Қоғам • 02 Шілде, 2021

Қыз – үйде, қылығы – интернетте

1376 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Біз – қызын үкінің баласындай аялап, қонақ санап, төріне шығарған халықпыз. Ұлын ертеңгі отбасының тірегі, елінің қорғаны деп қайсарлық пен кеңдікке баулыған қазақпыз. Бұрын ұл-қыздарымызды әке-шешесі, ата-әжесі, өскен ортасы тәрбиелейтін. Заман талабы өзгергені соншалық, қыздарымыздың желідегі жоғары белсенділігін, ұлдарымыздың ұятты қылықтарын қалыпты нәрседей қабылдайтын күйге жеттік. Әлеуметтік желінің бәрінде өнегелі әңгіме айтыла бермейтіні белгілі. Қазір ХХІ ғасырдағы қазақ жастарын әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр. Ал желі оларға қандай тәлім беріп, қай бағытқа қарай жетектеп барады?

Қыз – үйде, қылығы – интернетте

Желідегі жалғыздық

Әлеуметтік желіде әсіребелсенді. Күн сайын қисыны келсін-келмесін фотосын жүктеп, бір ауыз болса да сөз жазып қалдыруды әдетке айналдырған. Кез келген жазбаға пікірін «қыстырып» кететін ынталылығы тағы бар. Желідегі жұрттың дені оны таниды, «жақсы көреді», «құрметтейді». Кейде тіпті көрінбей қалса, іздеп, «жоқтап» жатады.

Әлеуметтік желідегі оның өмірі таңнан басталмайды, түнмен жалғасып кетеді. Кейде ерте оянып, боянып-тарануға ерінсе, «желіге қай бетіммен қараймын» деген «жігер» желкелеп тұрғызып алады. Сағат сайын болмаса да, тәулік бойы түрленіп тұратын Stories-ін жаңалап тұру ол үшін «жауапты жұмыспен» тең. Жүрген-тұрғанын, ішкен-жегенін, киген-шешкенін, сатып алғаны мен тастаған қоқысына дейін желіге жүктеп отырғаннан кейін болар, оның бүкіл өмірі – желідегі жұрттың көз алдында. Былай қарағанда, жалғыз емес. Себебі желіде оның «достары», «тілеулестері» мен «жанашырлары» өте көп. Бірақ шынайы өмірде соқа басы сопиып жүреді...

Жан-жағыңызға көз тастасаңыз, мұндай жандар айналаңызда аз емес. Әсіресе, нәзік жандар арасында. Алайда әлеуметтік желі жалғыздықтың жарасын жаза ала ма? Жеке өмірінің құпия-сырын желіде жария ету – жалғыздықтың белгісі ме, әлде бұл қоғаммен тіл қатысудың жаңа тәсілі ме? Жалғыздықты желі арқылы жасырып-жабудың салдары қандай? Соңғы кезде осы сұрақтар психолог – мамандарды ғана емес, ұрпағы виртуалды өмір сүруге дағдыланып бара жатқан үлкендерді де мазалап жүр.

Әлеуметтік желінің көзге көрін­бейтін бір сиқырлы күші бар. Ішіне бір сәтке бас сұққан адам, алтын уақытының қалай өтіп кеткенін сезбей де қалады. Желісіз таңы атпай, бір фотосын жүктеп, бір ауыз сөз жазбаса, күні батпай қалатындай күй кешіп жүрген қыздардың осы маңды айналсоқтап, шырмауынан шыға алмай жүргені де осы сиқырдан болар. Желідегі танымайтын таныстарға есіл уақытын қор қылып жүрген бойжеткендерге ес кірем дегенше қатал уақыт пен жалғыздық өз дегенін жасап үлгереді.

Жалған, алдамшы белсенділік – желідегі жалғыздықтың бір белгісі. Желіде «жұлдыз» болғанымен, шынайы өмірде жалғыз жандардың мәселесін психологтер технологияның дамуымен және әлеуметтік желідегі қарым-қатынастың тым тереңдеп кеткенімен тығыз байланыс­­тырады. Ал SMM мамандар әлеуметтік желі коммуникация саласында ғана емес, адамдардың өмір сүру салтында да революция жасады деген пікірлерін жиі айтып жүр. «Алайда әлеуметтік желі өзімен бірге жаңа мүмкіндіктермен қатар, қауіп-қатерді де ала келді. Әлемнің кез келген жеріндегі адаммен байланыс орнату оңай, жаңалық алу жылдамдағанымен, желіге тәуелді болу қаупі өте зор. Ал бұл тәуелділік, әсіресе, жастарды, оң-солын бағамдап үлгермеген жеткіншектерді рухани күйзеліске ұшыратуы әбден мүм­кін», дейді SMM маман Жалғас Ертай.

Ал психологтер күйзелістің соңы депрессия мен суицид екенін әуел бастан айтып, дабыл қағып жүр. ІІМ-нің ресми дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері 248 жасөспірім өзін өзі өлтірмек болған. Өкінішке қарай, олардың 84-і көз жұмды. Суицидтің себеп-салдарына талдау жасаған мамандар әрбір үшінші жеткіншек өзін жалғыз сезінгеннен осындай қадамға барғанын айтып, ақталатынын мәлімдеген.

Әлем елдерінің ішінде желідегі жалғыздық мәселесі қазір Жапонияда өте өткір. Күншығыс елінде, әсіресе, пандемия кезінде әйелдер мен жет­кіншектер арасында өзөзіне қол жұмсау деректері көбейіп кеткен. Жапон полициясының мәліметінше, өткен жылы бұл қаралы сан 20 мыңға жеткен. Аспанмен таласқан биік-биік ғимараттары мен бір-бірімен иін тірескен қалалары көп мемлекетте көбінесе нәзік жандар жалғыздыққа шыдамай, өз-өздеріне жиі қол жұм­сайтын көрінеді. Осы елдің тілі мен мәдениетін зерттеп жүрген ғалым Александр Раевский: «Жапонияда көшеде немесе басқа жерде танысу өте сирек кездеседі. Халықтың басым көбі үшін мұндай таныстық ыңғайсыз әрі қатты толқу тудырады. Негізінен, барлығы онлайн режімінде танысады», дейді.

Басқаша айтқанда, технологияның кеңінен таралуы адамдарды өзгеше өмір салтына алып келді. Бұл өмірде олар шынайы, табиғи әлеуметтік байланыстардан толығымен бас тартып, виртуалды әлемде тіршілік кешіп жүр.

Жалғыздық өткен жылдың ең өзекті мәселелерінің бірі ретінде танылды. Ал онымен күрес 2021 жылдың басты бағыты болып отыр. Телекоммуникация сарапшылары технология дамыған са­йын әлемде жалғызбасты адамдардың саны да артып келе жатқанын айтуда. Психологтер жалғыздыққа душар болған жандардың психологиялық денсаулығы да ақсайтынын ашық мәлімдеуде.

 

Tik Tok неге тәрбиелейді?

Соңғы уақытта жеткіншектердің Tik Tok желісіне жиі жүгінетінін байқап жүрсіз бе? Әсіресе, 8-14 жастағы жасөспірім қыздар осы әлеуметтік желінің «қызығына батып кеткен». Айналасы 2-3 жылдың ішінде 150 елдің бір миллиардтан астам халқын «жаулап алған» Tik Tok-тың құдіреті неде? Қытайлық желінің жастарға берері бар ма? Әлде бұл мәнсіз-мағынасыз бейнежазбалар арқылы ұрпақты аздырудың тағы бір тәсілі ме?

Tik Tok-қа тіркелген қолданушы­лардың бір бөлігі бұл қосымшаны ұнатпай бірден өшіріп тастайды, енді біразы қызықты, тартымды роликтерді көру үшін ғана қалады, ал қалғандары контенттің негізгі генераторы болып саналады. Әлеуметтік желі жастарды желімше жабыстырып алады, сосын ақырындап тереңіне тарта бастайды. Жеткіншек жай ғана қызығушылықпен түсірген алғашқы ролигін салады. Бұл «туындысын» санаулы уақыттың ішінде шамамен 100 адам көрсе, соның ішінде бір-екеуі лайк басып, бірнешеуі ойын жазып қалдыруы мүмкін. Осыдан кейін ол екінші, үшінші бейнежазбасын жүктейді. Осылайша, өзі қысқа бейнежазба мен роликтерді көру мен түсірудің қызығына батып кетеді... Tik Tok-ты, негізінен, мектеп оқушылары қолданады. Оларға қазір өзгенің бейнежазбаларын көру де, өздері түсіру де қызық. «Tik Tok түсіреміз» деп көпқабатты үйдің шатырына шығып кеткен жайттар да осындай көзсіз қызы­ғушылықтың кесірінен тіркелуде. Естеріңізде болса, өткенде Алматы облысында 15-16 жастағы екі жеткіншек селфи жасаймыз деп қаза тапты. Қайғылы оқиға Алакөл ауданының Бескөл ауылындағы ба­лық зауытының жанында болған. Екі қабатты ғимаратта селфи жасамақ бол­­ғанда, жеткіншектердің үстіне бетон плита құлап кеткен еді...

Бүгінде әлемдегі қысқа роликтер­ге арналған бірегей бейнеплатформа болып саналатын Tik Tok-тың өкіл­діктері Лос-Анджелес, Нью-Йорк, Лондон, Париж, Берлин, Дубай, Мумбай, Джакарта, Сеул және Токио секілді ірі қалаларда бар. Бірақ мына бір жайтты ескергеніміз жөн. Осыдан екі жыл бұрын АҚШ әскері өз сарбаздарына Tik Tok қосымшасын пайдалануға тыйым салды. Қол­данушылардың жеке мәліметтерін ұрлайды деп шешім шығарған осы елдің Қорғаныс министрлігі бұл әлеуметтік желіні қауіпті деп тапқан. Ал былтыр жазда Үндістан бұл желіні елдің тұтастығына іріткі салатын 58 қытайлық қосымшаның қатарына енгізіп, мемлекет аумағында қолдануға шектеу қойған. 2018 жылы АҚШ Tik Tok-ты ата-аналарының рұқ­сатынсыз 13 жасқа дейінгі балалардан ақша жинады деп айып таққан. Қосымшаны әзірлегендерге балалардың құпиялылығын интернетте қорғау туралы заңнама негізінде ең ірі көлемде – 5,7 миллиард доллар айыппұл салу туралы шешім шығарылған.

Қазір Tik Tok-ты талқылайтындар көп. Сынайтындар да, қолдайтындар да аз емес. Бірі желіні көңіл көтерудің көзі деп санаса, енді біразы жастарды рухани аздырудың жолы дейді. Бір нәрсе анық. Ол – қытайлық Тик Ток та өзге әлеуметтік желілер секілді, бүгінгі қоғамның бет-бейнесі. Айналамызда болып жатқан өзгерістер мен сан түрлі адамның сан қилы қызығушылығы, сұранысы, мінез-құлқы, тіпті түрлі тәрбиесі бар. Бай-бағланы мен кедей-кепшігі, жасы мен жасамысы, жұлдызы мен «жұлдыз болсам» деп желіккені де осыдан табылады. Бұл желіден түкке тұрғысыз, мәнсіз, мағынасыз ақымақтың ісін де көруге болады, бір сәт езу тартқызар, көңіл күйіңді көтерер қызықты да кезіктіре аласың. Қысқа қайырылатын роликтерден қандай да бір ой-тұжырым іздеудің қажеті шамалы. Себебі, Tik Tok-тың басты көздегені – санаға саңылау түсіру емес, аудиторияны өзіне тарту ғана. Мұнда бір қатып қалған қағида жоқ. Біздің қоғамда баласының санасына нені сіңіріп, кімнен қандай үлгі алып жүргенінен бейхабар ата-аналар, өкінішке қарай, өте көп. Өз бетімен өскен ұл-қыздың тәлім-тәрбиесі де ақсап тұрады. Технология дамығанымен, тәрбиеміздің әлсіреп бара жатқаны ащы да болса шындық. Сол себепті ұрпақтың бойындағы жылт еткен жақсы қасиетті өшіріп алмай, молайтуға қарай жұмыс істегеніміз абзал. Ендігі мақсат – жаңа өскінге жабысқан желінің кесірінен сақтанып, жеткіншектің санасындағы көрсеқызарлық пен шектен шыққан қызығушылықты ауыздықтау.

 

Әлеуметтік желіні немен алмастырамыз?

«Біз, ересектер, өскелең ұрпаққа шынайы өмірде қаншалықты назар аударып жүрміз? Отбасындағы шынайы әңгіме, жанды қарым-қатынас деңгейі қандай? Олардың қызығушылығына сай уақыт бөліп жүрміз бе? Әлеуметтік желіні алмас­тыратын баламалы әрекетті ұсындық па? Алдымен осы сұрақтар көтерілуі тиіс. Себебі, мәселенің барлығы әлеуметтік желіде емес», дейді елордадағы Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінің директоры Сафура Сейдуәлиқызы.

Әлеуметтік желінің заманауи қоғам­ның игіліктерінің бірі екенін алға тарт­қан мектеп басшысы желіден баланы ажы­ратуға емес, сол ортаны жеткіншекке пай­далы контентпен толтыруды ойлау керек­тігін айтты. «Өйткені ересектердің өзі желіден шыға алмай жүрген уақытта бала да сол жерден өз «ортасын» оңай тауып алады», дейді ол.

«Әлеуметтік желіге тәуелділіктің салдары түсінікті. Ал себебін зерттеп көрдік пе? Өмірде баланың ойын, мұң-мұқтажын, қуанышын бөлісетін адамның болмауы, сенімнің жоғалуы, қателік үшін өмір бойы «жазалануы», баланың күнделікті өміріне ата-ананың немқұрайдылығы – міне, осының барлығы ұл-қызымызды желінің тұтқыны болуға итермелейді. Шындап келгенде, баласына тәрбие беруге тиіс ата-ананың өзі де қазір Instagram мен Facebook-тің шырмауынан шыға алмай жүр», деген С.Сейдуәлиқызы әлеуметтік желіні баланы білім мен шығармашылыққа тәрбиелеудің құралы ретінде қолдану жолдарын қарастыруды ұсынды.

