жинақталған тәжірибені, Қазақстанның геологиялық қызметінің инженерлік және ғылыми әлеуетін жоғалту үдерісі бастау алды. Мұның өзі болашақта ресурстық дағдарыстың басталуына апарып соқтыруы әбден мүмкін.
Бүгінде мемлекеттің жаңа құрылымдарды құра отырып, іздеу-барлау жұмыстарының белсенділігін арттыру қажеттігі туындап отыр. Бұл ретте өңірлік геологиялық зерттеу және пайдалы қазбалар қорын толықтыру мәселелері жер қойнауы мен оның әлеуеті туралы маңызды стратегиялық ақпараттың негізгі иесі және тұтынушысы болып табылатын мемлекет тарапынан шешім тауып, қаржыландырылуы тиіс.
Геологиялық барлау жұмыстарының белсенділігін арттыру туралы өз ұсыныстарымызды дәйектеу барысында біз Геологиялық-географиялық зерттеулер орталығы үлгісінде консорциум қағидатындағы Ғылыми геологиялық орталық құру қажеттігін атап көрсеткен болатынбыз. Оның қызметі тәуелсіз мердігерлердің жұмысы мен адамдардың онлайн-платформа арқылы жұмысына негізделуі тиіс. Яғни түрлі орындарда және ұйымдарда жұмыс істей отырып, геологтар коммуникацияның қазіргі заманғы деңгейінде бір бағдарлама бойынша жұмыс істей алатын болады. Мұның өзі бастапқы кезеңде белгілі бір дәрежеде білікті кадрлар тапшылығын шешуге септігін тигізбек. Геологиялық-географиялық зерттеулер орталығында кешенді ведомствоаралық бағдарлама осы қағидат бойынша әзірленген болатын. Онда бұл проблеманы шешудегі негізгі күштер біздің бұған дейінгі бағдарламаларымызға ұзақ жылдар бойы қатысып келген ұйымдар мен қызметкерлер болды. Анағұрлым жоғары білікті мамандарды қажет ететін болжамдау бөлігінде кадрлардың жетіспеушілігі өткір байқалып тұрған қазіргідей кезеңде барлық ұйымдар мен мамандарды біріктірудің маңызы өте зор.
Қайта құру кезеңі басталғаннан кейінгі уақытта геологиялық жұмыстардың күрт қысқарғаны, көптеген ғылыми және өндірістік ұйымның өмір сүруін тоқтатқаны белгілі. Соған байланысты геологиялық мамандықтың беделі де мейлінше төмендеп кетті. Ол аздай, мамандар даярлау сапасы нашарлады. Студенттер экспедицияларға шығып, далада тәжірибеден өту мүмкіндігінен айырылды, тіпті ғылыми қызметкерлердің өзі қайта құру басталғаннан кейін далалық жерлерге шығуларын тоқтатты. Ал ол кәсібилігі жоғары геологтың қалыптасуы үшін ең басты шарт болып табылады. Осындай олқылықтардың салдарынан бүгінде қайта құру дәуірінен кейінгі нашар даярланған кадрлар буыны пайда болып отыр. КСРО кезінде далалық жағдайдағы жұмыс тәжірибелеріне машықтанған мамандардың жастары бүгінде алпыстан асты.
Сөз орайында біздің ұсыныстарымыздың Елбасы тарапынан үлкен қолдауға ие болғанын айта кету қажет. «Елдің минералды-шикізаттық әлеуетін іс жүзіне асыру үшін геологиялық барлау жұмыстарының белсенділігін арттыру қажет – ал жаңа технологиялар үшін, бірінші кезекте, сирек және жерде сирек кездесетін элементтер қажет», деп атап көрсеткен болатын Президент өзінің 2008 жылғы Жолдауында. Президенттің тапсырмасы бойынша жер қойнауын геологиялық зерттеулердің біртұтас жүйесін қамтамасыз ету үшін жаңа құрылымдар құра отырып, геологиялық барлау және зерттеу жұмыстарының белсенділігін арттыру бойынша Үкіметке түсініктеме жазба әзірленді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрақты назар аударуының және бастамашылық танытуының арқасында Үкіметте бұл бағытта белсенді жұмыстар жүргізіліп, геологиялық барлау және зерттеу жұмыстарының белсенділігін арттыруда айтарлықтай қадамдар жасалуда. Кезінде мұнай және газ министрлігі, «Таукен», «Казгео» ұйымдары, геологиялық зерттеу орталықтары және басқалар құрылды.
Ел экономикасындағы минералды-шикізаттық кешеннің елеулі рөлін ескере келгенде, геологиялық барлау жұмыстарының көлемін ұлғайтып, қарқынын арттыруда белсенді іс-шаралар қажет. Мемлекеттік қаржылай қолдаудың іргелі зерттеулердің ұзақ мерзімді бағдарламаларына көрсетілуіне назар аудару керек. Сонымен бірге, олардан тез арада пайда түсіретін қайтарымды талап етудің де қажеттігі жоқ. Егер шындығына келсек, елдің жер қойнауын зерттеу және минералды-шикізаттық базаны ұлғайтуға жұмсалған шығындар Қазақстанның өзінің болашақ дамуына және инвестициялық тұрғыдағы тартымдылығына қамқорлықпен қарайтын ел ретіндегі беделін нығайта отырып, қазірдің өзінде қайтарым беруде.
Болат РАҚЫШЕВ,
Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары
академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты