26 Наурыз, 2010

БІР ТІЛДЕ СӨЙЛЕУ – БІРЛІК БАСТАУЫ

967 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Тіл мүддесі — ел мүддесі Мемлекеттік тілді түлету мен қажеттікке айнал­ды­ру­дың жолы сан алуан. Бұл орайда Отанымызда атқа­рылған іс аз емес. Соның бір әдемі үлгісін Парламент Мәжілісі көрсетті. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында “Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі” деген тақырыпта алқалы жиын өткізіп, тіл толғауын биік мінберден алуан түрлі әңгімеге арқау етті. Ғылыми-практикалық конференция жайлы бұдан бұрын хабар берген едік. Енді сол алқалы жиында баяндама жасап, жетістігіміз қайсы, олқы тұсымыз неде деп ағынан жарылған Мәжіліс Төрағасынан бастап, белді де беделді салалардың тізгінін қолға ұстап келе жатқан азаматтардың айтқан ой-байламдарын оқырманға ұсынып отырмыз. Заң шығарушы органның бұл қадамы өзгелерді ойландырып, білек сыбанып, үн қосып жатса құба-құп. Тіл мәселесінде барлығымыз үшін бағдаршам болуға тиісті заңнамалық актілер бар. Олардың біріншісі – “Қазақстан Республикасындағы Тіл­дер туралы” Заң, одан кейін – Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Осы негізгі құжаттарда айтылған біраз жайдың орындалмай жатқаны белгілі. Алдымен Тіл туралы Заңды алайық. Заң­ның 4-бабында “Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс қа­ғаз­дарын жүргізу тілі”, – деп жазылған. Бірақ осы қағиданы ойдағыдай жүзеге асыруда мемлекеттік органдарда нақты әре­кет тіпті жеткіліксіз. Республиканың мем­лекеттік органдары мен ұйым­дарында заңдарды, қаулы-қарарларды және басқа ресми құжаттарды жауапты адамдар негізінен орыс тілінде дай­ын­дайды, ал олардың мемлекеттік тілдегі нұсқасын дайындау тұтастай аудар­ма­шының еншісіндегі іске айналды. Өзімізге тікелей қатысы бар мемлекеттік тілде заң әзірлеу мәселесіне тоқталсақ, Мәжіліске заң жобаларының дені Үкіметтен түседі. Үкімет заң жо­баларын мемлекеттік тілде дайындау ісінде әлі күнге ескі әдеттен арыла алмай келеді. Заң жобалары алдымен орыс тілінде әзірленіп, содан кейін ғана мемлекеттік тілге аударылып жүр. Заң шығарушы орган болғандықтан, біз үшін ең үлкен шешілмеген мәселе осы. Және бұл мәселенің төңірегінде істен гөрі сөз көп. Іс де­мек­ші, мемлекеттік тілде заңнамалық актілер әзір­леу қолдан келмеген жағдайда,  тым болмаса оларды аудару сапасын жақсарту жөніндегі әңгіме­нің айты­лып келе жатқанына да көп болды. Алай­да, Үкімет Кеңсесі өз ішінен Мәжіліске енгізілетін заңнамалық актілердің мемлекеттік тілдегі нұсқа­сына сараптама жүргізіп, аударма сапасын тексере­тін бір құрылым жасақтай алмай-ақ қойды. Осы мәселе бойынша да алдағы уақытта Үкімет тара­пы­нан нақты іс-шаралар күтеміз. Тіл туралы Заңның 23-бабында: “Мемлекет­тік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік та­лап­­тарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, ма­ман­дықтардың және лауазымдардың тізбесі Қа­зақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді” деген норма бар. Осы бір ғана норманы өмірге енгізудің өзі мемлекеттік тілдің жағдайын көп ілгері жыл­жытар еді. Жалпы, мемлекеттік тілдің қол­да­нылуына қатысты нормаларды анықтай түсу әрі жетілдіру үшін “Тіл туралы” Заңға өзге­рістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі де туындап отыр. Бағдарламалық құжаттарда жазылған талап­тар­дың орындалмайтынына, соның салдарынан аса зәру мәселелер шешімін таба алмай, проблемаға айналып жататынына мынадай бір қарапайым мысал келтірейін. Тілдерді қолдану мен дамы­ту­дың 2001-2010 жылдарға арналған мем­ле­кеттік бағ­­дарламасында оның мін­дет­терінің бірі ретінде “Мем­лекеттік тер­ми­но­логиялық комиссияның мәртебесін арттыру, оның ережесін, міндеттерін, құ­рылымын қай­та қарау” көрсетілген. Алайда, бұл талап орындалмады. Терминология бүгінгі күні ең күрделі және проб­лемасы көп сала. Қазір не көп, жа­ры­са шығып жатқан жаңа сөздер көп. Сөздіктер ала-құла. Кә­сі­би, салалық, ғылыми тер­мин­­дердің әр жерде әртүрлі жазы­луы бәрімізді де жаңылдырды. Қайбір басы­лым­дар сөзжа­сам­ның неше түрлі нұсқа­ла­рын ұсынып жүр. Олардың принципіне сүйенсек, ауда­рыл­майтын бірде бір сөз бол­мауы керек. Қазақ тілінде тер­мин қабылдаудың ғылыми принциптерін негіздеп, қа­лып­тастыру жолында көп еңбек сіңірген, термин жасауда тіліміздің мүмкіндігін сарқа пайдалану керектігін жақтаған ғұлама ғалымдарымыздың бірі Құдайберген Жұбановтың өзі де халықаралық терминдерді жаппай аудара беруге болмайтынын ескерткен еді. Керек жерінде аударған жөн шығар. Алайда, оңды-солды аударудың салдарынан жұрттың қылжағына айналған сөздер көбейіп, кейде өз сөзімізді өзіміз түсінбей жататын жағдайға жеттік. Мысалы: “Қылтимаға шығып, шаптырмаға қарадым” деген сөзге не дерсіз. Мұндай әрі айтуға ұят, әрі мүлдем түсініксіз тәржімелерді өздеріңіз де кездестіріп жүрген шығарсыздар. Сол секілді газетті – “жа­риядат”, минералды – “арасан”, энцикло­пе­дияны – “мағлұтнама”, технологты – “жаса­лымгер”, таблетканы – “түймедақ”, дражені – “қаптама”, т.б. дейтін келеңсіз тенденция бар. Жаппай тәржімелеу мен бет-бетімен термин жасаушылық осыған жеткізіп отыр. Бұл мәселеде тәртіп болмаса, қалың жұрт­шы­лықты былай қойғанда, термин жасаушы маман­дары­мыздың өзі көп ұзамай әбден шатасатынын, ал уақыт өте келе оны ретке келтіру өте қиынға соға­тынын қазірдің өзінде сезіп отырмыз. Бұл жағдай заң мәтінінің аудармасымен жұмыс істеу барысында депутаттар қауымына бір ұғымның бірнеше нұсқасын ұсынып, қиындық туғызып жүр. Бұдан шығатын қорытынды Терминкомға мемлекеттік орган мәртебесін беру керек. Қазір Тер­минком шешімдерінің мін­детті күші жоқ, сондықтан ол бекіткен сөзді алуға да, алмауға да болады. Терминкомды мемлекеттік орган ретінде қайта құрудың мүмкіндігі болмаса, оның шешімдеріне Үкімет қаулысымен міндетті күш беру керек болар. Терминологиялық электрон­дық қор жасау жө­ніндегі әңгіме де шешімін таппады. Әлі күнге дейін осындай қордың болмауы­нан бір терминнің алты рет қа­был­данған кезі де болыпты. Тер­мин­­ком терминдер мен атаулар мәселесін мықтап қолға алуға тиіс. Қоғам өмірінің эко­номика, ғы­лым, білім, мәдениет пен өнер сияқ­ты секторлары өз кезегінде сала-салаға тарамдалып кететіні белгілі. Міне, осы салалардың әрқайсы­сында басшылыққа алы­натын бір ғана сөздік болуға тиіс. Оған сол сала­да шығып  үлгерген барлық сөздік­тердегі қам­тыл­ған және жұртшылық қабылдаған сөздер екше­­ліп алынуы керек. Бұл жерде ескерте кететін бір мә­селе, мен ресми тіл, заң термин­дері жөнінде ай­тып тұрмын. Ал жалпы қазақтың тіліне мұндай талап қоя алмайтынымыз белгілі. Бір ұғымды бір­неше синониммен айтуға болатын қазақ тілінің мүм­кіндігін мұндай талаппен тұсаулап тастауға, әрине, болмайды. Тіліміздің толыққанды қолданылуына қатысты тағы бір өзекті мәселе бар. Ол көпшіліктің қолы жетімді электронды ақпарат құралы – телевизия­дағы тілдің жайы. Бұл тұрғыдан да көп әңгіме қозғауға болады... Тағы бір назар аударатын мәселе, ендігі жерде саны ұлғайған қазақ мектептерінің беделі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесі. Рас, қазақ мектептерінің әртүрлі жарыстарда алып жүр­ген орындарына, басқа да көрсеткіштеріне қара­ған­да, өзге мектептерден кем емес сияқты. Ал байы­бына барып қарайтын болсаңыздар, бұл көр­сеткіштер негізінен жекелеген қабілетті бала­лар­дың үлесіне тиіп жүргенін көреміз. Былайша айт­қанда, құдайға шүкір, қазақтың дарынды балалары аз емес. Менің айтпағым – қазақ мектептерінің жалпы деңгейін көтеру. Жасыратыны жоқ, бала­сын қазақ мектебіне намысқа тырысып беріп жататын жағдайлар да аз емес. Осының өзі-ақ көп нәрсені аңғартады. Қазақ мектептерінің беделі мен атақ-абыройы біздегі түрік лицейлеріндей асқақ­тап тұрса, қазақ қана емес, басқа ұлт өкілдері де баласын қазақ мектебі­не беруге ынталы болар еді. Қазақ мектептерінің қажетіне баса көңіл бөлініп отырған дәл қазіргідей кезеңде олардың деңгейін мейлінше көтеру – осы салада қызмет етіп жүрген барша азаматтары­мыз­дың қастерлі міндеті әрі ұлт алдындағы парызы. Мемлекеттік тілді лайықты деңгейде оқытып-үйретуді басқа мектептерден де талап ету керек. Өзге ұлт мектептерінде оқитын балалар мектеп бітіргенде қазақ тілін игеріп шығатын жағдайға қол жеткізу керек. Жоғары оқу орындарында да қазақ тілін оқытудағы мақсат осындай болуға тиіс. Алдымызда тұрған ендігі міндет – жоға­ры­да­ғыдай жайларды және олардан туындайтын өзге де мәселелерді байыппен шешу. Айналып кел­ген­де әңгіме бәріміз білетін “Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін” деген қағидаға келіп тіреледі. Тіліміз қоғамда өз дәрежесінде қолданылуы үшін қазаққа осы талапты орындаудан артық ештеңе істеудің керегі де жоқ. Біз кейде көп мәселенің өзімізге тіреліп тұрғанын ойлай бермейміз. Орал МҰХАМЕДЖАНОВ, Парламент Мәжілісінің Төрағасы, “Нұр Отан” Халықтық Демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі.