«Айтматов тағылымы» атты тақырыппен ұйымдастырылған шараға елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, сонымен қатар Қырғызстанның танымал ғалымдары және саяси белсенділігі жоғары ресми тұлғалар, республиканың Жогорку Кенеш депутаттары, есімі елге әйгілі өнер тарландары қатысты.
Астанадан басталған алқалы жиынға Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешіне әр кездері төрағалық еткен үш тұлғаның келіп қатысуы оның маңызы мен мәртебесін арттыра түсті.
Шара барысында қырғыз елінің бұрынғы Мемлекеттік xатшысы, профессор Осмонакун Ибраимовтың Халықаралық Түркі академиясы шығарған «Айтматов. Последний писатель империи» атты кітабының тұсауы кесіліп, қырғыз режиссері Артықбай Сүйүндүковтың «Айтматов» атты деректі фильмі көрсетілді.
Осы жиынға қатысқан Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева бүгінгі шараның түркі дүниесіне ортақ заңғар жазушы Айтматовқа арналуы ерекше маңызға ие екенін атап көрсетті. Алатаудың қос қапталын жайлап жатқан екі халықтың ғасырдан ғасырға жалғасқан достығы нығая берсін деген шынайы тілегін айтып, тұсауы кесіліп отырған кітап құнды еңбек боларына сенім білдірді.
Одан кейін сөз алған Қазақстан Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров жазушының артында қалдырған мұрасы мен мұрағаты, ғибраты мен өсиеті, аңызға айналған бейнесіне деген сағыныш бәрімізді осындай салиқалы жиында бас қостырып отыр десе, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелди Алатауды асып келген қырғыз бауырларға қарата, «екі халық ұқсас: бізде – кеңдік, сенде – биіктік бар» деген аталы сөзін айтты.
Қырғыз халқының Елбасына ризашылығы зор
Жогорку Кенештің экс-төрағасы, мемлекет қайраткері, саяси ғылымдар докторы, профессор Медет хан Шеримқұлов өз сөзінде Шыңғыстың қазақ пен қырғызға ортақ символ екеніне тоқтала келіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қырғыз еліне жасап келе жатқан айрықша қамқорлығын атап көрсетті.
– Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында туысқан қырғыз халқына жол көрсетті. Үнемі қолдап, көмектесіп отырды. Қырғыз елі сол қиын-қыстау жылдарда Қазақстанның көрсеткен жәрдемін ешқашан ұмытпайды. Бүгін Айтматов мерейтойының Астанадан басталуы, осындай алқалы жиын ұйымдастырылуы Нұрсұлтан Назарбаевтың бір туған қырғыз жұртына ерекше ықыласының белгісі, – деп тебірене сөйлеп, алғысын білдірді.
Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков «қырғыз бен қазақтың тілі де, жыры да, діні де, ділі де бір халық. Ал қан жағынан атам заманнан нағашылы-жиенді жұртпыз. Кезінде Манас жырын хатқа түсірген Шоқан болса, оны қорғаған – Әуезов. Бұл оқиға біздің тарихи тамырымыздың тереңдігіне айғақ. Бізді таулар бөліп тұрса да, жаулар бөліп тұрмасын» деп баталы тілегін жолдады.
Атақты жыршы, Қырғыз Республикасының халық әртісі, төкпе ақын Замирбек Үсөнбаев екі халықтың көне сүрлеуінен із тарта келіп: «Ғылымда бірге жүргенбіз, Ғаламда тату жүрейік» деп жыр толғады. Одан кейін қазақ ақыны манасшы-жыршы Баянғали Әлімжанов «Манас» жырынан үзінді оқыды.
Сонымен қатар жиын барысында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Айтматов қазақ-қырғыз әдебиетіне ортақ тұлға екеніне тоқталса, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің экс-төрағасы, академик Абдығани Еркебаев Қазақстан Президентінің әлем алдындағы ашық саяси бағыты бүгінгідей келелі іске жол ашып отырғанын айтты. Ал Жогорку Кенештің тағы бір бұрынғы төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, алаштанушы-профессор Зайнидин Курманов қырғыз зиялылары Алаш арыстарымен бірге жүргені туралы сөз қозғап, Алаш тағылымына айрықша тоқталды.
1968 жылы «Асудағы атыс» (кейін «Қараш-қараш оқиғасы» деп аталды) фильмін түсірген КСРО халық әртісі, кинорежиссер Болотбек Шамшиев екі халықтың тағдыр талайын біріктіріп тұрған тарихи оқиғалар көп екенін, соның ішінде 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс пен 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін қазақ-қырғыз халқын рухани әлсіреткен нәубет екенін еске түсіріп, көзіне жас алды.
Рухани жаңғыру – ортақ құндылық
Сондай-ақ Э.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Төлөбек Абдыракманов, былтырдан бері қазақ қоғамының басты идеологиясына айналған Нұрсұлтан Әбішұлының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тек қазақ туғандарға емес, біздің қырғыздарға да ортақ құндылық болса деген ұсынысын айтты.
