Экономика • 15 Мамыр, 2020

Қырыққабат – қиындық

556 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биыл Оңтүстікте көкөніс түрі көп егілді. Нәтижесінде төтенше жағдайға байланысты ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өз өнімдерін өткізуде бірқатар проблемаларға тап болды. Айталық қырыққабат өнімдерін ТМД елдеріне жөнелтуді жоспарлағанымен, дүкендер мен базарлардың жабылуына байланысты оған сұраныс азайды. Тіпті атыздағы гектар-гектар қырыққабат 5 теңгеге де өтпей жатыр.

Қырыққабат – қиындық

Бұл қиындық диқандар үшін биыл ғана пайда болған жоқ. Жыл сайын қайталанады деуге болады. Мақта­арал­дық диқандардың арасында «Диқан­шылық – карта ойыны» деген қағида бар. Бір жылы ұтсаң, енді бірде ұтыласың.

Үнемі ұтыста болу үшін жүйелі қаржылық жоспарлау болуы керек дейді шаруалар. Бір ғана мысал, 2000 жылы Мырзашөл өңірінде ақ алтынның бағасы аспандап, 3 гектар мақталы алқаптан 4-5 мың доллар пайда тапқан кез болыпты. Ал келесі жылы жағдай күрт өзгерген.

Былтыр қырыққабаттан қырып пайда тапқан ағайын бұл жылы да та­бысқа кенелеміз деп өнім көле­мін екі еселей түскен. Нәтижесі жоға­ры­да айтылды.

Бір сөзбен айтқанда, көк­өні­сін мол өсіріп, тиімді бағаға сата­мын деген тәтті арман ада, есіл еңбек еш кетті. Осыған байланысты Парламент қабырғасында сенатор, «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев Үкімет басшысы Ас­қар Маминнің назарына Оңтүс­тіктегі диқандардың осы жанайқайын жеткізген болатын.

«Оңтүстік өңірлердегі ди­қан­дар үшін дайын өнімді өткізу өте күрделі мәселеге айналды. 300 мың тонна қырыққабат егіс алқаптарында қалып қояды деген қауіп бар. Әрине негізгі себеп – пандемия.  Десек те, бар­лық деңгейде дабыл қағып, дағдарып тұрған диқандардың мәселесін шешуге ел болып ат салысуға тиіспіз. Төтенше жағдайдың алдын алу бойынша мемлекеттік комиссияның құзыретін пайдалана отырып ел Үкіметі шұғыл шара қолданып, шаруаларға қол ұшын бермесе, қыруар қаражат, төккен тер зая кетпек. Бұл жағдай өңірдің ауыл шаруашылығы саласы үшін де ауыр соққы болғалы тұр», деген еді Әли Бектаев.

Жалпы биыл Түркістан облысында ауыл­шаруа­шылық дақылдарының егістік алқабы 825 мың гектарды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда картоп, көкөніс және бақша дақылдарының егіс алаңы 3,2 мың гектарға, жемшөп дақылдары 11,6 мың гектарға ұлғайыпты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, бүгінгі таңда 159 мың га алқапқа жаздық дақылдар себіліп, 1273 шаруа қожалығы көкөніс жинауға кіріскен.

Депутаттық сауалдан соң 30 сәуірде өткен Үкімет отырысында Түркістан облы­сының әкімі Өмірзақ Шөкеев Үкі­мет­тен өңірдегі шаруалардың қырық­қабатын өткізіп беруге көмек сұрады. Айтуынша, аймақ­та қазір сатылмай жатқан 250 мың тонна қырыққабат бар. Ал Ауыл шаруашылық министр­лі­гінің мәлімдеуінше, шетелде қазақстандық қырыққабатқа деген сұраныс төмендеп кеткен.

Қолбайлау болған карантин

Түркістан облысына қарасты Келес ауданында да ерте егілген бау-бақша өнімдері нарыққа шығарыла баста­ды. Дегенмен, мұнда да төтенше жағдайға байланысты шектеулер қол байлау­да. Жергілікті ауыл әкімдігінен өнімін қа­ла­ға жеткізу үшін блок-бекеттер­ден өту­ге рұқсатнама сұрап барған диқан­дар­ға құжат рәсімдеу жағы қиындық тудырған.

Мұнан бөлек, ауыл шаруашылығына бөлі­нетін жеңілдетілген несиелер, қар­жы­лай көмектер еңбектің қайнаған ортасы – ауылдарға әлі жете қоймаған. Бұл тұрғыда үгіт-насихат жұмыстары жүр­гі­зіліп, диқандарға оны алу жолдары түсіндірілмесе, шаруашылық шатқаяқтай түсетіні анық.

Келестік Бекзат Шағырбаев ауыл шаруашылығына бөлінген мемлекеттік көмекті алмай-ақ, өз арбасын өзі сүйреп жүрген диқан. Жыл сайын дайын өнімді базарда саудалап, босаған алқаптан қара күзге дейін кемі 2-3 рет өнім алады. Жылдағы әдетімен ауыл іргесіндегі жерге шалқан еккен Шағырбаев биыл өнімін Шымкент қаласына жеткізіп, өз бағасына сата алмауда. Ауылдан қалаға тек бір күнге ғана рұқсатнама берілген. Егер бір күн ішінде өнімін өткізе алмаса, қайтып алып қайтуға мәжбүр.

«Ауыл шаруашылығына қажетті түрлі субсидия, жеңілдетілген несиелер туралы теледидардан көреміз. Көмек алайық деп барсақ қағазбастылық көп. Құжат тасумен күн өтеді. Онан да өз күшіме сүйеніп, тіршілік етуді жөн санадым. Биылғы жыл шаруалар үшін оңай болмай тұр. Карантин салдарынан көктемгі егіс жұмыстарын кеш бас­тадық. Енді өнімді ірі қалаларға жет­кізу, лайықты бағаға саудалау қиын­ға соғуда. Оның сыртында базар­ды көршілес Өзбекстаннан келген ерте піскен өнімдер жаулап алған. Бағасы арзан болғандықтан, жергілікті диқан­дардың өнімінің бағасын жерге ұрып жібереді», дейді ашынған диқан.

Айта кетерлік жайт, дайын өнімді бүлдіріп алмай нарыққа шығару үшін сапалы инфрақұрылым – даңғырап жатқан автожол қажет-ақ. Ал Мақтаарал, Жеті­сай, Келес, Шардара аудандары мен қала арасындағы автожолдың сапасы сын көтермейді. Бұл да диқанның жұмысына кедергі келтіретін фактордың бірі деуге негіз бар.

Өзбек өнімдері нарыққа ерте келіп жатыр

Шындығында, көрші елдің кли­маттық артықшылығы оңтүстік диқан­дарының бас ауруына айналған. Ала­тақиялы ағайын 10-15 күндей ерте піскен өнімін әуелі біздің нарыққа кір­гізіп жақсы бағаға сатады да, қал­ғанын Мәскеу асырады. Ресейге барған жүк көліктері қайтарда бос келіп, Сарыағаш кеден бекетінен өз еліне ағаш тиеп кетеді. Өзбек кәсіп­керлері осылайша көктемде бар-жоғы ай ішінде піскен өнімдерін қазақ орманында кемі 50-100 жылдай өскен ағаштарға айырбастауда.

Сарыағаш кеден бекетінде жүк көлігінің жүргізушісі болып істейтін Бақыт­бек деген жігіттен мына бір жағ­­дайға қанықтық. Жас жігіт темір жол арқылы Сарыағашқа келген ағаш өнім­­дерін жүк көлігі арқылы шекара асыр­мақ болған. Алайда өзбек шекарашылары отандасымыздың құжаттары толық болса да өткізбей қойған. «Ішкі тәртіптері» бойынша тек өзбекстандық көліктер ғана тасымалдауы керек екен.

Естеріңізге салар болсақ, 2017 жыл­ғы 31 наурыздағы «Өзбекстан Рес­пуб­ликасының алдағы уақыттағы сырт­қы экономикалық жұмысын реттеу шаралары туралы» қаулысына сәй­кес, аталған жылдың  1 сәуірінен бастап Өзбекстан импорттық ауыл шаруа­шылығы өнімдеріне акциздік салықты төмендетті. Атап айтқанда, макарон өнімдеріне акциздік салық жойылды. Сонымен қатар Өзбекстанға тасымалданатын бидай, мақсары, күнбағыс майы, жеміс және көкөніс шырындары сынды бірқатар ауылшаруашылық өнімдеріне акциздік салық төмендеді.

