Қазақстан • 28 Маусым, 2018

Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі – рухани үнқатысу алаңы

13405 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүгінде Елорданың атауы биік мінберлерден саяси-экономикалық форумдарға қатыс­ты ғана емес, дін сала­сын­дағы түйткілді тақырып­тардың түйінін тарқату ісіне байланысты да жиі аталуда. Осы орайда Елбасы Н.Назарбаевтың жүргізген руха­ни дипломатиясының үздік көрі­нісіне айналған, әр үш жыл сайын Астанада өтетін Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өзіндік тарихын қалыптастырған біре­гей дінаралық диалог алаңы­на айналды деп айтуға әбден болады. Бұл Съезд Қазақстанның, оның ішінде Астана қаласының әлемдік рухани үнқатысу ала­ңына айналуына үлкен себеп бол­ды.

Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі – рухани үнқатысу алаңы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР

Өзінің сапалық деңгейін арттыра түскен бұл дәстүрлі форум – әлемнің діни-экономикалық-саяси мәселелері ушығып тұрған уақытта мәдениеттер мен өркениеттер арасын жалғап, олардың тіл табысуына, бір-бірімен ы­­мыраға келіп, ынтымақтастығын кү­шейтуге бағытталған шара. 2003 жылдан бері Астана төрінде әр үш жыл сайын шақырылып, осы аралықта конфессияаралық ке­лісімдерді нығайтып, алуан түр­лі діни қауымдастықтардың қа­рым-қатынасы жаңа деңгейге кө­те­­рілуіне ықпалын тигізген Съезд өзі­нің дінаралық диалогтағы орнын қалып­тастыра білді. Іргесі берік қаланған осы шараның бітімгершілік рөліне деген сенім әр форум сайын артып келеді.

Ал сенімге ие болу қиын мәселе. Бізге деген бұл сенім Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мырза­ның «Елбасының рухани дипломатиясы» мақаласында атап көрсеткеніндей, қазіргі заман саясаткерлерінің арасында тұңғыш рет әлемдік қоғамдастықтың назарын дінаралық диалогқа аударып, оның маңыздылығын жете түсіндірген Президентіміз Н.Назарбаевтың кө­ре­генділігі мен жеке беделінің арқасында келді деуге толық негіз бар. Оған Қазақ­стан азаматтарының діни татулығын, түр­лі этностардың ортақ ымыраға келіп, түсіністікпен бір шаңырақ астында тір­лік кешуі де ықпал етті. Міне, Прези­денттің Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін шақыру туралы 2003 жылғы бастамасы әлемдік жетекші дін басшыларының үнемі бір жерге жиналып, ғаламдық мәселелер жөнінде өзара пікір алмасуын дәстүрге айналдырды. Кездесу орны – Астана.

Осы орайда дінаралық диалог алаңын қалыптастыруға алғышарт болған бірқатар себеп­­терді атап өтсек. ХХ ғасыр­­дың ал­ғаш­қы жылдары біздің жадымызда әлемнің өте күрде­лі кезеңі ретінде сақ­та­лып қалды. Мәселен, АҚШ-тағы 11 қыр­күйек оқиғасы, Ауған және Ирак жерлеріндегі әскери операциялар секілді ірі оқи­ғалар тізбегі дүние тыныштығына ауқым­ды түрде кері әсерін тигізген жағ­да­ят­тар болды. Бұл орайда Қазақ­стан қауіпті жаһандық ахуалды бақылаудан шығармай, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту және насихаттау мақсатында нақты шараларды қолға ала бастады. Мәселен, 2001 жылдың қыркүйегінде Рим Папасы ІІ Иоанн Павелдің Астанаға тарихи сапары, 2002 жылы Алматыда өткен АӨСШК-тің алғашқы саммиті, 2003 жылы ақпан айында Халықаралық бейбітшілік және келісім конференциясы ұйымдастырылды.

Өткен кезеңдерде туындаған алмағ­айып саяси оқиғалар мен діни қырғи-қабақ қақтығыстар, көпконфессиялы қоғамдағы проблемалар әлі күнге дейін өз шешімін күтіп, өзектілігін жоймай келе жатыр. Сол себепті де дәстүрлі дін өкілдері бір-бі­рін жатсынбай, Астана дінаралық диа­лог алаңында үш жыл сайын өздерін толғандырған мәселелер туралы ортақ ой өрбітіп келеді.

Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шылары съезінің тарихи рөлі мен әлеуеті жыл өткен са-
йын артуда. Бақай есепсіз, мемлекеттердің орнықты дамуы мен ымырамен өмір сүруін жақтайтын бұл рухани үнқатысу алаңы өзінің нәтижелілігін, өміршеңдігін паш етті. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, бұл Съезд «дінаралық қатынастар туралы ғасырлар бойы қалып­тасқан стереотиптерді еңсеріп, ХХІ ғасыр­дағы жаһандық толерант­тылық пен өзара түсініс­­тіктің пәрменді формуласын жасауға мүмкіндік берді». Елбасы алғашқы Съезд барысында-ақ дінаралық диалогтың мән-мағынасын ашып берді. «Түпкі мақсатты белгілеудің қажеті жоқ, оны белгілеуге болмайды. Біртұтас діни кеңістік құру да мүмкін емес. Орын алып отырған қайшылықтардың барлығын да еңсере алмаймыз, оның үстіне олар кейде ұлы діндердің түп негізіне қатысты болып жатады. Тұрақты диалог орнатудың басты құндылығы – көзқарастар мен түсініктердің қарама-қайшы­лығына қарамастан, жалпыға ортақ мәмілеге келу қажет­тігінің маңызын түсіну және оған қол жеткізудің жолдарын іздестіру болып табылады. Ең бастысы – диалог бейбітшілік пен келісім алаңын, үйлесім мен айқындық дәуірін қалыптастырады», деп нақты тұжырымдады. Міне, осы тұжырымдамадан кейін жүзеге асқан әр Съездің арқалаған жүгі ауырламаса жеңілденген жоқ.

Атап айтсақ, соңғы 2015 жылы өткен бесінші Съезд дінаралық кездесуден бөлек діни және саяси көшбасшылардың диалог алаңына айналғаны мәлім. Оған БҰҰ-ның сол кездегі Бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания королі Абдалла ІІ, Финляндия президенті Саули Нинистенің Астанаға діни лидерлермен сұхбаттасу үшін ат басын бұруы қатардағы кездейсоқ қалыпты жағдай емес екені анық. Бұл форумның тағы бір ерекшелігі – Съезге Ислам, Христиан, Иудаизм, Буддизм мен Индуизм, Даосизм өкілдерімен қатар, сөзі салмақты, саясатта беделі жоғары ел басшыларының да жиі қонақ болуы.

Мәселен бұл өркениетаралық диалогқа әр жылдары Израиль экс-президенті, Нобель сыйлығының иегері Шимон Перес, Малайзия­ның қазіргі премьер-министрі Мохаммед Махатхир, Канаданың бұрынғы премьер-министрі Жан Кретьен, Әл-Азхар Жоғары имамы Мұхаммад Саид Тантауи, Дүниежүзілік Ислам лигасының бас хатшысы Абдалла ат-Түрки, Дүниежүзілік ислам мәзхабтарын жақындастыру ассамблеясының бас хатшысы Аятолла Шейх Мохсен Араки, католиктер шіркеуінің кардиналдары Йозеф Томко мен Жан-Луи Торан, Константинополь Православ шіркеуінің Пат­риархы Варфоломей І, Израиль­дің бас раввиндері Йона Мец­гер, Шломо Амар және Ицхак Йосеф, «Джинджя Хонче» Жапон синтоистік храмдары қауым­­дас­тығының президенті Цуне­киё Танака, Дүниежүзілік Лютеран федерациясының прези­денті Муниб Юнан, Дүние­жүзі­лік буддистер қауымдас­тығы­ның бас хатшысы Фаллоп Тайиари, Индология мен дінара­лық диалогты зерттеу институ­тының төрағасы Сомайя Самир Шантила, ЮНЕСКО-ның Бас директорлары Коичиро Мацуура мен Ирина Бокова, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшылары Марк Перрен де Бришамбо мен Ламберто Заньер және басқа да әлемге танымал көптеген қайраткерлер­дің қатыс­қанын айрықша атап өтуге болады. Алғашқы Съезге 13 елден діни лидерлер мен меймандар қатыс­са, соңғы V съезге қатысу үшін Ас­танаға әлемнің 42 елінен 80-нен астам делегация сапарлап келген.

