Журналистерге мемлекеттік қызмет көрсетуді электронды форматқа көшіру жөнінде толыққанды мәлімет берген Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Қайрат Балықбаев электронды үкімет порталының дамуы мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметін жетілдіруге ерекше маңыз беріліп отырғанын жеткізді. «Бұл – мемлекеттік қызметтерді халыққа қолайлы, қолжетімді етудің ең ыңғайлы жолы. Қазіргі таңда 746 мемлекеттік қызметтің 621 түрі, яғни 83 пайыздан астамы «Азаматтарға арналған үкімет» жүйесіне өткізілген. Электронды үкімет инфрақұрылымы арқылы бүгінде 452 мемлекеттік қызмет көрсетіледі», деді вице-министр.
Министрлік мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, оларды электронды форматқа көшіру жұмыстарын әлі де дамыта түспек. Осыған байланысты былтырдың өзінде жұртшылыққа ыңғайлы бірқатар жобалар іске асқан екен. Мысалы, өткен жылы бала тууға байланысты көрсетілетін мемлекеттік қызметтер проактивті тәсіл арқылы оңтайландырылған. Бұл жобаға сәйкес жаңа босанған әйел бұрынғыдай халыққа қызмет көрсету орталықтарына келіп жатпай-ақ, телефон арқылы сәбиін тіркетіп, туу туралы куәлікті жасатып, балабақшаға кезекке қойып, тіпті нәрестенің өмірге келуіне байланысты берілетін тиісті жәрдемақыны ресімдеген. Вице-министрдің айтуынша, бұл жерде халық мемлекеттік қызметке жүгінбейді, мемлекеттік органдар тиесілі қызметті ұсынып, халыққа өздері шығады. Айталық, бүгінгі таңда тиісті мамандар жаңа босанған 11 590 әйелге өздеріне тиесілі қызметті алу жөнінде SMS-хабарлама жолдаған екен. Олардың 4 мыңға жуығы хабарлама бойынша проактивті тәсілге жүгінген. Осылайша, 715 туу туралы куәлік беріліп, 261 нәресте балабақшаға кезекке қойылған.
Бұған қоса, қазір министрлік мемлекеттік қызметтерді электронды цифрлы қолтаңбасыз көрсету жөніндегі шараларды қолға алған. Қазірдің өзінде ЭЦҚ-сыз 30 электронды қызмет түрін алуға болады.
Брифингке қатысқан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов елімізде жыл сайын 37 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, олардың 24 млн-ға жуығы электронды форматта екенін атап өтті. Қазіргі таңда кез келген мемлекеттік қызметті уақтылы көрсету қатаң бақылауға алынған. Осы жұмыстарды реттеп отыратын арнайы Ахуалдық орталық ашылған. Сондай-ақ ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік корпорация веб-сайт форумы іске қосылып, халықпен кері байланыс орнату, қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында ұсыныстарды қабылдай бастаған. А.Оспановтың айтуынша, форумда талқыланған мәселелер, кез келген азамат тарапынан жасалған ескертулер назардан тыс қалмай, мұның бәрі саланы жетілдіру барысында ескерілетін болады.
Жиында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Қасабек Жолдауда аталған «бір өтініш» қағидасы бойынша кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйелерді интеграциялау туралы айтып берді. Оның айтуынша, бүгінде электронды үкімет порталы 237 қызмет көрсету мен сервисті, eLicense.kz электронды лицензиялау порталы 440 автоматтандырылған қызмет алуды ұсынып отыр. Олардың ішінде бизнесті тіркеу және дамыту, лицензиялау, салықтар, банк ісі, субсидиялау сынды онлайн-қызметтер бар.
Қызметтерді электронды форматқа көшіруге байланысты халықтың уақыты үнемделіп, қағазбастылық азайғанын атап өткен Б.Қасабек оңтайландырудың арқасында бизнесті онлайн тіркеу де жеңілдегенін айтады. Ол келтірген мәліметке сүйенсек, еgov арқылы 2012 жылдан бастап 177 824-тен астам компания ашылса, былтыр 48 367-ден астам заңды тұлға тіркелген.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»