Қазақстан • 21 Қыркүйек, 2017

Келер жылы мектеп бағдарламасына қоғам және дінтану сабағы енгізілуі мүмкін

693 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміз егемендік алғалы да біраз уақыттың жүзі болды. Осы уақыт аралығында Ислам діні қанатын кеңге жайып, күн санап дамып барады десек артық айтпағандық болар еді. Бүгінге дейін Ислам діні дамыған, өркениетті елдерден білім алып, қазіргі қоғамды тура жолға жетелеп жүрген жандар қаншама. Алайда, жақсылығы мен жамандығы қатар жүретін бұл заманда жұрт арасына бүлік салатын топтар да жоқ емес. Бүгін Астана қаласында «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелерінде қоғамдық институттардың рөлі» тақырыбында республикалық конференция өтті.

Келер жылы мектеп бағдарламасына қоғам және дінтану сабағы енгізілуі мүмкін

Алқалы жиынға Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай Өтпенов, Астана қаласындағы Қасиетті-Успен кафедралды соборының аға діни қызметкері, протеиерей Дмитрий Байдек, сондай-ақ, елімізге белгілі өзге де дінтанушылар мен сарапшылар қатысты.

Конференцияда алғысөзді алған Берік Арын соңғы жылдары халық арасында дінге бетбұрушылықтың жылдам артқаны, алайда, белгілі бір бөлігі радикалды топтарға еріп кеткенін айтты. Осы ретте ол Елбасы мақаласында айтылғандай діни экстремизмге мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруымыз маңызды екенін тағы бір мәрте еске салып өтті.

Болашақ жастардың қолында. Сондықтан өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие беру үшін ең алдымен білім ошағына назар аударылуы керек. Бұл ретте вице-министр мектеп бағдарламасынан дінтану сабағы алынып, оның орнына қоғам және дінтану пәні енгізілетінін жеткізді.

– Қазір осыған байланысты арнайы жұмыстар жүргізіліп, оқулықтар әзірленіп жатыр. Енді Білім және ғылым министрлігіне қарасты ғылыми кеңестің талқысынан өтуі керек. Нақты қай уақыттан бастап мектеп бағдарламасына енгізілетінін айта алмаймын. Бірақ келесі оқу жылынан бастау алуы мүмкін, – деді Берік Арын

Ал Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл терроризмнің алдын алу үшін ұлттық құндылықтарымыз кеңінен насихатталуы қажет екенін, осы үшін барынша жағдай жасалуы керектігін айтты.

– Қазір түрлі ағым өкілдері діни сауаты аз жастарды өздеріне тартып, тура жолдан адастырып жүр. Ал ұлттық құндылықтарымыды насихаттау арқылы жастарымызды тәрбиелеп, рухани сусындауына жәрдем етеміз. Бүгінде беделді қоғамдық ұйымдардың басы-қасында халықты соңына жинай алатын, бірлікті насихаттай білетін азаматтар бар. Осындай азаматтарымыздың арқасында ел ішіндегі тыныштықты, татулықты сақтауымызға болады. Сондықтан мұндай ұйымдар экстремизмге қарсы іс-қимыл жұмыстарына неғұрлым көбірек тартылуы керек, – деді Бақытбек Смағұл.

Жиында сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Наурызбай Өтпенов ислам дінінің артықшылықтары туралы қысқаша түсіндіріп өтті. Ол ислам сөзі бейбітшілік, амандық деген ұғымдарды білдіретінін, сондықтан дін кез келген қантөгіске қарсы екенін айтты.

– Бүгінде дін атын жамылған түрлі экстремистік топтар көбейіп кетті. Өкінішке қарай, олардың ұйымдастырған әрбір әрекеттері исламға күйе жағып отыр. Олардың білімсіздігіне, жат ағымдардың жетегіне кеткені үшін ислам дініне кінә артуға болмайды. Себебі, дінде ешқандай зорлық жоқ. Мұсылмандар тек бейбіт өмірді қолдайды, – деді Наурызбай Өтпенов.

Иә, айтылғанның бәрі рас. Бүгінде теріс ағымның жетегінде кетіп, жұрт арасына іріткі салып отырғандардың саны қаншама. Олардың білімсіздігі мен надандығынан қарапайым халық зардап шегіп отырғанын жасырып қалуға болмас. Ал осындай алқалы жиындар жастардың бойында дінмен бірге тура жолды насихаттайтынын айта кеткен жөн.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»