12 Ақпан, 2010

ДІНАРАЛЫҚ ҮНҚАТЫСУ – ТҮСІНІСТІК БАСТАУЫ

1670 рет
көрсетілді
40 мин
оқу үшін
Биыл 2010 жылға ғана емес, ХХІ ғасырдың жаңа онжылдығына қадам бастық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы орайдағы Жолдауында Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етудің мәртебелі миссиясы сеніп тапсырылғанын айта келіп, “Біз жаңа онжылдығымызды әлемдік деңгейдегі осындай абыройлы тарихи оқиғамен бастадық” деп атап көрсеткені белгілі. Нұрсұлтан Әбішұлы мұны жақсы нышанға балап, “біздің алдағы барша жетістіктеріміз осындай жарқын болады” деген сенімін білдірді. Мемлекет басшысы Қазақстанды Еуропа ұйымына төрағалыққа ұсынып, еліміздің сол мәртебелі лауазымға қол жеткізуін ұйымдастырып қана қоймай, Ұйымның алдағы кезде қалай дамығаны жөн деген өзінің ой-пікірлерін құрлық жұртшылығының назарына да ұсынды. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сондай толғаныстарға толы еңбегі “Известия” газетінде және “Интерфакс” агенттігінің сайтында жарияланған “ЕҚЫҰ тағдыры және перспективалары” атты мақаласы деп білемін. Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти. Халықаралық аса ықпалды Еу­ро­падағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық жөніндегі ұйымға Алла тағала нәсіп етіп, Қазақстан төраға­лық жасап келеді. Іс басындағы төрағалық кезінде еліміз алдына қандай мақсат қойып отырғаны жөнінде Елбасы өз еңбегінде былай деп атап көрсеткен болатын: “Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төраға­лы­ғы Шығыс пен Батыс арасындағы жаңа қатынастар кезеңінің бастауын негіздеп, өзара сенімді нығайтуға қызмет етеді... Мәдениетаралық және өркениетаралық үнқатысу идея­ларын жақтайтын, көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет ретінде Қазақстан ұлтшылдықты, діни төзбеушілікті, нәсілшілдікті, ксенофобия мен антисемитизмді тиім­ді еңсеру үшін ұйымның айтар­лықтай қуатты әлеуетін пайда­лан­бақ”. Аллаға шүкір, еліміз құрамы 56 мемлекеттен тұратын осынау Ұй­ым­ға төрағалық тізгініне ТМД ке­ңістігінде, мұсылман әлемінде бі­рінші болып қол жеткізді. Әлбетте, күні кеше ғана бодандық бұғауы­нан босаған жас тәуелсіз мемлекет үшін бұл зор абырой, әрі жауапты міндет екенін түсінеміз. Бір өркениет аясындағы екі дү­ниежүзілік соғыс, Азия мен Афри­ка­ның көптеген елдерін жайлаған отар­лау, қазан төңкерісі салдары­нан әлемнің капиталистік және со­циалистік лагерь боп екіге бөлінуі, ақырында соңғысының сахнадан ығысып, қазіргі ТМД деп аталған және өзге де жұрттың азаттық алуы іспетті, т.б. қым-қуыт оқиғаларға толы ХХ ғасырды да бастан кешірдік, олардың бәрі енді тарих қойнауына кетті. Адам баласының жаңа ғасырды бейбітшілік, ынтымақ, өзара түсі­ніс­тік пен сыйластық ғасыры болар деген үміті, өкінішке орай, қазір ақ­талмай тұр. Атеизм үстемдік ет­кен заманнан құтылдық па дегенде, енді діни экстремизм, фундамен­та­лизм, лаңкестік, радикализм сияқ­ты тағы басқа да “измдер” елдің берекесін алуда. Батыстың кейбір ғалымдары “өркениеттер қақты­ғы­сы” дегенді шығарумен қатар, “Ба­тыс пен Шығыс текетіресі бас­тал­ды, оның арты жақсылыққа апара қоймас” деген іспетті болжамдар айтуда. Осы орайда әлемдік және дәс­түрлі діндер жетекшілерінің Аста­нада өткен үш құрылтайын жаңа ғасырдағы теңдесі жоқ айтулы оқи­ға деп бағалаған жөн. Ал осындай келелі жиын өткізу идеясының бас­тамашысы – Елбасымыз Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаев. Оны өз кезінде Әлемдік ислам лигасы, Әлемдік еврей конгресі, Ватикан, Орыс православие шіркеуі және тағы да басқа толып жатқан діни орталықтар мен топтар, қауым­дас­тықтар құп алды, соған орай құрылтайларға белсене қатысты да. Бірінші Құрылтайға Азия, Африка, Таяу және Орта Шығыс, Америка, Канада, Еуропадағы 13 елден, екіншісіне 26, ал үшіншісіне 35 елден делегациялар қатысты. Осынау келелі әлемдік діни жиынға артылған үміт өзін ақтады. Ол үшін республикамыздың кіндік қаласының таңдап алынуы да кездейсоқ емес-ті. Қазақстан – көп ұлтты, бірнеше конфессиялы, түрлі мәдениеттер тоғысқан ел. Алла тағаланың жақсылығы және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бейбіт­ші­лік сүйгіш саясаты, парасатты басшылығы арқасында мемлекеті­міз­де тіл мен дінді, түрлі мәде­ниетті ұлттар мен ұлыстар өзара ауызбірлік пен ынтымақта тату-тәтті өмір сүріп келеді. Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінде мұның шешуші фактордың бірі бол­ғаны сөзсіз. Бұған қатысты Ел­ба­сы “ЕҚЫҰ тағдыры және перс­пек­тивалары” атты мақа­ласында: “Біздің міндетіміз – ЕҚЫҰ бойын­ша әріптестерімізге ұлтаралық және конфессияаралық келісім саласында жинақтаған тәжірибемізді беру”, – деп орынды атап көрсеткен. Бүгінгі күннің ең өзекті ұлттар мен ұлыстараралық және кон­фес­сияаралық өткір мәселелерін ба­рын­ша жолға қойып, тиімді де ұтым­ды шеше алған еліміздің осы атал­мыш халықаралық ұйым мүм­кіндігін пайдалана отырып бұған қатысты өз іс-тәжірибелерін ортаға салып, ұсынуына болады. Бұл күндері әлемнің көптеген жерінде шиеленіс ошақтары сақталуда. Оның бәрі де халықаралық ұйым­дар тарапынан өзінің парасатты да байыпты оң шешімін күтуде. Бұл ретте Солтүстік Ирландиядағы ка­то­ликтер мен протестанттар ара­сын­дағы ұзаққа созылған діни жан­жалды атап көрсетуге болады. Бұ­лар – христиан дінінің екі үлкен тармағы. Таяу Шығыстағы жал­ғас­қан израиль-араб жанжалы жаһан жұртының зиялылар қауымы мен саясаткерлерінің және БҰҰ-ның бас ауруына айналғалы жарты ға­сырдан асты. Ирак пен Ауған­стан­дағы бейбіт халық бүлікшілер ұйым­дастырған түрлі жарылыстар­дан зардап шегуде. Одақ ыдырар алдында Таулы Карабақ үшін бұрқ ете қалған әзірбайжан-армян жан­жа­лы әлі күнге сол аймақ үшін сол­қылдап сыздаған сыздауыққа айналды. Оның қашан жазылары, не жарылары бір Аллаға ғана аян. Жуырда ғана Нигерияның солтүс­тігіндегі мұсылмандар мен хрис­тиан­дар арасындағы қақтығыстан 149 адам қаза тауып, 300-дейі жара­қат алды. Бір ұлттан тұратын ха­лық­тың 40 пайызы христиандар, ал осыншасы мұсылмандар. Сенім­дері­нің бөлектігінен туындаған тү­сініспеушілік салдарынан мұндай қақ­тығыс жиі болып тұратын көрі­не­ді. Бұлардың астарына үңілер болсақ, ұлтаралық та, дінаралық та алауыздықты байқар едіңіз. Осынау дау-жанжалдарды одан әрі ушықтырмай, шешімін табуда қарсыласушы екі жақтың саясаткер­лерін сабыр мен парасаттылыққа шақыратын діндарлар рөлін әлі күнге тиісінше ескеріп, бағаламай жүрген сыңайлымыз. БҰҰ мен ЕҚЫҰ және тағы басқа да ықпалы зор халық­аралық ұйымдар жанынан құрамына ірі-ірі әлемдік және дәстүрлі дін жетекшілері мен өкілдері енетін арнайы кеңесші дауысты иемденетін мәртебесі жоғары комиссия құрылса құба-құп болар еді. Сондай-ақ төрағалығымызды пайдаланып Әзірбайжан-Армения, Палестина-Израиль, Нигерия, Сол­түстік Ирландияның басты дін­ба­сыларын дөңгелек үстелге шақы­рып, халықаралық конференция өт­кізсек. Мүмкін сол елдердің сая­сат­керлері таба алмай, мәмілеге келе алмай отырған түйткілдің мә­нісін шешуге септігі тиер ме еді. Сонымен қатар ХХІ ғасырдың бей­бітшілік, өзара түсіністік пен сый­ластық ғасырына айналуына ұйыт­қы болады, атсалысады деп үміт артылған Астанада өткен құрыл­тай­лар­дың келесі төртіншісінің күн тәр­тібіне жаһандық рухани дағда­рыс­тан шығу мәселесі қойылса, бұған қатысты жер шарының түк­пір-түкпірінен жиналар ислам, хрис­тиан, иуда, будда секілді әлем­дік діндердің жетекшілері мен ірі саясаткерлер де өз ой-толғам­дары­мен бөліссе, мұнан бейбітшілік мүддесінің көп ұтары сөзсіз. Шы­ғыс пен Батыс арасындағы түсі­ністікті тереңдету ісін өз төраға­лығы кезінде жүргізу ниетіндегі Қазақстан келесі жылы ИКҰ-ға төр­аға болатынын ескере отырып, Елбасы мақаласында атап көрсет­ке­ніндей, “Осынау ортақ мақсаттың практикалық тұрғысына ЕҚЫҰ мен ИКҰ арасындағы үнқатысуды бел­сен­ді ету жәрдемдесер еді”, деп атап өткен болатын. Ал таза дінаралық тұрғыда мақалада нақты жазылға­нын­дай, Қазақстан “мұсылман және