Сағат Арынов! Бұл есім қазақ оқырмандарына жақсы таныс. Оны танып қана қоймайды, оның қаламынан шыққан туындыларды құнттап, құнығып оқиды. Құнығып оқи отырып, оларды көңіліне тоқып оқиды. Оның зерттеу-талдамалы, танымдық еңбектері мен мақалалары еліміздің бас газеті “Егемен Қазақстаннан” бастап талай баспасөз бетінде жиі жарияланып тұрады.
Мен Сақаңның көркем тілін жыға танитынмын. Соның өзінде, қазақ баспасөзінде – республикалық, Жамбыл облыстық, Шымкент өлкелік газеттері мен радиосында жұмыс істей жүріп, талай очерк жазған, әуелден Сарыарқаның саф саумалын жұтып, халық тілін зердесіне құйып, құмарын қандырған жақсы жазушының қалам қарпуы мен ұстанған бағыт-бағдары ұнады.
Сақаң осыдан біраз жыл бұрын “Ақиқаттың жолы алыс” (шығармалар) деген жақсы кітапты оқырмандар назарына ұсынды. Бұл – автордың естеліктері, очерктері, мақалалары мен өлеңдері. Бүгінгі әңгіме ол кітап туралы емес, сондағы автордың қаламынан туған елеулі еңбектері, Сақаңның журналистік шеберлігі, оның шығармашылық өмір жолы туралы оқырмандармен сыр бөлісу болып отыр.
Естеліктің де естелігі, естісі бар. Жазылу мақамы оқыған сәтте жаныңды баурап, жадыратып жіберсе, сол жақсы. Қалай десеңіз де, С.Арынов әр естелігінде тарихи оқиғалар және өзі туралы, ет-бауыр жақындары, тарихи тұлғалар жөнінде сұңғыла білгірлікпен, білімдарлықпен қалам тартады. Автор соның бәрін көркем тілмен, жатық стильмен баян еткен.
Қалай дейсіз ғой? Әкесі мен анасы туралы сол кісілердің замандастарының ой-пікірін, ой-орамдарын айта отырып, сізді ара-кідік өзінің іңкәр адамдарына, жүрегіне ұялаған жандарға, олардың адами, рухани асылдығына тәнті етеді. Мұсылмандық, имандылық, инабаттылық Сақаңа сол кісілерден дарығанына куә боласыз. Естелік осылай жазылу керек. Автор осыны меже еткен.
Сақаңның әкесі Арын ақсақал – елге сыйлы, елім, жерім деп еңіреп өткен бекзат адам. Шешендігі мен саятшылығының өзін автор әдемі штрихтармен бере отырып, бір Құдайына құлшылық еткен мұсылманшылығы бар зерек те, ерек адам болғанын айтады. Сол діндарлығы үшін сталиндік зобалаңның зорлығын да көрген. Сонау Жаңаарқадан үдере көшіп, Сарысуды бетке алған Тарақты тайпасының талай азаматтарын соңына ертіп, сол Сарысуды мекен еткен жылдарындағы, талай шаруашылықты, елді басқарған азаматтарға ағалық ақыл-кеңесінің ғибраты да мол болды. Арекеңнің ағайыны Байжанның мына сөзіне құлақ түріңізші:
“... Менің туыстығым өз алдына, әкеңмен түйдей құрдаспын. Күні кеше Арын ажалдан алып қалған болатын. Бұл ұзақ әңгіме, бірде реті келсе айтып берермін. Жарықтық өте қаншыл еді. Соның арқасында Әлеуке-Көгедейдің жел жағына пана болды, ақыл-парасатымен үлкен-кіші демей аға болды, сыртқа айбын, бәрімізге құндыз жаға болды”, деуі әлгі пікірімізге куәлікке жүреді ғой деймін.
Анасы туралы да сағыныш сарыны, іңкәрлік лебізі аз емес. Бұлардың бәрі де этнографиялық әсерлі әңгіме. Ғабит Мүсірепов жазатын Ұлпан сияқты Үлкен жүректі Ананың суретін көз алдыңа әкеледі!
“Иманды болғыр анам – Бибі Айша ақылды, өте мейірімді, ағайын арасының дәнекері, жетім-жесірді есіркегіш, абысын-ажынға әсте дауыс көтермейтін, алыс-жақынға бірдей қарайтын көпшіл адам болатын. Қазақтың қол өнерінің айтулы шебері еді. Ою-өрнек салуда, киім тігуде, сырмақ сырып, алаша тоқуда, тұскиіз жасауда, киіз үйдің ішін әсемдейтін алуан түрлі жіптен тоқылатын, өрілетін бұйымдарды жасауда, шым ши орауда әбден шебер-іскерлігімен бүкіл ауыл-аймаққа белгілі болды”, дейді автор. Бұл өзі бүгінгі жастарға өнеге, үлгі ғой. Соны жазу да ғанибет емес пе!
