Ұлы дала өркениеті көшпенділердің мемлекеттік дәстүрінен тікелей бастау алады. Әлемдік тарихты түбегейлі өзгерткен көшпелі ұлыстар мен елдер орнатқан алып империялар соңына орасан зор мұра қалдырды. Осынау дала мемлекеттері құрамында этникалық тұрғыдан түріктер, моңғолдар, тұңғыс-манжұр текті ру-тайпалар одағы болған және олар Еуразия кеңістігінде ұзақ уақыт бойы алма-кезек билік жүргізіп келген. Қысқаша айтқанда, Ұлы далада ғасырлар бедеріндегі дәстүр сабақтастығын негіз еткен өрелі өркениет, баянды өмір-тіршілік қайнап жатты. Қазіргі археологиялық-этнологиялық зерттеулер соның заттай және рухани айғағын жариялап келеді. Алайда осынау Ұлы дала мәдениетін бөліп-жарып, тек аймақтық ерекшеліктерін басты белгі етіп зерттейтін болсақ, онда зерттеудің мәні шашыраңқы сипат алып, кілті оңайлықпен табылмайтыны тағы да бар.
Бұл орайда, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласы ғылыми қауымға, әсіресе тарихшыларға терең ой салады. Президент мақаласының басында Алтай өркениеті туралы айтуы тегін емес. Алтай көшпелі халықтардың тарихи алтын бесігі ғана емес, сол елдердің өкілдері бүгін де айнала өмір сүріп отырған қасиетті мекені. Бүгіндері үш мемлекеттің шекарасы түйіскен алып Алтай адамзат өркениетінің жауһар ошақтарының бірегейі, геосаяси маңызды алаң. Үзеңгі мен ер-тұрман, шалбар мен сауыт-сайман, қылыш пен саржа үлгілері расымен көшпенділер өркениетінің адамзатқа сыйлаған баға жетпес байлығы. Осы орайда түркі, моңғол елдерінің музейлеріндегі үзеңгілердің коллекциясынан тақырыптық арнайы көрме өткізіп, ғылыми католог шығарсақ, мәдениетіміздің қаншалықты бірегейлігі мен сан алуан қыры өзінен өзі жарқырап көрінер еді деген де ой келеді. Жартастарда сызылған үзеңгі түрлері де қызықты. Жіптен, қайыстан, ағаштан, темірден жасалған үзеңгі үлгілері де керемет емес пе?!
Мақалада материалдық мәдениетке ден қойылып, әсіресе археологиялық мұраларға терең мән берілуі маңызды мәнге ие. Себебі көшпелі мемлекеттердің тарихын зерттеушілер, әсіресе шетелдік жиһанкездердің қалдырған деректеріне бас шұлғып қабылдап, сол арқылы тарихымызды дәуірлеп, дәйектеп келдік. Тіпті тарихи зерттеулерімізде шығыс деректері арқылы бар деп мақұлданып, талданып келген кейбір этностардың ешқандай материалдық айғақтары, қорымдары мен молалары жерімізден табылмай отыр. Бұдан шығатын қорытынды: шын мәнінде өлкелерімізде табылған археологиялық мұраларды жүйелеп, сол айғақтарды негіз етсек, онда бүгінгі қалыптасқан тарихи жүйе мен хронология едәуір өзгеріске ұшырайтыны анық. Себебі археологиялық жәдігерлер жерімізде нақтылы қандай жұрттар мен ұлыстар өмір сүргенінен, олар немен айналысқанынан, қанша ғасыр жасағанынан бұлтартпас хабар береді.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың музей ісіне де терең мән беріп, ортақ көрмелер мен зерттеулерді заманауи тұғырға көтеру керек екенін айтуы қуантады. Моңғолия Ұлттық музейі мен Халықаралық Түркі академиясының бірлескен «Керулен» экспедициясы Моңғолияның Кентай аймағында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Биыл жазғы маусымда бірлескен экспедиция Қияқұдық, Гүнбүрд кешендерінен тапқан түркі мұралары көшпенділер тарихының бастауларына сәуле түсіретін айшықты олжалар болды деуге негіз бар. Түркі ғұрыптық кешенінің қорған орынының түбінен екі метр тереңдіктен табылған ер адам мен әйелдің тас мүсіндері билік иесі ақсүйектің осы өңірде ұзақ уақыт салтанат құрғанын айғақтайды. Әлбетте, ортақ қазба жұмыстан табылған түркі мұраларының ғылыми көшірмелері жақын уақыттарда Халықаралық Түркі академиясындағы Түркі музейі экспозициясына табыс етілетін болады.
Президенттің Түркология конгресін өткізу ұсынысын да ғалымдар қызу қолдайды. Расымен қазіргі түркология пәнаралық, еларалық кешенді ғылымға айналуы тиіс, ал Астананың халықаралық түркология орталығына айналуына толық негіз қаланды деп айта аламыз.
Дагваадоржийн СҮХБААТАР,
Моңғолия Ұлттық музейінің директоры, тарих ғылымдарының докторы