христиан өркениетін жақындастыру” мақсатын да көздемек. Бұған дейінгі үш құрылтайда діндердің бүкіл адамзатқа ортақ құндылық­та­ры дәріптеліп, оларды басшылыққа алуға шақырған көптеген бағалы ұсы­ныстар мен келелі ой-пікір­лердің ортаға салынғаны белгілі. Со­ның бірқатарынан үзінді келтірелік. Әл-Азһар университетінің ұлық имамы, шейх Мұхаммед Сайд Тантауи: – Әрбір есі дұрыс адам, оның ішінде діни бағыттардың басшы­лары бір-бірімен ынтымақтаса ара­ласып, көктен түскен киелі кітап­тар мен адам ақыл-ойы қастасу үшін емес, достық пен шат-шады­ман өмір үшін жіберілген. Жауыз­дық емес игі істер үшін бұлар діни айырмашылықтарына қарамай, мамыражай ынтымақта тұруға болатынын дәлелдейді. Ислам мәдениеті және ой-санасы институтының директоры (Иран) Әли Акбар Садеги Рашад: – Діннің адамдарды ұйым­дас­тыруда, олардың іс-әрекеттері мен сезімдеріндегі рөлі айрықша, өйт­кені дінді пайдаланып асыра сілтеу жақсылыққа апармайды, ол адам өміріне қауіп төндіреді. Сон­дықтан да дін екіжүзді өткір пышақ секілді. Ол халықаралық қауіпсіз­діктің бас­ты факторына айналып кетуі мүм­кін. Ал дінді лаңкестіктің құралына айналдыру қайшылықтар мен қауіп­сіздіктің бұзылуына алып келеді. Израильдің бас сефард раббині Шломо Амар: – Адам береке-бірліктің, тату­лық­тың, сүйіспеншілік пен ұйым­шылдықтың сөзін айтса, ондай сәу­лелі сөздерді естігендер жайбарақат сезімге бөленеді. Мұндай сөздер бүкіл дүниеге махаббат пен шапағат нұрын себеді. Сондықтан айтар сө­зімізге абай болайық деп ескерткім келеді. Ол аз десеңіз, біз тіпті ой-са­намыздың тереңінде де сақ бол­ғанымыз жөн, неге десеңіз біздің аузымыздан шыққан сөзіміз өзіміз қорытқан ойымыздың нәтижесі. Жүрегімізді таза ұстасақ, сөзіміз де кіршіксіз таза болмақ. “Чегечон” будда ұйымы қоғам­дық істер департаментінің дирек­то­ры (Корея Республикасы) Джи Вон: – Әртүрлі діндердің ынтымақ­тас­тығы қажет. Барлық елдердің дін­дері мейірімділікке, бейбіт­ші­лік­ке және сүйіспеншілікке талп­ы­на­ды. Ешбір дін, түптей келгенде, со­ғыс пен талас-тартыстарды уағыз­дамай­ды. Діндер негізінде әртүрлі елдер арасындағы қақтығыстар әлі жалғасуда, өйткені олардың ара­сында өзара терең түсіністік жоқ. Діндер бір-бірін дұрыс түсінуі үшін дінге сенушілер арасында диалог болуы керек. Бейбітшіліктің бол­мауы соғысқа әкеп тірейді. Осы тұр­ғыдан қарағанда әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының Қазақстандағы конгресінің діндер арасындағы диалог үшін маңызы аса зор. Діндеріміздегі айырма­шы­лықтарға қарамай, ождан бостан­дығын қорғауымыз қажет. Константинополь православие шіркеуінің патриархы І Варфо­ло­мей: – Діндердің өкілдері – біздер, алдымызда туып отырған постмо­дер­нистік уақыттың қиыншылық­та­рына қарамастан, нақты ынты­мақтастық қарым-қатынас арқылы әлемдік тәртіптің деңгейін сақтап қала аламыз. Дінді күнделікті өмір­ден айырып алу үрдісі оның нәти­желері қашанда қорқынышты... Құрылтайларда оған қатысу­шы­лар­дың жер шарының әр түкпірі­нен көрініс беріп жатқан қақтығыс, соғыс, лаңкестіктер дінге еш қатыс­сыз деген тоқтамға бірауыздан ке­ліп, болуы мүмкін делінген “өрке­ниеттер қақтығысы” болжамының жоққа шығарылуы, “дінді саясатқа айналдырып, өзара текетіреске жол берілмеу керектігінің” де мәлім­делуі адамзаттың ертеңгі күні жар­қын бола түседі деген ізгі үміт отын тұтатты. Өйткені бір мәдениетті озық, екіншісін төмен санау, бір ұлттан бір ұлтты артық көрудің аяғы жақсылыққа апармайтынына қарт тарих әлденеше рет көз жет­кізген-ді. Қасиетті Құран Кәрім: “Егер Алла өзі қаласа, сендерді, әрине, бір үммет қана етер еді. Бірақ ол сендерді сынау үшін түрліше ша­ри­ғат жасады. Жақсы істерге ұмты­лың­дар. Сендердің бәрің де Тәңі­рінің алдына қайтып ораласыңдар”, (“әл-Маъида” сүресі, 48-аят), – деп барша адамзатты ізгілік пен бірлікке шақырады. Осыған орай дін қайраткерлерінің көбіне-көп: “Қайтсек жер шарын аман сақтап, қайткенде өзара сыйластықта өмір сүреміз” деген өзекжарды