Қазақтың ауыз әдебиетінің інжу-маржандарын естіп өскен Бибі-Айшаның суырыпсалма ақындығы да болған екен. Оған Арекеңнің інісі Мәден қайтыс болғандағы ұзақ жыр-жоқтауы дәлел бола алады:
Аяулы менің арысым,
Алашқа жеткен дабысың.
Амал бар ма, ой Алла-ай,
Сабырмен тәубе қылайын.
Нұрға толып қабірің,
Жолдасың болсын иманың! –
деген жолдардан аналық іңкәрлік сезімі атой салып тұр ғой!
Сақаңның ел мен жер туралы, тарихи тұлғалар туралы аса білгірлікпен алған тақырыбын тақаусыз игеріп, жеріне жеткізіп жазатындығы көптеген очерктерінен де аңғарылады.
Енді Сақаңның ақиқат жолындағы риясыз адалдығына тоқталайын. Өзі қазақ журналистикасының ақ жолынан өтіп, ғұмыр бойы әділеттікті ту еткен қаламгер болғанына сырттай риза болып жүретінмін. Қазір ел тарихы, тіл, діл, жер туралы әңгіме әркімді ойлантады. Сақаң бұл тұрғысында туралығын айтады.
Бұл орайда оның аса сүбелі мақалаларына да тәнті болдық. Шындықты, ақиқатты айту үшін дегдарлық, адал сөйлеу керек. Әсте де қаламын қолынан түсірмеген жазушы-журналист ағамыз мына заманның ағымына қарай ақ сөйлеп, адалдықты айтудан жасқанып та, жалтарып та көрмей келеді.
Тарих – танымдық ғылым. Қазақ тарихына абай болу керек. Ұлы Мұхтар, Сәбең мен Ғабең және тағы басқа да көрнекті жазушылар бұл жағына жағыпар болатын. Сақаң қазақ тарихын жақсы біледі. Қайсыбір авторлардың тарихи мақалаларындағы қателерін іліп, біліп айтады.
Сақаң “Қазақ әдебиеті” газетінің 1998 жылдың басындағы санында жарияланған “Барыс жылында қандай бойтұмар болады?” деген беташарында Сәкен мен Міржақып туралы “ғасырымыздың ғажайып қаламгерлері еді” деп мақтаныш сезімімен жаза отырып, белгілі ғалым, марқұм С.Ақатайдың (ол кезде автордың көзі тірі болатын) сол нөмірдегі сұхбатында Сәкен Сейфуллинді қазақ халқының “сатқыны” деп айыптап, классик ақынымыздың аруағына тіл тигізетін адасуларын, қаперсіздігін әділ әшкерелейді. Оны Елбасымыз
Н.Ә.Назарбаевтың С.Сейфуллинге берген әйгілі тарихи әділ бағасын келтіріп, бәрін де сабаларына түсіреді.
Ал Сақаңның “Сәлем де Көкшетаудың биігіне…” (Сәкеннің туған елмен қоштасқан соңғы өлеңі, “Қазақ” газеті, 2-9 қазан, 2009 ж.,) деген танымдық эссе-естелігі бүгінгі оқырмандар үшін ұлы ақынға аса қимастық сезімін ұялататын ұмытылмас туындысы болып қалды. Сонда Сақаң былай деп жазған еді:
“…1959 жылы күзде біздің үйге Жаңаарқадан менің үлкен нағашыларымның бірі Әбдіғаппардың зайыбы, нағашы жеңгем Әдікен қонаққа келді… Апам екеуінің әңгімесі әсте толастамайтын… Содан ойына кенет бірдеңе түскендей басын шалқайта көтеріп:
– Қыз-ау, – деп анама жалт қарап күліп қойды. Шешем жетпістен асса да ол баяғы әдетінше бұл кісінің атын атамайтын. – Сізге Сәкенмен түрмеде не қилы азапты басынан кешіп, Сібірдің бір меңіреу қиырында он бес жыл айдауда жүріп, Сталин опат болған соң оралған өзіміздің елдің бір адамы жақында Атасуға келгенде Сәкеннің туған елмен қоштасқан өлеңін айтып беріпті. Мұны естігенде Жаңаарқада жыламаған адам қалмапты. Қайран ерім, тозақ отына күйсе де елін, жерін ұмытпай қасіретін өлеңге айналдырып, сәлем жолдапты. Соны жаттап алып едім. Иә, былай:
Сәлем де Көкшетаудың биігіне,
Бауырында ойнақ салған киігіне.
Ұсталып, “халық жауы” боп кетіп барам,
Қайтып кеп оралам ба үйіріме.
Халқыма оқ атқам жоқ, атпаймын да,
Халқымды сатқаным жоқ, сатпаймын да.
Қамалып, “халық жауы” боп кетіп барам,
Білемін, бұл сапардан қайтпаймын да.
Жауым деп халқым мені ойламасын,
Сәкенін кейінгі ұрпақ есіне алсын.
Кеудемде ат басындай арман кетті-ау,
Шіркін-ай, мұны қайтіп ұмытарсың?!..
Өлеңді айтқанда Әдікен жеңешем шыдай алмай, егіле жылап жіберді. Оған апам қосылды. Менің де оңып тұрғаным шамалы. Дереу қағаз бен қаламға жармастым. Сәкен нағашымның етжүрегі елжіреп, ел-жұртқа қапастан жолдаған қоштасу өлеңі осылайша хатқа түсті”, деп автор ақиық ақынның адалдығы мен ақылақтығының тамаша жан сырын бүгінгі ұрпақтың, жаңағы қаперсіздердің есіне салады. Бұл – тәжірибелі журналистің көкірек көзімен жазылған парасатты пайымдары.
С.Арыновтың “Ата-баба, зәузатымыз кім?” дейтін шежіре-очеркінің де ғылыми-тарихи танымдық жүгі жетіп артылады. Оларда көненің көзі болған, заманында батырлығымен, шешендігімен аты шыққан аталарының өмірлерінен мол деректер келтіріледі.
С.Арыновтың поэзиядағы кесек шығармалары да жетерлік. Оның “Қайран, менің қазағым”, “Әке тағылымы”, “Ақын мен әкім”, “Қайда жүр, Сарысудың жақсылары” дейтін толғауларының, балладалары мен мысалдарының айтар ойы, көркемдік деңгейі биік. Бұл орайда, ардагер ақын Мұзафар Әлімбаевтың: “Қайсы өлеңің болса да тебіреністен, үлкен толғаныстан туған екен. Әлбетте, әдемі ақындық төркіні – сол! Лексиконың бай, шұрайлы екен. Өрнекті бейнелер мен тың айшықтар ақындық қуатты танытса керек”, деген лебізі де ойға қонады.
Менің Сақаң туралы жазуым көптен көкейімде жүретін. Және мен оның шәкірті болдым, азаматтық, адами қасиеттерінен үлгі алдым. Орталық Комитет мені үлкен жұмысқа шақырғанда қимай тұрса да жастығымды ойлап, аудандық партия комитетіне айтып, жауапты қызметімнен босатып жіберді. Жас шағымда, қалам ұстаған кезде ағалық-жағалық жасап, өзінің қанатының астына алды. Бұл орайда мен қалам ұстаған ұзақ жолымдағы Сақаң, республикаға белгілі журналистер Баттал Жаңабаев, Баянжан Мәдиев, Ұзақ Бағаев, Әбділда Дүйсенов сияқты ұстаздарымның да ұмытылмас ұлағатын, белгілі ғалым-журналист Әбдеш Қалмырзаевтың да шапағатын көрдім. Мұны мына зымырап өтіп жатқан заман көшінде, біразы бақилық болып, көзі тірілерінің жастары ұлғайған шақта ақжайлауым-ағаларымды еске алу да бір ғанибет деген ниетпен айтып отырмын.
Сақаңа бүгінгі сексеннің сеңгіріне шыққан шағында айтар ақ ниет те, ақ адал тілек те: қайырлы басталған өмірлік Желмаяңыз шалдықпасын, шабытыңыз шалқып, қолыңыздан қарымды қаламыңыз түспесін, деректі прозаның, ұшқыр поэзияның майталман майдангері ретінде өміріңіз бұдан да ұзақ болсын! Өзіңіз жазғандай:
Білмекке бір ақиқат,
Ақтардым көп тарихат, –
деген мұратыңызға жете беріңіз! демекпіз.
Мырзабай КЕҢБЕЙІЛ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, “Егемен Қазақстанның” ардагер-қаламгері.
АСТАНА.