Қазақстан • 20 Қыркүйек, 2018

Қуатты қорғаныс көліктеріне сұраныс бар

1205 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Барыс», «Арлан», «Алан», «Номад»... Иә, бұл – елімізде шығарылатын әскери көліктердің атауы. Отандық өнімдер. Жай емес, қуатты әскери машиналар, оның ішінде броньды техникалар.

Қуатты қорғаныс көліктеріне сұраныс бар

Аталған көліктерді шығаратын Астана­­дағы «Қазақстан Парамаунт Инжи­ниринг» кәсіпорны 2015 жылы Елбасының қатысуымен ашылды. Бұл Қазақстан мен Оңтүстік Африка Респуб­ликасы компанияларының бірлескен кәсіпорны. Елорданың индустрияландыру паркінде орналасқан кәсіпорында қазіргі күні нағыз «отқа салсаң жанбайтын, суға салсаң батпайтын» броньды техниканың бірнеше түрі жасалады.

«Бізде көліктерге қойылатын ең басты талап – жауынгерлердің өмірін сақтауға ықпалы. Қауіпсіздік деңгейі НАТО-ның STANAG стандарттарына сәйкес келеді. Көліктердің корпусы да, терезелері де 7,62 калибрлі винтовканың оғын өткізбейтіні зертханада тексеріліп, тиісті стандарттар берілген. Бұл көліктер біріншіден, сарбаздардың қауіпсіздігі үшін әлемдегі ең сенімді көлік түрі саналады. Екіншіден, жылдамдығымен ерекшеленеді. Басқа көліктер жете алмайтын жолсыз жерлерге, шыға алмайтын биіктерге салыстырмалы түрде жылдам жетеді. Үшіншіден, командалық басқару өте жеңіл. Ол үшін заманауи навигациялық құралдар қолданылады», дейді компания директорының орынбасары Көбей Жақсыбайұлы.

Аумағы 13 500 шаршы метрді құрай­тын шағын зауыттың негізгі өндіріс қуаты жылына 120 машина шығаруға қауқарлы. Алайда ашылғанына үш жыл­дың шамасы болған кәсіпорын бүгінде бұл межеге жете қоймаған. Көз­деген мақсатты еңсеру алдағы екі-үш жылдың жоспарында бар.

 Зауытқа сырттан тек болат тақтай­лар, яғни оқ өткізбейтін көліктердің сыртқы қаңқасына, ішкі ірі бөлшектеріне қажетті шикізат қана тасымалданады екен. Шикізатты лазермен кесіп-пішу, балқыту, жабындыларын бояу, құрастыру, сапасын сынап көру, басқа қажетті бөлшектерді жасау, бұзылған техниканы қайта жөндеу, уақыт талабына сай жаңғырту сынды шеті мен шегі көрінбейтін қыруар жұмыстың бәрі осы жерде жүзеге асады. Ұсақ бұрандалардан бастап, оқ өткізбейтін шыны терезе, қарудың оптикалық құрылғы сияқты жарақтары, экипаждардың өзара байланыс құралы, барлығы – отандық өнім. 

Кәсіпорында жалпы 180-ге жуық адам жұмыс істесе, оның екеуі ғана шетел­дік азамат екен. Екеуі ғана деп ерек­шелеп айтуымыздың да себебі бар. Өйткені мұндай бірлескен компаниялар­да шетелдіктердің көп жүретіні үйрен­шікті жағдай екені рас. Ал мұнда негі­зінен отандастарымыз жұмыспен қам­тылған. ОАР-лық компаниямен бір­лескендегі басты пайда – олардың технологиясын тарту. Яғни, негізгі инвестиция – бізге келген инновация. Себебі ОАР компанияларының әскери техникаларды жасаудағы тәжірибесі әлем елдері үшін үлгі екені мәлім. Оны, әсіресе Еуропа мен АҚШ сияқты алпауыттардың жоғары бағалауынан-ақ байқау қиын емес. Оңтүстік Африкадағы әйгілі «Paramount Group» компаниясы құрлықта ғана емес, суда, әуеде жүретін әскери көліктің барлық түрін шығарады және экспорттайды. Яғни, заманауи, броньды әскери ұшақтар мен тікұшақтар, суда сүңгитін, жүзетін көліктерді жасайды. Бір сөзбен айтқанда, әскери салада әлемге мәшһүр, жаһандық кәсіпорын. Оның кеңсе, бөлімшелері дүниенің түкпір-түкпірінде бар. Ал Қазақстан – негізінен жергілікті тұрғындары жұмыс істейтін бірлескен кәсіпорын құрып отырған алғашқы мемлекет. 

«Кәсіпорынды техникалық мамандармен қамту да оңай болмады», дейді К.Жақсыбайұлы. Себебі бұл компанияға жұмысқа қабылдау үшін қойылатын талап өте жоғары болған. Есесіне қазір техник мамандардың арасында шетелде білім алған білікті жастар көп. «Жұмыс­кер­лердің көбі ОАР-дағы зауыттарда тәжірибеден өткен. Мұнда кәсіби білік­тілікті айтпағанда, еңбек шартында көр­се­тілген талаптарды орындауға да ерекше мән беріледі. Себебі түсінік­ті, әскери техника шығаратын зауыт стра­тегия­лық нысан саналады. Машина­лар­дың жасалу технологиясы құпия ұсталуға тиіс», дейді бас директордың орынбасары. 

