18 Қазан, 2011

Апта айшықтары

355 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазыбек биге ескерткіш орнатылды

Соңғы жылдары Қарағандыда халқымыздың көрнекті тұлғаларына арналып қойылған ескерткіштер саны артып келеді. Бұқар жырау, Абай, Сәкен Сейфуллин, Ғабиден Мұстафин, Қасым Аманжоловтың мәрмәр тас тұғырдағы мүсіндері қатарына Қаз дауысты Қазыбек би қосылды. Белгілі қайраткер, әйгілі шешеннің биіктігі 8 метр ескерткіші облыстық әкімдік пен Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті алдындағы көше қиылысындағы алаңда бой көтерді. Таяу арада академиктер Қаныш Сәтбаев пен Әбілқас Сағынов бейнелері де асқақ көрінгелі тұр. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.

Өнер сапары тәуелсіздікке арналды

Өткен аптада облыс орталығында Бикен Римова атындағы Алматы облыстық қазақ драма театрының гастрольдік сапары аяқталды.Оңтүстік өңірден солтүстікке қарай жол тартқан әртістер бұл сапарларын ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырды. Театрдың көркемдік жетекшісі Серік Нұрхалықтың айтуынша, репертуарларында 30-дан аса қойылымдар бар. Көрермендер Б.Римованың «Қос мұңлық», С.Балғабаевтың «Ға­­­шық­­­сыз ғасыр», Т.Әліпбайдың «Томирис» драмалары мен Гогольдің «Үй­ле­ну» комедиясын, балаларға арналған «Тапқыр Қожанасыр» қойы­лы­мын көрді. Бикен апаның жолын қуған әртістер керекулік көрермен­дер­ге сахнада мазмұнды, мәнді шығармалар көрсетіп жақсы әсер қалдырды. Өнер ұжымы Талдықорғанда 11 қарашада театрдың кезекті маусым шымылдығын ашпақшы. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.

Бүгінгі күн тақырыбын қозғады

Егемен ел атанып, бұрынғы партиялық бұғаудан басымыз азат бол­ғанмен, қандас қаламгерлеріміздің көбі бүгінгі күн тақырыбына бойлап бара алмай жүргені өтірік емес. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатымен семейлік қаламгер Медеу Сәрсеке «Тендерге түскен әйел» деген атпен дра­­малық шығарма жазған екен. Бір отбасының қилы тағдыры арқылы қоғамда орныға бастаған кесапат қылықтарды нанымды суреттеген сол туынды жуырда осындағы Абай атындағы сазды-драма театрында қойылды. Қ.Рахметов сахналаған жаңа спектакльді жұртшылық жылы қабылдады. Бұған дейін Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық театрда қой­­­ылған драманы енді еліміздің төрт-бес театры дайындап жат­­­қан көрінеді. Осының өзі көрермендер заман тынысын ашып көрсететін шығармаларға сусап отыр­ға­нын көрсете ме дейміз. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей. “Бала би” балабақшасы – балаларға Төле би ауданындағы 8 наурыз ауылында балабақша ашылды. Бұл ауыл балабақшасыз емес еді. Бірақ, ескі балалар мекемесі құлауға шақ тұрғаннан кейін ішіндегі мүлкі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Аудан әкімі Әуелхан Тұрғымбеков ескі балабақшаны заман тала­бына сай қайта жарақтау, күрделі жөндеу үшін аудандық бюджеттен 39 млн. теңге бөлгізген. “Бала би” деп аталатын балабақшаның ашылу сал­танатында ауыл ақсақалдары бата берді. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.

Көрмедегі көне жәдігерлер

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік және Түркістан тағылымы» атты көрме ашылып, жұмыс істеуде. Көрмеге Әмір Темір заманынан сақталған тарихи жәдігерлер — Лауха, Тайқазан көшірмелері; Түркістан қаласының өткен ғасырлардағы көріністері — А. Кунның альбомынан алынған «Билер соты» (1872-1876 жылдар шамасы), т.б. фотосуреттер, бүгінгі күні тек орны ғана сақталған Есім хан кесенесінің ХVІІ ғасырдағы көрінісі; археологиялық қазбалар кезінде табылған жәдігерлер — 1987 жылы Күлтөбеден табылған құмыра (ХІV-ХV ғасырлар), 2000 жылы ескі Түркістаннан қазып алынған тостаған (ХVІ-ХVІІ ғасырлар) сынды көне дүниелер, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардан қалған әшекей бұйымдар, қару-жарақтар, нумизматикалық материалдар, Қазанда, Ыстамбұлда басылып шыққан араб, түркі тілдеріндегі көне кітаптар, т.б. жәдігерлер қойылған. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе.

Академияда «Аққу» күйі ойнайды

Атырауда Нұрғиса Тілендиев атындағы кіші өнер академиясы бар. Оқушыларға орта біліммен қатар, өнердің әр түрінен дәріс береді. Академияда енді қоңыраудың орнына қазақтың дүлдүл композиторы Нұрғисаның «Аққу» күйі ойнайтын болды. Бұл үшін арнайы компьютерлік бағдарлама жасақталған. «Аққу» күйін қоңыраудың орнына пайдалану мақсатында лицензия да алынған. Мұны академияға кәсіпкер Ержан Серікбаев ұсынған екен. Осы кә­сіп­кер күйді компьютерлік бағдарламаны енгізуге демеушілік те таны­тып­ты. Айтқандай, қысқы уақытқа көшуге байланысты академия­дағы әр сабақ 35 минөттен өтетін болды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау.

Құрылысшылар форумы болып өтті

Қызылорда қаласындағы Ә.Тәжібаев кітапханасында республи­ка­лық «Қала құрылысы форумы – 2011» жиыны өтті. Форум жұмысына Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігінің өкілдері, облыстардың сәулет және қала құрылысы басқармаларының басшылары, қалалардың бас сәулетшілері, жобалаушы кәсіпорындар мен шетелдік қонақтар қатысты. Форумға қатысушылар облыстарды дамытудың тұжырымдамасын тал­қылады. Осы орайда форумға қатысушылар бас жоспарларды әзірлеу мен оны жүзеге асыру, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу, қоршаған ортаны қорғау, инфрақұрылымды дамыту, тағы да басқа мәселелер төңі­регіндегі ойларымен бөлісті. Әсіресе, қалаларды жоспарлауда бас сәулетші мен жер инспекциясының арасындағы көптеген түйінді мәселелер бар екені айтылды. Тұрғындарға жер учаскесін берудегі келеңсіз­діктер жайы да сөз болды. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.