Бес Съезд барысында маңызды құжаттар қабылдануымен бірге, Форум­ның институттық құрылы­мының жетіл­дірілуі қатар жүзеге асты. І Съезд декла­рациясының маңызы өте жоғары, себебі бұл басты құжат әлемдік және дәстүрлі діндердің өзара тоғысу нүктелерін анықтап, ортақ құндылықты айқындады. Онда «Діни нанымдар мен уағыздардың түрлілігі өзара күмәндануға, кемсітуге және жәбірлеуге емес, дін мен мәдениеттің бірегейлігін көрсететін өзара түсіністік пен үйлесімділікке әкелуі керек. Дін­дер төзімділік пен өзара түсіністікті бар­лық халықтардың бейбітқатар өмір сүруі­нің елеулі тетігі ретінде танып, үлкен ынтымақтастыққа ұмтылулары керек», деп көрсетілген.

ІІ Съездің декларациясында көпшілікке «дінаралық және мәдениетаралық қатынастардағы қиындықтар халықаралық саясаттағы, эконо­ми­кадағы, әлеуметтік, гума­нитар­лық және ақпараттық ортадағы елеулі теңгерімсіздіктен, сондай-ақ дінді саяси мақсаттарда пайдаланудан туындап отыр» деген пікір айтылды. Сондай-ақ осы форум барысында дінаралық диалогтың қа­ғи­даттары – Съезге қатысушылардың кодексі бекітіл­ді. ІІІ Съезд құжаты бар­лық діндердің қазіргі қоғам дамуы мен қауіп­сіздік қатерлеріне қарсы іс-әрекет жасау­да атқаратын рөліне қатысты маңызды мәселелерді қамтиды. Ал ІV съездің үн­деуінде әлеуметтік даму, адамгершілік, иман, тәрбие және білім беру мәселелері бойынша бірқатар өзекті бағыттар қам­тылса, соңғы V Съезд декларациясында аса маңызды заманауи саяси мәселе­лер қарас­тырылды. Барлық құжат­тарды әзірлеу процесіне діни қайраткерлердің тікелей қатысуы – Съезд құжаттарын Астана рухани үнқатысу алаңының негізгі тірек көзіне айнал­дырды.

Биыл күзде кезекті VІ Съезд өтеді деп жоспарланып отыр. Өткен жылы маусым айында өткен Съезд Хатшылығының отырысында алдағы форумды «Діни лидерлер қауіпсіз әлемді жақтайды» тақырыбы аясында өткізу туралы шешім қабылданған. Ал VІ Съездің секциялық отырыстарында мынадай тақырыптар талқыға салынбақ: «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретінде, «Дін және жаһандану: сын-қатерлер мен жауаптар», «Діни лидерлер мен саяси қайраткерлер экстремизм мен терроризмді еңсеру жолында». Съездің күн тәртібінің бұрынғыдан да өткір, кешенді әрі өзектене түсуі орын алып отырған халықаралық қайшылықты қа­рым-қатынастың жақсы ахуалға бет бұруына оң әсер етеді деген сенім мол.

Венера ТҮГЕЛБАЙ,

«Егемен Қазақстан»