Қазақстан • 03 Қараша, 2017

Цифрландыру – ел дамуының төте жолы

602 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Отандық агроөнеркәсіп кешенінің (АӨК) айтулы табысына қарамастан, біз бүгінгі таңда саланың алдында тұрған бірнеше проблемаларды бөліп көрсеткіміз келеді. Бұл тұрғыда бірінші кезекте фермерлер үшін қаржыға қолжетімділіктің төмендігін, білім мен ақпаратты таратудың тиімді құралдарының болмауы, сондай-ақ аграрлық секторды мемлекеттік қолдаудың дамыған институттарының жетіспеуін сөз еткеніміз жөн секілді. 

Цифрландыру – ел дамуының төте жолы

Осы міндеттерді шешудің жауабы көбінесе АӨК-ті цифрландыруға, яғни мемлекеттік органдардың аграрлық сектор қатысушыларымен бірге заманауи ақпараттық технологияларды қолдануға және бірқатар процестерді автоматтандыруға байланысты. Бұл ретте Мемлекет басшысы атап өткендей, елді цифрландыру – бұл мақсат емес, тек абсолютті артықшылыққа жету құралы ғана. Заманауи жаһандық даму өмірдегі барлық салаға ақпарат­тық технологияларды енгізумен сипатталады.

Канада, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур, АҚШ сияқты әлемнің дамы­ған елдерінде жалпы тұтас қоғамды, сол сияқты жекелеген қызмет салаларын ақпараттық дамыту стратегиясы немесе  кешенді бағдар­ламалары әзірленіп, іске асырылуда.Осы орайда Елбасы өзі­нің «Қазақстан­ның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында елімізді цифрландыру мәселесіне айрықша тоқ­талғанын да айта кеткеніміз жөн.

Біз цифрландыруды еліміздің отандық агроөнеркәсіптік кеше­нін дамыту бойынша міндеттерді шешудің негізгі құралы ретінде қарауымыз керек. АӨК-ті басты заманауи проблемалары қар­жыландырудың төмен қол­жетім­ділігі, білім мен ақпаратты тарату деңгейінің төмендігі, сондай-ақ мемлекеттік қолдау институттарының нашар дамуы болып табылады. Бұл ретте алғашқы проблеманы шартты түрде екі құрамдас бөлікке бөлу­ге болады. Оның біріншісі, аг­рарлық саланың кредит алуымен байланысты проблемасы. Екіншісі, өнімдерді әділ бағамен өткізу проблемасы.

Білім мен ақпараттың таралу дең­гейінің төмендігі фер­мер­лерді оқытудың тұрақты жүйе­сінің және фермерлерге ауыл шаруашылығында ше­шім қабылдау үшін қажетті қол­данбалы ақпаратпен қамтамасыз ету жүйесінің болмауына байланысты. Бұл метеоақпарат, геоақпарат, нарықтық ақпарат сияқты ақпараттардың ашық түрдегі қолжетімсіздігі.

Мемлекеттік қолдау институттары деңгейінің нашарлы­ғын біз мемлекет­тік ветеринария­лық және фитосанитария­лық ұйымдардың әрқашан сапалы бола бермейтін қызметтерінен, сондай-ақ субсидиялар, әртүрлі рұқсаттар мен құжат­тар беру туралы көрсетілетін қызмет сияқ­ты мемлекеттік органдар көрсететін қыз­меттер сапасынан байқаймыз. Аталған проблемалар тұрғысынан цифрлы технологияларды қолдануды қарастыру қажет. Осы ретте бұл мемлекеттің ғана бастамашылығы болып қоймай, бизнес тарапынан да елеулі қимылдарды  талап етеді. Яғни, АӨК-ті цифрландыру екі форматта G2B және B2B немесе «Бизнес үшін үкімет» және «Бизнес үшін бизнес» форматында шешілуі тиіс.

Қазақстанда 16 жыл бұрын құн­ды қағаздардың жаңа түрі – астық қолхат­тары айналымға енгізілді. Бұл құжат, біріншіден, астыққа меншік құқығын растайды. Екіншіден, элеваторда­ғы астықты оның иесінің бірін­ші талабы негізінде босату бойынша сөзсіз міндеттемесін айқындайды. Үшіншіден, ас­тық кепілге қойылған жағдайда, кепіл ұстаушының тиісті құқы­ғын тіркейді. Осы институтты енгізудің негізгі идея­сы сауда, кепілмен қамтамасыз ету мәні ретінде қарастырылуы мүмкін астық қолхаттарын құн­ды қағаз ретінде немесе ауыл шаруашылығына инвес­ти­циялар тартудың қаржы құралы ретінде қарастырылуын қамтамасыз ету екенін еске саламыз.

Ең алдымен «қағаз» түрін­дегі астық қолхаттары жүйе­­сін ен­гізу заманауи астық нарығын қалып­тас­тыруға ық­пал етті. Астықты өткізу тәр­­тібін айтарлықтай өзгерт­ті және Қазақ­станның ауыл шаруа­шылығында инвес­ти­циялық климатты жақсартудың алғы­шарты болды. Мәселен, 2002 жылдан бастап 2015 жылдар аралығында отандық тауар өндірушілер астық қолхаттары бойынша астыққа кепілдік беру арқылы екінші деңгейлі банктен 1,5 трлн теңге немесе шамамен 10,5 млрд АҚШ доллары сомасына кредиттік ресурстар алды.

