Аймақтар • 09 Мамыр, 2019

Әлия мен Мәншүк – егіз ұғым

34300 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осыдан 19 жыл бұрын құрылған «Қос шынар» қоғамдық қорының төрағасы, Ақтөбе облысының құрметті азаматы Ғ.Байдербестің есімі Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысының жұртшылығына жақсы таныс. Ғалымжан Ермағамбетұлының бастамасы бойынша Ақтөбе аймағында Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованы мәңгі есте қалдыру мақсатында кең ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Жеңіс күні қарсаңында біз қор төрағасымен жолығып, бірер сауал қойған едік.

Әлия  мен  Мәншүк –  егіз ұғым

– Ғалымжан аға, Әлия мен Мәншүк жөнінде бұған дейін де біраз айтылды. Біраз жазылды. Дегенмен Жеңіс күні қар­саңында халқымыздың мақтан тұтар қыздары жөнінде тағы бір мәрте ой-пікір өрістетудің артықшылығы жоқ секілді.

– Әлия мен Мәншүктің есім­­дерін бөле-жара қарау еш мүм­кін емес. Өйткені қай тұрғы­дан қарастырсақ та, қос шынары­мыздың бір-бірімен тағдырлас еке­нін тереңірек түйсіне түскен­дей боламыз. Айталық екеуінің де әкесі қуғын-сүргін жылдарында «халық жауы» ретінде ұсталып, ауыр жазаға кесілген. Бұл жағдай екеуінің де жүрегін қарс айырып жібергенін аңғару қиын емес. Бұған дәлелдер жеткілікті. Тіпті өзгесін айтпағанда, әкелерінің ақталуына бір септігі мен көмегі тиер деген перзенттік тілекші көңіл­­мен өздері сұранып соғыс­қа ат­тануы –алдыңғы пікірі­міз­дің дә­лелі. Тіпті әкелерін тұтқын­нан босатуды сұрап И.В.Ста­линге хат жазған кездері де болып­­ты. Алай­да оған жауап қайтарыл­маған.

Әлия мен Мәншүк – бірін-бірі толықтырып, әрі бірін-бірі байы­тып тұрған тұлғалар. Екеуінің қанды майдан қырғынға кірген жерлерінің арасы да бір-бірінен қашық емес. Мысалы, Әлия Псков облысының Новосокольники қаласында ерлікпен қаза тапса, Мәншүк ең алдымен Ржев облысында ұрыс даласына кіріп, кейіннен Тверь губерниясының Невель қаласында соңғы ерлігін жасап, жауға тойтарыс берді. Атал­ған екі қаланың арасы 60 шақырым ғана. Мен бұл топы­рақта төрт рет болдым. Тағы бір ай­тарым, Мәншүкке Кеңес Ода­ғы­ның Батыры атағы 1943 жылы берілсе, Әлия оны бір жыл өткен соң, яғни 1944 жылы иеленген.

– Өңірде ерліктің қос қана­тына баланған тұлғаларды мәңгі есте қалдыруға қатысты өзіңіз жетекшілік жасайтын «Қос шынар» қоры атқарған іс-шараларға тоқтала кетсеңіз.

– Қобда ауданындағы Әлия туып-өскен ауыл бүгінде Әлия ауылы деп аталады. Мұнда оған арналған музей бар. Өтпелі кезеңде оңтайландырудың сал­қыны тиген клуб, кітапхана секіл­ді ауылдағы мәдениет ошақтары бірінен соң бірі жабылып, есік­теріне қара құлып салынды. Тоқ­саныншы жылдардың орта шенінде соның кебін Әлия мұра­жайы да киді. Оның жабылып қалуы маған өте ауыр тиіп, бұл жағдай жанымды құлазытты. Бұған қалайша араша түсуге болады деген сауал көкейімнен кетпей қойды. Содан соң мұражайды жекешелендіріп алуға бел будым да осы ойымды сол тұстағы осы м­ә­се­­лелермен шұғылданатын тиіс­­ті өкі­летті органдарға жеткіз­дім. Бір жақсысы олар қарсы бол­ған жоқ.

