Волонтерлер қазіргідей кезде қамқорлық пен көмекті қажет ететін қоғамның осал топтарына көмек көрсетуде. Сонымен бірге тұрғындар арасында індетің алдын алу мен одан сақтануға қатысты жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Штаб мүшелері тарапынан ақпараттық парақшалар әзірленіп таратылуда. Волонтерлер өз қолдарымен тігіп, тұрғындарға тегін берілген медициналық бетперделер де оларға деген ризашылық сезімін туғызды. Мұндай жылы пікірді мұқтаж жандарға штаб мүшелерінің қолымен жеткізіліп берілген азық-түлік жиынтығы мен гигиеналық құралдарға қатысты айтуға да болады.
Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлнар Қабиеваның айтуынша, волонтерлердің қайырымдылыққа толы іс-қимылдары тұтастай өңір бойынша көрініс табуда. Облыс аудандары арасында оның басты легін 19 топтан құралған Шалқар ауданының волонтерлері бастап келеді.
– Аймақтағы әрбір волонтер тобының өзгені қайталай бермейтін өзіндік іс-жоспарлары бар. Бұлар қоғамдық өмірдің сан түрлі бағыттары бойынша құрылған. Әйтсе де олардың бәрінің алдына қойған мақсаттары ортақ. Бұл қиын жағдайға тап болған әлеуметтік топтарға қолұшын беру, – дейді Шалқар аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жанна Әбденова.
Бұдан бөлек облыс аумағында Қызыл Ай қоғамы облыстық филиалының волонтер жастары мен «Antikor» орталығының өкілдері қайырымдылық қағидаттарын ойдағыдай орындап жүргені де оң пікірге әбден лайықты. Қазіргі кезде облыс аумағында белгіленген айрықша режімдегі шектеу шараларына байланысты жеті блок-бекет жасақталды. Волонтерлер осы орындарда күндіз-түні жұмыс істеп жүрген мамандарға көмек беруге де бір кісідей жұмылған.
Бұл бағытта М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің жас дәрігер-резиденттерінен құрылған волонтерлер тобы нағыз ерлер мен қаһармандарға тән іс-қимыл көрсетуде. Әр ауысымда 14 адамнан тұратын волонтерлердің жұмыс тәртібі өте тығыз әрі өте күрделі. Олардың басты міндеттері белгіленген нұсқаулыққа сәйкес рұқсат етілген жүргізушілер мен кәсіпкерлерге арнайы қызмет топтары мүшелеріне және транзиттік тұрғындарды медициналық тексерулерден өткізіп, қызуын өлшеу әрі өзге де клиникалық өзгерістерді байқау болып отыр.
Олардың жинаған ақпараттары өз кезегінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандарына жолданады. Мәселенің арғы жағы бекітілген хаттама бойынша шешімін табады.
Дәрігер волонтерлердің бірі Руслан Арақбаев Ақтөбе – Атырау автотрассасы бағытында қойылған блок-бекетте тұтастай тәулік бойы екі адамнан кезекшілікке тұратынын айтып берді. Жас дәрігер-резидент отбасын құрған, сәбилері бар.
– Тұтастай елімізге қауіп-қатер төндіріп отырған індет кезінде осындай шешім қабылдауды азаматтық парызым деп есептедім. Коронавирус инфекциясы таралуын неғұрлым тезірек тежесек, қалыпты өмірге соғұрлым жақындай түсеміз. Бұған ешқандай күмәнім жоқ. Осындай өте күрделі кезеңде әріптесім Арман Амантаев екеуміз жай ғана бақылаушы болып қалғымыз келмеді, – дейді Руслан.
Русланның ой-тұжырымына сайсақ, өздерімен бірге блок-бекеттерде уақытпен санаспай кезекшілікте жүрген полиция мен әскери қызметшілер, санитарлық дәрігерлер мен дезинфектор мамандар, атқарушы билік өкілдері де дәл осылай ойлайды. «Кезекшілік кезінде бір-бірімізбен тез тіл табысып кеттік. Арамызда ешқандай түсінбестік туындаған емес. Әрқайсымыз өзіміз атқаратын міндеттерді терең сезініп жүрміз деп айтқым келеді. Алдағы уақытта да дәл солай бола беретініне сенімім мол», деп түйіндеді ол өз ойын.
Еліміздің әр азаматы өзінің әлеуметтік жауапкершілігін жас волонтер дәрігер-резидент Русланша сезіне алса, індетті соғұрлым тезірек жеңіп шығатынымыз анық.
АҚТӨБЕ