Президент • 01 Желтоқсан, 2017

Ингушетияның тұңғыш президенті: Назарбаев ноу-хауы – үйренерлік үздік үлгі

524 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Кеңес Одағының Батыры, Ингушетия елінің тұңғыш президенті Руслан Аушевпен сұхбат. 

Ингушетияның тұңғыш президенті: Назарбаев ноу-хауы – үйренерлік үздік үлгі

– Құрметті Руслан Сұлтан­ұлы! Сізбен осыдан екі жыл­дай бұрын, Астанада, Қазақ­стан­дағы прези­денттік сайлау күндерінде кездесіп, блиц-сұхбат алған болатынмын. Ұлт­тық академиялық кітап­­хана­дағы ол қысқа кез­десу­де әңгіме негізінен біз­дің отан­­дас­­тарымыздың сай­лау­дағы бел­сенділігі, азамат­тық жауап­кершілікті сезінуі, жал­пы сай­лаудың ұйым­дас­ты­­ры­лу деңгейі, Қазақстан­дағы қо­ғам­дық өмірдің демо­кра­тиялану барысы туралы болды. 

–  Олай болатын жөні бар. Мен ол жолы Қазақстандағы сай­лауға байқаушы ретінде қатыс­тым ғой, сондықтан тек сол тұр­ғы­дан сөйлеуге тиісті едім. Канди­дат­тардың біреуі жайында пі­кір біл­діруіме, ешкімге қолдау көр­сетуіме болмайтын. Енді жағ­дайым басқаша, әрине. Сол сайлаудан алған ерекше әсерім әлі есімде. Қай сайлау учаскесіне барсақ та таң атқаннан бастап-ақ шұбатыл­ған кезекті көріп, қайран қалғанбыз. Қазақ­стандықтардың азаматтық парызға адалдығына бөлекше сүйсінгенбіз. Жаңа сіз «отандастарымыздың сайлаудағы белсенділігі» дегеніңізде «менің де отандастарымның» деп іш­т­ей ойлап отырдым. Иә, Қазақ­стан менің де Отаным. Сіздерде 1 наурыз­ды Алғыс айту күні етіп бел­гі­­леу жөнінде Президент Жар­­лы­­ғы шыққанын естігенде қуан­­­ға­ным есімде. Ұмытпасам, осыдан бір-екі жыл бұрын қабыл­данды ғой ол шешім?

– Иә, ол мереке тұңғыш рет өткен жылы аталды.

– Тамаша шешім. Осы арқы­лы әрбір қазақстандық ортақ зама­ны, ортақ қоғамы, ортақ бақыты үшін бір-біріне алғыс айтуға, өзге этностар өкілдері тар кезеңде табысқан, қиын шақта құша­ғын жайып қарсы алған қазақ халқы­на рахметін жеткізуге мүмкіндік алып отыр. Солардың бірі – ингуштар. Айтқанмын, айта да беремін: қазақтар – мейір­бандығы ғажайып халық. Жүре­гі кең халық. Кешегі зұлмат соғыс­т­а тау халықтарын заңсыз де­пор­тациялап, ингуштарды, бас­қа­лармен бірге, 1944 жылы Қазақ­станға жер аударғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Сол бір қиямет-қайым кезеңде қазақ халқы бізге арқа­сын тосты, бір үзім нанын бөліп жеді, жанымызды жұбатты, жүрегімізді жылытты. Жақында Айыртауға, сондағы Саумалкөл ауылына жолым түсті. Оқы­ған мектебіме шағын автобусты сый­ға тарттым. Мен туған үйді жақ­­сы­лап жөндеп қойыпты. Мек­­тепте маған арнап музей бөл­ме­сін жасапты. Қарасай мен Ағын­тайдың мавзолейіне тағзым еттім. Вайнахтардың бейітіне барып, құран оқыттым. Астана-Бурабай тас жолының сапасына қайран қалдым. 

– Батыс Қытай – Шығыс Еуропа магистралі арқылы сондай жолдар бүкіл елді көктей өтіп жатыр.

