Руханият • 24 Ақпан, 2020

Сөз сойыл №89

3409 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кешірілер кемшілік

«Егемен Қазақстан» газетінің басшысы кезінде журналист Сауытбек Абдрахманов Сыр бойындағы бір іссапары барысында Шиелідегі «Қазатаомөндірісіне» қарасты №6 кен басқармасына соғады. Жергілікті әкімдер мен кен басқармасының басшылары күтіп, жұмыс жағдайымен таныстырады. Соңынан қорытынды жиын өтеді. Соңынан сөз алған қаламгер өз тұжырымдарын айта келіп: «Негізінен жұмыстарыңыз дұрыс секілді. Дегенмен, бір кемшіліктеріңіз бар екен..» деп басшыларға сынай қарайды. Лауазымды адамның аузынан «кемшілік» деген сөз шыққаннан: «Ойпырмай, қай жағымыздан құдай ұрып қалар екен» деп жергілікті басшылар қыпылықтай бастайды. «Кемшіліктеріңіз сол... руға бөлінеді екенсіздер..» дейді Сауытбек. Басшылардың бірі: «Жоқ, ә, бізде бөлінушілік жоқ», десе, екіншісі мойындағандай: «Қазақ болған соң, ондай-ондай кездесіп қалуы мүмкін...» деп күмілжиді. Шамалы үзіліс жасап алған Сәукең: «Және де оларыңызды әр жерге жазып қояды екенсіздер» деп қадала түседі. «Олай емес десеңіздер, РУ-6, РУ-4, РУ-3» деген жазуы бар көрнекілікті қалай түсінеміз?» дейді күлместен. Осы кезде алдыңғы сөздің зілінен сасқалақтаған басшылар Абдрахмановтың әзілдеп отырғанын енді аңғарғандай жамырай сөйлей жөнелісіпті: «Ойбай-ау, ол мекеменің аты емес пе, РУ-деген «Руда Управление» дегеніміз ғой...

Сөз сойыл №89

 

Діріл мен дүріл 

 Белгілі журналист Ақайдар Ысымов алпыстан асып екінші некелі әйелінен ұлды болып, қуанышын өзі туған ауылы – Телікөлде атап өтеді. Бұл жиынға негізінен институтта бірге оқыған жақын достары, сыйлас жора-жолдастары қатысады. Көңілді дастархан басында белгілі тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасаров даусын мың құбылта дірілдетіп, әртістік мәнермен жұрттың ішек-сілесін қатырып отырса керек. Көпшілікпен бірге жадырап отырған Сауытбек те әзілді ары қарай жалғастырып: «Дегенде жасы алпыстан асқан кісінің дірілден аулақ болғаны жөн. Әсіресе, сен... Ақайдар байқа!», дейді астарлай сөйлеп. Сол кезде Ақаң саспастан: «Ә, мына қызықтың бәрі – сол діріл мен дүрілдің арқасы шығар...» депті.

Емге таппайсың

 Кеңес одағы кезінде, сонау жетпісінші жылдардың бас кезі болса керек, сценариін жас талант жазушы Дулат Исабеков жазған «Гауһартас» фильмі түсіріліп, Мәскеуге бекітуге «Госкиноның» бастығы Қалтай Мұқамеджанов алып барады. Талқылаудан соң одақтық комиссия фильмді негізінен экранға жіберуге келіседі де, идеология жағынан бір ескертпе жасайды. «Бәрі жақсы, дегенде фильмде орыс ұлтының бірде бір өкілі жоқ екен», дейді. Қашанда қалжыңы дайын Қалтай ағамыз сонда: «Сиыр бағатын, шошқа бағатын орыстар Қазақстанда бар, ал қой бағатын бір орысты емге таппадық» – деп әзілге сүйенген уәж айтып тапқырлық танытқан екен.

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

Қызылорда облысы

 

 Сауатсыз пенденің сиқы

Сол сауатсыз пенде,

Құмар болып шенге –

Өсектеп жүріп өзгені,

Өсіп кетті демде...

 

Бастықтың қабағын «бақты»,

Жағымпазданып жақты...

Беретінін беріп,

Өзгені сыртынан «сатты...».

Өсекшіл, озбыр, өсудің,

Осылай амалын тапты.

 

Бүгінде өзі болғандай,

Төрт жағы түгел толғандай,

Кеудесін керіп көсемсіп,

Сөйлейді сол сормаңдай...