Сондай-ақ ол кәсіби мамандардың іріктелуінің нәтижесінде бүгінде зауыт конструкторлық бюроны дамытуға да аса мән беріп отырғанын айтты. Яғни, оңтүс­тікафрикалық «Paramount Group» ком­паниясының технологиясын жетіл­ді­ріп, кәсіпорын басшылығы жеке конст­рук­торлық мектебін дамытпақ. «Қазір жаңа­дан құрылған бюрода «Болашақ» бағ­дарламасы бойынша білім алған жас мамандар қызмет етуде. Осы конс­трук­торлық бюроны жетілдіру арқылы бізде жаңа машиналар мен технологиялар шығарылады деп айта аламыз», дейді.

Қазірдің өзінде кәсіпорында күшей­тіл­ген минаға қарсы MRAP үлгісін­дегі броньды машиналар шығаруға мүмкіндік беретін инновациялық технологиялар бар. Ал біздің мамандар технологияны жетілдіріп, техниканы өз елімізге бейімдеп, климаттың әсерінен бастап, басқа да қажетті талаптарды ескере отырып сұранысқа сай жасап шығаруға қауқарлы. Ал ерекше технологияны талап ететін броньды көліктердің, мықты әскери машиналардың бүгінде өз мамандарымыздың қолынан жасалып жатқаны біз үшін мақтанарлық жайт. 

Машина жасау саласы туралы әң­гі­ме бола қалса, көбі бірден еліміздегі автокөліктер өндірісі, ауыл шаруа­шы­лығы техникасы туралы айта бастай­тыны рас. Әрине әскери саладағы мұн­дай қуатты техниканы жасау бір кез­дері біз үшін мүмкін еместей көрінетін. Алайда еліміздегі қарқынды даму бағ­дар­ламаларының, әлемдік саясат сах­на­сындағы биік беделінің, тіпті еңбекқор, жігерлі азаматтарының арқасында бұл белесті де бағындырдық. 

Кәсіпорынның бас директорының орынбасары, зауыттағы екі шетелдіктің бірі Делпорт Йохан мырза еліміздің бұл саладағы жетістігі мен соған жетер жолда танытқан табандылығын жоғары бағалайды. 

«Мен Қазақстанға алғаш рет 2014 жылы келдім. Бұл екі мемлекет ара­сын­дағы келіссөздердің қызған кезі, бірлес­кен компания құру туралы келісімге қол қоюға таяған шақ болатын. Мен сол кездесулерге қатыстым. Қазіргідей жетістікке жету, жоқ жерден әскери техника шығаратын кәсіпорын салу оңай болған жоқ. Біріншіден, бізге берілген уақыт өте тығыз еді. Жоба қолға алынып, келісімдер жасалған соң 15 айдың ішінде зауытты құру талабы туындады. Қазақстанда бұрын-соңды мұндай технологиядағы зауыт болмағандықтан оның қажетті құрылғыларын түгендеу қиынға соқты. Әлемнің көптеген компанияларымен байланыс орнатуға тура келді. Бұл ретте мұхиттың арғы жағындағы кәсіпорындармен қарым-қатынас жасау, олардан қажетті құралдарды алдырту күш-жігерді талап етті. Бір сөзбен айтқанда, бізді логистика қинады. Әрі алыс болған соң баға жағынан да салмақ салды. Ал қазір локализацияның 70 процентін өзіміз жасаймыз, бізді қамтамасыз ететін бірқатар компаниялар, зауыттар құрылды. Келесі жылы осы локализация жағдайын одан әрі жетілдіру ойда бар. Бұл бағаға да біршама әсерін тигізер еді. Осының бәрі қазақ­стандық әріптестерімнің маңдай тер, ерен еңбегі, мақсатқа жетудегі жі­гер­лі мінездерінің арқасы», дейді шетел­дік маман. 

Сондай-ақ ол бүгінде елімізде жасалып жатқан бронетранспортерлер әлем­дік нарыққа да қабілетті екенін атап өтті. Қазір шетелдік әскерилер де біз­дің өнімдерге қызығушылық танытып жа­тыр екен. Әсіресе Таяу Шығыс пен Оңтүс­тік-Шығыс Азия елдерінен сұра­ныс бар. «Алдағы 2 жылда ауқымды экс­­порт­қа шығуды жоспарлаудамыз. Экс­­порт­қа бағытталатын негізгі машина – «Барыс» 6х6. Бұл техника аталған өңір­де сұранысқа ие», дейді өндіріс басшылығы. 

«Бейбітшілікті қаласаң – соғысқа дайын бол» деген де қанатты сөз бар. Бүгінде Қазақстанның бейбіт ел екені төрткүл дүниеге мәлім. Дегенмен өзге елдермен терезе теңестіріп, тең атаның ұлындай сөйлесе алу үшін мықты әскери техника мен мығым сарбаздар қажет. Оның үстіне біз тілге тиек еткен әске­ри техникалар бейбіт мақсаттағы тапсыр­маларды орындауға да таптырмай­тын көмекші. Ал әскери техника өндірудің экономикалық пайдасы өз алдына бөлек әңгіме. Олай болса, осы санаттағы кәсіп­орындардың жыл сайын қуаты артып, өндірісінің өрістеуі өте өзекті. Бұл кәсіп­орын да келешекте Қазақстан экономикасына зор үлес қосарына үміттіміз. 

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»