Қара өлеңнің қарапайым қалыбымен-ақ қасиетті қаламның қуатын танытқан Сабырхан Асанов көзі тірі болса биыл сексенге келер еді. Ажал ақынды пәни дүниеден әкетсе де, оның өлеңін, оның әлемін халқынан мүлде алыстата алған жоқ. Бая-шая тіршіліктің батпағына батпай, бар өмірін рухани әлемге бағыштаған ол жүрек қылын шертетін нәзік лирикадан әдемі иірім тапты. КазГУ-дің заң факультетінде оқып жүрген жерінен оқуын тастап, журналистика факультетіне ауысуы сол кездегі өрімдей жастың әдебиет әлеміне деген іңкәрлігін танытса керек.
Асқақ арман ақынды алдамапты. Қазақ баспасөзіне қалтқысыз қызмет ете жүріп, өлеңінен бір сәт қол үзбеген өнер иесі жыр өзегін әлдекімдердей ғарыштан да, алыстан да іздемепті. Көзбен көргені мен көңілге түйгенін өмірдің өзіндей қарапайым күйде қағазға түсірген. Бірақ сол қарапайымдылықтың астарында былайғы пендеге байқала бермейтін әдемі үн мен нәзік сыр жатыр. Ақынның «Таулар алыстан көрінеді» атты тұңғыш жыр жинағына Сәбит Мұқановтың «Әдебиетімізге үлкен лирик келді» деп бата беруі Махамбет пен Абайдан жалғасқан қазақ жыр керуеніне Сабырхан Асановтың адасып қосылмағанын айшықтайды. Қасиетті қара өлеңнің киесін кетірмеу, тұнығын лайламау ақын үшін құрандай қастерлі ұғым болса, құлай сүйген өлеңін құндақтағы сәбидей өбектеп, сүйген жарындай құрметтеген ақын өлеңін өміріне айналдырды. Мұқағали Сабырханға деген өлеңінде:
Қызылқұмда ізіміз қалар ма екен,
Іздеген жан біздерді табар ма екен?
Адасармыз, адассақ, қарамай-ақ,
Кел екеуміз кезейік жалаң аяқ.
Әуестемей әлдекім салған ізді,
Өзімізше сызайық таңбамызды.
Тек ізіміз...
Ізіміз өшпесе екен,
Құйын тұрып, құм басып көшпесе екен – деп тебіренуі тегін емес. Ағалы-інілі болып табысқан қос ақынның Қызылқұм баурайында құшақтасып жатып болашаққа мұң шаққаны бізге жеткен естеліктерде сайрап жатыр. Кейін ағасы бақилық болғанда Мұқағалиға мұң шаға отырып Сабырхан ақын:
Құмға кетем, Мұқа, мен
құмға кетем,
Құм мен үшін жап-жайлы
құндақ екен.
Осы жолы мен, сірә, жалғыз
кетем...
Құм ғана емес, бар өмір жұмбақ екен! – деп сәуір аспанындай астаң-кестең тірліктен түңілгенде жан дүниесін жайып салатын жұмақ мекен жерұйығы Қызылқұмын құшырлана құшқысы келеді. Терең теңіздей тебіреніп өткен толағай тұлға тосын сыйы көп тірліктің жұмбағын тереңнен іздейді. Адам табиғатының сан алуан мінездерін, көңілдің сан тарау ырғақтарын тамыршыдай тап басады. Тәңірден тәлейіне бұйырған талантының қуатына сенеді және сендіреді.
Білем, білем өз бағамды
білем мен,
Бәз біреулер басса да аяқ
кілемге.
Бер сыйымды тиесілі маған
деп,
Емеспін тек жөнді-жөнсіз
тіленген.
Көкіректе көп қазынам
ырғалып,
Жүріп келем, жүріп келем
бір қалып.
Жүріп келем бір өлеңді
бетке алып,
Басқасынан жатсам-дағы құр
қалып.
Иә, бұл – ақынның ешқандай бүкпесіз де боямасыз адал сыры. Көңіл терезесінің әйнегінен көрінген азаматтық болмысы.
Жұмекен Нәжімеденов: «Сабырхан жайлы бірер сөз» дейтін мақаласында «Ол – бүгінгі таңда ең ізденгіш ақындарымыздың бірі. Форма, түр, мазмұн жағынан да көп ізденіп жүрген ақын. Өлеңдерінде ылғи да дерлік, әлденендей бір тың жайтты, бұрын өзі де, өзге де көре қоймаған қалтарыс сырларды ашуға тырысып отырады» дейді. Бұл сонау әдебиеттің дәуірі дүркіреп тұрған жетпісінші жылдары жарық көрген мақала.
Жоғарыдағы жолдар қазақ поэзиясының не бір жүйріктері шарықтап тұрған шақта Сабырхан ақынның қара өлеңнің қарагерін кісінетіп аламанның алдыңғы сапында жүргенін анық аңғартады. Ол жайлы жазылған естеліктерде замандастары оның азаматтық болмысы мен ақындық қуатын жоғары бағалайды. Ақынның қаламдас інісі Құлбек Ергөбек бір естелігінде: «Сабырхан еңсегей бойлы, түр келбеті авардың ұлы ақыны Расул Ғамзатовтан аумайтын өңді жігіт болған. Расул Ғамзатовпен ағалы-інілі болып табысқан адам.
Әдебиетке келген толқын-толқынды белгілі бір тенденция анықтайды. Бұл кезең Мәскеуде Андрей Вознесенский, Роберт Рождественский, Евгений Евтушенконың жарқ етіп шыққан кездері болатын. Ол бір жылымық кез еді. Олар Мәскеуді дүрілдетіп жатқан кезде, солардың ықпалымен ұлт әдебиеттері ерекше оянды. Сол оянған тұлғаның бірі Сабырхан Асанов еді. Сабырхан Асанов біріншіден суреткер ақын, екіншіден адамның жүрегінің қылын шертетін жұқа-жұмсақ лирик ақын. Осы екі қасиет оның поэзиясынан ерекше көрініп тұрды. Ол өлеңге ешуақытта опасыздық жасаған жоқ» деп еске алады.
Тау өзеніндей тұнық лирика әсем сазбен жымдасқанда, егіз қозыдай жамырасып-жарысып, сағыныш сезімдерін шымшылайтын, кейде жаныңа шуақ құятын әндерге айналды. Ақынның жүзден астам жыры әнге ұласып ән айдынында аққудай қалықтап тыңдарман жүрегіне ұя салды. Әсіресе, өмірде бір үйдің баласындай болған Шәмшімен шығармашылық тығыз байланысы Сабырхан ақынға қанат бітірді.
Ақын өзінің бір сөзінде: «Шәмшінің жиырмадан астам сазына өлең жаздым. Шәмшінің әніне сөз жазу кез келген ақынның, әрбір дарын иесінің арманы. Менің жазғандарым діттеген жерінен шықты ма, шықпады ма білмеймін. Бірақ әлімнің келгенінше Шәкеңнің әндеріне қолғабыс жасауға, сол туындылардың бір қанаты Шәкеңнің әні болса, екінші қанаты менің жырым болуға көп еңбектендім», депті. Терең ізденістен туған туындылар тасада қалған жоқ, қанша уақыт өтсе де сол баяғысынша тыңдарманын тербетіп келеді. Шәмшінің әніне ұласқан «Теріскейді», бүкіл даланың дархандығын танытқан «Отырардағы тойды» білмейтін, шырқамайтын қазақ жоқ. Оның қаламынан маржан болып төгілген «Сағынышым менің», «Дүнген қызы», «Жақсыгүл», «Көккөлдегі кештер-ай» өлеңдері өлмеген жүректі селт еткізбеуі мүмкін емес.
Біз ақын жайлы айтқанда, оның тағдырын емес, өлеңін, өмірін емес, өнерін айтуымыз керек. Өйткені ақынның өлеңі – оның тағдыры. Тағдыры ғана емес бүкіл жан дүниесінің бұлқынысы, жүрек соғысы, ішкі арпалысы. Төлегенше толғасақ, ақын болу – «әрбір сыздаған жараның аузында болу» бүкіл адамзаттың мұңын, қайғысы мен қуанышын жүрек сүзгісінен өткізу. Мұқағалиша айтсақ «қара тастан да мейірім күтетін» ең жаны нәзік жаратылыс. Күйкі тірліктің күйбеңіне еріп кіршіксіз жүректі кірлетіп алу ақын үшін ауыр азап. Ал біздің кейіпкеріміз ми қабығын кемірген ауыр ойлардан арылып дүниеге өткір көзбен қарайды. Қатал күндердің қақыраған аязы жанын қарығанда жан сырын өлеңге жайып салады. Ағынан жарылады. Ал бірде ару қыздың өрілген бұрымын, Алматының әсем көктемін де көкірегін кернеген сиқырлы үнге қосып қаз-қалпында көз алдыңа әкеледі.
Ақын өлеңдерінің ең алғашқы тыңдаушысы болған Шолпан Асанова өзінің бір естелігінде: «Сабырхан жақсы ақын ғана емес, жақсы жар, тамаша әке болды. Балаларын жанынан да жақсы көретін. «Бұл өмірде не болса да балаларымнан садаға кетсін, олардың көз жасын көру мен үшін өте ауыр, сен соны біл» дегені әлі көз алдымда. Мінезі жібектей жұмсақ, жаны нәзік жан еді. Дауысын бәсеңдетіп сөйлейтін, ақырын жүретін. Жан біткенді өзіндей көретін ақ жарқын азамат болатын», деп еске алады. Ақын жұдырықтай жүрегіне шоқ түсірген Шолпанын шоқ жұлдызындай биік қойды. Көзі тірісінде жарық көрген бір кітабын «Шолпан» деп атап, жарына жазған жан тебірентер жырларымен шынайы махаббаттың үлгісін көрсетті. Оған арнаған бір жырында:
Мен өзіңді гүлге нәзік
теңедім,
Есейсем де сол ойда әлі
келемін.
Бұл адамдар ұмытшақ қой
сен жайлы,
Ай мен күнге айтып кетсем деп едім» деп тебіренеді.
Бүкіл әлемді құшағына сыйдыра алатын ақын ғана ай мен күнге мұндай аманат арта алады. Ақ пен қара алмасқан аласапыран тірлікте адамдықтан айнымай, ар алдында, болашақтың алдында айтарын ағынан жарылып ақтарып кеткен ақын ақиқатты халқына қалтқысыз жеткізе алды. Өлеңдері поэзияның қазығына байланды, қазақ әдебиетінің қаймағына айналды. Еңсегей тұлға қазақ баспасөзінің қасиетті қара шаңырағы «Егемен Қазақстан» газетінде де елеулі еңбек етті. Журналистік жолда талай тағдырға араша болды. Сезім жаңбырын сіркіреткен сырлы өлеңі сағыныш сезімдерін селт еткізеді. Оны ұлы уақыт дәлелдеді. Туған елінде еңселі ескерткіші бой көтерді, мектеп пен көше аттары берілді.
Сапар шегіп сәуле асқан
ізбенен,
Етпеспін-ау қысты да елең,
күзді елең.
Жыпырлаған жұлдыздардың
ішінен,
Тінтіп жүріп тапсын мені
іздеген.
Ақын кейінгіге аманатындай болған осы өлең жолдарында мені оқыңдар деп байбалам салмайды, көкірегінде сәулесі бар жандарға мені жазғанымнан таныңдар дейді. Қазақ жыр көгіндегі көп жұлдыздың ішінде анау бір жұлдыздың шоқтығы биік, жарығы сәулелі. Ол – Сабырхан Асановтың жұлдызы.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