Сол кезеңде музейдегі экспонаттарды көздің қарашығындай сақтап, оның тоналмауы мен жоғал­мауын қадағалауға мүмкін­дік туды. Кейін 2001 жылы өз қо­лы­мыз өз аузымызға жетіп, бюд­жет қоржыны толыса бастаған кезде Әлия ауылындағы Әлия музейін мемлекет иелігіне қайта­дан көшіру жөнінде мәселе қой­дым. Әлия мен Мәншүкке қатыс­ты кем-кетік тұстарымызды тү­ген­­деу үшін арнайы қор құру жө­­нін­дегі ой маған өтпелі кезеңде кел­ген-ді. Осы мақсатқа екінші мың­жыл­дықтың бас кезінде қол жеткіздім. 

– Өңірде Мәметова мен Мол­дағұловаға қатысты төрт мың­нан астам экспонаттың басы қосылған екен. Мәншүк­тің есімін қастерлеуге қатысты тағы бір деректі алға тартсақ, 2017 жылдың 28 мамыры күні Үкіметтің арнайы қаулы­сына сәйкес, Ақтөбе медици­на колледжіне Мәншүк Мәметова­ның есімі берілген екен. Осы мәселе ең алғаш «Қос шынар» қорының атынан көтерілге­н­ін білуші едік. Бұған не дейсіз?

– Иә, Ақтөбе медицина кол­леджіне Мәншүк Мәметова­ның есімі бір күнде беріле салған жоқ. Бұған біраз жыл­дар кетті. Әйтеуір ой-пікі­рі­міздің аяқсыз қалмағаны бәрі­міз үшін үлкен мерей деп біле­мін. Бұған қосарым өткен жыл­дардың бірінде Ақтөбеде Мәншүк Мәметованың атындағы көше болған екен. Бұл батыр қызға облыс орталығынан көше атауын беру мәселесін қозғай жүріп, кездейсоқ көз жеткіздім.

Әйтсе де 1968 жылы Мәметова атындағы көше қалалық атқару комитетінің шешіміне сәйкес, Цветочная деп өзгеріп кеткен. Содан соң 1991 жылы Набережное деп аталған. Бұл әділетсіздік емей немене? Әйтеуір 2006 жылы Мәншүк Мәметова көшесі­нің бұрынғы атауын қалпы­на келтірудің сәті түскен-ді. Деген­мен қазіргі көзқарас тұрғысынан қарастырғанда Ақтөбе аймағында Әлиямен қатар аталатын Мән­шүктің есімі бұдан да гөрі кеңірек, бұдан да гөрі ұзынырақ көшеге әбден лайықты деген ойдамын.

– Ләйым да солай болғай, тағы бір сүйсінерлік жайт Ақтөбе қаласында №27 жалпы орта білім беретін мектепте Әлия мен Мәншүкке ортақ музей ашылып, жұмыс жасап келе жатқанын білдік. Оның бүгін­гі ұрпаққа берер тәлімі мен тағылы­мы мол болары анық.

– «Қос шынар» Әлия-Мән­шүк қоры аталған мектептің ұжы­мы­­мен, әрі мұндағы қос ба­тыр қыздың атындағы мек­теп-музейінің басы-қасында жүр­ген­дермен тығыз байланыс ұс­тап келеді. Қысқасы, Әлия мен Мәншүктің ерлік жолдары мен намыстан жаратылған өр тұлғалары халқымыздың зер­де­сінен ешуақытта өшпейді дегім келеді. Бұл өз Отаны мен топы­ра­ғын шексіз сүю әрі оны қор­ғай білудің өшпес өнегесі. Әлия мен Мәншүк – егіз ұғым. Осы ақи­қатты қайталап айтқаннан еш ұтыл­­маймыз. Осы орайда «Қос шынар» қоры алдағы кезде де халқымыздың қос батыр қыз­ы­ның ерлігін дәріптеу жұмыс­та­рын одан әрі жалғастыра бермек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН,

«Egemen Qazaqstan»

Ақтөбе