– Соғыс кезінде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарға барша қазақтар қамқор болған. Президент Назарбаевтың кітабы­нан оқығанмын, соғыс кезінде ол кісінің үйінде бір балқар от­ба­сы тұрған екен. Қазақтар бол­­маса біздің жалпы жұрт болып сақ­талуымыз, аман қалуы­мыз қиын еді дегенді біздің құла­ғы­мызға құйып отыратын әке-ше­ше­леріміз. Енді ол сөзді біз өзім­і­здің балаларымыздың, неме­ре­л­еріміздің құлағына құю­мен келеміз. Егер сол зарлы заманда, Құдай бетін әрі қыл­сын, әке-шешем аштықтан, ауру­дан немесе құсадан өмірден өтіп кеткенде мына мен 1954 жылы қазақ жерінде дүниеге кел­­мей­тін де едім! Міне, мәселе қай­да. Сондықтан да біздің әр­қай­­­сы­­­мыз­дың қазақтарға, қазақстан­дық­тарға айтар алғысы­мыз бөлекше. Ингуштар үшін Қазақстан өзінің Отанына айналған ерекше мекен. Менің үлкен қызым қазақстандық аза­матқа тұрмысқа шыққанда...

– Солай ма?! Бізбен құда екенсіз ғой!

– Құдамыз. Құда болған­нан кейін ғой Мәскеуге келген­деріңізде алдарыңыздан шы­ғып күтіп отырғаным... Айтайын дегенім, менің үлкен қызым қазақ­стандық азаматқа тұрмысқа шыққанда қарындасым: «Лейла, заманның өзгергенін қарашы. Бір кезде аталарымыз Қазақстанға қинала-қинала барған еді, енді біз Қазақстанға қуана-қуана бара жатырмыз!» деген болатын. Міне, көрдіңіз бе? Осының бәрін мен қазақстандықтардың ерекше қалпымен, халықтың сондай қалпын жасап отырған ардақты адаммен – елдің ли­дері Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырамын. Нұрсұлтан Әбішұлы ең бір қиын жылдарда өзінің елін ортақ мақсат жолында біріктіре білді, аса ауыр асулардан аман-есен өткізіп, биік белестерге бастай алды. Қазақстанның табыстары мен жетістіктері, оның басшысының халықаралық аренадағы бағалы бастамалары менің жанымды жадыратады, мақтанышымды туғызады. Бұлай дегенде мен Қазақстан өзімнің туған жерім болғандықтан ғана айтпаймын, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ғылыми негізделген, жан-жақты, терең ойластырылған стратегиясы нақты нәтиже беріп отырғанын өз көзіммен көріп жүргендіктен айтамын. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың алыстан ойлайтын ақылмандығы­ның айқын мысалдары жеткілікті. Соның бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясын құруы. Ұлтара­­лық және конфессияаралық келі­сім­ді қамтамасыз етудің, ел­дегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтаудың нақты тетігіне айнал­ған Ассамблея бүгінде бар­шаның назарын аударып отыр. Бұл қоғамдық-саяси ұйым – бүкіл әлемде Назарбаевтың ноу-хауы деп саналады. Бұл ұйым – ұлт­ара­­лық қатынастарды жаңаша қа­лып­таудың үйренерлік үздік үлгісі. 

– Руслан Сұлтанұлы, осы сөзіңізге дәлел ретін­де жаңа ғана болған әңгімені айта кетейін. Мемлекеттік Дума­ның Ұлт істері жөніндегі коми­тетінде кездесу кезінде Ресей халықтары Ассамб­леясы Қазақ­станның үлгісі бойынша жасалғаны атап айтылды. 

– Өзі де солай. Мен Қазақстан халқы Ассамб­леясының мемле­кет­­тік билік органдарымен, әр­түр­лі қоғамдық ұйым­дармен өз­ара қарым-қатынас жасау тетігі ТМД-дағы басқа мемлекеттер үшін өзінше бір бағыт-бағдар бола алады деп сеніммен айтамын. 


