30 Қараша, 2013

Отбасы жылуы – Отан үшін

392 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті елге керекті тағы бір игі жиынның ұйытқысы болды

Осынау тағылымы мол алқалы шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған: «Мемлекет үшін және менің жеке өзім үшін де ананы қорғау – ерекше мәселе. Қымбатты ханымдар! Сіздер – отбасының, демек, мемлекеттің тірегісіздер», деген ұлағатты сөзі негіз етіп алыныпты. Олай болса, «Әйел және отбасылық құндылық: дәстүрлі отбасылық саясаттың тәжірибесі» тақырыбын кеңінен қаузаған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның да өз алдына аса ізгілікті, бүгінгі қазақ қоғамына пайдалы мақсаттар қоюы да бек жарасымды.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті елге керекті тағы бір игі жиынның ұйытқысы болды

Осынау тағылымы мол алқалы шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған: «Мемлекет үшін және менің жеке өзім үшін де ананы қорғау – ерекше мәселе. Қымбатты ханымдар! Сіздер – отбасының, демек, мемлекеттің тірегісіздер», деген ұлағатты сөзі негіз етіп алыныпты. Олай болса, «Әйел және отбасылық құндылық: дәстүрлі отбасылық саясаттың тәжірибесі» тақырыбын кеңінен қаузаған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның да өз алдына аса ізгілікті, бүгінгі қазақ қоғамына пайдалы мақсаттар қоюы да бек жарасымды.

Иә, ана мен баланы қорғаудан, отбасы құндылығын әмбе халық игілігіне жаратудан асқан ізгілік болар ма. Осы мәселелер біздің елімізде бірінші кезекке шығарылып, басымдық алып жатса, ол да бір ғанибет. Конференцияны құт­тықтаған Ұлттық Банк төрағасы Қай­рат Келімбетов осы жағдайды ерек­ше атап көрсетті. Ал алқалы жиын­ға модераторлық еткен Қыздар уни­вер­ситетінің ректоры, Қазақстан Прези­ден­ті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жө­ніндегі ұлттық комиссияның мүше­сі Динар Нөкетаева «Қазіргі қазақ қоғамын­дағы әйел мәртебесі» атты беташар баян­дамасында қазіргі замандағы отбасы, отбасы тәрбиесіндегі ананың рөлі, жастарды жарасымды отбасылық өмірге даярлау туралы толғамды ойларын жеткізді. Әйел мәртебесі орайындағы дәстүршілдік пен жаңашылдықтың үйлесімін табуға ұмтылды. Сөйтіп, тарихи және әлеуметтік тұрғыдан алғанда, қазіргі Қазақстандағы әйелдің жалпы жаңа деңгейге көтерілуінің негізгі алғышарттарын атап көрсетті. Иә, бүгін таңда қазақ қоғамында әйел мәртебесі өркендей түскен, гендорология ілімі даму үстінде, гендерлік саясат салиқалы жүргізілуде. Осыған сәйкес Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті жанынан ашылған Әлеуметтік және гендерлік зерттеулер институты соңғы жылдары қоғамдағы әйел мәртебесі хақында іргелі зерттеулер жүргізіп келеді.

Осы арада айта кетейін, «Қазақтың Островскийі» атанған жанкешті әдебиетші ғалым Немат Келімбетовтің талқылы тағдыры мен шығармашылығы, оның жары Қуаныш Тазабекқызының қиындыққа қайыспаған қайсарлығы мен мейірімі, осынау отбасының жан жылуы, жүрек тазалығы мен адал сенімі аталмыш конференциядағы әңгіменің алтын арқауы болып тартылды. Филолог-ғалым, «Мемлекеттік тілге құрмет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Асылы Осман осы орайда тебірене сөйлеп, қазақ ұлын – нарға, қызын – арға балаған дей келе, осындағы нар – Немат Келімбетов, ал ар – Қуаныш Тазабекқызы деп айта аламыз дегенін де көпшілік қауым құп көрді.

Белгілі жазушы Смағұл Елубай Немат және Қуаныш Келімбетовтер отбасының сынаққа толы өмірін библиялық сюжеттермен пара-пар деп бағалады. Нақ осы дәстүрлі отбасы қасиеттері, қазақы тәрбие артықшылығы тағдыр соққысы талмау жерден ұрғанда жасымауға, қайрат-жігер тауып, тауқыметті жеңіп шығуға мүмкіндік беріпті. Арды, махаббатты, адалдық пен сенімді сақтауға септесіпті. Тән азабын тартып жатып тәржімә жасап, жан мен рух мерейін өсіріп, шығармашылық еңбекке қам­шылапты. Осылайша, бүгінде әлемге танылған, түркі дүниесі хан көтерген өлмес те өнегелі шығармаларын жаздыртыпты. Онымен де қоймай, Мұхит пен Қайрат есімді ұлдарын азамат етіп өсіріп атқа қондырыпты. Осының бәрі ерлі-зайыптылардың өршіл рухының, талмас талабының, биік парасатының, жарға деген адал махаббаттың арқасында мүмкін болыпты. Отбасылық ұлағатты үлгі деп те осыны айтамыз. Әйелдің қажыр-қайраты. Рух ерлігі. Қалай десеңіз де жарасады.

Міне, осы жайларды Ресей сөз өне­рі академиясының академигі, «Ху­до­жественная литература» баспасының директоры Георгий Пряхин, әзербайжандық ақын, өнер қайраткері Шыңғыс Алиоғлы, Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижанов, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басшысы, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахманов, Қытай жазушылары журналының бас редакторы Акбар Мәжитұлы, академик Сейіт Қасқабасов, Түркиядағы Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара, абайтанушы Мекемтас Мырзахметов, ҚХР «Ұлттар баспасы» қазақ редакциясының бастығы Бақытбек Тоқтасынұлы, Түркиядағы Мәрмара университетінің профессоры Гүлшен Сейхан Алышық, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Шолпан Аюпова және басқалар тарата айтып, бүгінгі қоғамға отбасы құндылықтарының, рух ерлігінің үлгісі ретінде ұсынды.

Конференцияға қатысушылар «Ұлы­лықты ұлықтаған аналар» атты сурет көрмесін, «Қайғыдан бақыт жасаған» атты кітап көрмесін, ұлы қазақ аналарына арналған «Ақтұмар» мұражайын тамашалап көрді. Түстен кейін үш секция бойынша пленарлық мәжілістер жалғасты. Ал Абай атындағы ҚазҰПУ-де педагогика ғылымдарының докторы, осы оқу орнының аппарат жетекшісі, профессор Бақтияр Смановтың модераторлығымен жазушы, түрколог-ғалым Немат Келім­бетовтің әлем тілдерінде басылып шыққан кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтіп, сонымен бірге, «Немат Келімбетов атын­дағы түркітану орталығы» ашыл­ды. Кешкісін Мұхтар Әуезов атын­дағы академиялық драма театрында жазу­шының «Үміт үзгім келмейді» атты әлемді шарлап кеткен атақты шығар­ма­сының сахналық қойылымы көрсетілді.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Суретті түсірген

Берсінбек СӘРСЕНОВ.