Бақтың барар жері – ынтымақ. Қарға тамырлы қазақ десек те ел ішінде біреудің кебісін екіншісіне кигізіп қоятын, жау жоқта аттан салып, ала тайдай бүлдіріп жүретіндер қашанда бар.
Қазақтың Қалтайы – Қалағаң айтқандай, “Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік” осынау келеңсіздіктердің алдын алуға талпыныстар жасап келеді.
Онысы жеміссіз де емес. Осыдан аттай бес жыл бұрын көне, киелі Түркістан қаласында бастау алып, Мәртөбе мен Ордабасыда, жер кіндігі Қазығұртта жақсы жарасымын тапқан “Ырыс алды – ынтымақ” жиыны бұл жолы Мақтаарал ауданында өтті.
Оңтүстіктің зиялы қауымы жиналған жиынды белгілі жазушы, халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт жүргізіп отырды.
Жетісайдағы Сырдария университетінің мәдениет сарайында жылдағыдай келелі әнгімелер айтылды, күрмеулі мәселелердің түйіні шешілді. Әңгіме өзегі – ынтымақ, бірлік, татулық және тұрақтылық. Ел иесі, жер иесі – қазақ өз қазанында ғана қайнамау керек. Қазақ жерінен пана тапқан ұлттар мен ұлыстардың арасындағы берік достыққа дәнекер, ұйытқы болуы керек. Алғашқы болып сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы Әбілқасым Досболовтың баяндамасының өн бойында осындай ойлар аңғарылып тұрды. “Ырыс алды – ынтымақтың” жыл сайынғы өткізілуі бір сарынды емес, қоғамдағы өткір тақырыптарға құрылады.
Қазақ рушыл, жүзшіл, ұлтшыл емес. Әйтсе де көзінің алдынан басқаны көрмейтін, ыздиып киініп, галстук тағып, сыпайы болып көрінгенімен, жан-жағына рушылдықтың қара күйесін жаға жүретін зиянды қауым осы зиялы қауымның ішінен де көптеп табылады.
Алғашқы жиын осындайлардың жолын кесуге арналса, келесіде жас ұрпақ тәрбиесі алқақотан отырысқа түскен.
Ал Мақтааралдағы келелі кеңес “Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылдығына” арналды. Тәуелсіздік алу баз біреулердің ойынша қазаққа оңай болғанымен, оны ұстап тұру үшін сындарлы саясат, жүйелі жұмыс қажет. Діннің мемлекеттен бөлектігін жалау қылып көтеріп, қаншама жат дін, іркіттей ірітетін түрлі секталар соқталап ел ішіне кіріп кетті. Осыған мемлекет қандай қайла қылады деп күтпей, халықтың өзі амалын табуы керек-ау. Ел бір тұтас болса, жас ұрпақты қоғамдап ұстаса, зиянды секталардың әрекетін көп болып әшкерелеп, адасқан жұрттың көзін ашса, ынтымақ пен тұрақтылықты сақтауға ықпал етсе тамыры жоқ сырттан келгендер не істей алады?!
Күні кеше Оңтүстікке іссапармен келген Елбасы Түркістанда зиялы қауым өкілдерімен кездескенде осындай қолдан күрделендірілген мәселелердің түйінін тарқатып бергендігі де жиында сөз болды. Бабалар дәстүрі мансұқталмау керек.
– «Ырыс, қайда барасың? Ынтымаққа барамын» демекшi, тәуелсiз қазақ елiнде сан алуан этнос өкiлдерi тату-тәттi өмiр сүрiп жатыр, – деді облыстық тәжiк ұлттық-мәдени орталығының төрағасы А.Худайкулов. – Солардың бiрi – бiздiң тәжiктер. Республикада 40 мыңнан астам, ал Мақтааралдың өзiнде 30 мыңға тарта аталған ұлттың өкiлдерi тұрады. Өз басым Елбасының: “Қазақстанда тұратын әрбiр адам өзiн осы елдiң перзентi сезiнбейiнше, болашағына сенбейiнше, бiздiң жұмысымыз iлгерi баспайды. Отаны бiрдiң – тiлегi бiр, жүрегi бiр. Бiрлiк – бiздiң қасиеттi туымыз”, – деген қанатты сөздерiн жиi еске аламын.
