Ұлттық чемпионат жыл сайын Назарбаев зияткерлік мектептері өткізетін робототехника бойынша WRO халықаралық кезеңінің іріктеу туры саналады. Жарыс «Негізгі», «Шығармашылық», «Роботтар футболы» және «Jasampaz» деп аталатын төрт бағыт бойынша өткізілді.
Роботтық техникалар сайысына қатысқан 240 оқушы Үздік робототехник атағы үшін өз шеберліктерін, біліктіліктерін сынға салды.
Қатысушылардың жасы – 17 жасқа дейін, ең жасы – өскемендік Әмір Жаңабаев 8 жаста. Жыл сайын ауылдық жерлерден қатысатын жас робототехниктер саны көбеюде.
Биыл WRO-ға Майқайың кентінен, «Robotech» Алматы облысы, Алакөл ауданы Жыланды ауылынан «RoboReBoot» командалары қосылыпты.
Ал биылғы робототехникалар сайысының тақырыбы – «Ақылды қалалар» – «Smart City». Сондықтан сайысқа қатысушы оқушылардың барлық жобалары қала өміріндегі «Ақылды технологияларға» арналды.
Қазылар алқасы назарына жаңа қала құрылысы ерекшеліктері, «ақылды» автотұрақтар мен дәріханалардың жобалары, экология, көше қауіпсіздігі басқа да өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобалар таныстырылды.
Робототехника құрастырушылар жобаларын «Ақылды қалалар» тақырыбына арнап, болашақтың қалалары қандай болу керектігін жасап көрсетті. Мысалы, жарыстың 6 жастағы қатысушылары Жаңаөзен қаласынан келген Еркін Орынбасар, Сұланбек Абдрахман «Ақылды автотұрақ» жобасын таныстырды.
Жобаның жетекшісі Мұхаммет Бақытжанның айтуынша, Еркін мен Сұлтанбектің робототехникаға деген қызығушылықтары ерекше. Екеуі де «Robocode» орталығында робототехникасымен шұғылданады.
Ал кішкентайлар жасаған «Ақылды автотұрақ» көлік келгенде өздігінен ашылады. Жүргізушілер үшін қыста су қатып қалып, мотордың қызбай қалуы сияқты қиындықтар тудырмайды. Бір температураны сақтап тұру үшін арнайы желдеткіш жасалған.
Павлодар зияткерлік мектептің оқушылары Дария Байғожина, Рысгүл Серікбаева коктейль, бургер, кексты өзі дайындап беретін «Ақылды дәмхана» құрастырған.
– Автоматты дәмхана жасадық, ішіне керек азық-түлікті салсаңыз машина өзі-ақ сізге дайын тамақ жасап береді, – дейді қыздар.
Байқау барысында талдықорғандық оқушы Элина Пак болса, «Ұстаз роботын» таныстырды.
– Каллиграфия және түрлі сурет салатын робот ұстаз қимыл арқылы математикадан сабақ береді, – дейді ол. – Робот шеңбер, балапан, үй және төртбұрыш сияқты геометриялық фигураларды сала алады.
– Диас Жаһангер екеуміз Шымкенттегі зияткерлік мектебінде оқимыз. Бұл жарысқа біз «Қала көшелеріндегі қауіпсіздік шараларын реттейтін» жаңашыл жобалар дайындап әкелдік. Қауіптің алдын алу үшін көліктердің жылдамдығын өлшейтін қажетті құрал жасадық. Құрылғы қатты жылдамдықпен келе жатқан көлікті бірден анықтайды да, жаяу жүргінші жолын өздігінен жауып тастай алады,– дейді Дүйсенғалы Мұхаметжан.
Павлодардағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Ринат Жұмабаевтың айтуынша, биыл чемпионат өткізуде бірқатар жаңашылдықтар енгізілген. Чемпионат алғаш рет біздің облыс орталығында өткізіліп, тікелей онлайн-трансляция арқылы көрсетілді.
Чемпионатқа халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары – зияткерлік мектептің талантты оқушылары Yakutsk International Science Fair-2018 гран-при иегері Нұрдәулет Таумергенов, әлемдік 10 үздіктің қатарына енген Софья Кокорина қатысты.
Сөйтіп WRO чемпионаты қорытындысы бойынша Үздік команда абсолютті чемпиондықтың арнайы кубогын – Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебі иеленді.
Бұл мектеп WRO-дан елімізде, әлем бойынша жоғары жетістіктер көрсетіп келеді. Робототехника курстары жүйелі жұмыс жасауда. Чемпионатта WRO-ның басқа да жұлдыздары жоғары нәтижелер көрсетті.
Былтыр Тайландта өткен дүниежүзілік робототехникалық олимпиадада әлемдік топтың 10-дығына енген көкшетаулық Софья Кокорина бұл жолы да жеңіске жетті.
Шығармашылық категорияда талдықорғандық Даниил Филимоновтың «Робот-суретші» жобасы көпшілікті таңғалдырды. Алматы облысы Алакөл ауданы Жыланды ауылының «RoboReBoot» командасы ауыл мектептерін қолдауға арналған марапатқа ие болды.
Ал «Creativity Award» аталымы бойынша жүлде Павлодар, «Girl power» Семей, «Engineering Simplicity Honors Award» жүлделері Талдықорған қаласының зияткерлік мектептеріне берілді.
Үздік робототехника білгірлері медальдар, дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Енді жеңімпаздар биыл 14-16 қарашада Будапешт қаласында өтетін WRO-2019 олимпиадасының әлемдік кезеңіне қатысады.
Павлодар