мәселе­лер төңірегінде ой бөліскені, пла­нета тұрғындарын соған шақыруы керек деп санаймыз. Бұл ретте қайталай айтсақ, әдет­те бастары өте сирек қосы­ла­тын түрлі тілді, дінді, ұлтты, нәсілді дін жетекшілерінің Астанаға үш рет жиналып, диалог өткізуінің өзі зор жетістік. Бұл Қазақстанның әлем алдындағы абыройын, мәртебесін тағы бір көтеріп паш еткен ғибрат­ты да аса маңызды іс-шара болғаны даусыз. Мұндай келелі Құрылтай елімізде өтіп тұрса артық етпесі хақ. Өйткені онда дінге байланысты кез келген болуы ықтимал келеңсіз жәйт­тердің алдын алып, одан әрі ушығуына жол бермес еді. Иә, бүгін әлемдегі шиеленісті мәселелердің түйінін шешуде дін қайраткерлеріне үлкен үміт арты­луда. Ол үміт үдесінен қалай шығу мәселесі діндарларды терең ой­ландырып, толғандырары сөзсіз. Ол үшін барлық дін басшылары, ме­шіттер мен шіркеулер, озық ойлы интеллектуалды орта өз халқының рухани да, мәдени де деңгейін көтеруге тиісінше ықпал-әсер етуі қажет деп білеміз. Бұл күндері кім-кімге де белгілі маңдайынан соры арылмаған Ауғанстан есірткінің үлкен қоймасына, тұрмысы аса тө­мен, дені сауатсыз тұрғындарының күнкөріс көзіне айналғаны жасы­рып-жабары жоқ шындық. Бұл түйінді шешудің бірден-бір жолы бұл елге қолдау мен қайырым­ды­лық көмек аясында жаппай сауат­сыздықты жою үшін жастарына бүгінгі талап пен сұраныс дең­гейін­де білім беру. Бұл тұрғыда Қазақ­стан осы елге азық-түлікпен қара­су­мен қатар жастарының біршама бөлігіне білім беруді өз қамқорлы­ғына алды. Өзінің осы ізгі баста­ма­сын ЕҚЫҰ-ға мүше елдерге ұсы­нуы және Ауғанстан проблемасын шешуге қолғабыс көрсетуге мұрын­дық болуы расында да құптарлық. Жалпы күштінің әлсізге зорлық-зомбылығы, күш көрсетуі тыйы­лып, мейірім мен рахымдылыққа, жанашырлыққа жол ашылмақ. Қайсыбір мемлекеттің білек күшіне сеніп, өзге жұртқа күш қол­данып, қамшы үйіруі түсіне білсек, ең алдымен өз елі мен мәдениетіне қол көтеруі. Өзгені езіп-жаншыған қара күштің өз түбіне де жетерін ұмытпағаны жөн. Сол себепті де әлемге қауіп қазір Жер-анамыздың өзге бір планетамен соқтығысып қалуы, немесе табиғи байлықтың сарқылуы, тіпті керек десеңіз ядро­лық соғыс та емес, бар пәле мәде­ниеттің, яғни сананың төмендігі мен имансыздықта. Сан ғасырлар бойы адам баласы жасаған өркениеттерді әрі қарай дамытатын сара да негізгі жолдар­дың бірі – мәдениеттер мен дін­дердің өзара үн қатысып, тілдесуі екенін бүгін ешкім де жоққа шығара алмайды. Мәдениеттердің бір-біріне еткен игі әсері, өзара то­ғысуы және имандылық пен пара­сат­тылық, тектілік пен зиялылық арқылы ғана мәдениеттер өзара байып, өркендейді. Осы арқылы адамзат өркениеттерінің мозаикасы қалыптасады. Сол себепті де мә­дениеттер мен діндер арасындағы үнқатысу мен өзара түсіністік қана, біздіңше бірте-бірте қылаң бере бастаған ұлттар мен ұлыстар ара­сын­дағы қақтығысты болдырмау­дың негізгі әрі басты құралы бола алады. Осы ретте ХІV ғасырдан бері адам баласын ізгілік пен қайы­рым­дылыққа, ынтымақ пен бірлікке үндеп келе жатқан ислам діні – рухани тазалық, адалдық, ізгілік, дос­тық, діндер, ұлттар мен ұлыс­тарара­лық қарым-қатынас туралы не дейді? Қазақстан қоғамын қазір ерекше алаңдатып отырған өзек­жарды жәйттерді таратыңқырап ай­тумен қатар, жұрттың көкейінде жүрген кейбір мәселелерді де өз пайым­дауымызша ортаға салғымыз келеді. Иә, Ислам діні әлемге шуақ шашып, нұрын тарата бастағалы бері адамзатты өзара татулыққа, дос­тыққа, әділдікке шақыруда. Ислам өмірді ұлықтап, адамдарды оның қадіріне жетуге үндейді. Адам денесі – материалдық әлем­нің бөлігі. Сол денеге Алла та­ғала қалауынша ұзақ немесе қысқа етіп сынақ үшін жан берген. Сон­дықтан жан адам денесіндегі уақыт­ша қонақ. Олай болса, адам баласы ғұмырын барынша мәнді де маңыз­ды, тақуа да зиялы, игі де ізгі іс істеу­мен өткізгені абзал. Қасиетті Құранда: “Ізгі істерге, тақуалыққа кө­мектесіңдер. Күнә жасауға, жау­лыққа жәрдемші болмаңдар. Құдай­дан қор­қыңдар, оның қаһары, тегін­де, тым қатал” (“әл-Маъида” сү­ресі, 2-аят), – деп Алланың тура, яғни мұстақим жолымен жүруге, иманнан таймауға, игілікке, қайы­рымдылыққа, шапа­ғат­қа шақыра­ды, қандай да жаман­дықтан алдын-ала сақтандырады. Ал, түптің түбінде қасарысып, райынан қайтпаса, Алланың берген несібесін қанағат етпей тойым­сыз­дыққа, зұлымдыққа бой алдырса, әлсізге жапа шектіріп, қысастық етсе, пасықтық пен күпірлік бат­пағына батса, онда “жамандық жасағандар сол жамандығына тепе-тең жазаға ұшырайды, қорлыққа жолығады. Құдайдың қаһарынан оларды ешкім құтқара алмайды, жүздері қараңғы түннің қара бояуы жағылғандай қарайып кетеді. Тозақ тұрғындары, әне, солар. Онда олар мәңгі қалады” (“Жүніс” сүресі, 27-аят), – дейді қасиетті Құран. Осылайша хақ Ислам барша адамзатқа әділдікті үлгі, зұлым­дық­ты харам етті. Өзара жәрдемдесу, мейірімді де рахымды, бауырмашыл болу оның ұлық тәлімдерінен. Хазреті пайғамбарымыз Мұхам­мед (с.ғ.с.) те осыған шақырды. Біреудің басына іс түссе шайтани амалмен жалт бұрылып, жалтарып жалғыз тастап кетпей, қашанда қа­сы­нан табылуға, қиындығы мен қай­ғы-қасіретін бірге бөлісуге үн­дей­ді. “Егер адамның бір жері ауырса, оны денесінің өзге мүшелері де сезінеді”, – дейді Ол (с.ғ.с.) өз хадис шәріптерінің бірінде. “Шайтан – адам баласының қас жауы. Ол саяқ жүріп жалғыз қал­ған­ды, қоғамынан бөлінгендерді, адас­қандарды құшағына алады. Сон­дықтан да айналмалы жолдан сақ­таныңыздар, тура жолмен – умма (көпшілік) жолымен жүрі­ңіз­дер”, – дейді Алланың елшісі (с.ғ.с.). Хазреті Пайғамбарымыз жік­шіл­дерді, ғайбатшылдар мен өсек­шілерді, екі досты бір-біріне айдап салып жауластырып, ажыратып жіберетін күншілдерді мейлінше жек көрді. Бұл туралы Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде: “Мүъмин­дер анығында бір-бірімен (дін) бауыр­лар”, – деген. Мұнда адам­затқа өте пайдалы, ғибраты мол мән-мағына жатыр. Жолдау және жұртшылық БАСТЫ БАҒЫТЫМЫЗ – ДАМУ, АЛҒА ЖЫЛЖУ “Нұр Отан” ХДП облыстық  филиалының  мәжіліс залында осы партияның барлық деңгейіндегі  мәслихат депутаттары –депутаттық фракция мүшелерінің форумы өтті. Форумның күн тәртібінде  бү­гін­гі күннің  өзекті мәселесі – Ел­ба­сы Н.Ә.Назарбаевтың  “Жаңа он­жылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауынан туындайтын депутаттық фракция  мүшелерінің міндеттері мен Жол­дауды  қолдау және насихаттау  бағытында атқарылар ауқымды шаралар ұсынылды. Форум жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаттары Е.Әйім­бе­тов, Ж.Сүлейменов, Ж.Асанов, облыс әкімінің  орынбасары  М.Мұ­хамедов, “Нұр Отан” ХДП-ның барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, атқарушы билік өкіл­дері, ардагерлер мен үкіметтік  емес ұйымдар өкілдері, “Жас Отан”  жастар қанатының бел­сен­ді мүшелері  қатысты. Форум жұмысын “Нұр Отан” ХДП Қызылорда  облыстық фи­ли­алының  төрағасы, облыстық мәс­лихат хатшысы Н.Құдайбергенов ашып, алғашқы сөз кезегін облыс­тық мәслихаттағы “Нұр Отан” партиясының депутаттық фракция төрағасының орынбасары Алмагүл Божановаға берді. Елбасымыздың дәстүрлі Жол­дауы “Нұр Отан” партиясы мү­ше­лерінің алдына да үлкен міндеттер  жүктейді, деп сөз бас­таған ол Ел­ба­сы, партия Төр­ағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Нұр Отан” ХДП Саяси бюро­сының кеңейтілген мәжілісінде ұйымның алдына қойылған ұтымды жеті міндеттің жүйесін айқындап берді. Айта кету керек, форум жұ­мы­сына қатысқан Парламент Мә­жі­лісінің депутаты Ж.Сүлейменовтің сөзі қатысушылардың көкейіндегі ойларын дөп басты. Біз елімізді мақтаныш етуіміз керек, өйткені, еліміз әлемді шарлаған қаржы дағ­дарысынан қиналмай шығып ке­леді. Бұл дегеніміз – Елбасы­мыз­дың сарабдал саясатының жемісі, деген ол ауыл ахуалы жайлы өз ойын бүкпесіз баян етті. Яғни, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршіліктері төмен, жұмыссыздық басым. Содан да депутаттар, нұр­отандықтар ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршіліктерімен етене танысып, оларға қамқорлық қол­дарын с­озуы керек.  Сондай-ақ, кезінде жекешелендіріліп кеткен  нысандар  аңғал-саңғал күйде тұр, бұған да нұротандықтар  тарапы­нан қатаң бақылау қажет. Ұран­датудан арылуымыз керек, нақты жұмыстарға көшетін уақыт жетті, деп өз сөзін аяқтады депутат. Форумда сөз алған Сырдария аудандық мәслихатындағы “Нұр Отан” партиясының депутаттық фракциясының  жетекшісі Ғ.Үдер­баев Елбасы Жолдауындағы: “Нұр Отан” ХДП үшін “2020 бағдарла­ма­сын орындау  жұмыстың басты өзе­гіне айналуы тиіс. Ешкім сырт­та тұрмауы керек. Тек осылай ғана біз Қазақстанның жаңа эконо­ми­ка­лық өрлеуін қамтамасыз етеміз”, деген сөздер біздерге үлкен жауап­кершілік жүктейді дей келе, өзінің ұсыныс-пікірлерін білдірді. “Нұр Отан” ХДП-ның Жаңа­қорған аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихат хатшысы С.Дүйсебеков партиялық бақылау бекеттері жұмысы жайлы баяндаса, Қазалы аудандық мәс­ли­хат­ындағы депутаттық фракция мүшесі Т.Әбдіқадыров Елбасы Жолдауын насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарымен жоспарлы жұмыс жүргізу қажеттігіне тоқ­тал­ды. Сондай-ақ форумда Қармақ­шы аудандық  мәслихатындағы “Нұр Отан” партиясы депутаттық фрак­ция­сының жетекшісі, “Жоса­лы мұнай” терминалының дирек­торы Ә.Байбарақов, Жалағаш аудандық  мәслихатындағы депу­тат­тық фрак­ция мүшесі Қ.Тәт­ті­баевтар сөз алып, Елбасының ағым­дағы жылы ха­лыққа арнаған Жолдауында қой­ылған міндет­тер­дің орындалатын­ды­ғына сенім  білдірді. Форумға қатысушылар Елба­сы, партия Төрағасы Н.Ә.Назар­баев­тың Жолдауынан туындайтын мін­деттер туралы үндеу қа­былдады. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда. КӘСІПОРЫН ЖҰМЫСШЫЛАРЫ ЖОЛДАУДЫ ҚОЛДАЙДЫ Шу локомотив жөндеу зауыты – өндірістік кәсіпорын. Негізгі қызметі – тепловоздарды күрделі жөндеуден өткізу және олардың қосалқы бөлшектерін жасау. Зауытта мыңнан астам адам жұмыс істейді. Өндірісі­нің өрісін өркениетті елдердің үл­гі­сімен өркендете түскен осы кәсіп­орынның локомотив жөндеу цехында бұрнағы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кін­діктері” атты Жолдауын бір кісідей қолдауға, ондағы тапсырмаларды жұрт болып жұмылып жүзеге асыруға байланысты жұмысшылардың үлкен акциясы болып өтті. Алып тепловоздар емін-еркін кіріп-шығатын үлкен цехтың іші кәсіпорын жұмысшылары мен қызметкерлеріне лық толған. Олар қолдарында Қазақстан Республикасының Туы мен жалаушаларын ұстаған. Елдің баянды бірлігі мен тәлімді тірлігін қолдаған транспаранттар да көзге жиі шалынады. Белгіленген уақытта акцияны ашық деп жариялауға рұқсат сұраған “Нұр Отан” ХДП Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік алғашқы сөздің кезегін шулықтарға Елбасының сәлемі мен саясатын жеткізуге арнайы келіп отырған “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулинге берді. Кәсіпорын жұмысшыларының алдына шық­қан ол:“Елбасы, “Нұр Отан” ХДП Төр­ағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жол­дауы – алдағы он жылдықтың дамуын анықтап беретін стратегиялық мәні өте зор құжат. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын барлық қазақстандықтарды экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан жаңа деңгейге жете­лей­тін даңғыл жолмен салыстыруға болады. Теміржолшылар, көлік саласындағы жұмыс­шы­лар сіздер де елімізді жаңғыртудың нағыз локомотиві бола аласыздар. Яғни, алдағы он жылдықтың мақсаттары – “Нұр Отан” ХДП жаңа бағдарламасының негізі болып табылады. Біз оған нық сенімдеміз. Өйткені, бұған дейін Ақтөбе, Жезқазған, Астана және Алматы қала­ларын­да өткен акцияларда халықтың қолдауы­на бөлендік. Жамбыл облысы – ел эконо­ми­ка­сының негізгі тірегі болатын өнеркәсіпті, өн­дірісті өңір. Мұнда ірі химия кәсіпорын­дары­мен бірге, көптеген зауыттар мен фабрикалар жұмыс істеп жатыр. Соның бірі – Шу локо­мотив жөндеу зауыты. Елбасымыз дағдарыс жағдайына қарамастан, алдағы он жылдыққа арнап нақты бағыттарды белгілеп берді. Ал