Қазақстан • 30 Тамыз, 2017

Иман жүректің тазалығымен өлшенеді

837 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кешегі сақ заманынан бүгінгі бақ заманына «мың өліп, мың тіріліп» жеткен халқымыз осы уақыт аралығында жойылып кетуден басқаның бәрін көрді. Біздің бұл сөзімізді тарихшылардың көбі растайды. Тек жер бетінен ада-күде жойылып кетуге тиіс болған халықтың қалай аман қалғанын ғана әлі күнге дейін ешкім нақты түсіндіріп берген емес. Белгілісі ғасыр сайын жан құрбандық беріп жүріп, осы күнге есен жеткеніміз.

 

Иман жүректің тазалығымен өлшенеді

Қане, бір сәт бәріміз ойланып көрелікші, расында да біз қалай аман қалдық? Әлемнің басқа құрлықтарындағы дәуірдің әр кезеңінде жойылып кеткен ірілі-ұсақты ұлттардың тарихын тізбелеп, бастарыңызды ауырт­пай-ақ қоялық, кеше өзіңізбен іргелес жатқан жоңғар қайда? Сол жоңғарлардың әскери әлеуеті біз­ден мысқал кем бе еді? Жоқ, батырлары аз ба еді? Әлеуеті әлсіз бол­са, батыры кем болса сізді туған жеріңізден қайта-қайта тықсы­рар ма еді, сол жоңғар?! Бәлкім, ол заманда біздің жоңғарлардан ғылымымыз, технологиямыз артық болды дерсіз. Абзалы деме­ге­ніңіз...

Бір рулы елден бір-ақ еркек бала қалып, кейін соның өніп-өсіп кеткенін шежіре тарих әлі күнге жыр қылып айтады. Кешегі бір рулы елден қалған сол жалғыздың ұрпақтары бүгінгі күнге қалай аман-есен жетіп жүр? Мұны ой­лан­ған кім бар?

Басынан талай тағдыр көшіп, малға келген жұт пен елге келген нәубеттің бірнешеуін өткізіп, қынадай қырылып қалса да бұл қазақ неге «Малымды алсаң ал, Құдай, пейілімді алма» дегенінен танбайды? Аштық көрген жұрт жомарттығынан сәл де болса тиылмас па еді? Ер-азаматы майданда, өзі кешегі нәубеттен есін шала-шарпы енді жиып отырып, жер аударылып келгендерге жарты құртын бөліп бергенді қа­зақтан басқа тағы қай жұрттан көрдіңіздер? Бұл не жомарттық?

Мойындарсыз, мойындамас­сыз, мұндай ерліктер рухы мық­ты елдің ғана қолынан келеді. Демек, қазақтың бүгінгі күнге аман жетуінің ең басты сыры – оның  рухани иммунитетінің мықтылығында! Ал, мықты руханиятты ұрпақтың бойына мықты дәстүрлер арқылы ғана сіңіре аласыз. Ата-бабалар біздің бойымызға салт-дәстүрді сіңірудей-ақ сіңі­ріпті. Ал, сол бойымызға сіңір­генді біз өз ұрпақтарымыздың бойына қалай сіңіріп жүрміз, міне, мәселе осында!

Ұлттың дәстүрі – ұлттың тамыры. Тамырынан ажыраған өсім­дік не істейді? Әрине, қу­рай­ды. Мәселеге осы қисын тұр­­ғы­сынан келсек, дәстүрінен ажы­раған ұлт та жойылып, жоқ болады. Түрлі діни экспансиялардың ме­шітіңізге тимей, «анау ширк, мы­нау ширк» деп дәстүріңізге шабуыл жасай беретіндігінің сыры осында! Ұлттың жаулары ата-бабаларымыздың шынайы исламды ұрпақтарына дәстүрге орап жеткізгенін, әсіресе, соңғы ғасырларда біле бастады, сезе бас­тады. Мұны түсінбесе «дәстүр бөлек, дін бөлек» деп бет алды лағатын өзіміздің дәлдүріштер түсінбей жүр. 

Кешегі атеизм деп аталатын алапат заманда ауыл-аудандарды айтасыз, бүкіл  облыс бойынша он мешіт болды ма, болмады ма, нақтысын сала мамандарынан басқа ешкім айтып бере алмайды. Біздіңше болған жоқ. Мойындайық, сөйте тұра елден иман қашқан жоқ. Бүгінгідей әр ауылда кемі екі-үш мешіт болмады демесеңіз, қазіргідей ұшақ-ұшақ болып қажылыққа бармады демесеңіз, ата-әжелеріміз намазын да оқыды, оразасын да ұстады. Біреу-біреудің қойын, жылқысын ұрласа ұрлаған шығар, иә, ерегіспен тіпті бірін-бірі өлтіріп те қойған  жағдайлар кез­дескен шығар, бірақ ол кезде қа­зіргідей 3-4 жасар нәрестелерді зорлап жыныстық қатынас жасайтын педофилдеріңіз атымен жоқ еді. Бүгінгідей ешкім еркек еркек­ке, әйел әйелге үйленбейтін...

Кешегі мешіті жоқ кеңестік ке­зеңде иманымыздың байлығы қазіргіден мол болса, біздіңше оның себебі дәстүрімізден қол үзбегенімізде еді. Бүгін Құдайға шүкір, мешіт-медресе көп, бі­рақ дәстүрімізден көз жазып қал­дық. Дәстүрімізден көз жазып қалғандықтан да Ақтөбеде кі­сі қанының төгілуіне жол бе­рілді. Әйтпесе қолын қандаған сол «діндарлардың» бәрінің де бес уақыт намазы болғанын ай­наласындағылар айтып бере алады. Оларда жоғы – дәстүрмен байы­тылған ұлттық тәрбие еді.

Бұл сөзімізді  біреулер құп алар, біреулер құп алмас, алайда, бә­рібір айтуға тура келеді, егер дін іздесеңіз қазақтың дәстүрі дегеніңіз тұнып тұрған дін! Қазақтың шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, ақтық демі бітіп, жер бетіндегі сапары үзілгенге дейінгі аралықтағы өмірінің бәрі діннен тысқары емес. Сәби дүниеге келгенде «Әлди-әлди» деп бесік жырын айтасыз ба? Айтасыз. Сіз сол кезде-ақ перзентіңіздің құлағына Алланың ұлық есімін құйып отырсыз. Лингвист ғалымдар «Әлди-әлдиді» «Алла-Алла» деген сөздің фонетикалық өзгеріске ұшыраған түрі деп түсіндіреді. Балаңыз апыл-тапыл жүре бастағаннан ала жіппен тұсауын кесесіз. Неге ала жіппен? Әрине, кісінің ала жібін аттамасын деген игі де ізгі тілекпен. Ал кісінің ала жібін аттамау дегеніңіз ислам дінінің алтын өзегі емес пе?! Артынша сүндетке отырғызып, мұсылман етесіз. Қыз ұзатып, келін түсіріп, «Жар-Жар» айтасыз. Демек, Құдай Тағаланы тағы да еске түсіресіз. Ең соңында ағайын-туыс марқұмды ақтық сапарға шығарып салғанда да діни жоралғылардың бәрі орындалады. Сонда қазақтың бесік пен бейітке дейінгі жолының бәрі дәстүрмен әдіптеліп, діннен алшақ кетіп жатқан жоқ. Ендеше, дін ешуақытта да мешіт санымен өлшенбейді. Дін жүректің тазалығымен өлшенеді. Ал қа­зақтың бүкіл дәстүрі жүрегіңізді кірлетпеуге жұмыс істейді. 

Демек, дәстүр дегеніңіздің жеңіл-желпі қарайтын мәселе болмағаны ғой. Ұлтты сақтап қаламыз десек, дәстүр деп аталатын тамырымыздан қол үзбеуіміз керек екен. Тағы да қайталап айтуға тура келеді, өкінішке қа­рай, біз сол киелі тамырымыздан қол үзіңкіреп бара жатырмыз. Меніңше, екінің бірінің «діндар» болып кетуі сол дәстүрімізден қол үзіп бара жатқанымызда. «Діндар» болғанда қандай «діндарлар» десеңізші, ата-бабалардың ғасыр­лар бойы жасаған рухани мұраларына ревизия жасағысы келеді. Арыстан бабқа, Әзірет Сұл­тан, Қожа Ахмет Ясауиге бар­ғаныңызды теріс көреді. «Ата-ба­баларымыз да барды ғой» десең, «ата-бабамыз адасқан, діннен сауатсыз болған, содан кейін барды, негізінен діннің тазасы – арабта» дейді. Деп қоя салса да жақсы ғой, «қолымда билік болса Қожа Ахмет Ясауидің кесенесін бульдозермен сырып, тегістеп тастар едім» дейтін «діндарлар» да пайда болды. Дәстүрді білген адам, киені түсінген адам осылай деу былай тұрсын, бұлай ойланудың өзіне қорқады емес пе?! Біз қазір патриотизм, отансүйгіштік туралы жиі айтамыз. Дегенмен, киеден қорыққан, киені сыйлаған адамнан ғана патриот шығатынын ұмытпайық. 

Біздің жап-жас кейбір «дін­­дар­лардың» аузынан... «әулие­лерге барған – ширк» дейтін шірік сөз шығатын болды. Ол «діндарлардың» да өзіміздің ұрпағымыз екенін естен шы­ғармайық. Демек, біз, аға буын, жас ұрпақ бойына ұлттың салт-дәстүрлерін сіңіру дейтін мәселеде бір сәт болса да бейғамдық танытып алғанбыз. 

Ендеше, қай-қайсысымызға да салт-дәстүр деген мәселеге келген­де, ұлттық киелерді ұлық­тау деген мәселеге келгенде ұй­қы­лы-ояу жүрген жараспайды. Ұр­пағымның рухы сау болсын десеңіз, оның бойына руханиятты өзіңіз егесіз. Ал ұрпағымның тағдыры ойландырмайды десеңіз, оны өзіңіз білерсіз. Меніңше, сіз олай ойламайсыз!

Абай БАЛАЖАН,
журналист