Әлем • 09 Ақпан, 2021

Даниялықтар – ең бақытты халық

970 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Біріккен Ұлттар Ұйымы Columbia университетінің тұрақты даму орталығымен бірлесіп 2012 жылдан бері жыл сайын бақытты халықтардың рейтингісін жасап келеді. World Happiness Report деп аталатын зерттеу жұмысы әлем елдеріндегі халықтың өз өміріне көңілі қаншалықты толатынын анықтауды мақсат етеді. Бас Ассамблеяның отырысында таныстырылатын рейтингіде биыл еліміз 50-орыннан көрінді.

Даниялықтар – ең бақытты халық

 

Рейтинг авторлары зерттеуде алты фактордың негізге алынғанын айтады. Мемлекеттегі жан басына шаққандағы ІЖӨ, өмір сүру ұзақтығы, әлеуметтік көмек деңгейі, жомарттық, маңызды шешім қа­был­даудағы еркіндік пен сыбайлас жемқорлық негізге алынған. Сенім де бақыттың көрсеткішін анық­тайтын негізгі фактордың бірі. «Ба­с­ыңызға іс түскенде айна­ла­ңыз­дағыларға сене аласыз ба?» деп сұрапты сауалдамада. Демек, сене алу, сенімді ортада болу – бақыттың бір көрінісі. БҰҰ адам өзін өзі ба­қытты сезініп, өміріне көңілі толу үшін осылар қажет деген ұйғарымға келген. Осыдан кейін біз бұл рейтинг бақытты халықты емес, өміріне көңілі толатын халықты анықтауды мақсат етеді деп түйдік.

Халықаралық ұйымның пайымынша, бақытты халықтың тағы бір сипаты – олардың қайырымдылық жасай алуы, айналасындағыларға көмек қолын созуы. Осындайда ойға еріксіз Маслоу пирамидасы келеді. Қажеттіліктер пирамидасында көрсетілгендей, адам алдымен өз қажетін өтеп алғаннан кейін барып, өзгеге көмектеседі. Демек, адам қа­жеттіліктерінің иерархиясы алдымен қарын тойдыру, баспана сияқты негізгі қажеттіліктердің орны толмай, жақсы көруге, білім алуға, бө­лісуге асықпайды деп тарқатады. Бұдан шығатын қорытынды – адам өзі бақытты болса, айналасына да бақыт сыйлай алады.

Рейтингіге зер салып қарай­тын болсақ, Финляндия, Дания, Швейцария, Исландия, Норве­гия, Нидерланд, Швеция, Жаңа Зелан­дия, Аустрия мен Люксембург хал­қы ең бақытты, көңілі тоқ ха­лық ретінде танылған көрінеді. Ба­қыт­тыларды анықтауға арналған зерт­теу бақытсыздарды да анық­тайтыны сөзсіз. Ұйым дерегі бойын­ша, Ауғанстан, Оңтүстік Судан, Зим­бабве, Танзания, Руанда, Йемен, Малави, Сирия, Ботсвана мен Үндіс­тан халқының өз өміріне көңілі толмайды екен.

Расымен, халқы бақытты деген елдердің экономикасы да озық. Мәсе­лен, былтыр ІЖӨ көрсеткіші бо­йынша Люксембург бірінші орын­­ға ие болды. 626 108 тұрғыны бар елдің жан басына шаққандағы ІЖӨ көрсеткіші 113 196 АҚШ долларына тең. Сингапур, Қатардан ке­йін тағы да Скандинав елдері тізі­леді. Швейцария, Норвегия...

Халықаралық беделді ұйым зерттеу жүргізгенімен, әрқайсымыздың түсінігіміздегі бақыт ұғымы әр алуан. Мұндай рейтингілерге қарап шешім шығару қаншалықты дұрыс деген сауалмен әлеуметтанушылардың пікіріне жүгінген едік. Білім және ғылым министрлігіне қарасты Экономика институтының ғылыми қызметкері, әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова зерттеулердің са­лыс­тырмалы нәтиже екенін ескерген дұрыс деген пікір айтады.

«Бақыт – философиялық, абстрак­­тілі ұғым болғанымен, ға­лым­дар оны өздігінше бағамдауға ты­ры­сады. Әлбетте, өлшеудің объек­тивті, субъективті жолдары бар. БҰҰ рейтингі – объективті зерт­теу. Өйткені мұнда мемлекеттің эко­номикасынан бастап, жекелеген аза­маттардың жағдайы да ескерілген. Мына мемлекет тұрғындары бақыт­ты, мына халық бақытсыз деп абсо­лютті түрде айтуға болмайды, мұ­ның салыстырмалы нәтиже екенін ескерген дұрыс. Ал біздің елге келер болсақ, Қазақстанның көрсеткі­ші жыл өткен сайын жақсарып ке­леді. Бұл макроэкономикалық көр­сеткіштердің жақсаруымен де байланысты. Әлеуметтануда «ха­лықтың әлеуметтік көңіл күйі» деген ұғым бар. Біз жүргізетін зерттеулерден байқағанымыздай, бұл көрсеткіш те уақыт өте жақсарып келеді. Яғни халықтың өзін баға­лауы – субъективті өлшемі жақсы. Қалай болғанда да, халықтың мен­талитетін ескермеуге болмайды. Қазақтың «шүкір» деген сөзі бар ғой. Өміріңізге көңіліңіз тола ма деп сұрағанда, көбі шүкіршілік танытып, шынайы көрініс көлеңкеленуі мүмкін. Негізі бақыт – әлеуметтік емес, философиялық категория. Әлеу­меттік бақыт тұрып жатқан ел­дегі саяси, экономикалық жағ­дай­ға байланысты. Ал елдегі ІЖӨ-нің өсуі тұрғындардың да кө­ңіл кү­йін жақсартады деген сөз емес. Сон­дықтан бақытты халық­тың рей­тингісінде әлеуметтік бақыт туралы айтылған», дейді А.Молдабекова.

Жалпы, медиадан да бақыт­ты, өміріне көңілі толатын ха­лық ретінде Скандинавия елде­рін көре­міз. Осы күнге дейін даниялық­тардың өмір стилін, формуласын түсіндіретін талай кітап жарық көрді. Тіпті арнайы термин де қа­лыптасып үлгерді. Hygge. «Дания мәдениеті» деген түсініктің орнына қолданылып жүрген бұл «хюгге» басқа ел азаматтарының мақсатына, тіпті арманына айналды. Медиа сіз Қазақстанда тұрсаңыз да, өз «хюг­геңізді» жасап алыңыз деген сы­ңайда ақыл айтады. Асылында, «хюг­­ге» баспасөзде алғаш рет ХІХ ғасырда қолданылған екен. Collins English Dictionary мәліметіне сү­йенсек, «хюгге» танымал сөздер тізі­мінде «Брексит» сөзінен кейін екінші орында тұр екен. Ендеше, бақыттың формуласын іздейтіндер көп болып тұрғаны ғой.

Біткен іске сыншы көп. The Guar­dian колумнисі Майкл Бут «Шамамен мінсіз адамдар. «Скан­динавия жұмағындағы» өмір ту­ра­лы шындық» кітабында дания­лықтар бақытының кілті олар­дың қалтасының қалыңдығы мен аз жұ­мыс істеуінде деген ойымен бөлі­седі. Одан бөлек, Дания антидепрес­санттар тұтыну бойынша әлем елде­рінің көшін бастайды екен.

«Мемлекеттер азаматтар, кәсіп пен үкіметтің институционалдық және саяси шеңбер негізінде өз­ара әрекеттесуі үшін жағдай жасауы керек» делінген БҰҰ World Hap­piness Report зерттеуінде. Халық­аралық ұйым оған қоса бақыт пен мемлекеттің байланысы екі жағ­дайда тоғысады дейді. Мемлекет адам­­дардың бақытына әсер етіп қана қоймай, тікелей жауапты.

«Алдыңғы қатардағы елдер ба­қытқа қажетті жағдай қалып­тас­тырып үлгерген. Олар – өз бай­лы­ғын жақсы тұрмыс үшін қол­дана біл­­гендер», деп түйіндейді Бақыт­ты зерттеу институтының негі­зін қа­лаушы әрі директоры Майк Ви­кинг.

«Бақытты халық» рейтингісін­де 156 мемлекет арасынан еліміз 50-орын­ға жайғасыпты. Қазақстан ІЖӨ көрсеткіші, әлеуметтік қолдау, са­ламатты өмір бойынша жақсы нә­ти­же көрсеткенімен, жомарттық, ше­шім қабылдаудағы еркіндік, жем­қорлық бойынша әлі де атқарар шаруа жеткілікті екендігін көрсетіп отыр.

DataSight әлеуметтiк және бизнес зерттеулер агенттiгiнiң директоры Ілияс Тілеубергенов адам өзін бақытты сезіну үшін отбасына да, жұмысына да көңілі толуы керек дейді. «Азаматтар өз өміріне көңілі толған жағдайда мемлекет те бақытты болады. Менің ойымша, үкімет ең әуелі «Азаматтарымыздың бақытына не әсер етеді?» деген сұ­раққа жауап іздеуі тиіс. Жалпы, ор­тақ формула жоқ деп ойлаймын. Өйткені халықтардың құн­ды­лығы әртүрлі. Ал біздің бақытымыз құндылықтарға байланысты. Жал­пы, халықтың жай-күйіне әсер ете­тін факторлар көп. Ол тек саясат пен экономика емес, моральды да қам­тиды. Қоғамның бақытты бөлшегі болу үшін адам алдымен өзі тұратын үйде өзін жақсы сезінуі тиіс. Міне, осы жерде тұрғын үй мәселесі туындайды. Ол тек қолжетімді болмай, жайлы да болуы керек. Олай болса мемлекетке нарықты бақылауға тура келеді. Отбасы мүшелерімен қарым-қатынасы да маңызды. Өйт­кені біздің ең алғашқы қарым-қатынасымыз отбасынан басталады. Одан кейін адам әріптестерімен, басшылығымен жақсы болуы керек. Жұмыстың мәні, мағынасы болғаны да абзал. Қыруар ақша тапса да, адам қоғамға пайдалы, адамзатқа керек қызмет жасауы қажет. Қоғамда мемлекеттің заңы сияқты жазылған, салт-дәстүр сияқты халқымыздың жазылмаған ережесі бар. Олардың да орындалуы шарт. Әділдік пен теңдік қамтамасыз етілуі маңызды. Адамдар арасындағы байланыста әділетсіздік болса, бұл да адамның жай-күйіне әсер етеді. Яғни көңіл тыныш болмайды. Ал көңілдің тыныштығы – бақыттың белгісі», деп түйіндейді әлеуметтанушы.

Түрік ақыны Назым Хикмет те «Бақыт – таңертең жұмысқа, ал ­кешке үйге асығу» депті. Өмірдің қай саласында болсын өзіңді еркін сезініп, үйлесімде болу да адам­ның бақытты болуына әсер ететін көрінеді. БҰҰ ендігі рейтингісін жасағанда сізден «өміріңізге көңі­ліңіз тола ма?» деп сұраса, сіз қалай жауап берер едіңіз, оқырман?