Заман бір орында тұрмайды, ол үнемі алға жылжиды. Оның талабына сай дәуір дидарының, адам мен қоғамның өзгеруі де ақиқат. Тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр толған еліміздің даму жолы да өзгеріс үстінде. Елбасы Н.Ә.Назарбаев стратег ретінде сәт сайын құбылған заман талабына, «Қазақстанды кейінгі ұрпақ үшін бұдан да өсіп-өркендеген елге айналдыру» міндетіне сәйкес, жаһандық бәсекеге қабілеттілігін шыңдайтын Жолдауын жариялады. Стратегиялық маңызы зор құжат Қазақстанның Үшінші жаңғыруы кезеңінде атқарылатын жұмыстар кешенін қамтиды.
Әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарынан көрінуге бет алған Қазақстанның дамуына қатысты көкейкесті мәселелерді көтерген Жолдауды оқи отырып, Көшбасшысы кемеңгер ел көшінің ешқашан адаспайтындығына тағы бір мәрте көз жеткізгендейміз. Елбасының стратегиялық жоспарларының табысты жүзеге асырылуының нәтижесінде, Қазақстан жаңғырудың екі сатысын артқа тастап, үшіншісіне қадам басты. Бұл жаңғыру – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы; бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту; макроэкономикалық тұрақтылық; адами капитал сапасын жақсарту; институттық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты бес басымдыққа негізделген.
Құжатта цифрлық технологиялардың көмегімен ел экономикасын одан әрі өркендету көзделіп отыр. Осы бағытта Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеу және қабылдау туралы берген тапсырмасынан күні кеше ғана Президенттің бірқатар өкілеттіктерін билік тармақтары арасында қайта бөлу жөніндегі Үндеуімен астасып жатқандығын көруге болады. Бүгінгі ғылым мен техниканың дамыған заманында елімізде Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін енгізу қажеттігі атап өтілді. ЭКСПО-2017 нысандарының базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркін құру,
Назарбаев Университет және «Алатау» инновациялық технологиялар паркі базасында ғылыми және инновациялық әлеуетімізді дамыту міндеттері қойылды.
Бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту мен кеңейтуді көздейтін екінші басымдық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру мен халықты жұмыспен қамтуға, мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін мейлінше оңтайландырып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін одан әрі дамытуға және менеджмент пен корпоративті басқару сапасын халықаралық деңгейге жеткізуге бағытталса, үшінші басымдық макроэкономикалық тұрақтылыққа негізделген. Әрине, Елбасы бұл басымдықта ерекше назарды орта мерзім ішінде инфляция деңгейін 3-4%-ға дейін төмендетуге қол жеткізуге, қаржы секторын «қайта жаңғыртуға», Қор нарығын одан әрі дамытуға, салық-бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайға бейімдеуге аударды. Осы ретте Ұлттық банкке зор жауапкершілік жүктеліп отыр.
Кез келген елдегi бiлiм беру жүйесi ұлттық мәдениеттiң және танымның көрсеткiшi ретінде экономика, саясат, мәдениет салаларындағы өзгерiстерге де әсер ететіндігі анық. Бiлiм бүкiл әлемде тұлғаны әлеуметтiк-экономикалық үдеріске тиiмдi қатысуын қамтамасыз ететiн негiзгi фактор болып саналады. Сондықтан, Елбасы төртінші басымдықта білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру міндетін қойып отыр. Бұл бағытта оқыту бағдарламаларын білім алушылардың сыни ойлау қабілетін, өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау, ұлтжандылықты, IT-білімді дамыту жұмыстарын жүргізу қажеттілігіне тоқталды. Сондай-ақ, ғылымның негізі ағылшын тілінде екендігіне жіті наза аударған Елбасы оқыту жүйесіне ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізу керектігін атап өтті.
Жоғары білім беру мәселесі де назардан тыс қалмады. Әсіресе, білім сапасы, білім беру бағдарламалары, жоғары оқу орындарында қызмет атқаратын кадр құрамы, оқу орнының материалдық-техникалық базамен жабдықталу деңгейіне қатысты бақылау мен талап күшейтілетін болады. Ел дамуының стратегиясын дұрыс таңдап, оны әрi қарай жүзеге асыру бірінші кезекте адами капиталға байланысты. Сондықтан, кез келген елдің бүкіл әлемдік жүйедегі болашақ орны мен рөлі адами капиталдың сапасына қатысты болғандықтан, Мемлекет басшысы бұл мәселеге терең мән беріп отыр.
Сонымен қатар, Президент өзінің Жолдауында үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетіндігін, заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеу қажеттігін айтты.
Тағы бір аса мән берілген сала – әлеуметтік қамтамасыз ету саласы. 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттырылады. Сондай-ақ, 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20%-ға өседі. Бұған қоса, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек ең төменгі күнкөріс шегінің 40%-ынан 50%-ына дейін өседі деп белгіленген. Осының барлығы халықтың алаңсыз өмір сүруіне алғышарт жасайтын болады.
Бесінші басымдық бойынша Елбасы Үкіметке бірқатар міндеттер жүктеді. Солардың бірі – кез келген дамушы мемлекеттегі қоғам дерті болып табылатын сыбайлас жемқорлықтың туындау себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жоюдың жолдарын қарастыруды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, діни радикализмге байланысты әрекеттерге қоғам мүшелерінің «мүлдем төзбеушілігін» қалыптастыру, сот жүйесіне ел сенімін арттыру, мемлекеттік сатып алу саласын одан әрі жетілдіру мәселелері қамтылды.
Жалпы, Жолдауда айтылған барлық басымдық елімізді одан да биік белестерді бағындыруға жетелейтіні анық. Мемлекетіміздің кемелді болашағының айқын жоспары болып табылатын Жолдауды мазмұны, алға қойған мақсаты жағынан да стратегиялық маңызы зор құжат деп білемін. Ал айқындалған жоспарларды жүзеге асыру – баршамыздың абыройлы міндетіміз.
Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор