Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН.
* * *
ШЫРАЙЛЫ ШЫМКЕНТ ШАҺАРЫ
халықаралық байқауда ТМД бойынша үздік қала деп танылды
Бұл атауды қойған ел Президенті. Нұрсұлтан Әбішұлы оңтүстікке келген сапарында Шымкенттің бүгінгі келбетіне көңілі тоғайғандығын білдіріп осылай деген. Сосын ақырын жымиып, “өздерің де “ш” әрпін жақсы көресіңдер ғой”, деп жеңіл әзілдеген. Шешеден сыбау – мақтанатын, ерекшеленетін, ерекшелендіретін сөз емес, әрине. Мұның да шымкенттіктердің сөз қолданысынан шығып, архаизмге айналар күнін тілейік. Өмірде өзгермейтін ештеңе жоқ. Шымкенттіктер кешегі жалбыр тонды қаланың бүгіндері қамқа тон кигенін көздері көріп отыр. Адам жақсылыққа кенелген сайын бұрынғысын ұмыта берер екен. Бұрын ішкі орамдар түгілі орталық көшелердің асфальты шұрық тесік болып жататын. Жүргізушілер апандай шұңқырға мәшинесінің төсін оңдырмай ұрып алып, дөңгелектері жарылып, ойбайға басып жататын. Пендеміз ғой. Асфальт жол мықты, тақтайдай тегіс болғаннан кейін мәшинелердің тізгін тартпай ызғытатындығы анық. Сондайда жол бойына жақын отырған тұрғындар “бұрынғы апан тесік жолдарымыз жақсы еді” деп бір қояды. Шымкенттің сұрқын қашырған қала ортасын шырмауықтай шырмап алып, күн көзін көрсетпеген қара базарлары болатын. Оңтүстіктің халқы өзге өңірлерге қарағанда өз пайдасына пысықтау, әмбебап келеді. Дүниенің кең уақытында қаланың қақ ортасын базарларға бөліп алған іскер жігіттер әрбір шаршы метрлердің қып-қызыл ақша екендігін майының қауашығына салып, есептеп көрген де, екі адам ғана өте алатындай орын қалдырып, қалғанын жайма базарға айналдырып жіберген еді. Шымкентте өз халқына келім-кетімді қосқанда 1 миллиондай халық бар. Осынша жұрттың жартысы базар аралағанын көз алдыңызға елестете беріңіз. Қапқа лық толтыра салған балық секілді милығады да жатады. Ал сол маңға бір кірген көлік кептелекке түсіп, жүгірушінің жаны күйіп зорға шығады. Базарларды сыртқа шығармаса бұл Шымкент қала болып жарытпайды. Осындай байлам болған. Бастаманы сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көтерді. Болат Жылқышиев сыртқа көшуге үш жыл мерзім белгілеп, қала сыртынан айырбасқа жер бөлді. Жан бермек оңай емес. Көшірудің үлкен күші Өмірзақ Шөкеевке түсті. Айтқанға көнгенмен, келісім-шарт жасалды, көнбегенін төске салып омырды. Ымыраға көндірді. Нұрғали Әшімов бұрынғы “Көл” базарының орнын абаттандырып, шағын көлшікте қайық жүзгізіп, Шәмші Қалдаяқовтың “Менің Қазақстаным” фестивалін өткізді. Ал Шымкенттің гүлдей жайнап, республика бойынша үшінші қала атануына шын мәнінде үлкен үлес қосқан азамат – облыстың бүгінгі әкімі Асқар Мырзахметов. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қала ансамблімен үндесетін ғажайып архитектуралық кешендер салудың бас-аяғында жүрді. Қала әкімі Арман Жетпісбаевтың да аянып қалған жері жоқ. Орынбасарларын, жауапты мамандарды ертіп алып, таң қараңғысына дейін құрылыс басында жүргендерін көзіміз шалған. Жаңа жобалар биыл да атқарылып жатыр. Солардың ең бастысы – «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы саябақ. Саябақ аумағына «Алтын шаңырақ» ел бірлігі монументі, «Тәуелсіздік шежіресі» соңғы үлгідегі субұрқақ және басқа да көркейту элементтері орнатылатын болады. Жыл аяғында «Цирк», жеңілатлетикалық манеж, халықаралық деңгейдегі бассейн, үлкен теннис кешендері іске қосылады. Екінші үлкен жоба – қорғасын зауытын жауып, ол орынды тазартып, Бадам өзенін көріктендіріп, халық демалатын орынға айналдыру. Бұл жөнінде бүгінде «ТЭО» жасалды, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қала орталығындағы 13 көп қабатты үйді күрделі жөндеуден өткізіп, қаланы көркейту жұмыстары басталды. Түнгі қаланың шырайын келтіру мақсатында 15 жерге жарық шамдармен безендірілген жол үстіндегі темір кермелер орнатылды. Сондай-ақ, жарықтандырылатын көшелер саны 44-тен 72-ге жетті. Аталған жұмыстар ағымдағы жылы жалғасын тауып, екінші-үшінші деңгейлі 32 көшені қосымша жарықтандыру жобасы әзірленуде. Көшелерді орта жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалмай, 2011 жылы қаламыздың 105 көшесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Көше қиылыстарында стандарттарға сай көше аттары, жол белгілері көрсетілген арнайы темір құрылғылар орнатылды, бағдаршамдар реттелуде. 537 көпқабатты үй ауласының 245-інде көріктендіру жұмыстары қолға алынып, балалар ойын алаңшаларына түрлі ойын элементтері орнатылуда. Бұл жұмыстар келер жылы да жалғасын табатын болады. Қирап жатқан бұрынғы фосфор зауытының орны қоқыстан тазартылып, индустриялы аймақ құрылды. Инвесторлардың есебінен 5 жұлдызды екі қонақ үй салынбақ. Құрылысын бастау 2011 жылдың аяғына жоспарланып отыр. Облыс әкімі қаладағы атқарылып жатқан жұмыстарды осылайша жіліктеп берді. Бүгінде Шымкенттей жауһар қалада көпшіліктің демалатын, көңіл көтеретін мәдени орындары көп. Қала тымырсық тартса, хош иісті мыңдаған дарақтары бар Дендробаққа барады. Онда түнде де самаладай жарық. Қала орталығындағы “Шәмші гүлзары” ансамблі Қазақстанның көп қалалары үшін үлкен арман. Биылғы мамыр мен шілде аралығында гүлзарда мемлекетіміз тәуелсіздігінің 20 жылдығы және Астананың мерейлі мерекесіне арналып облыстық “Тәуелсіздік – мерейім” атты фестиваль өтті. Әр аудан, қала сенбі, жексенбі күндері кезегімен өз өнерлерімен сарапқа түсті. Әсем әуен мен шалқыған күй Шым қаланың тұрғындарын сиқырлы сазымен ұйытты. Қала жұрты мен қонақтары қызықшылыққа қарық болды. “Тәуелсіздік – мерейімнің” соңы “Арыс жағасындағы” гала-концертке, “Менің Қазақстаным” фестиваліне жалғасты. Шымкенттен түлеп шыққан таланттар басы “Досмұқасан” болып, оңтүстіктің бас қаласын әнмен әлдиледі. Бұл, әрине, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Күлия Айдарбекова ханым бастаған ұжымның да жемісті жұмысы. Әсем Шымкент өз қазанында ғана қайнап жатқан жоқ. ТМД елдері бойынша 80-нен астам қала қатысқан бәйгеде кермеге оқ бойы үздік келді. “ТМД мен Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың таңдаулы қаласы” атты ІІ халықаралық қазылар байқау-конкурсында Шымкент үздік қала деп танылды. Есті жұрт қуанарлықтай марапатқа ие болды. Ал кетпеннің сабынан қарауыл қарайтындар қашанда табылады. Шымкент – шын мәнінде көркем шаһар, тазалықты жаны сүйетін кірпияз қала. Оған таң қараңғысында тұрсаңыз, көзіңіз әбден жетеді. “Ел жатса да енекем жатпайды» дегендей, қала тазалығына жауапты “ЛТД-Тұрмыс” ЖШС-ның қызметкерлері қала ұйқысынан оянғанша кешегі күннен қалған қоқыстан арылтады. – Елбасы Шымкентке Қазақстандағы үшінші қала деген жоғары баға берді, – дейді қала әкімінің орынбасары Салқан Полатов. – Қала басшысы осы құрметке лайық болуды, қаланың әлеуетін көтерумен қатар, абаттандыру мәселесіне үлкен мән береді. Облыстың бас қаласы болған соң облыс басшысы да Шымкентті дамыту жоспарын күн тәртібінен түсірген емес. Ал ынтымағы жарасқан, бірлікке ұйыған елде береке болады.Әрине, Шымкент секілді үлкен қалада шешілмеген проблема жоқ десек, қателессек керек. “Шамның жарығы түбіне түспейді” дегендей, ондай мәселелер бар. Ал олар келер күндердің еншісінде...
* * *
ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК
Өнеркәсіп. 2011 жылдың қаңтар-тамызында облыста 230,7 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Аса маңызды өнімдердің ішінде ұн өндіру – 3,1% (482,4 мың тонна), мазут өндіру – 5,6% (699,6 мың тонна), цемент – 27,2% (919,6 мың тонна), әк – 2 есе (68,0 мың тонна), сүт – 18,6% (11,0 мың тонна) артқан. Сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылау бойынша 2,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі, қолданыстағы бағада 93,3 млрд. теңгені құрады. Облыстың ауылшаруашылық тауар өндірушілері 106,3 мың тонна мал және құс етін, 466,1 мың тонна сүт, 186,6 млн. дана жұмыртқа өндірді. 2011 жылдың 1 қыркүйегіне облыстағы шаруашылықтардың барлық санаттарындағы ірі қара мал саны – 928,9 мың, қой – 3921,4 мың, ешкі – 458,3 мың, жылқы – 191,1 мың, түйе – 20,8 мың, шошқа – 46,6 мың, құс 2673,2 мыңды құрады. Шағын кәсіпкерлік. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 110,6 мың болды. Шығарған өнімі (тауарлары, көрсеткен қызметі) 266,1 млрд. теңгені, жұмыспен қамтылғандар саны 298,7 мың адамды құрады. Инвестиция саласы. Облыс экономикасын дамытуға, бағалау есебімен негізгі қорға 136,7 млрд. теңге инвестиция бағытталды. Тұрғын үй құрылысын дамыту. Тұрғын үй құрылысына 3277,9 млн. теңге инвестиция тартылды. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 115,4 мың шаршы метрді құрады. 2011 жылдың қаңтар-тамызында пайдалануға берілген тұрғын үйдің нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 182,1 пайызға артты. Сыртқы сауда. Облыстың сыртқы сауда айналымының көлемі 1985,5 млн. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт – 1247,6 млн. АҚШ доллары, импорт 737,9 млн. АҚШ доллары болды. Салық-бюджет саласы. 2011 жылдың қаңтар-тамызында мемлекеттік бюджетке түскен салықтар мен басқа төлемдердің көлемі 136 166,0 млн. теңгені құрады. Республикалық бюджетке 99 992,1 млн. теңге (бұл түсімдердің жалпы көлемінің 73,4%-ы) қаржы құйылды. Жергілікті бюджетке 36173,9 млн. теңге түсті. Ақша-несие саясаты. Екінші деңгейлі банктер арқылы 66,3 млрд. теңге көлемінде несиелер берілді. Оның ішінде ипотекалық несиелендіруге 1 849 млн. теңге несие бөлінді. Шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға берілген несиелердің көлемі 11 427 млн. теңгені құрады. Халықты әлеуметтік қорғау. Аз қамтамасыз етілген азаматтардың саны 25 288 адам болды. Бұл – облыс халқының 1,0 пайызы. 2011 жылдың 1 қыркүйегіне олардың саны 30,7%-ға азайды. Демография. 2011 жылдың 1 тамызына облыс халқының саны 2 600,1 мың адамға жетті (2010 жылдың сол айына – 2 544,3 мың адам). Оның 1 018,5 мыңы – қала халқы, 1581,6 мыңы – ауыл халқы. Жұмыспен қамту. 2011 жылдың 2 тоқсанында облыста экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны – 1 162,9 мың адамды, жұмыссыздар – 66,8 мың адамды, жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,7% құрады. 2011 жылдың 1 қыркүйегіне жұмысқа орналастыруға өтініш білдірген 27,9 мың жұмыссыздың 18,3 мыңы жұмыспен қамту органдары арқылы жұмысқа орналастырылды. Қоғамдық ақылы жұмыстарға 7 758 ресми тіркелген жұмыссыздар тартылды. * * * 108 елді мекен ауыз су нысандарына (400 мыңға жуық халық) 15,8 млрд. теңге қаралды. Жыл соңына 320 мыңға жуық тұрғын таза ауыз сумен қамтылып (80 мыңы өтпелі), су құбырлары бар елді мекен саны 582-ге жетеді.* * *
2011 жылдың 7 айында «Максимум» АИО» ЖШС-іне 2224 жоба бойынша жалпы сомасы 5,4 млрд. тг. сұраныс келіп түскен, оның ішінде 1808 жоба жалпы сомасы 3,4 млрд. тг. мақұлданған (оның 1492 жобасы 2 млрд. тг. қаржыландырылды). Бұл жобалар бойынша 1361 жұмыс орны ашылды. Өткен кезеңмен салыстырғанда бұл – 1175 жобаға артық.* * *
Жыл аяғына дейін 58 білім нысаны іске қосылмақ, оның 24-і 2011 жылдың 1 қыркүйегіне берілді. 10-ы оның алдында берілді. Анықталған 29 үш ауысымда білім беретін, апатты жағдайдағы 62 мектептің мәселесі толық шешілді. «100 мектеп» бағдарламасы бойынша 39 мектеп жоспарланса, оны толығымен аяқтадық. Жалпы білім саласындағы барлық сақалды құрылыстар жабылды. Халықтың табысы. Еңбекақы. 2011 жылдың шілдесінде облыс халқының орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 28 601 теңгені құрап, 2010 жылдың шілдесімен салыстырғанда 7,4 пайызға жоғарылады. Денсаулық сақтау. Денсаулық сақтау саласын дамытуға 59 нысанның құрылысы мен қайта жөндеу жұмыстарына облыстық бюджет есебінен 3 511,7 млн. теңге қарастырылған. 2011 жылдың 1 қыркүйегіне жалпы 2 650,2 млн. теңге игерілді. Облыстық бюджеттен 42 нысанның күрделі жөндеу жұмыстарына 2 840,1 млн. теңге қарастырылған. 28 мекеменің жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін 2011 жылы облыстық бюджеттен 107,5 млн. теңге, оның ішінде 2 медициналық колледжге 15,3 млн. теңге қарастырылған. Денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында республикалық бюджет есебінен 1 681,2 млн. теңге, облыстық бюджет есебінен 3 419,0 млн. теңге, оның ішінде 33,6 млн. теңгесі 3 медициналық колледждің материалдық-техникалық базасын жақсартуға қарастырылды. 2011 жылдың 1 қыркүйегіне жалпы 6 566,2 млн. теңге игерілді. Білім беру. Облыста 52 738 көлемінде тәрбиеленушісі бар 517 мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелері жұмыс істейді. Оның 165-і мектеп жанындағы шағын орталықтар, 63-і жекеменшік балабақшалар, 40-ы жекеменшік шағын орталықтар. 2010-2011 оқу жылында жалпы білім беру мектептері мен мектеп-интернаттарының саны – 1048, ондағы оқушылар саны 530,6 мың адамды, оның ішінде жекеменшік мектептер саны – 6, ондағы оқушылар саны 1,4 мың оқушыны құрады. Облыс бойынша Интернет жүйесіне 960 мектеп қосылған, оның ішінде 779-ы ауыл мектептері. Спутниктік оқу телеарналары арқылы қашықтықтан оқыту жүйесіне 460 мектеп қосылған. Облыс мектептері 592 мультимедиялық-лингафондық кабинеттермен жабдықталған және 286 мектепке 1100 интерактивті тақталар орнатылған. Орта білімді мамандар даярлаумен 12,9 мың оқушысы бар 26 кәсіптік лицей айналысады. Сонымен қатар, 60 колледж (оның ішінде 18-і мемлекеттік) жұмыс істейді. Колледждердің жалпы контингенті 60,1 мың оқушыны (мемлекеттік – 28,5 мың оқушы) құрады. Облыста жоғары білікті мамандар даярлаумен 12 дербес жоғары оқу орны (оның ішінде 3-уі – мемлекеттік), сонымен қатар, 2 филиал (1 – мемлекеттік) айналысады. Оларда 77,7 мың студент, оның ішінде 39,1 мың студент мемлекеттік жоғары оқу орындарында оқиды. Мәдениет. Облыста 435 кiтапхана, 12 мұражай, 268 клубтық мекеме (мәдениет үйлерi, клубтар, автоклубтар), 8 театр, 11 мәдени және демалыс саябағы, 3 кинотеатр және т.б. халыққа мәдени қызмет көрсетуде.Спорт. Облыста 4152 спорт ғимараты, оның ішінде 21 стадион, 20 жүзу бассейні, 3011 жазық-алаңшалық ғимараттар халықтың, оның ішінде оқитын жастардың арасында көпшілік спорттық-сауықтыру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.