Әлем • 09 Сәуір, 2018

«Алаш көсемсөзі» түрік тіліне аударылады

375 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркиядағы қазақ диаспорасының қолдауымен Ыстамбұлда жарық көретін «Қазақ елі» алманағында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы түрік тілінде жарық көрді.

«Алаш көсемсөзі» түрік тіліне аударылады

Редакция алқасы Мемлекет басшысының маңызды құжатта атап көрсеткен алға қойған мақсат-міндеттері мен кешенді бағдарламасын және стратегиялық жоспарларын бауырлас халыққа түбегейлі таныстыруды мақсат етіпті.

Басылымның алғысөзінде Қазақ-Түрік білім және зерттеу қауымдастығының басқарушы кеңесінің төрағасы Шабан Серкан Динчтүрк Президент бастамаларына үн қоса отырып, 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты орамды ойын ортаға салады. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандықтарды қолдау тапсырмасының туыстас елде орындалу барысына тоқталады.

– 1991 жылы Кеңес одағының ыдырауына қуанғандардың ішінде Түркияда тұратын қазақтар да бар еді. Өйткені ұлан байтақ қазақ жері Ресейдің құрсауынан құтылып тәуелсіздікке қол жеткізді. Енді міне, ата жұртымыз Қазақстанда да латын әліпбиіне көшу мәселесі қолға алынып жатыр. Қазақстан әлеммен байланысын одан әрі нығайта түсті.

Әлемдегі қазіргі конъюнктура технологияның тілі және пайдаланылатын алфавит ­­– латын әліпбиі. Сонымен қатар түркі әлемінде жалпы мүдделерді жүзеге асыруды жоспарлау (тілдік айырмашылықтар болса да) және жүзеге асыру латын әліпби арқылы оңайырақ болады. Бұл оқиға Түркия қазақтары үшін үлкен жауапкершілік әрі тарихи мүмкіндік болып табылады. Біздің мәдениеті мен тілін жетік білгендіктен Қазақстан мен туып өскен Түркия арасында алтын көпір ретінде қызмет ете алатынымыз айдан анық. Экономикалық, саяси және мәдени салада қалыптастырған қарым-қатынастарды жоғары деңгейге көшіруге үлес қоса алатынымызға да сеніміз зор. Қазіргі таңда әлемдегі беделді күш болып есептелетін елдердің Үкіметтік емес ұйымдардың атқаратын рөлінің маңызды екендігін ескеретіні даусыз. Біздің де ҮЕҰ-ды күшейту үшін жүйелі жұмыс істеуіміз қажет. Ұжымымызда жастардың белсенді рөл атқаруына жағдай жасап келеміз.  Жастарға қол ұшын беріп, жол көрсетіп, олардың білім алып, ғылыммен айналысулары үшін мүмкіндік беруіміз қажет. Әр түрлі тілдерді білетін, өз саласында білімді, технологияны меңгерген, өз мәдениетін, салт-дәстүрін білетін, құрметтейтін, өзіне сенімді, қабілетті ұрпақ келешегіміздің кепілі болатыны анық. Мал мен мүлікке жұмсалған қаржы әлдебір экономикалық соққыдан жоқ болуы мүмкін, ал адамға жұмсалған қаржы ешқашан жоқ болмайды. Сондықтан да біздің өз болашағымызды жоспарлап, сол арқылы ертеңіміз үшін аянбай еңбек етуіміз керек, – дейді Шабан Серкан Динчтүрк.

Журналдың кезекті санында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде өткен іс-шаралар барысынан да ақпарат берілген. Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлының қатысуымен жүзеге асқан Қазақстанның мәдениет күндері мен халықаралық жиындар, салтанатты қабылдау мен концерттік бағдарламалар топтамасы жарияланған. 

«Қазақ елі» журналының редакциялық кеңес төрағасы және жауапты шығарушы редакторы Ертолқын Гайретуллах Қазақ-Түрік білім және зерттеу қауымдастығы 2014 жылы құрылған күннен бастап көптеген жетістіктерге қол жеткізгенін айта келе, қауымдастық төрағасы Серкан Динчтүрк мырзаның Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа мүшесі болып сайланғанын атап өтіп, жағымды жаңалықты оқырманға жеткізуге асығыпты.

– Жетінші санымызды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауымен, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтың қауымдастық жүзеге асырған істер мен жобалар туралы жазған мақаласымен бастап, Жасылайдың өз жұмысын Орталық Азияда жалғастыратындығына байланысты жаңалықты оқырмандарымызбен бөлістік. Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына байланысты өткен халықаралық ғылыми-теориялық конференция туралы мәлімет беріп, профессор, доктор Намазалы Омашұлының 10 томдық «Алаш көсемсөзі» атты шығармасын оқырмандарымызға қайта таныстыруды жөн көрдік. Бұйыртса, осы 10 томдық шығарманы түрік тіліне аударуға тырысамыз. Туғанына 120 жыл толуына байланысты Мұхтар Әуезовтың еске алынуы, филология ғылымдарының докторы Жәмила Кынажының «Қазақ әдебиетіндегі әйел образы» мақаласы арқылы алғашқы және ең маңызды ұстаздарымыздың қоғамның дамуына қосқан үлестерін қолға алдық. Алтай ауылының мешіті туралы мәлімет беріп, білім жолындағы жас қандасымыз Ибрахим Калканмен сұхбат жүргіздік, ­–  дейді өз сөзінде Ертолқын Гайретуллах.

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»