Кеше елордадағы «Қазмедиа орталығында» «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері баспасөз мәслихатын өткізді.
Ұлттық тарихты зерделеу бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы үш рет ұйымдастырылғаны белгілі. Соңғы жиында үш ай көлемінде атқарылған істердің нәтижелері сараланып, жаңадан шешімдер қабылданған болатын.
Кеше елордадағы «Қазмедиа орталығында» «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері баспасөз мәслихатын өткізді.
Ұлттық тарихты зерделеу бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы үш рет ұйымдастырылғаны белгілі. Соңғы жиында үш ай көлемінде атқарылған істердің нәтижелері сараланып, жаңадан шешімдер қабылданған болатын.Кешегі кездесуде де негізінен атқарылған істердің біршамасы қайта қаперге салынып, сондай-ақ, келешекте атқарылар істердің де бір парасы таныстырылды.
«Қазақстанның ұлттық тарихын жаңғырту шаралары бірнеше бағытта жүріп жатыр. Негізгі басымдықтар зерттеу әдістемелерін жаңғыртуға, ірі ғылыми-зерттеу орталықтарын құруға берілуде. Осы бағытта Мемлекет тарихы институтының ғалымдары қазақ және орыс мектептерінің 10-шы сыныбында оқытылатын «Дүниежүзі тарихы» мен «Қазақстан тарихы» оқулықтарын сараптамадан өткізді. Оқулықтар жаңа бағыттар ескеріле отырып, әзірленді. Жетекші ғылыми институттардың веб-сайттары жаңартылып, шет тілдерінде де шыға бастады. Қазақстан тарихы бойынша веб-портал жаңартылды», – деді Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған. Ол соңғы жылдары жазылған ғылыми материалдар жинағы «Беласу» деген атпен арнайы дайындалып, баспаға ұсынылғанын да атап өтті. Бұдан бөлек, институт басшысы елімізде заманауи зертханалар мен орталықтар құрылғанын хабарлады. «Нақтырақ айтқанда, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен популяциялық генетика орталығы, артефактілерді археологиялық кезеңдеу зертханасы, антропологиялық зертхана, әлем тарихын зерттеу орталығы, Орталық Азия халықтарының дәстүрлі мәдениетін ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Қазіргі кезде осы мекемелерде қазақстандық және шетелдік ғалымдар жұмысқа кірісіп кетті», – деді Бүркітбай Аяған. Ол бірегей мемлекет қайраткері, қолбасшы, елші Абылай ханның дүниеге келгеніне 300 жыл толуына орай қазан айында Көкшетау қаласында «Абылай хан және оның дәуірі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтетінін, оның жұмысына отандық және шетелдік ғалымдардың қатысатынын, оған қоса 25-қазанда Тараз қаласында қазақ даласының ұлы биі, көрнекті қоғам қайраткері Төле биге арналған ескерткіш ашылып, атаулы күнге орай көптеген шаралар мен конференция ұйымдастырылатынын атап айтты.
Баспасөз жиынында сөз алған Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тарих мамандығына сұраныс болмай, университет қабырғаларындағы тарих факультеттерінің бірі қысқарып, бірі жабылып, кейбірі оңтайланып кеткенін әңгімелей келе, бүгінгі таңда сол олқылықтың орнын толтыратындай бастамалар қолға алынып жатқанын, оның ішінде өзі басқаратын Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстан тарихы» факультеті дүниеге келгенін, 10-қазан күні ресми түрде тұсауы кесілетінін айтты. Ол сондай-ақ, жуырда бірінші саны жарық көрген «Mangi el» журналына да тоқталып өтті. «Біздің алға қойған басты мақсатымыз – қоғамның тарихи санасының жаңғыруына ықпал ету. Осы тұрғыдан алғанда ел руханиятындағы орны оқшау, халықаралық мәртебесі бар тарихи журналдың қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көруі – елдік пен тарихымызды әлемге танытудың бір жолы деп білеміз. Оның аудиториясы өз оқырмандарымызбен шектелмей, алыс және шетелдердің көзіқарақты қауымын қамтиды. Журналдың қазіргі таралымы 3 мың дананы құрап отыр», – деді Еуразия ұлттық университетінің ректоры, журналдың бас редакторы Ерлан Сыдықов.
Ұлттық тарихты зерделеу бойынша атқарылған жұмыстардың елеулі нәтижесінің бірі e-history.kz веб-порталының дүниеге келуі. Кешегі жиынға порталдың директоры Данияр Сүгірәлиев те қатысты. Ол порталдың жаңа технологиялар мен эксклюзивті ақпараттардың бірегей үйлесімі болып табылатынын, әрбір тарихи кезең үшін порталда жеке беттер мен тұтастай айдарлар қатар ашылғанын, Қазақстан тарихының қалай басталғаны қызықтыратын әрбір адам сирек кездесетін жарияланымдарды оқи алатынын баяндады.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».