енді оны жүзеге асыру, әрине, баршамыздың міндетіміз, – деді. Н. Нығматулиннің сөзін кәсіпорын жұмысшылары мен қызметкерлері, басшылары бір кісідей қолдап, ду қол шапалақтады. Бұдан кейін сөз алған жұмысшылар Елбасы жүргізіп отырған сарабдал саясатқа, елдегі бере­ке-бірлік пен тыныштыққа, балалардың бақытты өміріне және соның бәріне бағыт-бағдар беретін темірқазық жұлдыз сынды Жол­дауға байланысты ой-пікірлерін үлкен жүрек­пен, тебіреніске толы шын сезіммен жеткізуге тырысты. – Сонау соғыс жылдарында да теміржол­шы­лар тылда жүріп майдандағы бауырлары үшін үлкен қажыр-қайрат пен көмек көрсет­кен. Олар бүгін де сол дәстүрінен жаңыл­ған жоқ. Ал ол жылдар мен қазіргі уақытты салыс­тыруға болмайды. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері біздің кәсіпорында, технологиялық тұр­ғы­дан алғанда, көптеген жаңғырулар болып жа­тыр. Өндіріс көлемі де өсіп келеді. Сондықтан біз ұрпағымыздың жарқын болашағына сенеміз. Елба­сының биылғы жылғы Жолдауы сол жарқын болашақтың бастау-бұлағы болып табылады, – деді еңбек ардагері, “Құрметті теміржолшы” Камиль Рафиков. Бұл күні кәсіпорын жұмысшы­ларының кез келгені сөйлеп кетсе шешен бола алатынын да дәлелдегісі кел­гендей, шын ықыластарымен көсіле сөйлеп жатты. Мазмұны мен маңызы, әпсәнәсі мен әсері бір-біріне сай өткен акцияға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Төлепберген мен Шу ауданының әкімі Бағлан Қарашолақов қатысты. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы. ФОРУМДА ҮНДЕУ ҚАБЫЛДАНДЫ Парламент Мәжілісі Төраға­сының орынбасары Жәнібек Кәрібж­анов бастаған депутаттар тобы Ақтөбе облысында болып, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын түсіндіру бағытында тұрғындармен кездесулер өткізді, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Сайлаушылармен жүздесулер­мен бірге, парламентшілер Достық үйінде өткен “Нұр Отан” ХДП депутаттарының форумына қатыс­ты. Бұл басқосуға барлық дең­гей­дегі мәслихат депутаттары да келді. Ақтөбе облысында өткен “Нұр Отан” ХДП депутаттары фо­ру­мын­­да қабылданған үндеуде алда­ғы мақсаттар айқындалған. Онда: “Біздер, “Нұр Отан” ХДП-ның Ақтөбе облысындағы депутаттары барлық жауапкершілікпен “Нұр Отан” ХДП нағыз халықтық пар­тия ретінде алдағы уақытта да сай­лауалды тұғырнама мен халықтық тұғырнамасының тиімді жүзеге асырылуын және Қазақстан Пре­зиденті Н.Ә.Назар­баев­тың “Жаңа онжылдық – жаңа экономи­калық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кіндіктері” атты 2010 жылдың 29 қаңтарын­дағы Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген міндет­тердің орындалуына бар күшімізді саламыз”, – делінген. Парламенттік топтың құ­рамын­да Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшелері Өстемір Бектөреев, Дауылбай Құсайынов, Ұзаққали Елеубаев, сон­дай-ақ Экология мәселелері және табиғат пайдалану комите­ті­нің мүшелері Марал Итеғұлов пен Валерий Котович бар. АКЦИЯ МАҚСАТЫ – ҚОЛДАУ БІЛДІРУ Биылғы қыс еліміздің шығысында, соның ішінде Семей өңірінде үлкен қиын­дықпен өтуде. Үскірік аяз бен қатты бұрқа­сын­ның алма-кезек тұрып алғанына бір жарым айдан асып барады. Соның сал­дары­нан күре жолдардың әлсін-әлсін жа­бы­лып қалғаны былай тұрсын, елді ме­кен­дердің арасында да қатынас қиындап кетті. Оның үстіне жығылғанға жұдырық деген­дей, жайылымдықтарды бір метрден астам қалың қар басып қалғандықтан, ауылдарда мал басын аман сақтап қалу да қиындап барады. Осындай қиындықтан Семей қаласы да ада емес. Қаржы бөлінбей келгендіктен, кө­мір тапшы деп жергілікті депутаттардың мә­селе көтергеніне де біраз күн болып қалды. Әйтеуір, оңдағанда бұл мәселеге облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі араласып, се­мейліктердің қиын жағдайда қалмайтынына сендірді. Соның айғағын­дай, қалаға 50 мың тонна көмір бөлінгенін естіп жатырмыз. Енді бір сүйсінерлік жәйт сол, Семей қиындықтарға қарамастан елдегі ағайын­дарға қол ұшын беруді жөн санап отыр. Осыған байланысты қалалық әкімдікте қала әкімі Мейрамхат Айнабековтің бас­тамасымен қала жұртшылығының жиыны болып өтті. Ертеңінде ол “Елбасы Жол­дауы – елдіктің арқауы”, “Елбасы Жол­дауы­на – бүкілхалықтық қолдау” деген ұранмен өткізілген митингке жалғасты. Сөй­тіп, құрамында мекеме басшылары, кәсіпкерлер мен дәрігерлер, еңбек ардагер­лері бар екі топтың бірі Абай ауданына, екіншісі Жарма ауданындағы Солнечный кентіне аттанып кетті. Абай ауданына аттанған топты қалалық мәслихаттың хатшысы Қайрат Мирашев бастап барды. Қала әкімінің орынбасары Серікқазы Оразалиев бастаған екінші топ Солнечный кентіне келді. Мұнда осыдан екі-үш апта бұрын қатты бұрқасын салдарынан электр желілері үзіліп, қазандық істен шыққан-ды. Ал соның салдарынан жылу құбырлары қа­тып, мұндағы тұрғын үйлер мен мекемелер, мек­теп үйі жылусыз қалған-ды. Рас, содан бер­гі жерде кент тұрғындарына қамқорлық көр­­сетіліп жатты. Яғни, осы уақыт ішінде та­биғат апатынан орын алған қиындықты жою мақсатымен тиісті салалардан 20 мил­лион­нан астам теңге келіп түскен. Орын ал­ған апатқа қарсы 300-ге жуық адам жұмыл­дырылған. Аталған екі аудан халқы да Елбасының Жолдауын, ондағы жаңа онжылдық стратегиясына қолдау білдіретіндіктерін ризашылықпен мәлімдеуде. “Бірлік түбі – тірлік” деп Мемлекет басшысы жиі айтатынындай және “Ынтымақты елде бас тұрар” деп Жолдауда атап көрсетілгеніндей, елдік мәселесі осындай қиын жағдайда айқын аңғарылады екен. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,СЕМЕЙ. КЕЗ КЕЛГЕН АДАМ ҚОҒАМ ТАҒДЫРЫНА ЖАУАПТЫ Қазір Парламент депутаттары Елбасының Жолдауы бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары­мен өңірлерде жүр. Кейбір халық қалаулылары Бюджет заңнама­сын жетілдіру бойынша жұмыс істеу үшін Астанада қалса да уақыт тауып бірқатар кездесулер өткізіп жүр. Сондай кездесулердің бірі Алматы аудандық ішкі істер басқармасында ұйымдастырылды. Мәжіліс депутаты Майра Ай­си­на Мемлекет басшысы Н.Ә.На­­зарбаевтың халыққа Жолдауының алдағы онжылдық белеске бағыт­талғандығын жет­кіз­ді. Бұл, деді де­путат, еліміздің 2030 жылға дейінгі даму стра­тегиясына орай өткен онжылдық мер­зім­де не атқарылды және алдағы онжылдықта нендей мін­деттер күтіп тұр деген сұраққа жауап береді. Халық қалаулысы келесі ке­зек­те адам қай жүйеде жұмыс істесе де, ол өз мемлекеті мен қо­ғамы­ның тағдырына жауапты екенін ұмытпауы тиіс екенін, ал Жол­дау­ды сол мақсатқа жетуде баршаның атқарар міндеті деп санайтын­ды­ғын мәлім етті. Ал құқық қорғау органдарының жұмысы ішкі­ведом­стволық мүд­де­ден гөрі бірінші кезекте мем­лекет мүддесі мен аза­маттар мүд­десін қорғауға бағыт­та­луы тиіс. Жолдауда парламенттік және қоғамдық бақылауды қам­та­масыз ету туралы міндеттер қой­ыл­са, бұл жалпы жүйені жетіл­ді­ру қажет деген сөз. Атап айтқанда, бұл әрбір құқық қор­ғау органына үлкен жауаптылық жүктейді. Кездесуден шыққан Алматы аудандық ІІБ бастауыш ардагер­лер ұйымының төрағасы Вла­ди­мир Робинок ақсақалды сөзге тарт­­қаны­мызда, ол бұрындары депу­таттың былайша алдарына келіп, кездесу өткізбейтінін, жал­пы мұн­дай үдерісті қолдай­ты­нын айтты. Және де осындай кездесуді ұйым­дастырған ІІБ бастығы Қажығали Имажанов­қа шексіз ризашылығын білдірді. Алматы аудандық ішкі істер басқармасы тергеу бөлімінің тергеушісі, полиция лейтенанты Диас Тоқатов ойын былайша жет­кізді: “Мемлекетіміз үшін онжыл­дық белесті айқындап берген Жолдау өте маңызды. Мен мұны азаматтарымыздың бостандықтары мен құқықтарын қорғау саласын­дағы үлкен қадам деп түсінемін. Еліміздің көк туы желбіреген аз уақыт ішінде үлкен жетістіктерге жетіп отырмыз. Сол себепті осын­дай кездесулер керек әрі маңызды”. Кездесуде депутат, сондай-ақ құқық қорғау жүйесін реформа­лауға және өзге де мәселелерге кеңінен тоқталды. Осы ретте по­ли­ция қызметкерлері халық қалау­лысын зор ықыласпен тыңдаған­дарын атап өту ләзім. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, Астана.