Іс-шараны БҰҰ Өркениеттер альянсы мен Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдігі бірлесіп ұйымдастырды.
БҰҰ Өркениеттер альянсының жоғары өкілі Насир Әбдел Әзиз Ан-Насeрдің және Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаровтың төрағалық етуімен өткен форумға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, «Діндер бейбітшілік үшін» дүниежүзілік конференциясының бас хатшысы Уильям Вендли, БҰҰ жанындағы Діни үкіметтік емес ұйымдары комитетінің президенті Свами Парамешананда және басқалар қатысты.
Аталған отырыс БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің атынан сөз сөйлеген Насир Әбдел Әзиз Ан-Насeрдің құттықтау лебізімен ашылды.
Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкілі Берік Арын Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан презентациялық баяндама жасады.
Б.Арын қатысушыларды Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудегі тәжірибесімен таныстыра отырып, Президент Н.Ә.Назарбаевтың БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың миссиясымен және басымдықтарымен үндескен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақыру бойынша жаһандық бастамасы туралы толық айтып берді.
Атап айтқанда, вице-министр бүгінгі жағдайда халықаралық қатынастарға деген сенімділіктің тапшылығы, жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлердің, жергілікті соғыстар мен әлемнің бірнеше өңірлеріндегі радикалды қозғалыстардың жандануы және әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында діни лидерлер мен әлемдік саясаткерлердің күш-жігерін біріктіру қажеттігі бойынша мәселелер өте өзекті екендігін жеткізді. Сондай-ақ ол БҰҰ-ға мүше мемлекеттер және халықаралық ұйымдарға жаһандық деңгейде дінаралық диалогты ілгерілету ісіне үлесін қосуға мүмкіндік беретін аталған форумның жұмысына белсенді қатысулары арқылы Қазақстан Президентінің бастамасын кеңінен қолдайтындарына үміт артатынын білдірді.
Жалпы, іс-шараға қатысушылар Қазақстанның белсенді сыртқы саясатын жоғары бағалап, күн тәртібіндегі жаһандық өзекті мәселелерді талқылады, оның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алдағы VI съезінің мазмұндық бөлігі бойынша құнды кеңестер мен ұсыныстар берілді. Сондай-ақ қатысушылар дінаралық диалогты ілгерілету бойынша өз елдерінің тәжірибесімен және діни экстремизм мен терроризм түйткілдерін шешу, бейбіт және тұрақты қоғам құру жөніндегі өздерінің көзқарастарымен бөлісті.
Сонымен қатар іссапар шеңберінде вице-министр Б.Арынның «Діндер бейбітшілік үшін» дүниежүзілік конференциясының бас хатшысы Уильям Вендлимен және БҰҰ Өркениеттер альянсының жоғары өкілі Насир Әбдел Әзиз Ан-Насeрмен екіжақты кездесулері өтті.
Кездесулерде Б.Арын Съезд Хатшылығының басшысы, Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевтың атынан VI Съезге қатысу үшін шақыру хаттарын табыстап, сұхбаттасушыларды алдағы форумның күн тәртібімен таныстырды. Сондай-ақ Қазақстанның «Діндер бейбітшілік үшін» ұйымымен және Өркениеттер альянсымен ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылады. У.Вендли және Н.Ан-Насер шақыруды ризашылықпен қабылдап, съезд жұмысына өздерінің қатысатындықтарын жеткізді.
Айта кетейік, «Аррии формуласы» бойынша отырыстар бейресми түрде өткізіледі. Олар БҰҰ ҚК мүшелеріне икемді рәсімдер негізін пайдалана отырып, ашық түрде пікір алмасуға мүмкіндік береді. Отырыстың осындай форматы Венесуэла елшісі Диего Арриидің құрметіне аталған, ол бұл тәжірибені 1992 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Венесуэла өкілі ретінде қолданған болатын (1992-1993 жылдар).
Дайындаған Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»