Осы арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін қазақстандықтар үшін Өзбекстан нарығына шығуға қолай­лы жағдай жасалды. Алайда көршілер бұл  жеңілдікті өз пайдаларына шешіп кетіп жатты. Есесіне, біздің тарап олардан ке­летін ауылшаруашылық, бау-бақша өнім­деріне кедендік бақылауды жеңілдетті.

Жуырда Өзбекстан президенті Ш.Мир­зиёев карантин мен коронавирус Өз­бекстан шаруалары үшін үлкен мүм­­­­кіндік екендігін айтты. Осы жылы кө­к­­өніс, бау-бақша мен диқаншылықты арт­т­ырып, сыртқы саудаға көптеп шыға­руы­­мыз қажет депті. Осы мақсатта ел үкі­­метіне тапсырма беріп, шаруаларға жеңіл­діктер жасап, қолдау көрсетуді бастап кетіпті.

Тіпті Өзбекстан биылдан бастап жыл бойы егін еге бастайды. Бұл туралы елдің ауыл және су шаруашылығы министрлігі мәлімдеді. Айтуларын­ша, сол арқылы көкөніс экспортын ұлғайту­ды көздеп отыр. «Президенттің ұсыны­сымен бидай жиналған соң, оның орнына көкөністің бірнеше түрін екпекпіз. Республиканың оңтүстік өңірлерінде қазан айында картоп, сәбіз және қызылша отырғызылады», деді министр. Қазіргі таңда Өзбекстан жыл сайын шамамен 20 миллион тонна жеміс, көкөніс өнімін егеді. Сыртқы сауда жыл өткен сайын артып келеді. Осылайша көршілер әлемнің 80 елімен сауда жасайды.

Өзбекстан Еуразиялық экономикалық одаққа қарай алғашқы қадам жасады. Ел парламентінің төменгі палатасы одаққа бақылаушы ретінде қатысу ұсынысын қолдады. Сарапшылар мұны алашапандылар экономикалық кеңістіктің ұтымды тұстарын түсінді деп топшылап отыр. Мысалы, ұйымға мүше 5 мемлекеттің арасында тауар айналымына кедергі жоқ. Кәсіпкерлер үшін сауда нарығы кеңейген. Еңбек миграциясы да жеңілдетілген режіммен жүріп жатыр. Егер Өзбекстан ұйымға толық мүшелікке өтсе, ауыл шаруашылығы өнімдерін, мақта мен киім-кешегін шекара сыртына кедергісіз сатуға мүмкіндік алады. Бұл орайда біздің кәсіпкерлеріміз бен шаруа қожалықтарымыздың бәсекеге қабілеттілігі артпаса, қиын болғалы тұр.

Ендігіде етек-жеңді қымтап, отандық ауылшаруашылық өнімдеріне қолдау көрсетпесек, өзбектің өрік-мейізі, көкө­нісі, ет өнімдері еліміздің ірі сауда ор­та­лықтарын жаулап алуы әбден мүмкін.

Айтпақшы, өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің Үкіметке жасаған өтініші негізінде вице-премьер Роман Скляр Түркістан облысының ауыл шаруашы­лығы тауарларын өндіру­шілерді қолдау мәселесіне қатысты селекторлық жиын өткізген болатын.

Отырыс қорытындысы бойынша үкімет резервінен зардап шеккен фер­мерлерге екінші көктемгі егіс жұмыс­­тары үшін 1,6 млрд теңге несие бөлу туралы шешім қабылданды. Сон­дай-ақ облыстардың, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкімдік­теріне әлеу­­­меттік-кәсіпкерлік корпорациялар есебі­нен қаражатты Түркістан облысы­ның фермерлерінен ерте пісетін қырық­қабат­ты сатып алуға жұмсау туралы тапсырма берілді. Ал ерте көк­темде егілген қырық­қабат өнімдері ең төменгі баға­мен сатыл­ды. Мүлдем сатыл­маған­дарын атызды тазалау мақсатында шауып тастаған.

 

ШЫМКЕНТ