Түркиялық ғалым, сарапшы Күршад Зорлы «Томирис» фильмнің трейлері жарияланған кезде twitter-де «Томирис фильмі. SATAI Film оны көрерменге ұсынуға даяр... Бұл жерде алғаш рет жариялап отырмын. Б.з.д VI ғасырда сақтар Ұлы даланы басып алғысы келген парсы патшасы ІІ Кирдің әскерін тас талқан етті. Ол қолбасшы – Томирис хатун-дүр. Түрік кинематографтары мұны елімізге алып келмей не қарап жүр?» деп жазған-ды. Сөйтіп түріктер фильм трейлеріне айрықша қызықты. Әзербайжандықтар да ерекше назар аударды. Былтыр қараша айында «Күлтегін» анимациясы жарыққа шыққанда да түркиялықтар елең ете қалғаны бар. Сол кезде TRT AVAZ арнасының twitter-дегі аккаунты «Күлтегін» анимациясы Қазақстан астанасында көрсетіле бастады.
Фильм екінші Түркі қағанатының қолбасшысы Күлтегіннің өмірін сипаттайды» деп жазып, оны түркиялықтар мен әзербайжандықтар көп бөліскен. Сол кезде де бауырлас халықтардың түп тарихқа құмар екенін байқағанбыз. Шамасы, әркім «жеке батыр» болып өмір сүру қиын екенін, көне замандағыдай жұмылған жұдырық болсақ қана ұшпаққа шығатынымызды сезетін болса керек. Әлде, В.Ленин айтқандай, «Кино – өнердің ішіндегі ең маңыздысы» болып қала беретінін аңғарта ма, кім білсін?! Біз тек көне тарих заманауи мәдени-гуманитарлық интеграцияға тамаша қызмет жасайтынын сезіндік. Ал Қазақстан түркі тарихының тереңіне үңілген туындылар әзірлеу арқылы туыс халықтар үшін іс жүзінде қарашаңырақ бола алатынын байқатып келеді.
Өнер де интеграцияны тереңдетуге қызмет етеді
Жалпы түркі халықтарының бір-бірімен қайта табысуы, интеграциялық процестер саяси қадамдардан гөрі, мәдени-гуманитарлық бағытқа қарай бұрыла бастағанын байқаймыз. Біз сөз етіп отырған фильмге бауырлас халықтардың қызыға қарауы соның айғағы. Өйткені, жаһандық супердержавалар аймақтық интеграциялардың тереңдеуіне тек өз мүдделеріне сәйкес келгенде ғана мүмкіндік беретінін байқап жүрміз. Кезінде «Орталық Азия одағы құрылады» деген әңгіме шыққан, бірақ кейін сол одақтың бел ортасында жүруі тиіс бірқатар мемлекеттер оңаша болғанды қалайтынын байқатқан. Түркі интеграциясы мәселесінде де сондай үрдіс бар. Бірақ мәдени-гуманитарлық интеграцияның сипаты бөлек. Халықаралық Түркі академиясы әзірлеген «Ортақ Түркі тарихы», «Ортақ Түркі әдебиеті» оқулықтарын Түркі кеңесіне мүше елдердің мақұлдауы, кейін «Ортақ Түркі географиясы» оқулығын әзірлеуге білікті мамандарын жіберуі бауырлас халықтар арасындағы байланыстардың ғылыми, мәдени-гуманитарлық бағытта өрбігені тиімді екенін көрсетеді. Яғни, бүгін бір-бірінің туыс екенін біліп өскен ұрпақ, ертең саяси-экономикалық интеграцияның тереңдеуіне қызмет етері сөзсіз. Түркілер бір одақ құрмағанның өзінде бір-біріне кедергі жасамай, тілеулес болып отырады. Интеграциялық процесте бұл да маңызды. Ал тарихты тереңнен бастау, бауырлас халықтардың отау болып бөліне бастаған тұсын емес, іргесі ажырамаған кезін халықтың санасына сіңіру үшін маңызды. Туыс халықтардың «Томирис» фильміне қызығуынан туындының сол қызметті атқарып тұрғанын аңғардық.
Қазақстанда түсірілген «Томирис» фильмі мен «Күлтегін» мультфильмі түркінің тарихи танымын жаңғыртуда өзгеше сипаттағы туындыға айналды. Өйткені арғы тарих жайлы туынды жасаған түркі мемлекеті жоқ. Түркияның өзі сақтар мен ғұн заманы, Түркі қағандығы түгілі, берідегі Селжұқ империясы туралы фильм түсірмепті. «Түркие» газетінің колумнисі Мерием Айбике Синан «Томирис» фильмін кім әкеледі?» деп аталатын мақаласында Томиристі Алып Ер Тұңғаның тікелей ұрпағы дейді. Түркі тарихындағы ең алғашқы билеуші-бибі деп сипаттайды да «Тарихи фильмдер мәселесінде біраз олқы тұстарымыз бар. Осман империясынан әріге бара алмай жүрміз. Әлі күнге Селжұқ заманы туралы бірде-бір фильм түсірмедік. Өзге түркі мемлекеттері жайлы фильмдеріміз көбіне утопияға ұқсап кетеді... Жас кезімізде Хусейін Нихал Атсыздың «Бозқұрттар» дейтін романын оқығанда бұл кітаптағы оқиғалар желісімен фильм түсірілсе ғой дейтінбіз. Өкінішке қарай, Көктүрктерді, Күршад пен қырық сарбазын жырлайтын бұл романды фильмге айналдыратын режиссер өсіріп шығара алмадық» деп жазды. Содан соң «Ертұғрыл» сериалын түсірген Мехмет Боздағ пен TRT арнасының бас директоры Ибрахим Ереннен «Томиристі» Түркияда көрсетуге мұрындық болуды сұрапты. Қысқасы, түркиялықтар қазақ жасаған фильмді есте жоқ ескі замандағы бабалар рухын сезіндіретін туынды ретінде бағалайтын болса керек. Әрі сақ заманына түркиялықтардың назар аудара бастағанын аңғартады. Бұрын түрік оқымыстыларының көбі сақтарды түркі тарихына қатысы жоқ қауым ретінде бағалайтын. Соңғы жылдары бұл көзқарас өзгеріп келеді. «Томирис» фильмі де осы өзгерістерге үлес қосуы бек мүмкін.
Іргеміз ажырамаған кездерге бара алмай жүрміз
Тарихи оқиғаларды көркем туынды етіп жасаған жақсы әрине. Себебі фильм де, анимация да белгілі бір мөлшерде халықтың таным-түсінігіне әсер етеді. Бұқараның кітап оқуы азайып, академиялық еңбектердің тілі тым күрделеніп кеткен заманда тарихи сананы фильмдер арқылы да қалыптастыруға болады. Мәселен, режиссер Ридли Скотт түсірген «Гладиатор» деген фильм бар. Сол фильмдегі Рим императоры Марк Аврелий өмірде болған адам, ал Максимус Децим Меридийдің есім-сойы ешбір тарихи құжатта кездеспейді. Бірақ фильмді Рим дәуірінің шындығы ретінде бағалайтындар да кездеседі. Сол сияқты «Адмирал» фильмінен кейін отандастарымыздың бірқатары адмирал Колчакқа сүйсінгені есте қалыпты. Оның қазаққа жасаған қысастығын ұмытып кете жаздағанбыз. Қысқасы, біраз жұрт фильмдер арқылы тарихи таным қалыптастырып жатыр. Тура біздің Ілияс Есенберлиннің еңбектері арқылы Алтын Орда мен Қазақ хандығы дәуірін елестететініміз сияқты дүние.
Қазақстанда Түркияның TRT телеарнасы түсірген «Тірілу. Ертұғрыл» сериалы танымал болған-ды. Әйгілі Осман империясын құрған тұлға Осман ғазының әкесі Ертұғрыл туралы айтылады. Түріктер сериалды әлі де жалғастырып жатыр, алайда оның соңғы бөлімдері біздің арналарға жеткен жоқ. Дегенмен оқиға желісі ХІІІ ғасырдың орта тұсына сәйкес келетін сериал қазақстандықтарды ғана емес, түркі жұртының барлығын, тіпті арабтарды да қатты қызықтырған. Одан бөлек түріктер Fetih-1453 деген фильм түсірді, бірақ оны біздің көрермен естіген де жоқ. Біз тек заманауи сериалдары мен Кануни сұлтан Сүлейман жайлы сериалды ғана білеміз. Қырғыздың тарихи фильмдерінен қазаққа ең танымалы «Құрманжан датқа» ғана. Өзбектер әйгілі Жалал ад дин Мәңгіберді жайлы фильм түсіріп жатыр екен. Бірақ ол әзірге жарыққа шыққан жоқ. Хорезмшах Мұхаммедтің баласы, Шыңғыс қағанға ұзақ уақыт бойы қарсылық көрсеткен, қаған да іштей құрмет тұтқан тұлға деседі білетіндер. Әмір Темір жайлы фильмнің де сценарийі даяр деседі. Бірақ түсіру жұмыстары басталмапты. Орыстардың «Ордасы» да, «Моңғолы» да, қытайлар түсірген «Шыңғыс хан» мен «Құбылай хан» сериалдары да, қысқасы түркі тарихына азды-көпті қатысы бар туындылардың барлығы дерлік бауырлас жұрттардың іргелері ажырап, қарашаңырақтан бөлініп, жеке-жеке этнос ретінде қалыптасуының басталған кезіндегі оқиғаларды сипаттайды. Арғы тарих емес. Бәлкім, содан да шығар, Жәлел ад-Дин Мәңгіберді немесе Ертұғрыл жайлы туындыларда Шыңғыс пен оның ұрпақтары – ата жау. Шыңғыс қаған жайлы фильмдер мен сериалдарда Орталық Азия мемлекеттерінің әміршілері хас дұшпан ретінде сипатталады. Теріскейдегі жұрт түсірген фильмдерде, айталық «Ордада» біздің бабалар қаныпезер, қатыгез, тіпті даланың тағылары сияқты суреттеледі. Қысқасы, тарихи фильмдерді әркім өз ұлтының танымы мен идеологиясы тұрғысынан түсіріп жатыр. Демек, әр елдің өзіндік тарихи танымы тұрғысынан баға беріліп жатыр деген сөз. Біз де «Алмас қылыш» фильмінде Мұхаммед Шайбаниді тым ұрда-жық, дөрекі, кеудемсоқ қылып көрсеткенбіз. Әлеуметтік желі қолданушылары оның «қыз бейнелі» етіп сипатталғанын сынаған. Киіміне де мін таққан. Ал біздің тарихта Қасым ханның бөлесі һәм ең басты қарсыласы ретінде ғана қалған Мұхаммед Шайбани азулы шах Исмаилдің де бәсекелесі еді. Шах Исмаилдың Еуропаны дірілдеткен Осман империясымен тірескенін ескерсек, Қасымның бөлесі де оңай болмағаны. Бәлкім содан да шығар, шығыста суретшілердің пірі саналатын Кемаләддин Бекзат та Мұхаммед Шайбанидың бейнесін салыпты. Ол сурет бізге де жеткен. Бірақ Қазақ хандығының құрылуы кезінде ол біздің қарсыласымыз болды. Сөйтіп, бүгінгі шығармаларда біздің қолайымызға жағатын деңгейде суреттеліп жүр. Күллі түркі әлеміндегі жағдай солай. Әркім көрпені өздеріне тартумен әлек. Ал «Томирис» фильмі бұл тұрғыдан қарастырсақ, сипаты мен мазмұны бөлек дүние болғалы тұр. Кәдімгідей идеологиялық мәнге ие болған туындыға айналатын түрі бар. Өйткені Томирис – күллі түркі жұртына ортақ тұлға.
P.S. Жаһандағы түркілердің өткен дәуірлердегі бір-бір қаһарманды еншілеп алғаны байқалады. Өзбек ағайынның Әмір Темірі мен Жәлеладдин Мәңгібердісі бар, қырғыз ағайынның Манасы бар, әзербайжан жұрты әйгілі Сефевидтер мемлекетін мақтан етеді. Түріктер Алпарсылан мен Ертұғрылды, Осман падишаларын алға тартады. Бірақ Томирис пен Мөдені, Бумын мен Білге қағандарды мадақтап жатқан ешкім жоқ. Ал олардың дәуірі барша түркінің бір тудың астына жиналған кездері еді.