– Жақында, 1 желтоқсанда біз Тұңғыш Президент күнін атап өтеміз. Сондықтан бүгінгі әңгімеде негізгі тақырып Нұрсұлтан Назарбаев болса деп сұраймын. Егер үлгеріп жат­сақ, бұл сұхбатты сол күні жа­риялауға тырысамыз. Осы­­дан екі жыл бұрынғы, Астана­дағы жүздесуіміз кезінде сіз Нұрсұлтан Әбішұлымен алғаш кездесуіңіз жайында әңгімелеген едіңіз. Бірақ сайлау күні және сайлау­дың ресми қорытындысы шыққан­ша Президент лауазымына кандидат­тар жөнінде ештеңе айтуға болмаған­дықтан, ол сөз­деріңіз тек диктофонда қалып қойды. Енді сол кезде­суді қайтадан еске түсіруіңізді сұраймын. 

– Оған да отыз жылдай болып  қалыпты. 1989 жыл еді. КСРО халық депутаттарының съезі өтіп жатқан кез. Маған Нұрсұлтан Назарбаевтың съезде сөйлеген сөзі қатты ұнады. Ол бүкіл елдің және өзі басқарып отырған республиканың демокра­тиялық өзгерістер кезінде қалай жаңғыруға тиісті екенін қолмен қойғандай етіп айтып берді. Бұл сөздің батылдығы, кәдімгі қасаң қалыптарға сыймайтын жаңашылдығы, жүріп жатқан процестерді терең талдауы басқа депутаттарға да ерекше әсер еткенін үзіліске шыға са­лы­сымен-ақ басталған қызба-қызу пікір алмасудан білдім. Назарбаевтың кандидатурасын КСРО Вице-президенті немесе ел Үкіметінің басшысы қызметіне ұсыну жөніндегі әңгіме дәл сол жерде, съезд кулуарында шыққан болатын. Егер сол кезде осындай шешім қабылданғанда тарих тегершігінің басқаша айналып кетуі әбден мүмкін еді деп те ойлаймын. Жарайды, өткен өтті, кеткен кетті. Нұрсұлтан Назарбаевтың сол кездегі алып елдің көлеміндегі аса жоғары беделіне мысал ретінде мынандай жағдайды айтайын. 1992 жылы, Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тастығы құрылғаннан кейін ал­ғаш рет Бүкілармиялық офицер жи­налысы ұйымдастырылған еді. Оны маршал Шапошников жүргізіп отырды. Әуелде ТМД-да Қарулы Күштер ортақ болып белгіленгені есіңізде шығар. Сол Бүкілармиялық офицер жиналысында барша генералитет, офицерлер жиналысқа Нұрсұлтан Назарбаевтың келуін қалайтын­дарын айтып отырып алды. Ортақ Қарулы Күштердің негізі­нен шоғырланған жері ретін­де Ресей Президентін шақы­ру жөнінде нақты ұсыныс бол­ған­да да, жиналғандар «Бі­з Ельцин­ге сенбейміз, біз Назарбаев­қа се­неміз» деп айтқан бет­терінен қайт­пады. Ақыры Нұрсұлтан Әбішұлы келіп, жаңадан қалып­тасқан жағдайдың бәрін тү­сін­­дір­­геннен кейін ғана жұрт са­ба­­сына түсті. Сонда Нұрсұлтан Назарбаевтың елді ре­­фор­­­ма­лау жөніндегі тұжы­рым­дама­лық тұрғыдан тың ұсы­­ныс­­тары ке­йіннен жаңа мем­­ле­кет­тік құ­ры­лымның – тәуел­­сіз Қазақ­стан­­ның тыныс-тірші­­лі­гінде жү­зе­ге асқанын бәріміз көп ұза­­май-ақ көре алдық. Бүгінде Назарбаевтың басшылығымен Қазақ­­стан қол жеткізген табыс­тар­­ды бүкіл әлем танып-біліп отыр.

