Аймақтар • 08 Қаңтар, 2019

Қызылордада алып жылыжай пайдалануға беріледі

566 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан ауылшаруашылық өнімдерімен өзін өзі қамтуға қабілетті. Елбасы әр Жолдауында агроөнеркәсіп кешендерін жаңа технологиямен қамту мәселесін ұдайы көтеріп келеді.

Қызылордада алып жылыжай пайдалануға беріледі

Қызылорда қаласында салынып жатқан алып жылыжайдың құрылысы аяқталуға жақын қалды. Толық автоматтандырылған екі гектарда жылына 900 тонна қызанақ өсіріледі. Жоба құны – 1 млрд 100 миллион теңге. Оның 650 миллион теңгесін Үкімет қолдауымен алды.

Серіктестік директоры Ғани Алматов компьютермен басқарылатын кешендегі қызанақ кокос субстратына отырғызылатынын айтады. Мұның экологиялық жағ­дайы халықаралық стандарттарға негізделеді. Мәселен  Қытай жағы экология, тауардың сапасына бас ауырта бермейді. Жалға алған жерлерді түрлі химикаттармен аз жылда күлге айналдырып жіберетіндіктен де Ресейдің Хакасия үкіметі олардың жылыжайларын жинап, елде­рі­не кетуіне бұйрық шығарды. Өзгелері де ықыласты емес.

Ал Қызылордадағы жылыжай жаңа тех­нология арқы­лы дүниежүзілік тәжірибе негізінде жұмыс істейді. Мер­дігер компанияның өкілі, Испаниядан келген Серхио Молина жылу, жарық, суару, салқындату сияқты жүйе­лер автоматты түрде басқарылатындығын айтады. Жұмыс­шыларға қалғаны – дайын өнімді жинап, қораптарға салу. Жаңа технологияны бір көргеннен басқарып кету мүмкін емес. Сондықтан, Испаниядан келген агро­ном бір жыл осы кешенде жұмыс істеп, жергілікті мамандарды үйретпек.

Қызыл­ордадағы бау-бақша өнімдері көрші Түркістан облы­сына қарағанда қымбаттау болып келген. Енді осын­дай жылыжайлар облыстың басқа аудандарында да са­лынатындықтан сырттан тасымалданатын көкөніс баға­сы азаяды, баға төмендейді деп күтілуде. Жаңа жұмыс орындары көбейеді. Бір Шиелі ауданының өзінде жиыр­маға жуық жылыжай бой көтеретінін ескерсек, бұл алын­байтын меже емес.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы