04 Маусым, 2011

Астана – ХХІ ғасырдың қаласы

736 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласын әрі қарай дамыту мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңес өткізді. Кеңеске жекелеген министрліктер мен ұлттық компаниялардың басшылары, Астана қаласы әкімдігінің және аудандық әкімдіктердің басшылық құрамы, сондай-ақ Астана қалалық мәслихатының депутаттары қатысты. Кеңейтілген кеңес жұмысы басталмас бұрын, Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қа­зақстан» орталық концерт за­лы­ның ғимаратында Астана  қа­ла­сын дамытуға бағытталған жаңа архитектуралық жобалардың, ком­муналдық шаруашылық жүйе­лерді электронды басқарудың және қалада көлік инфрақұрылымын дамыту картасының тұсаукесе­рінде болды. Сәні мен сәулеті жарасым тапқан біздің елордамыз шын мәнінде барша қазақстандықтар­дың, барлық қазақтың мақтаны­шы болды, деді Президент кеңес жұмысын бастар алдындағы кіріспе сөзінде. Астана тек қа­зақ­тың елордасына ғана емес, жа­һандық деңгейдегі маңызды жи­ындар өткізетін Еуразияның дәл жүрегіндегі аса ауқымды ор­та­лыққа айналып отыр. Былтыр жаңа ғасырда алғаш рет ЕҚЫҰ-ның Саммиті, Азиаданың ашылу салтанаты осы қалада табысты өтті. Енді ШЫҰ-ның онжылдық мерейтойы Астанада өткелі отыр. Биылғы жылы Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымына төр­аға­лық ететіндіктен, Ұйымның аса үлкен беделді жиындары да елордада өтетін болады. Мемлекет басшысы Астананы осындай дәрежеге жеткізген, әлем жұртшылығына танымал еткен мемлекеттің орасан ісі мен астаналықтардың, сондай-ақ кезінде қаланы басқарған әкім­дер­дің еңбегі екендігін атап өтті. Біздің алдымызда Астананы өзге қалаларға үлгі-өнеге болатындай дәрежеге жеткізуіміз керек, деді Елбасы әрі қарай. Сондықтан ал­дымызда әлі талай жұмыстар тұр. Бүгінде елорда ТМД-дағы ең қо­лайлы қалалардың бірі болып отыр. Халықаралық ірі қалалар ассамблеясының конкурсы бой­ын­ша Астана ТМД елдеріндегі 81 қаланың ішінде ең үздік қала деп жарияланды. 2000 жылдан бері қаланың жалпы өнімі 16 есе, жан басына шаққандағы өнім 9 есе өсті. Бұл Шығыс және Орталық Еуропадағы дамыған елдердің көрсеткішімен бірдей. Турасын айтқанда, Еуропалық Одақ дең­гейінде. Осы жылдары инвестиция 6,5 еседен асты, тұрғын үй құрылысы 10 есеге артты. Астана қаласының даму қар­қынына қатысты ойын осылайша білдірген Елбасы бұдан кейін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке сөз берді. Қала басшысы сөзіне 2010 жылғы 2 сәуірде өткен Астана қаласын да­мы­ту жөніндегі кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмаларының орындалу ба­ры­сы және алдағы кезеңдерде қа­ланы дамытудың басым­дық­тары мен перспективаларын арқау етті. Қазіргі кезде қала басшы­лы­ғы­ның алдында елорданы жедел және стратегиялық жағынан кешенді түрде дамыту міндеті тұр. Бұл қала басшылығынан барлық са­лаларда тиімді шешімдер қа­был­дауды қажет етеді. Осыған бай­ланысты Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов жүйелі түрде шешілетін үш міндетке тоқталды. Оның біріншісі – тұрғын үй құрылысы. Сіздің қолдау көрсетуіңіздің арқасында құрылыс секторы өзінің оң серпінділігін жоғалтпады, деді қала басшысы. Өткен үш жылда 4 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылғы жылы тағы 1,4 миллион  шаршы метрді құрайтын тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Сіздің тапсырма­ңыз бойынша үлестік сектордағы тұрғын үйлер құрылысы қайта жан­данды. Қазіргі жағдай бой­ын­ша үлескерлердің 95 пайызының мәселесі шешімін тапты. Бұл 218 тұрғын үй кешеніндегі 35 мың үлескерге қатысты. Қала әкімінің атап өткеніндей, бүгінде қалада 5914 үлескердің қатысуында 25 тұрғын үй бар. Бұл нысандардың құрылысы осы жылы толық аяқталатын болады. Ал 2011-2014 жылдарға арнал­ған тұрғын үй құрылысының жаңа бағ­дарламасын жүзеге асы­ру жұ­мыс­тары қазірдің өзінде бастал­ған. Аталған бағдарлама аясында 1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Олар «Мыңжылдық аллеясы», «Хан Ша­тыр» маңайында және Қабан­бай батыр даңғылы мен Сығанақ көшесі бойында бой көтереді. Бұдан кейін қала басшысы әлеуметтік нысандар құрылысы­на тоқталды. Өткен жылы соңғы бес жылда алғаш рет жалпы білім беру, мектепке дейінгі және медициналық мекемелердегі ор­ын­дар тапшылығы проблемасы тө­мендеді,  деді Иманғали Нұр­ға­лиұлы осы туралы.  2010 жылы орындар тапшылығын 18 мыңнан 13 мыңға қысқартуға мүмкіндік туды. Тек өткен жылдың өзінде ғана 5 мыңға жуық жаңа орын ашылды. «100 мектеп құры­лы­сы» жобасы аясында жоспар­лан­ған 7 мектептің қазіргі кезде 6-сы­ның құрылысы аяқталды.  Жыл соңына дейін Ильинка ауылын­дағы мектептің құрылысын аяқ­тау көзделіп отыр. Бағдарламадан тыс өткен жылы әкімшілік ор­та­лығындағы 1200 орындық №66 мектеп оқушыларға  есігін ашты. Сондай-ақ, осы жылы тағы 5 мектептің құрылысы басталатын болады. Ал мектепке дейінгі мекемелерге келсек, 2010 жылы «Балапан» бағдарламасы бой­ын­ша 50 балабақша пайдалануға берілді. Осының нәтижесінде 11 мыңнан астам жас балғын бала­бақ­шаларда тәрбие алып жатыр. Биылғы жылдың соңына қарай жалпы саны  9095 орынды құрай­тын тағы 33 балабақшаны іске қосу жоспарланып отыр. Қала әкімі сөзінде елордадағы денсаулық сақтау саласынан да хабардар етті. Иманғали Тасма­ғамбетовтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын жү­зеге асыру мақсатында ауруханалар орындарын оңтайландыру жұмыстары қолға алынып жатыр. Бұл мәселелерді еліміздің Ден­сау­лық сақтау министрлігі қол­да­ды. Осыған орай, қазіргі кезде «100 аурухана» бағдарламасы ая­сындағы нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аталған бағдарламаға сәйкес 9 нысан тұр­ғызу жоспарланған. Оның екеуі өткен жылы пайдалануға берілді. Қалған үш нысанның құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқ­та­лады. Сондай-ақ бағдарламадан тыс бүгінде қаланың сол жаға­лау­ында 500 адамды  қабылдауға арналған амбулаториялық-емха­на­лық кешеннің құрылысы жүр­гізіліп жатыр. Жоспар бойынша ол 2012 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Қала басшысы Президентті маңызды нысандар жайынан да хабардар етті. Қазіргі күнге дейін барлығы алты ірі нысанда құ­ры­лыс жұмыстары жүргізілу үстін­де, деп жалғастырды сөзін Иман­ғали Тасмағамбетов. Оның төр­теуі­нің  құрылыс жұмыстары  би­ыл­ғы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы жылында бітетін болады.  Олар – Хэйли Берри үлгісіндегі ағыл­шын мектебі, Хазірет Сұлтан мешіті, Телерадио кешені және Оқу­шы­лардың  шығармашылық сарайы. Келесі кезекте қала басшысы Елбасының Астананы дамытуға байланысты алға қойған міндеттеріне тоқталды. Ол  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жа­ңартуға қатысты. Әкімнің  атап өтуінше, Үкіметтің 2011-2014 жыл­дарға арналған бағдарлама­сы­на сәйкес бүкіл қала бойынша 528 көп пәтерлі үй  ағымдағы және күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл мәселеде энергия және энергоресурстарын үнемдеу ма­ңыз­ды болып отыр. Осыған қа­тысты тиісті мекемелер нақты жұмыстарды қолға алуда. Бұл бағдарламаға қаладағы 231 көп пәтерлі үй кірмей қалға­нын атап өтуіміз керек, деп жал­ғастырды сөзін қала басшысы. Бұл  тұрғын үйлердің 86-сы апат­ты жағдайдағы ескі үйлер сана­тына жатады. Біз аталған проб­ле­маны кезең-кезеңімен шешу жо­лын қарастырудамыз. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз Астана демеуқаржыны қажет етпейтін қала болуы тиіс деп атаған едіңіз. Бұл міндетті шешу негізінен ша­ғын және орта бизнесті дамытуға байланысты. Бүгінде елордада шағын бизнес ойдағыдай дамып келеді. Бұл мәселе қала бас­шы­лығының үнемі назарында. Әкім сондай-ақ шетел инвес­ти­циясын тарту барысын да ата­ды. Иманғали Тасмағамбетовтің тоқталғанындай, өткен жылдың қорытындысы бойынша, елорда экономикасына жалпы көлемі 5,3 млрд. теңгені құрайтын шетел инвестициясы салынған. Бұл – өткен жылғыдан едәуір көп. Шетелдік инвестицияның келуі ал­да­ғы кезеңдерде де еселеп өсетін болады. Бұған мысал ретінде әкім жақында Астанада өткен эко­номикалық және инвес­тиция­лық форумның айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті. Осы форумда шетелдік инвесторлармен бір­қатар жобаларды жүзеге асыру туралы 11 меморандумға қол қойылған. Астана қаласының әкімі елорда айналасында азық-түлік белдеуін құру мәселесін де ортаға салды. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, қазіргі кезде қала әкімдігі тұрғындарды азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етудің жоба-үлгісін жасаған. Бү­гінде осыған байланысты жы­лы­жайда қияр мен қызанақ өсіру бойынша «АстанаЭкоСтандарт» ЖШС-нің құрылысы және     азық-тү­лік өнімдерін сақтау және та­сымалдауға қатысты «Қаз­бас­өнім» ЖШС көлік-логистикалық орталығының құрылысы жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қа­тар, жалпы сыйымдылығы 5000 тонна болатын «СПК «Astana» АҚ-тың құрылысы туралы мә­селе қарастырылу үстінде. Сөзінің соңында Иманғали Тасмағамбетов Елбасына елор­да­ны қуат көздерімен, газбен қам­та­масыз ету жайын да баяндап берді. Әкімнің атап өткеніндей, бүгінде ЖЭО-3 жаңа энерго ор­талығының құрылысы жобасын жүзеге асыру ерекше маңызды болып табылады. Бүгінде оның бюд­жет қаржысы есебінен ал­ғаш­қы кезегінің құрылысы бас­тал­ды. Оның жылу қазанды­ғы­ның қуаты сағатына 480 гека­ка­ло­рияны құрайды. Ал қаланы газ­бен қамтамасыз ету бары­сында да нақты жұмыстар қолға алынуда. Бұған мысал ретінде әкім ЖЭО-1-дің толық көлемде газға ауыстырылатынын, ал ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-тің көмір және газ арқылы жылу өндіре­тінін келтірді. Бұлардан бөлек әкім Мемлекет басшысын қаланы көгалдандыру барысы жайынан және оны алдағы уақытта әрі қарай дамыту жөнінен хабардар етті. Қала әкімі Иманғали Тасма­ғам­бетовтің сөзі аяқталған соң Елбасы онда барлық мәселелер бойынша толық ақпарат берілгенін атап өтті. Бірақ мен онда ай­тылған мәселелер бойынша түсінік беруді талап етпеймін, тек өзімнің жасаған қорытындыла­рым­ды айта отырып, мәселелерді жол-жөнекей талқылайтын бола­мыз, деді Президент. Елбасы кеңес жұмысын өз қорытындыларын айтумен жал­ғас­тырды. 2001 жылы Астананың болашақ дамуы жөніндегі стра­те­гиялық жоспарды жасаға­ны­мыз­да біз 2030 жылы Астанада 600-800 мың тұрғын болады деп бол­жаған едік. Бірақ өткен жылдың қорытындысы бойынша ғана Астана тұрғындары 700 мың адамға жетіп отыр. Тіпті одан да көп деп айтуға болады. Астана өзіне тән архитектуралық бейнесін жасап болды. Қаланы дамыту жөніндегі алғашқы Бас жоспарда белгіленген шаралардың бәрі іске асы­рылып, құрылыстар аяқталды. Соның ішінде әлемдік архи­тек­тураның жәдігерлері бола алатын нысандар да барын айта аламыз. Бұрын біздің қаланың белгісі ретінде «География телеарнасы» Пирамиданы көрсететін болса, қазір әлемде тұрғызылған ең үлкен шатыр ретінде «Хан Шатырды» көрсететін болды. Алдағы уақытта да мен біздің архитекторларымыз әлемде жоқ осындай нысандар салу жөнінде ұсыныстар жасағанын қалаймын. Соның бірі «Оқушылар сарайы» болатын шығар деп ойлаймын, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы келесі кезекте өзінің кешегі күні сол құрылысты өз көзімен көріп, оның ерекшелігіне риза болғанын жеткізді. Онда балалардың дем алуына, білімге, өнерге баулынуына қажетті бар­лық жағдай жасалатын болады. Президент: «Астананың мәрте­бе­сі де қоғамымызда бекіп бол­ды. Барлық қазақстандықтар Ас­та­наға келуге, оның ғажайып­тарын көруге құштар. Қаламыз тіпті ЕҚЫҰ Саммиті секілді әлем­дік шараларды өткізу орталы­ғы­на да айналып келеді. Одан кейін Азиаданы да лайықты дәрежеде өткіздік», дей келіп, биыл болатын үлкен шараларды атап өтті. Осы­ның бәрі Астананы танымал әрі белгілі орталыққа айналдыра тү­суде. Қазір қаламыз бұрынғыдан да құлпырып, жаңарып, тазарып келеді. Астаналық өмірді қамта­ма­сыз ете алатын бірнеше ма­ңызды мәселелер бар. Біз жүйелі түрде санды сапаға айналдыру бағытын ұстануымыз керек. Ол туралы біз бұрыннан айтып келеміз, дегенмен, бұл мәселелерді біз ешқашан да күн тәртібінен түсірмеуіміз керек. Біріншіден, бұл – қаланы жы­лумен қамтамасыз ету мәсе­лелері. Өткен жолғы осындай ке­ңесте айтылған мәселелер әлі күнге шешілмей, келесі жылу маусымына, өкінішке қарай, тағы да дайындықсыз аяқ басқалы тұрмыз. Қосымша қуат көздері пайдалануға берілмейді, тұтыну көлемінің өсуі – 130 ГК, оның үстіне былтырғы жетпеген 200 ГК-ны қоссақ, барлығы 330 ГК жылу жетпейтін болып отыр. Одан әрі Елбасы осы мәселеге жауап беретін Астана қаласы әкі­мінің орынбасары Валерий Кры­ловты орнынан тұрғызып, түсінік беруін талап етті. Ол мәселенің мәнісін айта келіп, қолдан келетін барлық мүмкіндіктер жаса­лып жатқанын, бірақ қаражат жетпегендіктен, 4 қазандық іске қосылмайтынын айтты. Сол төртеудің тым болмаса 2-ін іске қосуға бола ма деген сұраққа да маман тағы да қаражаттың жетпей, инфрақұрылымдар дайын бол­мағандықтан, оның мүмкін емес­тігін жеткізді. Бұл іс бой­ынша Елбасы жасалып жатқан жұмыстарға өзінің риза еместігін айтып, Премьер-Министр К.Мә­сі­мовке қала әкімімен бірлесе отырып, тұрғындарды қыстыгүні жылумен қамтамасыз етуге қа­жетті қаражатты бөлдіріп, жа­салуға тиісті жұмыстардың орын­далуын бір аптаның ішінде қа­растырып, шешуді тапсырды. Қыс­қа дайындық жалғыз Аста­наның ғана емес, барлық қалалар мен аймақтардың да күн тәрті­бінен түсірмейтін мәселесі болуы керек. Жөндеуді қажет ететін барлық ЖЭО-лар мен қазан­дық­тар есепке алынсын. Осыған орай Президент Әкімшілігі мен Үкімет жанындағы барлық инспекторлар тиісті облыстарға шы­ғып, осы жағдайды қадағалайтын болсын, деді Мемлекет басшысы. Екіншіден, Астанадағы құ­ры­­лысы жүріп жатқан барлық ны­сандардың сапасы бақылауға алын­­сын. Олардың тұрмыстық қо­лайлылығы халықаралық стан­дарттарға сай болсын. Соның ішінде паркингтің болуы, Интернетке қолжетімділік, қуат үнем­дейтін технологиялардың болуы міндет етілсін. Осы жерде Ел­басы Қарағанды қаласындағы бір фирмада өзі көрген электр қуа­тын үнемдеу, жылумен тегін қамтамасыз ету тәжірибесі туралы айтты. Ал біз әлі күнге диод лампаларын қоюды да қолға алған жоқпыз, барлық әкімшілік ғимараттарда, көше жарықтары­на осы лампаны қолдану керек, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Осы арада Елбасы сапасыз құрылыстарды сынады. Сапасыз материалдар қолданғанның кесірінен жап-жаңа үйлердің сыртын қайтадан жасауға тура келеді. Одан әрі «Нұржол» бойындағы астаналық мәртебеге мүлде сай емес құрылыстарды сынға алды. Астанаға келген қонақтардың бәрі осы бульвар арқылы қалаға баға береді, ал оның бойындағы келеңсіз дүниелер, орынсыз қол­данылған гранит тастары, сынған бордюрлер мен плиткалар, көр­кем­дік-эстетикалық талғамдарға сай келмейтін фигуралар сәнін төмендетіп отыр. Мысалы, Аф­риканың экзотикалық жануар­лары тұрған алаңқай қазақ ою-өрнегімен көмкерілген, осының өзі мазақтау үшін жасалған секілді, деді Президент. Ал бульвар­дың ортасына автокөлік жуатын орынның ашылғанына жол бол­сын. Сонымен бірге, Есілдің оң бетіндегі «Жағалаудың» мәселе­сі­не де тоқталды. Оның бойында бей-берекетсіз сауда орындары ашылған, жұрт провинциалды аттракциондар ашқан, ең сұмдығы жас балалар, сәбилер жүретін жолда прокатқа велосипед беретін қызмет ашылыпты. Сонымен үлкен балалар зулап жүріп жата­ды екен, ал бөбектердің қауіп­сіздігін ешкім де ойламаған. Сондай-ақ дағдарысқа байла­нысты құрылыс материалдары­ның арзандағанына қарамастан, жаңа құрылыстардың жобасы қалайша қатты қымбаттаған, деп мысал үшін онкологиялық дис­пан­сердің құрылысы 2008 жылы 2006 жылмен салыстырғанда 2,6 есе қымбаттағанын айтты. Осы­ған қалай жол беруге болады? Оған жауап ретінде нысанның жобалық-сметалық құжаттары ал­дын ала жасалмай, жаңадан жа­салуы себепті құрылыстың құны қымбаттап кеткендігі айтылды. Осы мәселелердің бәріне бай­ланысты Президент Есіл ауданы­ның әкімі Қайрат Жаңабергенов пен қала архтитекторы Сәрсен­бек Жүнісовтен түсінік алды. Сөзін қорыта келе Елбасы ал­дағы уақытта барлық жүріп жат­қан құрылыстардың сапасы ба­қылауға алынсын, деп қатаң тапсырма берді. Үшіншіден, мен қаланың азық-түлікпен қамтамасыз етілу мәселесіне тоқталамын, деді Мемлекет басшысы. Осы мәселе бойынша берілген менің тап­сыр­маларым орындалмағанын атап өтуге тиістімін. Ал бұл істі іске асыруға бөлінген қаражат жеткілікті болатын. Атап айтқанда, Астананың өне-бойын қоршай азық-түлік белдеуі құрылған жоқ, коммуналдық рыноктар ашыл­ма­ды. Базарларды делдалдардан тазартып, бағаны түсіруге ықпал ету керек деген едім, ол да орындалмады. Осылай дей келіп Елбасы түсінік беру үшін Ауыл шаруашылығы министрі А.Ма­мытбеков, Ақмола облысының әкі­мі С.Дьяченконы орындары­нан тұрғызды. Олардың айтқан уәждерін тыңдай отырып, Пре­мьер-Министрдің бірінші орын­ба­сары Ө.Шөкеевке осы мәсе­лелерді шешудің жолдарын та­буды тапсырды. Президенттің ауызға алған төр­тінші мәселесі «Бизнестің 2020 жылға дейінгі кезеңге ар­нал­ған жол картасы» туралы бол­ды. Еліміздің бас қаласы бизнесті қолдауда басқаларға үлгі болуы керек еді. Іс жүзінде олай болмай отыр. Жаңа кәсіпорындарды тіркеу үшін тапсырылатын құжаттар 30-40 күн бойы қаралады екен, одан банктен несие алу үшін тағы да көп күн тексеріледі. Осындай кедергілердің кесірінен бизнесті дамытуға бөлінген не­сиенің 55 пайызы ғана игерілген. Ал шағын кәсіпкерлікті қолдауға бөлінетін субсидияның 30 пайы­зы ғана берілген. Кәсіпкерлік дамымаған соң салық түсу де азаятыны белгілі. Астана қаласы өз шығындарының 70 пайызын мемлекеттік бюджеттен бөлінетін трансферттермен жабады. Сөйтіп тұрып жиналмаған салығы 15 млрд. теңгені құрап отыр, деді Ел­басы. Осы мәселе жөнінде түсінік берген Астана қаласы салық комитетінің бастығы мен Қаржы министрі «недоимканың» негізінен жалған кәсіпорын­дар­дың кесірінен болып отырғанын айтты. Тек осындайлардың үлесі­нің өзі 57 пайыз. Жалпы түсім артығымен орындалды, деді олар. Президент олардың түсінікте­ме­сі­не қанағаттанбағанын білдірді. Мен салық төлемегендердің тізімін қарап отырып, оның ара­сында қаражаттық жағдайы өте жақсы адамдарды да көрдім. Сіздер олардан тиісті салықты ала алмай отырсыздар, ондайлардың есімдерін неге баспасөзде жария­ламайсыздар. Мен қалыптасқан жағдайды шұғыл түзеуді талап етемін, деді Президент. Одан әрі Елбасы Астананың қызмет көрсету саласының жо­ғары деңгейде болуы қажеттігін атап өтті. Соның ішінде аэро­тасымал жұмысының қанағат­тан­ғы­сыздығын ауызға алды. Мәсе­лен, деді Мемлекет басшысы, 2009 жылы «Эйр Астана» авиа­компаниясының әрбір 8-ші, 2010 жылы әрбір 6-шы рейсі кешіктірілген. Бұл халықтың нара­зы­лығын тудыруда. Демек, Көлік және коммуникация министрі жағдайды шұғыл дұрыстауы тиіс. Елбасы демалу үшін са­лын­ған қаладағы барлық нысандар әрқа­шанда ашық болып, келген ха­лық­қа қызмет көрсетіп тұру­лары керектігін айтты. Біздегі демалыс және мәдениет орын­дары жұмыс күндері ғана істеп, демалыс күн­дері жабық тұрады екен. Бұл – дұрыс емес. Америкада жазғы каникул кезінде тіпті мектептер де бос тұрмай, бала­ларға демалыс ұй­ымдастырады. Осы тәжірибені біз де үйрен­геніміз дұрыс. Мәдениет министрі мен қала әкімінің орын­басары айтылған ескертпелерден қорытынды шығарып, демалы­тарды ұйымдастыруды тиімдірек жүргізуге уәде берді. Соның ішінде Президенттің қаланың әлеу­меттік-мәдени нысандарын бір жер­ден басқаратын оператор – холдинг ашу керектігі туралы берілген тапсырмасының да орындалатыны айтылды. Нұрсұлтан Назарбаев одан әрі Астананың қызмет көрсету орын­дарының сапасын жақсарту, бұл істе Интернетті кеңінен қолдану және оның басқа өңірлерге үлгі бо­луы қажеттігі туралы мәселе көтер­ді. Астана қоқыстарын өң­дей­тін зауыттың салынуы туралы да ақпарат беруді талап етіп, бұл кәсіпорынның 80 пайызы дайын екендігін, ол толығымен 15 қыр­күйекте іске қосылатынын естіді. Зауыттың жылдық қуаты 250 мың тонна қоқысты өңдеуге жетеді екен. Астананы қоршай егіліп жатқан жасыл белдеудің барысы туралы да айтылып, осы іспен айналысатын қыз­меттің басшысы ақпарат берді. Ел­басы осы арада қаланы қоршай егілген 55 мың гектар орманның ар­қасында қаланың ауасы түзеліп келе жатқанын, шаңның азайғанын айтты. Сондай-ақ Елбасы мысал келтіре отырып, қаладағы жарнама­лардың ала-құлалығын, кейде мүл­де орынсыз дүниелердің де жазы­ла­тынын сынады. Соңында қала көлігінің қозғалысы проблемалары көтерілді. Автомобильдерді қою мәселесінің үлкен проблема туды­рып отырғандығын айта келіп, Нұр­сұлтан Әбішұлы тиісті қыз­меттерді осы мәселені шешуге көңіл аударуын талап етті. Отырысты қорытындылаған сөзінде Президент көп жұмыстар істелініп жатқанын, бірақ ай­тыл­ған сындар мен ескертпелерден тиісті қорытындылар шы­ға­ры­луы қажет­тігін атап көрсетті. Кеңестің соңында Премьер-Министр К.Мәсімов пен қала әкімі И.Тасмағамбетов Прези­дент­тің тап­сырмаларын мүлтіксіз орындай­тын­дықтары туралы уәде берді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Жақсыбай САМРАТ.