Қазақстан туралы жазған авторлардың біразы ондағы өзгерістердің сипатын Сингапур­дағы ірі реформалармен салыс­тырып жатады. Бірақ бұл арада Қазақстанның жер аума­ғы да, этностық құрамы да, діни әртектілігі де, қазба байлық­тарының көлемі де Сингапур­мен тіпті салыстыруға келмейтінін есте ұстауға тиіспіз. Сондықтан да Қазақстанда реформа жүр­гізу өзге елдердегіден әлде­қайда қиын. Нұрсұлтан Назарбаевтың шын қадір-қасиеті сол қиындықтардың бәрін де еңсере алғандығынан танылады. Мен өз басым Ингуше­тия Республикасының тұңғыш Президенті болып сайланғаным­да көп мәселелерде Нұрсұлтан Әбішұлының нақты тәжірибесіне арқа сүйеп, өзіме бағыт-бағдар етіп ұстанып отырдым. Мысалы, Ингушетияның жаңа астанасын – Магас қаласын салу жөнінде шешім қабылдағанымда мен үшін ең бас­ты, ең мықты аргумент Назарбаевтың Қазақстанның астанасын Алматыдан Астанаға ауыстыру болғанын дәйім айтып жүремін. 

Қазір Қазақстанды бүкіл әлем біледі, Қазақстанды бүкіл әлем мойындайды. Қай елге барсаңыз да, іскерлік сапармен жүрген, оқып жүрген, демалып жүрген, элиталы дүкендерде жүрген қазақ­стандықтарды көптеп көре­сіз. Бұл ел халқының білім дең­гейін, кәсіби дәрежесін, әл-ауқат жағдайын көрсететін нақты мысал. Мен өз басым Нұрсұлтан Әбішұлының жастарды шетелдерде оқытуды көздеп, арнайы бағдарлама жасағанын ерекше қадірлеймін, сол бағдарлама бойынша оқып келген, оқып келетін жүздеген, мыңдаған түлектердің жаңа Қазақстан­ды өркениеттің биік белестеріне көтере­тіндігіне кәміл сенемін. Елдің шикізат шығарумен шектелмейтін, осы заманғы индустриялық-иннова­ция­лық мемлекет құрып жатқаны да қатты қуантады. Осының бәрінің бастауында бүгінде бүкіл әлемге танылған басшы – Президент Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Назарбаевтың ықпалы қазір тек ТМД көлемімен шектелмейді. Назарбаевтың Ресей мен Түркия арасындағы өрши жаздаған жанжалды қалай тыныштандырып бергенін барша дүние біледі. Назарбаевтың Сириядағы соғыс өртін тоқтатуға себепкер болған, қақтығыс басталғалы бері ресми билік пен қарулы оппо­зицияны тұңғыш рет келіссөз үсте­лінің басына бірге отырғызған Астана процесінің бастамашысы екенін де барша дүние таниды, мойындайды. 

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай тұлғамен жақын араласуға, сондай саясаткерден көп нәрсе үйренуге мүмкіндік берген тағдырыма ризамын. Тарихтың бетбұрысты белесінде осындай азаматты таңдаған, елім деген ерге сенген, жаңа мемлекет құрудың бар мүмкіндігін бір қолына берген қазақ халқының, қазақстандықтардың даналы­ғына да ризалығымды айту­ды парызым санаймын. Барша қазақ­стандықтарға Тұңғыш Прези­дент күнімен шын жүректен құттық­­тауымды, өзімнің кінді­гім кесіл­ген қазақ жеріне, елімнің зұлмат сынақ­тан аман қалуы­на көмектескен қазақ еліне алғы­сым­ды жеткізуді сұраймын. Нұрсұлтан Әбішұлына газет арқы­лы болса да ыстық сәлемімді арнаймын.

– Құрметті Руслан Сұл­тан­­ұлы! Алдын ала ойлас­ты­рыл­­маған сұхбатқа кел­і­сім бер­­геніңіз үшін, елі­міз, Ел­ба­сы­мыз туралы жүрек­жард­ы сөздеріңізді ақтарылып айт­қаны­ңыз үшін сізге де көп рахмет.

Әңгімелескен 
Сауытбек АБДРАХМАНОВ 
 

Соңғы жаңалықтар

От қалам

Тұлға • Бүгін, 08:40

Өнер қайраткерін ардақтасақ

Руханият • Бүгін, 08:37

Мемориалды кабинет ашылды

Тағзым • Бүгін, 08:32

Аязби хақында әпсана

Руханият • Бүгін, 08:28