 

Ғасыр пендесі

Керемет күтім,

Киімі бүтін.

Сусыны – шарап,

Тамағы – түтін.

 

Қымбат небір,

Көлігі темір.

Құлқыны құрдым,

Құрысын-ай, жебір...

 

Айтпайын атап,

Арманы – атақ...

Ойпырмай, ойы –

Мансап пен мадақ.

 

Тілін төсеп,

Айтатыны – өсек:

Бәсеке...

Күндеу...

Бір күнгі «төсек»...

Жат оған таныс,

«Жыр-әні» – табыс...

Қарпып қалу,

Болса егер «шанс»...

 

Кәсібін «неке»-леп,

Кәттаны «көке»-леп...

Кей жерде «прямой»,

Кетеді «төтелеп»...

 

Бұндайлар жалпы,

Бұрыннан қалпы –

Өзінен зорға,

Жағыну салты...

 

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ

 ҚЫЗЫЛОРДА

 

Тікенек сөз

Тапаншаңыз болса – банк тонай аласыз. Ал банкіңіз болса – онда бүкіл елді тонайсыз...

***

Егер арыстанмен бірге ашаршылыққа тап келсең – арыстан сенен кейін өлетіні анық.

***

Сыйлықтың мықтысы – ақша, өйткені ол менде бар деп ешкім айта қоймайды.

***

Егер армия мен полицияның айлығын бір мезгілде бірден үш есеге өсіре қойса, онда билік халықтан қорқып отыр деген сөз.

***

Жер бетінде бәрі жақсы болса бала туылғанда жан ұшыра шырылдап дүниеге келмес еді.

 

Тәлтірек

Ел аузында мынадай бір тәмсіл бар. Тәңірім адамзатты, жан-жануарларды жарат­қаннан кейін оларға қанша жас бері­летінін періштеге нақтылап түсіндіріпті. Періште бәріне белгіленген жасын үлестіріп, қандай жағдайда өмір сүретінін баяндапты.

Ең бірінші адамға бұрылып:

– Саған 35 жас беріледі. Өмірің мәнді де мағыналы да болады. Мына жалпақ әлемге үстемдігіңді жүргізесің. Жердің үстіндегі, астындағы байлықтың бәрі сен үшін. Бірақ оны бейберекет шашып-төкпей, ысырап қылмай, ашқарақтанбай, ашкөзденбей, қиянатшыл, қатыгез, қайы­рымсыз, пәлеқор, есерсоқ, мақтаншақ болмай қажетіңе жарата бер.

– Осыншама байлықты менің мен­шігіме бергеніңізге рахмет. Бірақ 35 жыл өте қысқа мерзім, – депті адам.

Есекке 45 жас беріпті.

– Өмірде бейнетің көп болады. Ауыр-ауыр жұмыстарға жегілесің. Еңбегіңмен тапқаның өзіңе бұйыра бермейді.

– 45 жыл өмір сүрсем, көргенім ылғи бейнет болса, ұзақ жастың керегі не? 20 жасты алып таста, – деп есек бұртиыпты.

Адам есек алмаған 20 жасты сұрап алыпты.

Итке 40 жас бұйырыпты.

– Үйің болмайды, күйің болмайды. Не болса соны талғажау етіп, бұратылып өмір сүресің. Күндіз де, түнде де әр нәрсеге үріп, адамға қызмет етесің. Айтақтаса әупілдеп үресің, «кә, кә» десе адамның қасында еркелеп жүресің, – дейді.

Ит 20 жас артық деп бас тартыпты. Оны да адам сұрап алыпты.

Періште маймылға бұрылып:

– Саған да 40 жас берілді. Ағаштан- ағашқа, бұтақтан-бұтаққа секіріп, жа­пырақ жеп кекіріп жүресің. Тірлігіңнің бәрі сайқымазақ, көрінгенге күлкі бола­сың. Ыржыңдап күле бересің, жағымпаз, жарамсақ болып жүре бересің, – дейді.

– Ондай сүреңсіз өмірде ұзақ жасау­дың маған керегі жоқ. 20 жасты алып тастаңыз...

Маймыл алмаған жасты адам тағы да өтініп сұрап алыпты. Пенденің 35 жасқа келгенше көп ойланбай өмір сүріп, одан кейін есектей бейнет көріп, итшелеп тіршілік кешіп, қартайғанда алжып маймылға ұқсап, әркімге күлкі болатыны содан қалыпты.

Осы тәмсіл өмірге келгелі қаншама мың­жылдық өтті десеңізші? Заман өзгерді, заң өзгерді, қоғам өзгерді, жаһандану жүріп жатыр. Соған байланысты ма, кім білсін, кейбір пенделер хайуанаттардан сұрап алған жасын ретсіз араластырып пайдалана беретін болыпты. Кейбір жағымпаз, жарамсақ, мақтаншақтар өзіне берілген жастан кейін, бірден май­мыл­дың жасын пайдаланғанды дұрыс көреді екен. Қызметі, шені жоғары адам­дар­ға жарамсақтанып, оң жағынан бір, сол жағынан бір шығып мәймөңкелеп, өтірік ыржиып, қулығын асырып, ішкі­ есебін түгендеуді бірден бастап жібер­ген. Біреулерді қулығымен қуырып, сұм­дығымен суарады. Қызыл өкіметтің тұ­сын­да «біз маймылдан жаралдық» деп айғайлағанын естідік. Бірақ «маймыл ата­сы­ның» шежіресін ақыр-тақырына дейін таратып айтып бере алған жоқ.

Ал ит жасы имеңдеп кіріп келгенде шолақ белсенділер ұлып-ұлып жіберіп, Алаш көсемдерін, азаматтарын ортаға алып, «бұлар халық жауы, халық жауы» деп бірнеше жыл шәуілдепті. Олар үргеннен тыйылған жоқ. Әлі абалап жүр.

Неге осы халық мақал-мәтелдерінде, ер­тегілерде, тәмсілде ит туралы көбірек айты­лады? «Әй, ит өмір-ай» деп күр­сінгендеріне қарағанда, иттік жасай салу оп-оңай болса керек? Жаңа туған шақалақ кезімізде бізге итжейдені неге кигізді екен? Ит болып үріп жүрсін демеген болар? Несібесі иттікі сияқты мол бол­сын деген шығар? Әрі қарай несін ай­тамыз? Өздеріңіз білесіздер ғой. Дәл қазір есектен сұрап алған жасты еш­кім пайдаланғысы келмейді. Есек­тің басқа бірдеңелерін пайдаланып жүр­гендер аз да болса бар. Мәселен, миын, даусын, қырсықтығын, арамдығын кәдеге жарататындар табылады. Менің құр­дасым кәп-кәдімгідей бастық. Оған жиі барып тұрамын. Барған кезімізде қарама­ғын­дағы­ларға ақырады да жатады. Бір емес бірнеше рет көрдім.

Бірде:

– Әй, құрдас, әкең есек  жасын пайда­лан­ғанда сен өмірге келген болуың керек, – дедім.

– Нені оттап тұрсың, – деді төбе шашы тікірейіп.

– Қарамағыңдағыларға бастықпын деп ақыра бересің, ақыра бересің. Демек, әкең есек жасын пайдаланған кезде сені таптырған, ұқтың ба? – дедім.

Халық аузындағы тәмсіл есіне түсті-ау деймін, өңі жылынды. Ол пәленің іші бір нәрсені сезеді.

 1

Жүніс ҚОҚЫШҰЛЫ

Алматы облысы

 

«Қалталылар» туралы қағытпа

Екі мықты есеп-қисап жүр­гізіп отырады. Бір кезде біреуі көмекшісінен:

– Осы миллионда алты нөл жазылмаушы ма еді? – дейді.

– Дәп өзі.

– Яғни, екі миллион он екі нөлмен жазылады, – деп есепке түзету жасапты...

*  *  *

«Қалталылар» әңгімелесіп отыр.

– Ұнжырғаң түсіп кетіпті ғой!? Жағдайың қиын-ау деймін?

– Күнкөріс нашарлады! Қалтам қағылып барады, соңғы жүз миллион ғана қалды...

*  *  *

Байшыкештің әйелі шетелге кетіп бара жатқан күйеуіне:

– Қытайда ұрлық жасап қойма, ол үшін онда атып тас­тайды, – деп ескертпе жасайды.

– Жаным, қамкөңіліңе, жанашырлығыңа рахмет.

– Олар саған шығындаған оқтың құнын он есе етіп ең жақынынан өндіріп алады екен...

2

 

 

Мүйісті жүргізетін

Берік САДЫР

 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше