Электронды денсаулық сақтау – қағазбастылықтан құтылудың төте жолы
Сенбі, 20 сәуір 2013 0:57
Ақпараттық технологиялардың дамуы медицина саласына да оң әсерін тигізуде. Соның бір көрінісі – денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйесінің дамуы. Аталған жүйе туралы нақты мәліметтер алу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Серікбол МУСИНОВТІ әңгімеге тартқанбыз.
Сенбі, 20 сәуір 2013 0:57
Ақпараттық технологиялардың дамуы медицина саласына да оң әсерін тигізуде. Соның бір көрінісі – денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйесінің дамуы. Аталған жүйе туралы нақты мәліметтер алу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Серікбол МУСИНОВТІ әңгімеге тартқанбыз.
– Салада ақпараттық жүйені дамыту тәжірибесі қай кезден бастау алады?
– Елімізде денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйесін дамыту бойынша біршама тәжірибе жинақталған. Соның ішінде екі негізгі кезеңді атап өтуге болады. Алғашқы жұмыстар өткен ғасырдың 90-шы жылдары басталды. Сол замандағы технологиялардың даму деңгейі және медициналық ұйымдардың компьютерлік техникалармен жарақтандырылуы электронды түрде тек статистикалық және қаржы мәліметтерін жинауға мүмкіндік берді. Бұл, жалпы денсаулық сақтау саласын басқаруға және ұйым ішінде тиімді менеджментті жүзеге асыруға қажет болды. Бірақ медициналық құжаттар қағаз күйінде жүргізіле берді. Ал, 2005 жылы басталған екінші кезеңде елімізде Денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін (ДСБАЖ) құру жобасы қолға алынды. Медициналық қызметкерлер үшін электронды түрде сақталатын ақпараттар барынша қолжетімді болғандықтан, медициналық құжаттарды қағазсыз жүргізуге көшу туралы шешім қабылданды. Енді дәрігерлер қағаз күйіндегі амбулаториялық картаны немесе сырқатнаманы іздеп, өзге дәрігердің жазбаларын оқып жатпай, науқастың денсаулығы туралы мәліметті ақпараттық жүйелер көмегімен тез арада ала алатын болды.
Аталған жоба шеңберінде 7 жылдың ішінде үлкен жұмыстар атқарылды. Еліміздің 3 өңірінде барлық медициналық ұйымдар ақпараттық-техникалық құрылғылармен жарақтандырылып, медицина қызметкерлері компьютерлік сауаттылық негіздеріне оқытылып, ДСБАЖ компоненттерімен жұмыс істеуге үйретілді. Астана қаласында және Ақмола облысында қағазсыз құжат айналымы қағидасы енгізілуде. Сондай-ақ, ғаламтор арқылы іске асырылатын веб-қосымшалар, яғни ақпараттық жүйелер әзірленді. Бұл веб-қосымшалар денсаулық сақтау жүйесінде реформалар жүргізуде құралға айналып, бүкіл республика бойынша медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Оған қоса, Қазақстан халқы үшін алғаш рет денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйелеріне тікелей жол ашылды. Айталық, «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы кез келген науқас жоспарлы емдеуге жатқызуда өз кезегін интернеттен қарап, бақылап отыра алады.
– Денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі денсаулық сақтау саласына қандай өзгерістер әкелді?
– ДСБАЖ жобасының жалпы денсаулық сақтау жүйесін дамытуға оң әсер еткені сөзсіз. Бірақ, қол жеткізген жетістіктермен шектеліп қалуға болмайды. «Электронды денсаулық сақтау» түсінігі, мейлі ол науқас, мейіргер немесе денсаулық сақтау менеджері болсын, медициналық көмек көрсету үрдісіне қатысушыға қажетті ақпаратты керек уақытында беретін болады дегенді білдіреді. Нақты мысалдар келтіре кетейік. Науқас өз денсаулығы туралы қорғалған ақпаратқа, сондай-ақ, өзінің бұл айда жоспарлы профилактикалық тексеруден өтуі немесе учаскелік дәрігеріне баруы керектігі туралы жеке кеңестер мен хабарламаларға қол жеткізе алады; аурухана дәрігері алдындағы науқасқа жүргізілген зертханалық тексерулердің нәтижелері туралы өзекті мәліметке қол жеткізіп, ол сараптамаларды қайта өткізуге және нәтижелерін күтуге уақытын жоғалтпайды; мейіргер науқасқа салынатын препарат мөлшерінің оның салмағына қаншалықты сәйкестігі жөнінде хабарлама ала алады. Осы сияқты көптеген мысалдар келтіруге болады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қазіргі даму деңгейі мұндай жобаны іске асыруға болатынын көрсетіп отыр. Зерттеу нәтижелеріне қарағанда, АҚШ-та электронды денсаулық сақтау жүйесі бір жылда 17,4 миллион шамасында медициналық қателіктің алдын алуға мүмкіндік береді екен.
Жаңа мүмкіндіктерді сезіне отырып, дамудың үшінші кезеңі қарсаңында тұрғанымызды түсінеміз. Ендігі назар саланы басқару және қаржыландырудан тікелей медициналық қызметтерді көрсету үрдісіне ауатын болады. Мұндай жағдайда электронды денсаулық сақтау жүйесін құру дегеніміз – науқастың қажеттілігіне бағдарланған қауіпсіз, әділетті, сапалы және тұрақты денсаулық сақтау жүйесін қамтамасыз ететін өзекті, шынайы және жеткілікті ақпаратты автоматты түрде алу мүмкіндігін білдіреді.
– Осы жүйеге байланысты алда қандай міндеттер тұр?
– Алда тұрған ауқымды міндеттерді шешу үшін электронды денсаулық төлқұжаты мен электронды медициналық жазбалар түрінде жинақталған әр адамның денсаулығы жөніндегі ақпарат болуы тиіс. Медициналық көмек көрсету үрдісін барынша толық көрсететін мұндай ақпарат нақты статистикалық және сараптамалық мәліметтер қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Олар өз кезегінде басқару және қаржыландыру саласында, сондай-ақ, ғылыми-зерттеулер жүргізуде пайдаланылады.
2013 жылғы қаңтарда Елбасымыздың Жарлығымен бекітілген «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2020 жылға қарай еліміздің барлық тұрғындары электронды төлқұжатпен қамтамасыз етілуі тиіс. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасының е-денсаулық сақтау даму стратегиясын әзірлеу жұмыстарын бастап та кетті, онда жоғарыда аталған мақсат-міндеттерді іске асырудың нақты жолдары айқындалады.
Әңгімелескен
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».