Бектас БЕКНАЗАРОВ, Қазақстан Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары:
– Қазақтың рухани әлемі Шыңғысты «Адамзаттың Айтматовы» деп мақтан тұтады. Бәйдібек бабамыз: «Бәйтеректің қуаты – тамырында, Дарияның қуаты – ағынында» деген екен. Дәуірдің ұлы қаламгері Шыңғыстың да шығармалары бәйтеректің тамырынан нәр алатын әрбір жапырағындай, оқырманның жан дүниесін нұрға толтырады. Сонымен қатар Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың достығы, шығармашылық бауырластығы болашаққа үлгі. Халқымыз «Таудың биіктігі алыстаған сайын байқалады» дегеніндей, Айтматов тұлғасы уақыт өткен сайын биіктей берері ақиқат. Әзербайжан ақыны Вахабзаденің «Ұлылар бір жерде туып, мың жерде өледі» дегені сияқты, заңғар жазушының 90 жылдығы бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған бауырлас халықтардың бәрінде атап өтілсе, ұлы тұлғаның рухы өзі бауырында туған Алатаудай биіктей берер еді.
Садык ШЕР-НИЯЗ, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеш депутаты:
– Өз атымнан әуелі, түркі дүниесін түгендеуге атсалысып жүрген беделді ұйым Халықаралық Түркі академиясы ұжымына алғысымды білдіремін. Ал бүгінгі бас қосуды «қазақ-қырғыздың рухани тоғысы» деп атағанды жөн көріп отырмын. Мұндай маңызды шараның өтуі Қазақстан Президенті Н.Назарбаев жүргізіп отырған саяси бағдардың жемісі деп білемін. Өткен жылы біздің елде жаңадан басшы сайланып, Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен ресми кездесуі, бұл оқиғаның екі ел арасындағы ынтымақ-бірліктің байырғы бастауына жаңа із салуы бізді қуантып отыр. Қазақстан Президентінің «Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар» деген сөзі біздің халықтарымыздың ажырамас достығын бірауыз сөзбен түйіндеп берді. Осы орайда, екі ел басшыларының татулық саясатын нығайтатын – мына біздер, бүгінгі жиынға шақырылған зиялы қауым өкілдері. Яғни, Сүйінбай мен Қатаған, Жамбыл мен Тоқтағұл, Шыңғыс пен Мұхтар қалаған сүрлеуді сақтауымыз керек.
Каныбек ИМАНӘЛИЕВ, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеш депутаты:
– Шыңғыс Айтматов бірінші болып мәңгүрттікке қарсы күрескен жазушы. Бұл дегеніміз – екі елдің тағдырын жырлау. Екі елдің достығын Шыңғыстай биікке көтерген тұлға аз. Және бұл Шекспирдің деңгейіндегі трагедия, Шекспирдің деңгейіндегі сүю! Шыңғыстың шығармасы мың қабат, жан-жақты. Мысалы, «Қош бол, Гүлсарыдағы» Гүлсарыны жылқы деп қана түсінсек қателесеміз. Ол – Кеңес өкіметі. Ұрандатқан ғұмыры қысқа идеология, мән-мағынасыз өмір кешу, аяғында арықтап өлген Гүлсары секілді құритыны айтылып тұрған жоқ па? Міне, азаттық жолы арзанға келмейді. Шыңғыс шығармаларында ұлттың сана еркіндігі және өзінің ата жолы айқын көрініп жатады. Сөзімнің соңында айтарым қырғыз бен қазақ барда Шыңғыс есімі әрдайым биікте болмақ.
Османакун ИБРАИМОВ, «Айтматов. Последний писатель империи» кітабының авторы:
– Бүгін елорда төрінде тұсауы кесіліп отырған «Айтматов. Последний писатель империи» атты туынды менің ұзақ жылғы ізденісім нәтижесінде жазылған дүние. Өйткені Шыңғыс ағамен көп жыл дәмдес, тұздас жүрдім. Егер Халықаралық Түркі академиясы тарапынан осындай кітап жазыңыз деген ұсыныс болмағанда бұл шығарманың өмірге келмеуі де мүмкін еді. Туындының мазмұнына тоқталар болсам кітап бастан-аяқ Шыңғыс Айтматовтың өмір-тарихы мен шығармашылығына қатысты деректі көркем образдардың жиынтығы іспетті. Әсіресе, жазушының бұрын-соңды жұртқа белгісіз тұрмысындағы қалтарыстар, бала кезінде, өмірінің соңына таман басынан өткен қиыншылықтары, нақтырақ айтқанда, КСРО халық әртісi, Қырғыз елiнiң Тоқтоғұл атындағы Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты атақты биші Бибисара Бейшеналиевамен арадағы сүйіспеншілік қатынастары туралы алғаш рет баяндалып отыр. Қазақ оқырмандары үшін айтатын екінші бір жаңалығым – бұл кітап кешікпей «ЖЗЛ» сериясымен Мәскеуде жарық көретін болды.
Ал жиынды жүргізіп отырған Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі Айтматов жылы аясындағы шаралар әлі жалғасын табатынын, келесі аптада ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Айтматов күні өтсе, түгел түркіге ортақ тұлғаның 90 жылдығы Ташкентте де аталып өтетінін айтты.
Осылайша Айтматовқа арналған Астана төріндегі алқалы жиын соңында қазақ пен қырғызға ортақ тұлғалар Кенен мен Осмонқұлдың жырлары оқылып, екі елдің ежелден тамыр тартқан бірлігі мен ынтымағы берік екенін паш етіп аяқталды.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»