Технология • 19 Ақпан, 2021

Қолма-қол ақшадан – онлайн төлемге

565 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мыңдаған жыл бұрын адамзат қоғамында темір ақша пайда болған кезде сауда саласы ерекше серпілісті бастан өткерді. Содан кейін қағаз ақшаның шығуы сауданы одан әрі жеңілдете түскен. Себебі затқа затты айырбастаудан гөрі ақшамен есеп айырысу адамдарды көптеген шығыннан құтқарды.

Қолма-қол ақшадан – онлайн төлемге

Енді міне, адамзат қоғамы сауда мен қаржы саласында тағы бір революцияны бастан кешуде. Дамыған интернет желісі бізге ақшасыз есеп айырысудың мол мүмкіндігін ұсы­нуда. Мұның пайдасын көптеген адам көріп жатыр. Қазір дүкенге барып зат сатып алу үшін қалтамызға ақша салып шықпайтын болдық. Қалалы жерлерде кез келген дүкен қолма-қол ақшасыз-ақ есеп айырыса береді. Бұл үшін қалтаңда банктің пластикалық картасы болса, жетіп жатыр. Тек сол картаның ішінде есеп айырысатындай қаржы болса, болғаны.

Көпшілік қауымның Kaspi банк картасын ұстайтыны белгілі. Өйткені бұл банк қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың мобильдік жүйесін басқа банктерден бұрын әзірлеп, елімізде клиенттерінің санын арттырып алды. Kaspi банк картасы көп іске жарайды. Онымен таксиге де төлем төлей аласыз. Ұшаққа, пойызға билет сатып алу үшін бұрынғыдай вокзалдарға жүгіріп жатпайсыз. Қазір басқа банк­тер де осындай қызмет түрлерін дамыта түсуде.

 Қысқасы, көптеген шаруаңызды интернеттегі арнаулы бағдарламалар арқылы үйден шықпай-ақ атқара бересіз. Ал көшеде келе жатсаңыз, мобильдік жүйе мен құралды пайдалана аласыз. Электронды үкіметтің дамуы нәтижесінде көптеген са­лық түрлерін де үйде отырып төлеу мүм­кіндігі бар. Бұл адам үшін қаржымен қатар барған сайын құны арта түскен алтын уақытты үнемдеуге алып келіп отыр. Сөйтіп әлемде алғаш рет интернет желісі пайда болған кезде Майкрософт компаниясының басшысы Билл Гейтс айтқан «болашақта кім интернеттен тыс қалса, сол өмірден де тыс қалады» деген сөзінің әбден шындыққа айналғанын көріп отырмыз.

Сонымен ақшасыз есеп айырысу әлем бойынша жылдан-жылға қарқын­мен дамып келеді десек, қазір бұл істің көш басында еуропалық елдердің, соның ішінде Скандинавия елдерінің тұрғанын көреміз. Мәселен, қазір Швецияда халықтың бәрі қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшіп, тек 13 пайызы ғана қалталарына ақ­ша салып жүретін болған. Осыған орай сарапшылар енді үш-төрт жыл­дың ішінде Швецияның әлемде алғаш­қы­лардың бірі болып «ақшасыз қоғамға» өтетінін айтуда.

Жалпы, әлемнің қай елі болсын, қазір «қолма-қол ақшасыз болашаққа» қарай асыға қадам басуда. Бұл істе көп елдің жүрісі ширақ. Мәселен, көршіміз Ресейде былтыр халықтың 70 па­йызы төлем төлеуді ақшасыз жүзеге асырған. Ресейден біздің еліміз де қалысайын деп тұрған жоқ. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мә­лім­деуінше, 2020 жылы елімізде «қол­ма-қол ақшасыз төлем революциясы» орнығып, виртуалды транзакциялар көлемі 2,6 есе өскен.

«2020 жылы Қазақстандағы «қол­ма-қол ақшасыз есеп айырысу эволюциясы» «революциямен» алмасты­рылды: елдегі қолма-қол ақшасыз транзакциялар көлемі 2,6 есе өсіп, 34,6 трлн теңгені құрады. Бұл ретте қолма-қол ақшасыз операциялардың үлесі 45,5%-дан 67,4%-ға дейін ұл­ғайды» делінген қа­уым­дастық баспасөз қыз­метінің та­рат­қан мәлімдемесінде.

Қауымдастық сарапшылары қол­ма-қол ақшасыз операциялар тә­сілі арасында интернеттегі транзак­циялар ең танымал екенін айтуда. Мұны фак­тілер де растайды. Статистикалық ор­гандар мәліметінше, былтыр бар­лық қолма-қол ақшасыз операция­лар көлемінің 81 пайызы соның үле­сіне тиген. Яғни 2020 жылдың қоры­тын­дысы бойынша интернет арқылы транзакция көлемі 28,2 трлн теңгені құраған. Сонымен қатар айналыстағы кредиттік карталар саны екі есеге (5,3 млн бірліктен 10,9 млн бірлікке дейін), ал дебиттік карталар 40 пайызға (25,5 млн бірліктен 35,6 млн бірлікке дейін) өскен. Бұл еліміздің әр 100 тұрғынына бүгінде 189 дебиттік және 58 кредиттік карта тиесілі екенін көрсетеді. Сөйтіп қалтаға ақша емес, банк картасын салатын заман келіп отыр. Тіпті интер­неттің дамуының нәтижесінде қазір көп адамдар қалтасына карта да салмайды. Қолындағы ұялы байланыс құралы арқылы есеп айырыса береді.

«Қазақстанда қолма-қол ақша­сыз транзакциялардың танымалдығы жыл сайын өсіп келеді: 2018 жылы оған барлық операция көлемінің 29 пайызы, 2019 жылы – 46, 2020 жы­­лы 67 пайызы тиесілі болды. Егер COVID-19 пандемиясына дейін банк­тер мен финтех-компаниялар­дың төлем инфрақұрылымын жоспар­лы түрде дамыту қолма-қол ақшасыз төлемдер нарығының негізгі драйвері болса, онда 2020 жылдың екінші тоқ­санында есеп айырысудың қолма-қол ақшасыз нысанын дамыту үшін әлеуметтік алыстатудың шектеу шаралары қосымша серпін берді» дейді осыған орай қауымдастық сарапшылары.

Сөйтіп «бір жамандықтың бір жақ­сылығы болады» дегендей, экономикамыз бен әлеуметтік өмірімізге көп кеселін тигізген пандемия жағдайы екінші жағынан қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың күрт дамуына әке­луде. Бұл үрдіс бүкіл әлемде бай­қалуда. Бұған мемлекеттік органдар қыз­метінің жаңа жағдайда жұмыс істеу тәсіліне көшірілуі де өз әсерін тигіз­генін айтуымыз керек.

«Мемлекет әлеуметтік байланыс­тарды барынша азайтуға және ха­лықтың кірісінің азаюын өтеуге ұм­тыла отырып, локдаун кезеңінде банк­тер бөлімшелері мен сауда және сер­вис кәсіпорындарына қашықтан қыз­мет көрсету пайдасына баруды шек­тейтін, сондай-ақ зардап шеккен аза­маттарға материалдық көмек тө­леуді көздейтін заңнамалық шаралар па­кетін қабылдады. Нәтижесінде жүз­деген мың қазақстандықтарда есеп айы­рысудың қолма-қол ақшасыз нысанына көшуге қосымша ынталандырулар мен мүмкіндіктер пайда болды. Бұл қашықтан қолжетімді тауарлар мен қызметтерді бірінші кезекте таң­дауды анықтайтын жаңа тұтыну мә­дениетін қалыптастыруға негіз болды» дейді сарапшылар.

Айта кету керек, қолма-қол ақша­сыз транзакцияларды жүзеге асыру ісі әзірге барлық өңірде бірдей емес. Мәселен, тұрғындарының саны миллионнан асқан Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында ақшасыз есеп айырысу ісінің барынша жеделдей түскені сезіледі. Сарапшылар мұ­ны төлем карталары мен мо­бильді төлемдерді қабылдайтын сатушы­лар­дың көптігімен түсіндіреді. Сондай-ақ мегаполис тұрғындарының қаржы­лық сауаттылығы мен тұтынуының жоға­ры деңгейі жақсы көмек болғанын айтады. Бұл мысал жанама түрде жан басына шаққандағы банк карталары­ның санымен де расталады. Мәселен, Алматыда (қолма-қол ақшасыз транзакциялар көлемі бойынша рейтинг көшбасшысы) бір тұрғынға 5,1 де­бит­тік және 1,4 кредиттік картадан келеді, ал Солтүстік Қазақстан облысы үшін тиісті көрсеткіштер (рейтинг аутсайдері) жан басына шаққанда 1,3 дебиттік және 0,4 кредиттік карталарды құрайды.

Осылайша, карантиндік, әлеу­мет­тік қауіпсіздік шараларымен бір­ге та­уарлар мен қызметтерге ақы тө­леу үшін цифрлы арналардың таны­малдығы мен қолжетімділігі Қазақ­станның «ақшасыз қоғамға» қарай басқан қадамын барынша жеделдете түсуде.

Сарапшылардың пікірінше, қалып­тасып келе жатқан жағдайдың еліміз үшін алдағы уақыттағы пайдасы мол болмақ. Бұл үдеріс болашақта адам­дар үшін сауда-саттық жасау мен қызметтер алуды, яғни жалпы өмір­ді жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге әкел­се, сонымен қатар көлеңкелі эко­номика мен жемқорлық үлесінің қыс­қаруына да игі әсер етпек.