Аталған проблемаларды жою, сон­дай-ақ астық нарығындағы жағдайды қадағалау үшін 2016 жылғы сәуірде Мемлекет басшысы астық нарығын реттеу мәселелері бойынша заңнама­лық өзгерістерге қол қойды. Оның ішінде құжатсыз, яғни астық қолхаттарының электронды формасына көшу және оларды ұстаушылардың мемлекет­тік тізілімін жүргізу туралы шешім қабыл­данды. Бұл астық қозға­лысының ашық­тығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ астықтың іс жүзінде жоқ көлеміне астық қол­хат­тарын беруді доғаруға негіз болды. Қар­жы құралы ретінде астық қолхатына сенімділікті арттырды.

Бүгінгі күні жүйе елі­мізде астықтың қозғалысын және бар-жоғын  қадағалауға ғана емес, астықты электронды саудамен сатуға мүмкіндік беріп отыр. Нарық әркім үшін қолжетім­ді болды. Сонымен қатар, объективті өлшемшарттар негізінде элеваторларды рейтингтік баға­лау жүйесі де енгізілді. Бұл қолхаттарды кепіл ретінде қолдану кезінде коммерциялық банктер тарапынан электронды астық қолхаттарына сенімді арттыруға мүмкіндік береді.

Тек бір жыл ішінде жүйеде шамамен 5 мың клиент тіркелді және оның саны өсіп келеді. Астық қолхаттарын шығаруға, өтеу, сатып алуға және сатуға, бөлуге және шоғырландыруға байланысты 150 мыңнан астам операция жүргізілді. Ал сату бойынша тіркелген мәмілелер көлемі 13 млн тонна астықты құрады. АӨК проблемаларын жүйелі түрде шешуге мүмкіндік беретін қажетті басты АТ-жобаларды (ақпараттық технологиялар) атап өткім келеді. Шартты түрде осы жобаларды екі кіші топқа бөлуге болады. Бірінші топ – G2B, яғни «Бизнес үшін үкімет».

Осы жобаларға субсидия беруді автоматтандыру, электронды аграрлық қолхаттарды енгізу, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру мен оны сатуды қадаға­лау жүйесін әзірлеу, ауылшаруа­шылық техникасын есепке алуды реанимациялау бойынша жобаларды жатқызуға болады. Бұдан басқа жердің агрохимия­лық, гидромелиоративтік, экологиялық «карталарын» цифрлау және оған кез кел­ген шаруа қожалығының қолжетімділігін қамтамасыз ету жобасын іске асыруды да қарауымыз керек. Енді осы аталған жобалардың әрбіріне қысқаша тоқталып өтейік.

Субсидиялауды автоматтан­дыру. Жоба ауыл шаруашы­лығы бөлімдері мен бас­қар­ма­лары мамандарының жұмы­сын жеңілдетеді, сыбайлас жемқорлық­тың жо­йылуына ық­пал етеді, сондай-ақ салаға сапалы талдау мен жағдайды жос­пар­лауға жол ашады.

Электронды астық қолхат­т­арын іске қосу бойынша жоба фермерлерге құжаттан­ды­рылмаған эмиссиясыз қарыз­дың құнды қағаздарын шыға­руға, сол арқылы одан әрі ауыл шаруашылы­ғы өнімдерін жет­кізуді немесе қарызын төлеуді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Қарапайым тілмен айт­қан­да, бұл жоба  фермерлерге өз егісін алдын ала сатуға және тек банктерден ғана емес, тікелей халықтан да аса «арзан» ақшаны тартуға мүмкіндік береді.

Азық-түлік өндіруші және оны экспорттаушы ретінде әлемде екінші орында тұрған Бразилияда 1994 жылы енгізілген аграрлық қолхат қазіргі таңда бразилия агробизнесінде қолданылатын айналым капиталының басым бөлігін қамтамасыз етуде, бұл шамамен жылына 20-30 млрд АҚШ доллары. Бразилия ауыл шаруашылығындағы барлық қаржылық құралдар құнының 40 пайызы дерлік осы аграрлық қолхаттарға тиесілі.

Мал және өсімдік тектес өнімдерді қадағалаудың ақпа­раттық жүйесі «фермерден үстелге дейінгі» процесті қадаға­лауға қолайлы. Ауыл шаруа­шылығы техникасын есепке алу жүйесінің жұмысы бүгінгі күні қанағаттанғысыз болып отырғандықтан оны цифрландыру қазіргі таңда  техниканың кепілдігі арқылы  кредит алу мүмкіндігін кеңейтуге және техниканы лизингке алу жұмысын одан әрі жетілдіруге жағдай жасайды.

Жердің жай-күйі туралы мемле­кет­тік ақпаратты цифрлау және оған қол­жетімділікті қамтамасыз ету жобасы елі­мізде «нақты егіншілік» сияқты жаңа сер­вистерді  дамытуға мүмкіндік береді. Аталған сервистер B2B форматындағы жобаларға, «Бизнес үшін бизнеске» арнал­ған міндет. Оларға «нақты егіншілік», он­лайн-кредит беру мен онлайн-сақтан­дыру сияқты жоғарыда аталған сервис­терді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнім­дерін өткізуге арналған электронды сауда алаңдарын жатқызуға болады.

Барлық жоғарыда аталған жобалар АӨК-тің басты міндеттерін шешуге оң әсер етеді, сондықтан олар үшін негізгі кедергілерді жою бойынша қажетті заңнамалық қолдаумен қамтамасыз ету маңызды.

 

 

Сапархан ОМАРОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы