Қазақстан • 29 Мамыр, 2019

Өлшеусіз еңбекке – лайықты құрмет

1018 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Нұрсұлтан Назарбаев соңғы ширек ғасырдағы түркі интеграциясының көш­басшысына айналған тұлға. Содан да болса керек, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның ұсынысымен бауырлас мемлекеттердің басшылары Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркі тілдес мем­лекеттер ынтымақтастығы кеңесінің өмір бойғы Құрметті төрағасы мәр­тебесін берді. Бұл лайықты тұлғасын қадірлеген жұртшылықтың құрметі бол­са керек.

Өлшеусіз еңбекке – лайықты құрмет

Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі тілдес халықтардың мүддесін қор­ғап, олардың өзара интеграциясын тереңдету бағытындағы еңбегі орасан зор. Елбасының мұрындық болуымен түркі әлеміндегі түрлі жобалар дүниеге келді.

Түркі тілдес мемлекеттердің басшылары 1991 жылдан бастап жиі-жиі кез­десіп жүретін. Сол кездегі Түркия президенті Тұрғыт Өзалдың Орталық Азиядағы түркі елдеріне жасаған әйгілі сапа­рынан кейін өзара алыс-беріс, ба­рыс-келіс айрықша қарқын алған еді. Мемлекеттер басшылары 2009 жылға дейі­н он мәрте бір жерге жиналғаны бар. Тоқ­саныншы жылдардың орта тұсында сондай саммиттердің бірінде Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттер бас­шы­лары кезде­сулерін тұрақты түр­де ұйымдастыру қа­жет екенін, арнайы хат­шылық құрған жөн екенін әріп­тес­теріне айтқан болатын. Алайда замана желі құбылып тұрды да, тек 2009 жыл­ғы Нахчиван саммитінде ғана бұл ойды жүзеге асырудың сәті түсті. Осы­­лайша Түркі тілдес мемлекеттер ын­тымақтастығы кеңесі құрылды. Нәти­же­сін­де түркі интеграциясы жаңа белес­ке көте­рілді.

Негізі «интеграция» деген ұғым айт­қанға ғана оңай. Сырт көзге түрлі елдердің шенділері жиналып, бірнеше құжатқа қол қоюмен ғана іс бітетіндей кө­рінгенімен, мемлекетаралық бай­ланыс­тар­дың ұңғыл-шұңғы­лы өте көп. Оның үстіне бұқара конс­пирологияға немесе­ «астыртын қас­тандық тео­рия­сы» дегенге қатты се­не­тіні бар. Яғни, «түркі ха­лықтарының бірігуіне те­ріс­кей­дегі, шы­ғыстағы һәм мұ­хиттың ар­ғы жағындағы жұрт кедергі жасайды екен-мыс», «әлемді астыртын би­леушілер біздің береке-бірлігімізді ыдыратуды көз­дейтін көрінеді-мыс» деген тәрізді түрлі қауесеттер тарап жатады.

Иә, әлемдегі супердер­жа­ва­­лар­дың кез келген аймақта гео­саяси мүдделері бар екен­ді­гін жоққа шығаруға болмайды. Алайда интеграция­ про­цесі оңай-оспақ шаруа­ емес. Қазақстанның Тұң­­ғыш­ Президенті де түркі ин­­те­гра­циясының «майдан қыл суыр­ған­дай» оп-оңай жүзеге асарына сенген жоқ. Сол себепті ағайын жұрттың бірлігін ұдайы насихаттап келді әрі қажет ке­зінде бауырлас елдерге көмек­тесуден де тар­тынған жоқ. Тіп­ті, бірқатар жобаға Қазақ­стан тікелей қатыспаса да, бола­шақ­та­ғы интеграциялық процестер мен ел мүддесін ескере отырып, сон­дай баста­маларға қолдау білдірді.

Мәселен, Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбырының жобасын алайық. Әу бас­та­ бұл құбыр арқылы Әзер­бай­жан мұнайы Еуропа на­рығына жеткізілуі тиіс еді. Сырт көзге бұл жоба ай­­мақ­тық бастама сияқты кө­рін­­ген. Бірақ Н.Назарбаев жо­­ба­ның Қазақстан үшін де, тұтас Орталық Азия елдері үшін де маңызды екендігін сез­ді. Содан да болар, 1998 жы­лы құбыр тарту туралы келісімге Әзербайжан Пре­­зи­денті Гейдар Әлиев, Гру­зия Президенті Эдуард Ше­вард­надзе, Түр­кия Пре­зи­ден­ті Сүлейман Деми­рел,­ Қазақстан Президенті Нұр­­сұл­тан Назарбаев, Өзбек­стан Пре­зиденті Ислам Кари­мов қол қой­ған болатын. Соны­мен қатар Баку – Тбилиси – Карс темір жол желісінің құ­ры­лысына да Н.Назарбаев ұдайы қолдау білдіріп келді. Қос жобаның да Каспийдің ке­лесі жаға­лауын­да екенін ес­керсек, олар­дың Қазақ­станға ықпалы жанама түрде болуы мүмкін еді. Бірақ Елбасы бұл жобалардың түркі интеграциясы үшін айрықша мәні бар екенін әрі Қазақстанның тран­зиттік мүмкіндіктерін арт­­тыра­тынын да дер кезінде аңғарды.

Тағы бір мысал ай­та­й­ық,­ 2007 жылдан бастап­ Н.Назарбаев Өзен – Түрік­мен­­­стан-Иран темір жол желі­сін салу идеясын көтеріп, 2014 жылы бұл бағыттағы же­­лі іске қосылған болатын. Қазақ­стан басшысы жобаның өте маңызды екендігіне Аш­ғабад пен Тегерандағы шен­ділердің көзін жеткізе біл­ді. Нәтижесінде біз де ұт­тық, бауырлас түрікмендер де ұтты, ирандықтарға да тиім­ді болды. Сол сияқ­ты 2018 жылдың тамызында қол қойыл­ған Каспий теңізінің құ­қықтық мәртебесі туралы­ конвенциядан да үш бірдей түркі мемлекеті олжалы­ бол­ды. Теңізді жағалай қон­ған бес елдің үшеуі туыс, екеуі­нің атасы басқа еді. Ұзақ жылдарға созылған ке­ліс­сөз­дер нәтижесінде сол бесеу өз­ара пәтуаласқан жайы бар. Нәтижесінде Әзербайжан мен Түрікменстан, Қазақстан мен Әзер­байжан теңіз түбі­мен құбыр тартса да, су бе­ті­мен кеме жүзгізсе де өз­ге­нің қа­бағына қарамай, өзара келісе беретін бол­ды. Әрине, мұндай жобалар­ ті­келей түркі интеграциясы үшін жасалмайтыны анық. Бірақ Қазақстан көлік-тран­зиттік, экономикалық, ин­те­гра­ция­лық жобалар­дан бауыр­лас халықтардың да пайда көр­генін құп көреді. Бұл өз кезе­гінде сая­си-мәдени интеграцияны тереңдетуге ықпал етері анық.

Мұндай бастамалардың ең ұтым­ды тұсы – сырт көздің бауырлас халық­тардың бі­ріге түскенін көп аңғара бер­­мей­тіндігінде. Әйтпесе, жаһандағы 300 млн-ға жуық түркі ұрпағы бірігер бол­са, саясат таразысы өзгеріп кетуі мүм­кін екендігін сырт көз білмей отырған жоқ. Түркі мем­лекеттері бір одаққа бі­ріксе, Еуропа мен Азияның арасында жалпы аумағы 10 млн шаршы шақырым болатын ұлан-ғайыр кеңістікте қуатты «ойыншы» пайда­ боларын саясаттанушылар жақсы біледі. Демек, «бі­ріккелі жатырмыз» деп ашық айтсақ, оған кедергі жасайтындар сөзсіз шығады. Ал Н.Назарбаев ұстанған сая­сат арқылы интеграцияны те­реңдете берсек, алдағы 20-30 жылда түркі халықтарының ынтымағы әбден бекіп, қуат­ты ұжымға айналуымыз бек мүмкін. Сондықтан түркі интеграциясындағы Елбасы ұсынған бағыттар тиімділігін көрсетіп отыр.

Қазақта «Бармасаң, кел­месең, жат боласың...» дей­тін сөз бар. Түркілік ин­теграция да тура осы қағида не­гізінде жүзеге асып жатыр. Өзара бай­ланыстардың экономикалық сипатының бөлек екенін сөз басында айттық. Ал мәдени-гума­ни­тарлық жағы тіптен бө­лек. Н.Назарбаевтың бас­тамасымен құрыл­ған ин­теграциялық ұйымдар осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Мәселен, Халықаралық Түркі академиясы ғылы­ми-гуманитарлық бағытта қыз­мет етеді. Тарих шаңына көмілген ортақ мұра­ла­­рымызды аршып, жас ұр­пақтың санасына біздің өзара бауыр екенімізді сіңіру бағытында бұл ұйымның атқарып жатқан қызметі зор. Тек қана «Ортақ түркі тарихы», «Ортақ түркі әдебиеті», «Ортақ түркі гео­графиясы» жобаларын қа­растырғанның өзінде, ин­­те­грациялық процестерге ай­рықша үлес қосылғанын байқаймыз. Бұл жобалар жас ұрпақтың санасына бауырлас халықтар туралы мәліметтер сіңіріп, олардың кейін бір-біріне тілеулес болып өсуін қамтамасыз ете­ді. Яғни, мә­дени-гуманитарлық жо­­ба­лар алдағы жылдардағы түркі интеграциясының іргетасын қалап жатыр. Ал ТүркПА бол­са, тәуелсіз түркі ел­дері заң шығарушы ор­ган­дарының қыз­­меткерлері жиналатын, ақылдасатын ұйымға ай­налған.

Қорыта айтқанда, Нұр­сұлтан Назар­баевтың бастамалары түркі инте­гра­циясының жан-жақты сипат алуына ық­пал еткен-ді. Сондықтан Елбасына Түркі тілдес мемлекет­тер ынтымақтастығы кеңе­сі­нің өмір бойғы Құрметті төрағасы атағының берілуі кез­дейсоқтық емес. Бұл бір жа­ғынан Көшбасшыға деген құр­мет болса, екін­­­­шіден, Түр­кі кеңесіне мүше елдер бас­шыларының тәжірибелі саясаткерден ұдайы кеңес алып отыруына мүмкіндік беретін қадам.