Орталық Азия елдері мен Р4Н ұйымына мүше елдерде денсаулық сақтау саласын қаржыландыру реформасын жасау, сапалы медициналық қызметке бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ету және медицинаның қызмет түрлерімен барлық халықты бірдей қамту мәселелері ортақ проблемалардың барлығын көрсетеді. Бұл проблемамен айналысатын дүниежүзілік Р4Н, яғни дүниежүзілік денсаулық сақтау саласын қаржыландыру желісі бүгінде Әлемдік банк, Дүниежүзілік еңбек ұйымы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Азия даму банкі секілді он бестен аса әріптестің, Германия, АҚШ, Оңтүстік Корея, тағы басқа барлығы он бес шақты мемлекетті мүше етіп отырған ірі халықаралық ұйым. Оған 2017 жылы Қазақстан да мүшелікке енді. Журналистерге берген сұхбатында Дүниежүзілік Р4Н қозғалысы желісінің жетекшісі Клод Мейер: «Экономикалық жылдам дамып келе жатқан Қазақстанның ұйымға кіруінің артықшылығы, жас тәуелсіз ел әлемдік қоғамдастық сарапшыларынан өздерінде жүргізетін реформаға қажетті білім мен тәжірибе алып қана қоймайды, өз тәжірибесімен де бөліседі деп ойлаймын», деді.
Елімізде әлеуметтік міндетті медициналық сақтандыру реформасы жүргізіліп жатыр. Оны биыл іске қосу жобаланғанымен көптеген негізді себептерге байланысты 2020 жылға шегерді. Әрине, қиындықтар жоқ емес.
– Реформа жүргізгенде қателеспеуіміз қажет. Дүние жүзіндегі озық әдістемелерден үйренгенде, өзге елдердің тәжірибелерімен санасқанда ғана бұл өте жауапты әлеуметтік реформаны жүргізгенде қателіктерге ұрынбауға, қайталамауға болады. Осы мақсатта елімізде алғаш өткен мемлекетаралық конференцияға Швейцария, Германия, Филиппин, Эстония, Польша, Қытай мен Аустралия, Қырғызстаннан келген саясат және денсаулық сақтау саласын қаржыландыру саласындағы жетекші сарапшылар, сонымен қатар еліміздегі сала мамандары қатысып отыр, – деді Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Айнұр Айтханова.
Бүгінде Қазақстанда енді қолға алынған әлеуметтік міндетті медициналық сақтандыру ісінде жақсартуды талап ететін проблемалар жетерлік. Оның бәрі алдымен денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың мардымсыздығына байланысты екенін айтуымыз керек. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға барлық ішкі жалпы өнімнің 2 пайызы ғана бөлінеді, қалған қаржы көздерін қоса есептегенде барлық бөлінген қаржы 3,6 пайыздан аспайды. Ал экономикалық қуат қаржысы Қазақстанға ұқсас мемлекеттерде бұл көрсеткіш 6,3, ал экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде 9,3 пайызды құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сала жұмысын тиімді дамыту үшін дамыған елдерде ішкі жалпы өнімнен бөлінетін қаржы 6-8, ал дамуы баяу елдерде бұл көрсеткіш 5 пайыздан кем болмауы тиіс екендігіне кеңес береді. Қазақстанда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру реформасының басталуына орай тағы бір өзекті мәселе бас көтерді. Еліміздегі бейресми секторда, яғни өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін әр алтыншы тұрғын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қамтылмаған. Олардың саны 2 миллион 700 мыңға жеткен. Сондықтан денсаулық сақтау саласын дамытуға бөлінетін қаржы халықаралық көрсеткіштен де төмен түсіп кеткен біздің елдегі реформаның нәтижесін жақсарту үшін мамандар сарапшылар пікіріне көбірек құлақ қоюды дұрыс деп отыр. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой денсаулық сақтау саласында жүріп жатқан ең қажетті реформаның табысты болуы үшін мұндай алқалы басқосулардың қажеттігін атап айтты. Германиядан келген профессор Конрад Оберманн Еуропадағы медициналық сақтандыру тәжірибелерін айтса, Азия даму банкі Тұрақты даму мен климаттық өзгерістер департаментінің бөлім кластері, денсаулық сақтау жөніндегі бас маман Эдуардо Банзон Азия мен Тынық мұхит елдеріндегі тәжірибелерге шолу жасады.
Конференцияның ашылуынан кейін екі күн – кешелі-бүгін жүрген 8 сессия барысында халықаралық және қазақстандық сарапшылар денсаулық сақтау саласындағы медициналық көмекпен жаппай қамту үшін денсаулық сақтау саласын қаржыландыру, Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу, бейресми секторда сақтандыру өтемін кеңейту, жеңілдіктер пакеті, тағы басқа да өзекті мәселелерді талқылады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА