Технология • 31 Шілде, 2019

Жас физиктер – Ядролық технологиялар паркінде

613 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бәрімізге белгілі, Шығыс Қазақстан облысына қарасты Курчатов қаласында «Ядролық технологиялар паркі» АҚ орналасқан. Осы орталықта «Жас физик» атты жазғы физика-математика мектебі жұмыс істейді. Бұл мектепке жыл сайын каникул күндері Курчатов қаласының, Борас ауылының, көршілес Ақжар ауылы мектебінің оқушылары келеді.

Жас физиктер – Ядролық технологиялар паркінде

Жалпы, Курчатовтағы ядролық технологиялар кешені Кеңес Одағы кезінен құпия сақталды. Ал қазір Ұлттық ядролық орталық бұрын­ғы атом полигонының ғылыми әлеуетін бейбіт мақсатта пайдалану үшін қызмет етуде. Мақсат – ғылым жетіс­­тік­терін іс жүзінде пайдалану. Соны­мен қатар ғылымды наси­хат­тау, ин­но­вациялық ұсы­ныс­тар­ды қолдау, жас­тардың ғылым­ға деген қызы­ғу­шы­лығын артты­ру да орта­лықтың қосымша қызмет­терінің қата­рына кіреді. Сол себепті орталық­тағы жаз­ғы төңіректегі ауыл­дар­дың оқушылары жиі келіп, білім­дерін шыңдайды. Биыл Павло­дар облысы Май ауданы Ақжар ауылы­ның оқушылары келді.

Ақжар орта мектебінің физика пәні­нің мұғалімі Ардақ Мүтәннің ай­туынша, Курчатовта ашылған жаз­ғы физика-математика мектебінің мақсаты − оқушылардың физика, математика, жаратылыстану ғылым­дарына деген білімдерін толық­тыру және қызығушылықтарын арттыру, болашақта технопаркте қызмет ететін мамандар дайындау.

Жазғы мектептің бағдарламасы бойынша оқушылар арнайы ғылыми дәрістер тыңдап, тіпті ғалымдармен бірге технологиялық парктің зертхана­ларында түрлі тәжірибелер жасау­­ға да қатысты. Оқушыларға Л.Н.Гу­ми­­лев атындағы Еуразия ұлттық уни­­вер­­ситетінің профессоры Г.Қаб­дырахымова, «Болашақ» халықара­лық стипендиясының иегері, магистр Мейіржан Темірбаев «Ядролық ме­ди­цина және технология», «Радиа­циялық қауіпсіздік және бақылау», «Радиациялық экология негіздері» тақырыптарында дәріс оқып, қосымша сабақтар өткізеді.

– Ядролық технологиялар мұнай құбырларын тазалауға, радиофармацевтикада қолданылатын препараттар және өте мықты қаптағыштар жасауға қажет. Сондай-ақ адамның ағзасындағы ауруды анықтау үшін қолданылатын, физиктер емдеуде қолданылатын сәуле жіберу жабдық­тарын жасайтынын білдік, – дейді оқушы Айдана Серікбайқызы.

Сабақ барысында оқушылар спектрометрия әдісімен радионуклидтік анализдер, тірі организмдердің мутацияларын зерттеу тақырыптарында зертханалық жұмыстар жүргізген.

– Біз Семей полигоны болған ай­мақтағы Ақжар ауылында тұрамыз. Курчатов қаласы ауылға жақын орна­ласқан. Осы жердегі технопарктің физи­ка мектебіне жазда келіп, техни­ка­лық білім аламыз. Мамандық таң­дау­да бұл аса қажет. Ғалымдардың ай­туынша, ядролық технологиялар ар­қылы мұнай, медицина, басқа да сала­ларда қолданылатын алуан түрлі бұ­йымдар жасауға болады екен. Бола­шақта ядролық физика отандық эко­номиканы дамыта­тын уақыт келе­ді. Сондықтан инженерлік инфра­құ­­ры­лым саласына жоғары білікті ма­ман­­дар қажет екенін түсіндік, – дейді Бекзат Құмархан.

Оқушылар дәрістен соң орталық­тағы ТОКАМАК КТМ, EAGLE, СИП сияқты зертханалар мен музейге экс­кур­сия жасап, «Ұлттық ядро­лық орталық» туралы фильм көрді. Сондай-ақ физика пәнінен брейн-ринг білімгер байқауына қаты­сып, алғырлықтарын көрсетті. Ақжар мек­тебінің оқушылары Әскербек Асыл, Майырбай Қази, Айдана Серік­баева, Бекзат Құмарханов, Мадина Ахмедиева, Айша Еркен, Ульзана Амангелді, Хамит Жанбота «Жас физик» жазғы мектебінде оқығандарын растайтын сертификаттарға ие болды.

– Әрине ауыл балалары да физика-математика пәндеріне қабілетті болуы тиіс. Мектебіміз еліміздегі білім беру саласындағы өзгерістерге сай жаңартылған мазмұнға көшуде және кең жолақты интернет жүйесіне қо­сылған. Информатика пәні экспе­римент ретінде ағылшын тілінде өткі­зілуде. Біз «Ядролық технология­лар паркі» АҚ басқарма төр­ағасы А.Борисенко мен еліміздің «Ұлт­­тық ядролық орталығы» РМК Бас ди­рек­торы, физика-математи­ка ғы­лым­дары­ның докторы Э.Батыр­бековке риз­а­шылығымызды білді­реміз, – дей­ді мектеп директоры Олим­­пиада Әубәкірова.

Ал орталық мамандары «Ядро­лық технологиялар паркі» АҚ атынан жазғы физика-математика дә­ріс­теріне қатысқан әрбір оқушы­ға са­бақ­қа қажетті құралдар, мек­теп кі­тап­ханасына «Физика әлемі» тақырыбындағы түрлі кітаптар сыйға тартты.

 

Павлодар облысы,

Май ауданы