100 • 13 Тамыз, 2020

ҚазАқпарат хабарлайды... Ұлттық ақпарат агенттігінің қызметіне – 100 жыл

866 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Байланыс және ақпарат технологиялары қарыштап дамыған, түрлі мессенжерлер мен әлеуметтік желілері кеңінен таралған ХХІ ғасырдың өзінде де әлем мемлекеттері жедел хабар тарататын ақпарат агенттіктерінен бас тартқан жоқ. Қайта ақиқатынан бұрын даурықпасымен дүниені дүрліктіретін жалған-фейк ақпараттардың жаһандық ауқымдағы толассыз тасқыны арасында сенімді, дәйекті дерекке құрылған, сапалы әрі жедел хабар ұсынатын медианың қоғамдық-саяси һәм әлеуметтік маңызы артып келеді. Бүгінде ұлттық ақпарат майданының алғы шебінен орын алған, Алаш жұртының жаңалықтарын әлемнің бес тілінде жаһанға жариялап отырған «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі де осы қатарда.

ҚазАқпарат хабарлайды... Ұлттық ақпарат агенттігінің қызметіне – 100 жыл

Түп тарихы сонау 1920 жылдан басталатын кешегі ҚазТаг – бү­гінгі ҚазАқпарат биыл 100 жылдық бе­лесіне шығып, көпшілік БАҚ-қа бұйы­ра бермейтін мерейлі межені бағын­дырып отыр. Осы бір ғасырлық шежі­ренің соңғы 20 жылдық үзігіне біз­дің де азғантай қатысымыз болған­дық­тан, аз-кем сөз арнағанды жөн көрдік.

Жалпы, кеңестік ке­зеңде ҚазТаг-тың маңызы қан­дай болғанын, пар­тияға тікелей ба­ғы­ныс­ты респуб­ликалық, өңірлік (об­лыстық), қала­лық редакциялар ҚазТаг телетай­пымен «сау болыңдар» деген қош­тасу сөзі жетпейінше, газет­терін бас­паға жібере алмай таң­ды таңға ұрып жүретінін алдыңғы лектегі аға буын әлі күнге жыр қылып айтады. Алайда, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі аласапыран, 90-жыл­дардағы қаржы-экономикалық дағ­дарыс агенттікке де зардабын тигізді. Салмағы мен тегеуріні ЦК-ның өзінен бір кем соқпайтын басты мемлекеттік ақпа­рат құралы болған агенттікке деген көзқарас сол бір өтпелі шақта мүлде бәсеңсіді. Қаржыландыру нашарлап, материалдық-техникалық тұ­р­ғыдан тиісінше қамтамасыз етілмеді. Әсіресе, 1997 жылы ҚазААГ болып қайта құрылған агенттіктің жағ­дайы мәз бола қоймады. Ең жаңа ақпа­раттық-коммуникациялық техникалармен жабдықталуға, сол арқылы мүлде ашық-шашық қалған ұлттық ақпарат айдынындағы бәсекеге жас мемлекеттің туын биік ұстап кіруге тиіс болған агенттікте дені дұрыс ком­пьютер болмапты. Жалақының өзі уа­қытында берілмеді.

Университет бітіре сала Астанаға алып ұшып жеткен, 2000 жылдың 23 шілдесінде агенттіктің табалдырығын алғаш аттаған жас тілшіге «азуын айға білеген ҚазТаг-қа жұмысқа тұ­ру» қуанышының әсерінен ә дегенде білінбегенімен, редакцияда жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәсе­ле­лердің салдары қандай екені көп ұзамай-ақ айқын аңғарылып қалған еді. Әкімшілік, есеп-қисап жа­ғын қоспағанда, бас редактор мен екі орынбасарында, екі-үш те­рім­ші-опе­раторда ғана компьютер бар. Мен журналист ағаларым – Көш­кін­бай Кенебай, марқұм Жұматай Са­­быр­жанұлы және Төлеутай Дәмиев отырған кабинетке төртінші болып қосылдым. Кабинетте бір ғана компьютер бар екен, бірақ қосылмаған. Қосып көруге ешкім талпынбаған да сияқты. Журфакта аздап компьютерде жазуды үйренгенім бар еді, оқтын-оқтын қарап қойып, мен де ағалар салған сара жолмен – қолмен жазуға кірісіп кеттім. Бірақ дөңес мониторлы компьютердің бұрыштан қарап тұрғаны маза бермеді. Ақыры батылым жетіп сұрап едім: мың бол­ғыр «айтиші» қуана-қуана қосып берді. Компьютердің аты – компьютер. Бұған дейін әр ақпаратымды терімшіге өткізбес бұрын түзеп-күзеп, ақ қағазға кемі бес рет көшіріп жазатын болсам, енді рахат. Түзеуге – оңай, қағазға – үнем. Сөйтіп тілшілерден бірінші болып «тыңға түрен» салдым. Ал әріп­тес ағаларым жаңалығын қолмен жа­зуын жалғастыра берді (ол кісілер сол кездің өзінде елуді алқымдап қалған еді).

Терімші терген ақпарат редакторға түседі. Ал редакторымыз – «Ана тілі» газетін асқақтатқан алғашқы Бас редакторы, жазушы-журналист Жа­рылқап аға Бейсенбайұлы! Бұл кісі сол кезде аға буын ішінен компью­терді меңгерген жалғыз редактор десем, ақиқаттан алыс кетпеспін. Редак­тордан өткен материал ары қарай элек­тронды поштамен жаздырып алатын мекемелерге тарайды.

 

Алғашқы nokia һәм жаңалық үшін жарыс

Планшеттер мен түрлі мессенжерлер заманына тап келген қазіргі жас тілшілер оқыса, сенбейтін шығар. Алайда Президент Әкімшілігінде, Үкімет үйінде ертеңгісін өткен іс-шаралар мен баспасөз мәслихаттарын, маңызды оқиғаларды ИТАР-ТАСС, Интерфакс-Қазақстан агенттіктері жедел түрде 1-2 сағат айналасында игеріп тастаса, ҚазААГ асықпай, түстен кейін жаңалық тарататын. Бұл кезде оның еш құны қалмайтын. Қазақ радиосының өзі аталған ақпарат агенттіктерінің түстен кейінгі соны жаңалықтарын аударып алып, эфирден оқып жататын.

Жаңалықты бұлайша кешіктіріп берудің бірнеше себебі бар. Бірін­шіден, тілшілердің дені ылдым-жыл­дым жүгіре қоятын жас емес, елуді алқымдаған, жайбарақат газет жұмы­сына үйреніп қалған ағалар. Жылдам ақпарат бермедіңіз деп өкпелеудің өзі жөнсіз. Жұмыста ары-бері тез жеткізе қоятын көлік те жоқ. Ұялы телефон тұрмақ, цифрлы форматта жазатын диктофон да қолжетімсіз. Қазіргі күн тұрғысынан қарағанда, ақылға сыймасы анық. Алайда шынайы ахуал осындай еді.

Соған қарамастан Мұрат Аренов, Жарылқап Бейсенбайұлы, Тілеужан Есілбаев, Талғат Баймұхамедов, Бей­біт Саханов, Қаламқас Әскерқызы сын­­ды аға-әпкелер бар ынта-жігерімен қы­змет етті. Ал біз сияқты жастардың кем-кетігін түзеп, білмегенін үйретті, ұсы­­ныстарын әрдайым қолдап отырды.

Жалпы, 2001 жылдың басынан қар­­жыландыру аста-төк болмаса да, аздап түзелді. Ең бастысы, айлық еңбекақы кешікпейтін бол­­ғаны қуантты. Ал 2002 жылы қаң­тар­да алғаш рет веб-сайты ашылды. Сонымен бір мезгілде агент­­тіктің басшысы (ол кезде агент­тік Республикалық мемлекеттік кәсіп­орын формасында болатын) Мұрат Майханұлы Аренов тілшілер жедел хабар таратуы үшін редакция есебі­нен әрқайсымызға бір-бір nokia ұя­лы байланыс телефонын алып бер­ді. Бә­секелестікке ұмтылудың ал­ғаш­қы қадамдары осылай басталды.

Ұялы телефонға қол жеткеннен кейін біз де тікелей Үкімет үйі­нен ре­­дакциядағы терімшіге хабар­ласып, ақпаратты телефон арқы­лы баяндауға көштік. Бұл тәсіл жаңа­лықтың жеделдігін бұрығыдан қа­лай еселеп арттырғанын бағамдай беріңіз. Осылай-осылай ИТАР-ТАСС, Интер­факс-Қазақстан агенттіктерімен кәдімгідей бәсекеге түсіп, олар да бізбен санасатын, үлкен іс-шараларда «ҚазАқпарат не беріп жатыр екен» деп біз жаққа алаңдайтын жағдайға жетті. Өйткені, бұл кезде журналис­тер қатары да негізінен жас тілші­лермен толығып, жеделдік үшін бәсе­ке сыртта да, іште де қызу жүріп жатты. Сыртта өзге агенттіктермен тайта­лассақ, өз ішімізде қазақ және орыс редакциясы болып жаңалықты кім бұрын береді деп жарыстық.

Осы кезге қарай ақпараттық-идео­­логиялық кеңістікте бәсекеге қабі­летті, қуатты ұлттық ақпарат агент­тігі қажет екенін салалық министрлік те, Үкімет те түсіне бас­таған еді. Нә­­ти­­же­сінде, сәл алға озып айтсақ, «Қаз­Ақпарат» Ұлттық компаниясы құ­рылды.

 Реті келгесін, 2003 жылы қыр­күйекте Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің І съезінен ақпарат тарату барысына ай­рықша тоқталғанды жөн көріп отырмын. Ел өміріндегі аса маңыз­ды әрі халықаралық қатысу гео­графиясы ауқымды болған осы съезде ҚазАқпарат тілшілері сапа мен жеделдік тұрғысынан алғашқы сыннан сүрінбей өтті. Сол кездегі «Кон­гресс-Холл» ғимаратының фойе­­сінде құрылған баспасөз орта­лығында тілшілер әлемнің алпауыт ақпарат агенттіктерінен қалыспай жұмыс істеп, ауқымды іс-шаралар барысындағы жаңалықтарды жедел игерудің озық тәжірибесін қалып­тастырды. Съезде делегация бас­шы­ларының сөздерінде айтылған жаңа­лықтарды бас-аяғы 10-15 минуттан кешіктірмей сайтқа салып отырды. Егер съездің тілі негізінен орыс және ағылшын тілі болғанын және оны аударуға әжептәуір уақыт кететінін ескерсек, ҚазАқпараттың қазақ редак­циясының тілшілері қандай жанқияр әбжілдікпен жұмыс істегенін аңғару қиын емес.

Осы съезден кейін ҚазАқпаратқа қатысты қалыптасып қалған стерео­тип біржола жойылып, әріптестер арасында жылдам әрі сапалы, сенімді ақпарат көзі ретінде таныла бастады. Тіпті кейіннен ҚазАқпаратқа сеніп, сүйеніп алғаны сонша, телерадиода, облыстық газеттерде істейтін кейбір әріптестеріміздің іс-шараларға барып келгесін ештеңе жазбай, еркін жүргенін көріп «Материалды қашан бересің?» деп сұраған басшыларына: «Қазір, ҚазАқпараттан ала салам ғой» деп шынайы жауап берген сәттері көп болғанын талай естідік.

Елбасының шетелдерге сапарлары, ондағы кездесулер мен келіс­сөздердің барысы туралы ақпара­т­тарды да телефонмен тікелей «диктовка» жасау арқылы ең бірінші болып Қазақ ақпарат агенттігі тарататын болды. Сөйтіп, қазақ тіліндегі төл (аударма емес) ақпаратты да сапалы жазып, уақыт талабына сай жылдам таратуға болатынына көпшіліктің көзі жете бастады.

Суретте: ЕҚЫҰ  саммитінен хабар таратқан отандық және шетелдік БАҚ өкілдері

Суретте: ЕҚЫҰ  саммитінен хабар таратқан отандық және шетелдік БАҚ өкілдері 

 

Алыстағы ағайын мен атажұрт арасындағы алтын көпір

Агенттіктің өз сайты іске қосыл­ғаннан кейін әлемдік ақпарат кеңіс­тігіне есік ашылды. Жарылқап Бей­сенбайұлы ағамыздың бастамасымен Қазақ редакциясы дүние жүзіне тарыдай шашылған Алаш баласының ең өзекті мәселесі – атажұртпен рухани-ақпараттық байланысты жол­ға қоюға кірісті. Әлі ешбір отан­дық газет жеке веб-сайтын аша қоймаған сол кезеңде дәл осы міндетті бірінші болып ҚазАқпарат атқара бастады.

Атап айтқанда, inform.kz сай­тының латын әліпбиіндегі нұсқасы әзірленіп, іске қосылды. Бұл – кирилше әліпбиді оқи алмайтын Түркия мен Еуропадағы қандастарымыздың өтініш-тілектерін ескеріп, атажұрт­тың жаңалықтарымен таныстыруға, тілді ұмыта бастаған диаспора жастарымен рухани байланыс орнатуға бағытталған алғашқы қадамдардың бірі еді. Сондықтан бұл жаңалыққа шеттегі қазақтар, әсіресе өзге ел­дің ортасында өсіп келе жатқан жас­­тарының ана тілінен ал­шақтап бара жатқанына алаңдап жүрген сон­дағы ел ағалары қатты қуанды. Бұған Елбасының Аустрияға, Шве­цияға ресми сапарлары кезінде қазақ диас­порасының өкілдерімен болған кездесулерде өзіміз де куә болдық.

Кейіннен Қытай мен Ирандағы қандастарымызға арналған төте жазу сайты іске қосылды. Қазақстан жа­ңалықтарына сусап отырған сол ағайындардың арқасында сайттың оқылымы мен көрілімі күрт артты.

 

Заманауи медиа-холдинг

Одан бері де біраз уақыт сыр­ғып өтті. Талай өзгерістер мен қиын­дықтар кездесті. ҚазАқпарат бәрін ең­серді. Әлемдік және дәстүрлі дін­дер лидерлерінің кезекті съездері, мемлекеттер басшыларының түр­лі басқосулары, ЕҚЫҰ-ның Ас­та­на саммиті, Азиада ойындары, ЭКСПО-2017 көрмесі сынды халық­аралық ауқымды іс-шараларда әлемдік ақпарат агенттіктерімен бір деңгейде хабар таратты. Бүгінде Ас­қар Умаров мырза басқаратын ҚазАқпарат «халықаралық ақпарат агенттігі» мәртебесін иеленіп, әлем­ге бес тілде – қазақ, орыс, ағыл­шын, қытай және өзбек тілінде жаңа­лық­тар таратып, елімізді жаһан жұрт­шы­лығына танытып отыр. Шет мем­­лекеттер Қазақстанның ресми жа­­ңалықтарын бірінші кезекте ҚазАқпараттан оқиды, шетелдік ме­­диалар да ҚазАқпаратқа сілтеме жасайды. Халықаралық байланысқа айрықша маңыз беріліп, бүгінде қырықтан аса агенттікпен әріптестік туралы меморандум жасалған. Онға жуық мемлекетте меншікті тіл­ші­лері қызмет етеді. Елордадағы бас кеңсесінде – жеке өзіне арналған за­ма­науи ғимаратта қызметкерлер үшін қажетті жайлы жағдай жасалған. Бас­пасөз орталығы мен қазіргі кез келген БАҚ үшін қажет­ті­лік­ке айналып келе жатқан студиясы да бар.

Бұрын кері байланыс Агенттік өнімдерін тұтынатын ақпарат құ­рал­дарымен арада ғана болса, бү­гінде тұтас аудиториямен, яғни қа­рапайым оқырмандармен тікелей байланыс орнаған. Нәтижесінде, соңғы үш жылдың ішінде оқырман саны төрт есеге өсіп, 5,5 млн-нан асып отыр. Ең басты жетістік те осы екені анық.

Түйіп айтар болсақ, ҚазАқпарат бүгінгі қоғамның саясаттан бас­тап, спортқа дейінгі барлық саласын қамтыған, жекелеген аудиторияларға арналған арнайы жобалары бар ірі көпсалалы медиа-холдинг ретінде толыққанды әрі тура мағынасындағы ұлттық ақпарат агенттігі қызметін атқарып отыр. Оның мәні мен маңызы қазіргі әлеуметтік желілерде желдей ескен жалған жаңалықтар зама­нында тіпті арта түсетініне күн өткен сайын көз жеткізіп келеміз. Бұл  100 жылдық шежірелі тарихы бар ақпарат агенттігі үшін мәртебесі биік әрі зор жауапкершілік екені анық. ҚазАқпараттың қызметі Қазақ еліне құт­ты, қайырлы бола берсін дейміз!