Ынтымағы жарасқан елде бақыт та, бақ та мәңгi болмақ. Сондықтан облыс әкiмi А.Мырзахметовтiң тiкелей ұйытқы болуымен мақталы аймақта “Ырыс алды – ынтымақ” атты жиынның өтуi өте құптарлық игi iс деп ойлаймын.
Шардара ауданы, Абай ауылының биi, ардагер ұстаз Ж.Төлешова сөзін төмендегідей сабақтады.
– Дәстүрлi жиынның көпшiлiкке берер тәлiмi зор болды. Ел арасындағы ауызбiрлiк, көптi көрген көнекөз қарияларымызды құрметтеу, бала тәрбиесiн көп болып қолға алу, әрбiр елдi мекенде қоғамдық тәртiптi сақтау секiлдi мәндi мәселелер кеңiнен әңгiме етiлдi. Ауыл биi ретiнде бүгiнгi балалар психологиясы, жасөспiрiмдер арасында қылмыстың өршуi менi қатты мазасыздандырады. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары кейбiр ата-аналар бала тәрбиесiне селқос қарай бастады.
Ауыл округтерiндегi ардагерлер кеңестерi мен ауыл билерiнiң жұмыстарын жандандыруымыз керек. Ел ақсақалдары, ауыл билерi тентектi тезге салатындай тәрбиелiк iспен шұғылданса жөн емес пе? Ауыл әкiмдерi жастарды шағын және орта бизнеспен айналысуға бағыттап, жеңiлдiкпен несие алуына жәрдем берiп, қамқорлық жасаса деймiн. Базарда иранның алмасы мен өзбектiң өрiгiн қымбат бағаға сатып алғанша неге сол өнiмдi өзiмiз өндiрмеймiз? Бұл бiздiң де қолымыздан келедi ғой.
Жиынды облыс әкімі Асқар Мырзахметов қорытындылады.
– Бүгiн Мырзашөл жерiндегi жиын аса маңызды мәселелердi сөз еттi. Ел бiрлiгi мен ынтымағынан бастап, өзектi әлеуметтiк проблемалар қамтылды. “Ырыс алды – ынтымақ” шарасының мақсаты да осы. Игi дәстүрдi одан әрi жандандыру үшiн мен “Ырыс алды – ынтымақ” атты қоғамдық форум құруды ұсынамын, – дедi ол.
Азаматтық қоғам мен билік арасында диалог орнатуға арналған форум екi бағытта жұмыс iстемек. Бiрiншiсi, жергiлiктi билiк өкiлдерi форум мүшелерiне бюджеттiң орындалуы, өндiрiстiң дамуы, әлеуметтiк мәселелердiң шешiлуi бойынша есеп бередi. Екiншi бағыт бойынша – қоғамдағы өзектi мәселелердi талқылап, нақты шешiмдер қабылдау. Форумға облыс, аудан, қала әкiмдерi, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер мен ауыл билерi, зиялы қауым өкiлдерi мүше болады.
Жиында “Ырыс алды – ынтымақ” басқосуына қатысушылардың Үндеуi қабылданды. Қоғамдық форумның жиыны жылына үш рет – Наурыз, Конституция күнi мен Тәуелсiздiк күнi мерекелерiнiң қарсаңында өтетiн болып белгіленді.
“Отанды қалтқысыз сүю оның суығына шыдап, ыстығына күюдi талап етедi. Бұл жолда бiздiң ең басты байлығымыз – берекелi бiрлiгiмiз.
Халқымызда “Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады” деген даналық сөз бар. Олай болса, ынтымағы мен бiрлiгi жарасқан елiмiздiң көк байрағы көкке желбiрей берсiн, тәуелсiз елiмiз жайнап, гүлдене түссiн.
Басқосу-жиынға қатысушылар “Ырыс алды – ынтымақ” қоғамдық форумын құру жөнiндегi ұсынысты бiрауыздан қолдайды.
“Ырыс алды – ынтымақ” атты қанатты қағида мызғымас бiрлiгiмiздi, берiк ауызбiршiлiгiмiздi, кiшiпейiл iзгiлiгiмiздi нығайта түссiн, игi iстердiң жалғасуына жол аша берсiн!”
Үндеуде осындай ойлар айтылған.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы.