Руханият • 23 Сәуір, 2021

Сөз сойыл №105

2492 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бірде

«Халқым өзі киіндірді, өзі шешіндірді...»

Бірде Әбілахат Еспаев өзінің өскен жері – Жамбыл облысындағы Мерке ауданына қонаққа барады. Меркеліктер «композитор жерлесіміз келді!» − деп, Әбілахатты жақсылап күтіп, үстіне су жаңа финн костюмін кигізіп жібереді.

Сөз сойыл №105

 

Алматыға келген соң да Әбілахат әлгі жаңа костюмін үстінен тастамаса керек. Әйелі Назым: «Ахат-ay, бұн­дай костюмді күнде киіп тоздырмай, тойға, сыйлы жерге барғанда ғана киіп, сақтасаң етті», − деп өтінеді. Әбі­лахат оған көнбейді: «Жо-жоқ, Назым, бұл маған халқымның берген киімі, сондықтан мен оны кимеуге хақым жоқ», − дейді қасарысып.

Бірде Әбілахат радиодағы жұмы­сынан түнделетіп шығып, аздап қызара-бөртіп үйіне келе жатқанда бір бұзықтар бұрышта аңдып тұ­рып, жаңа костюмін шешіп алып кетіп­ті. Сөйтіп Әбекең үйіне жарым-жар­тылай жалаңаш, ағараңдап іш­киім­шең кіреді ғой. Кірген бойда, көзі ала­қандай болып шошып қалған әйеліне:

 − Назымжан, абыржыма! Халқым өзі киіндірді, өзі шешіндірді... Онда тұрған не бар! − депті де, төсегіне қисайыпты.

 

Аспанда тұрған «Жұлдыз»

Ақын Ғафу Қайырбеков ұзақ жылдар бойы «Жұлдыз» журналы бас редак­торының орынбасары қызметін ат­қар­ған кісі. Ғафекеңнің қара қылды қақ жарғандай турашылдығы, та­бан астында айтып салар тапқыр­лы­ғы, қазақтың қара тілінің майын­ тамызған шешендігі жөнінде қалам­гер­лер арасында талай-талай әңгі­ме­лер айтылып жүр.  Солардың біреуі мынау екен...

 «Жұлдыз» журналы редакциясында лездеме секілді бір жиналыс жүріп жатады. «Журнал алдағы жылы қандай бо­луы керек» деген бағытта жігіттер ой-пікірлерін, ұсыныс-тілектерін ор­та­ға салып, жақ-жақ болып айтысады. «Жұлдыздың» атақ-абыройы онсыз да аспандап тұрған кез екен, әйтсе де пәлен деген айдар ашсақ, түген деген мақала жазсақ деп даурығысады ғой жігіттер... Жұрт құсап өңеш жыртып айтыспай, бір бұрышта үнсіз қалған жалғыз Ғафекең болса керек.

 − Иә, Ғафеке, сіздің пікіріңіз қандай? − дейді әріптестері бір кезде.

Сонда Ғафекең иегін бір сипап қойып:

 − Айтқандарыңның бәрі жөн ғой... Бірақ өстіп даурығып жүріп, аспанда тұр­ған «Жұлдызымызды» құлатып ал­ма­сақ бопты, ағайындар! − деген екен.

 

Бұзылған серт

Жазушы Әнуар Әлімжанов біраз жыл бойы Ескерткіштерді қорғау қоғамының бастығы болып қызмет атқарғаны мәлім. Әнекең сол жерде жүрген кезде жазушы Қалмұқан Исабаевты жұмысқа қабылдапты. Бірер күннен соң Әнуар:

− Қалеке, бүгін мен саған сен біл­мей­тін ғажайып бір кафені көр­сетейін. Кейін сен де бір кафені көр­сете жатарсың, − деп әзілдеп, тау­дағы бір кафеге апарып, сыйлап, күтіп жібереді.

 Арада бірер жеті өтіп кетеді. Бірде Әнуар:

 − Қалеке, сенің кафеңді көретін кезек те келіп қалды, − дейді.

Қу тілді Қалекең өтірік қипақта­ған­сып, көзін төмен салып:

 − Әй, Әнуар, кімге тәуелді болсам, сол кісіні не үйге, не түзге қонаққа шақырмаспын деп баяғыда, бозбала күнімде өзіме өзім серт берген едім. Ол сертімді сен үшін бұза алмаймын, ғафу ет! − деп есікке қарай бұрыла беріпті.

 − Қалеке, оның оп-оңай жолы бар, − деп Әнуар Қалекеңнің жолын кес-кестейді.

 − Сертті бұзар ешқандай да жол жоқ! − дейді Қалекең де қасарысып.

Сонда Әнуар:

 − Мен сені кызметтен шығару жө­нінде қазір, табан астында бұйрық жазамын. Сосын екеуміз емін-еркін кафеге барамыз. Отырамыз. Ішеміз, жейміз сенің есебіңнен. Сосын таңертең жұмыс­қа келген соң, сені қызметке қа­был­дап, қайта бұйрық жазамын. Келістік пе? − деген екен.

 

Әлібек АСҚАР

Нұр-Сұлтан

 

Шешесінің «шертпегі»

Анасы баласына:

– Неге тамақ жемей отырсың? Жаңа ғана аш қасқырдай ашпын деп едің ғой?

– Мама, қасқырдың шөп-шалам жегенін қашан көріп едің...

*  *  *

Шешесі баласына зекіп отыр.

– Бүкіл киіміңді былғапсың! Сен нағыз торайсың! Сен осы торайдың не екенін білесің бе?!

– Білемін, ол шошқаның баласы...

*  *  *

– Менің балам аулада футбол ойнаған сайын киімдерін бүлдіріп келеді. Қанша қымбат шетелдің кір кетіргіш ұнтақтарын пайдаланамын, бірінің әлі келмейді.

Содан дүкеннен белдік сатып алып баламды бүлдіріп келгенінде аямай сабай жөнелемін... Содан бастап балам түзелді, кір-қожалақтан арылдық.

Айтарым, тазалық үшін өзіміздің арзан  белдікке жетер зат жоқ!

*  *  *

Жігіт жүріп жүрген қызының туған күніне не сыйларын білмей шешесінен ақыл сұрайды.

– Шеше, ертең сіз он сегіз жасқа толсаңыз, сыйлыққа не күтер едіңіз?

– Не дейді! Ойбай-ау, он сегіз?! «Он сегізден» артық сыйлықтың маған керегі жоқ!

 

Құттықтаймыз!

«Құрметті Қаңқа! Жерлестеріңіз, қаламдас достарыңыз сізді 70 жасқа толған тойыңызбен құттықтайды!

Сіздің осыдан 50 жыл бұрын шыққан алғашқы әңгімелер жинағыңыз өз оқырманын таба алмағанын бәріміз білеміз. Содан соңғы жыл өткізіп жариялаған кітабыңыз әділ сынға ұшырап тиісті бағасын алған болатын. Соған қарамастан, сіз жазуды жанқиярлықпен жалғастыра бердіңіз. Соның жемісі ретінде, көп өткізбей-ақ алғашқы романыңызды бердіңіз. Ол романыңыз – әдеби жыл қорытындысында − жылдың ең нашар кітабы есебінде аталып, баяндамашы бүткіл уақытының тең жартысына жуығын сіздің осы романыңызға арнап, кемшілік-қателігін бүге-шігесіне дейін талдағаны әлі есімізде.

...Содан бері сіз де жазудан шаршап-шалдықпай − кітап соңынан кітап шығарып келесіз. Сын да сынауын сындырмай, «Халтураны доғару керек!» деген айғайынан бір тынбай-ақ келеді. Осыған қарамай, өгіз өлермендігіңіз бен итжандылығыңыздың арқасында сыйлықтан да құр қалған жоқсыз. Қалай екенін қайдам, бүткіл қаламгер атаулыны қапы қалдырып, әдеби жабық бәйгенің де жеңімпазы болып жабық қалдыңыз. Сіз жеңімпаз болғанда, біз білетін біраз тәуір жазушымыз жазушылықтан мүлдем қол үзіп, оны Қаңқа Қилыбаевқа қидық деп, кеш болса да басқа кәсіпке ауысып кетті. Біразының самай шашы ағарып, араларында арақ ішіп адасып кеткендері де, ақылдан адасып ауруханаға түскендері де болды.

Өзіңіз сын жазып та сынап көрдіңіз. Оныңыз же­місін берді де, біраз қастасқан қасқырлардан есе қайтардыңыз. Қолтығыңнан демеп көмек көр­сеткен көкелеріңнің біразының, осы сын­ның арқасында, көңілдерін өсіріп көктемін орнат­ты­ңыз. Ақыры, соңынан бар жазғаныңызды бір кітап етіп бастырып алдыңыз. Оныңыз да айғай ту­ғызды, сынап-мінелді. Шыбын шаққан құрлы көрген жоқсыз. Өйткені ол сіздің негізгі жазатын жанрыңыз емес.

Пьесаның да ауа-жайын аралап көрдіңіз. Тосқауылдарды бұзып өтіп, бір-екеуін сахналатып та, болмаған соң жыл жүрдіртіп, ақыры пьеса­ңызға өзіңізден басқа жан баласы жуымайтын болғандықтан жуасып келісім бердіңіз.

Аударма ауылына да ат салыстыңыз... Оныңыз­ға не айтарымызды білмей тұрғанымыз... Тек, келесі жылдан бастап сіз аударған бүткіл дүниені қайта аударып жаңалап басып шығармақ...

Сондай-ақ, балалар әлеміне де барлау жасап, біраз былықтырдыңыз...

Қызметті де қырық құбылттыңыз! Тек, бағы­ңыз­ бар екен, бір мықты қызметтен кемшілік табы­лып­ тайғызып жіберсе, көп өтпей келесі бір келісті жер­­де кергіп отырғаныңыз. Осы жасқа дейін, күні ке­­шегі құрметті демалысқа шыққанға дейін де, сіз шық­паған төбе, сіз шомылмаған шал­шық бар ма екен...

Құрметті Қаңқа! Жазушылық тәжірибеңіз толысқан, аға жасы − 70-ке толған бүгінгі күні қаламдас достарыңыз сізді шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасылық бақыт, жаңа шығармашылық табыстар тілейді!».

 

Берік САДЫР

Нұр-Сұлтан

 

Киіт бәсеке

1

Қыз бен жігіт

Шаңырақ көтергенде

Бірін-бірі сүйіп,

Олардың ата-аналары

Тарту-таралғы алмасады.

Бастарын иіп,

Оның аты – кәдімгі

Құдалар арасында жүретін киіт!

 

Киіт үшін әркім

Өзінде барын береді,

Қолдағы таңдаулыларын тереді.

Бірақ, бұл күнде

Біреу шапанын,

Біреу атанын

Сыйлайтын

Ұсақ-түйектің күні өткен.

Ол заман

Архаизм ретінде

Тарихтың қойнауына кеткен!

 

Қазіргі құдалардың иелігінде

Зауыт-фабрика,

Қалалар,

Көсіліп жатқан дала бар,

Соларды берісіп, алмасады,

Құдалар мен құдағилар

Осылай сыйласып жалғасады.

 

Қазіргі құдалардың

Өрістері де ұзарған,

Ұл-қызын шетте оқытып,

Мұхиттың арғы жағына

Қыз ұзатып, қыз алған.

Боржықтың қызы Боранқұл

Махаббатын  тауыпты,

Миллионер ата-анасы киіт үшін

Сыйға тартыпты зауытты.

 

Одан мультимиллионер

Мұқарбек қала ма,

Келінді Кениядан

Түсіріпті балаға.

Дәнекер болсын деп арада,

Құдасына сыйға тартыпты киіт үшін

Меншігіндегі кенішін.

– Мыналарыңды алып кет,

Сыйлайтының рас болса мені шын, –

Деп құдасы,

Өзінің бұрынғы жұмысшыларын

Өзіне қайтарып беріпті.

Бұл істің майын ішкен мамандары

Өзімен бірге келіпті.

Ал миллионер Сайдауыл

Шешім қабылдады тезінен.

Олардан да асып түсу үшін

Құда болыпты

Құрама Штаттағы әнебір

Алпауыттың өзімен.

Байқағанымыз сөзінен,

Мұндағы бәсекелестерін

Естен мүлде тандырмақ,

Құдасына жерінің

Бір бөлігін қалдырмақ.

Құдасы ол жердін бар байлығын

Жиып-теріп алуы үшін

АҚШ-тың пәленінші штатын

Осында әкеліп салдырмақ!

*  *  *

Жекешеге өткен жерге

Көз салсаңыз бақылап,

Жатжұрттыққа

Толып барлық атырап,

Жеріміздің құдалықта

Киіт орнына жүретін күні жақын-ақ!

 

Кемелбек ШАМАТАЙ

АЛМАТЫ

 

 

Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР