16 Сәуір, 2010

“ЕЛІМ-АЙЛАП” ӨТІП КЕТТІ БІР ӨМІР

1027 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жарылқау мен жабырқау қашанда қатар жүретін құбылыс. Дүниені дүрліктірген дағдарысты бойына дарытпаған, адамзат ынты­мағының алтын тізгінін қолы­на ұстаған қазақты көксоқта көктем­нің көксоққан құбылысы бір қым­сындырып тастап еді. Табиғат­тың сол тентек мінезіне әлі алаң­дап жүргенде алыстан бір жайсыз хабар жетті. Шетелдегі қазақ диа­спора­сының қайраткері, ұлттың үлкен жүректі азаматы, тәуелсіз­діктің тап-таза тілекшісі Хасен Қалибекұлы Оралтай 77 жасында бақиға атта­ныпты. Осыдан он-ақ күн бұрын қазақтың тағы бір абыз ақсақалы – Жағда Бабалықов дүние салып еді. Осы екі қаза мені қатты жабыр­қатып кетті. Өйткені, біз тағдырлас, армандас адамдар едік. Мен туған жердің талбесігі бұйырмай, жөргегімде жер ауған, отансыз­дықтың отына ерте күйген, тек әйтеуір туған жерге елден бұрын оралып, бағым жанған жан едім... Талбесіктің тыныш ұйқысы Хасенге де бұйырмаған. Шығыс Түркістанның шырқы әбден бұзылып, жоңғар қазақтары жорық­­қа жұмылған тұста туған ол аттың жалында, түйенің қомында тербетіліп, тұсауы қылышпен кесілген. Сол жойқын жорықтың бір қолбасшысы Хасеннің әкесі Қалибек хакім еді. Текті әкенің тәрбиесі, уақыттың тепкісі бала Хасенді тез есейтіп, атқа қондыр­ған. Бала жігіт барлау да жасаған, егер болған, екі жаққа елші де болған. Бала сана саясатқа да ара­ласқан. Жағаласқан жанталас ата­мекені Еренқабырғадан ірге­лерін ерте көтеріп әкеткен. Тау асып, тас басып Такла-Маканға тентіреген. Шыңжаңды тәрк етіп, Шыңхай шығып кеткен. Тибетті басып, Бұла­най асып, Үнді түбегіне де ты­ғыл­ған. Ең соңында 36 мың шақы­рым жорық кешіп, 36 мың адамды қанды жолда шәйіт қалдырып, 1953 жылы 1800 адам ғана Түрік еліне жеткен. 25 жыл жаумен жұлқысып, үдере көшкен үркінді тіршілік осылай аяқталған. Жат топыраққа ірге көму, жаңа тұрмысқа икемделу, жаңа кәсіп үй­рену, өркениетке ұмтылу... Тұрмыс, мейлі, қанша құбылсын, жүрек­тегі жалғыз құбыла ұлттың отын өшір­­меу, қазақтың атын жоғалт­пау еді. Хасен енді қарудың ең өткірі қа­лам­ға тез ауысқан. Түрік архив­терін түртпектеп, Алаш­тың ұранын ізде­ген, ұлт тұлғалары­ның рухын оят­қан, көміліп жатқан жәдігер­лерді жарыққа шығара берген. “Үлкен түрік елі” баспасын ашып, ұлттық кітапхана ұйымдас­тырған. Саяси әлемге бой ұрып, НАТО-да жұмыс істеген. Еуропа­дағы “Азат­тық” ра­дио­сының қазақ хабарлары бөлімін ұзақ жыл басқар­ған. Әлем­­дік ақ­парат­­тың үлкен орта­лы­­ғында оты­рып, уақыт тыны­сын дәл бар­лап, ұлтқа рух беретін хабарлар­ды құла­ғы түрік қазаққа жеткізе бер­ген. Осының бәрінің жиынтығы ре­тінде Қазақ тәуел­сіз­дігінің ха­барын ақ­па­рат атау­лының бәрінен бұрын “Азат­­тық” радиосы арқылы өз дауы­сымен жер-жаһанға жария еткен... Қайран Хасен! Ұлттың үнді ұраншысы еді. Тілі, діні, ділі берік, діңі күшті күрескер еді. Арманынан адаспайтын, ақиқаттан аумайтын, жабық түндікті түре, бітеу жараны тіле айтатын турашыл еді. Енді ол тіл қатпайды. Эфирде үні, жұрты­ның қолында “Елім-айлап” өткен ұзақ өмірдің жылнамасы қалды. Жер бетіндегі тірі қазақтың түп-түгел туған Отанда тоғысуын аңса­ған арманы қалды. Өлмейтін үлгісі, таусылмайтын тілегі қалды! Тәнің тыныштық тауып, жаның жәннаттан жай тапсын, қадірлі Хасен. Уақап ҚЫДЫРХАН.