«Ата-ана, мұғалім тарапынан осы себептерді болдырмасақ, оқушының шынайы және виртуалды өмірінде үйлесімді теңгерім құруға болады. Себебі, әр бала – ересектердің айнасы. Өзі кітап бетін ашпайтын ата-ананың қызына «кітап оқы» дегені, өзі спортпен айналыспайтын әке-шешенің ұлына «спортпен шұғылдан» деп ақыл айтқаны қазіргі уақытта өтімді емес. Ал мұғалімдер ХХI ғасырдың дағдыларын алдымен өз бойында қалыптастыруы керек, сонда ғана оқушыға ықпал ете алады. Қазіргі таңда креатив, сындарлы кері байланыс, эмоциялық интеллект, коммуникативтік құзыреттілік, сыни ойлау алдымен мұғалім мен ата-анаға керек дағдылар болып отыр. Біз бұл дағдыларды игергенше жасөспірімдер күтіп отырмайды, өзгерістер бола береді. Сондықтан баламен жұмыс істейтін әрбір ересек өзін өзгертуі керек. Әлеуметтік желілерді жоғалтып жіберу мүмкін емес. Сол себепті желінің мүмкіндігін оқыту мен тәрбие құралы ретінде қолдану үшін алдымен өзіміздің өзгергеніміз қажет», деді ол. Ұл-қызымызды үйде тәрбиелей алмасақ, интернет тәрбиелеп беретінін ашық айтқан мектеп директоры «бәріне баланы кінәлай беруге болмайды» деген ойын да ортаға салды.

Ал «Tik Tok жеткіншектерді неге тәрбиелеп жүр?» деген сұрағымызға психоаналитик Жанар Оспанова: «Сырттай бақылағанда Tik Tok түсіріп жатқан жеткіншектердің іс-қимылына, биіне сүйсініп қарауға болады. Осы арқылы олар ішкі сезімдерін көрсетіп, балалық бір еркелік, еркіндіктерін байқатқысы келеді. Мен көбінесе, маман ретінде осыны байқаймын», деп жауап берді. Tik Tok-ты әр жастың өзін өзі көрсетуге, мүмкіндігін паш етуге, жылт еткен талантын дамытуға өте ыңғайлы алаң деп бағалаған маман да желідегі нәрсенің барлығын жаман деп жауып тастауға болмайтынын ашық жеткізді.

«Әлемді жайлаған індеттің кесірінен жасөспірімдердің арасында өзара араласу, басқосу мен әңгіме-дүкен құру біршама азайып кетті. Көптеген жас жеткіншек осындай сұраныстың орнын әлеуметтік желімен толықтыруға тырысады. Алайда  бір жайтты ескерген жөн. Кез келген нәрсені шамадан тыс қолданса, ол пайдасымен қоса кесірін де тигізе бастайды. Әрбір жасөспірімде жы­ныстық энергия 12-13 жас кезінде арта түседі. Яғни бұл – гормондар түзілетін, өзіне сенімді болғысы келетін кезең. Жасөспірім айнаға қарап, бой түзеп, біреуге ұнағысы келіп, сырттан «сен әдемісің», «маған ұнай­сың» деген сөздер естігісі келетін шақ. Ата-анасынан бөлек, «Сырт көз не айтады екен?» дегендей алаңдауға толы сын сәт. Томаға-тұйық жасөспірім өзінің әлеуетін ашқысы келеді, ал кез келген ортада алдыңғы қатарда жүретін жас одан әрі биіктегісі келеді. Бұл бір жағынан баланың өмірге деген құштарлығын арттыру болып саналады. Ал егер әлеуметтік желіге салған бейнежазбадан өрескел қылықтар, ашық-шашық киіну байқалса, бұл ең бірінші ата-ана тарапынан бақылаудың жоқтығын аңғартады. Басқаша айтқанда, бала мен әке-шешенің арасында байланыс жоқ. Жасөспірім кезінде әр балада «мен білемін», «мен істей аламын» деген бір зор сенім болады. Осы кезеңде ата-ана баласын сынап, ұрсудың орнына, қолдау білдіріп, түсіністік танытуы қажет», дейді сарапшы.

ТҮЙІН: Текті ұрпақ тәрбиелеу үшін өзгенің ойлап тапқан ойыны емес, әуелі өз ата-бабамыздың асыл өнегесін сіңірген абзал-ау. Себебі, жеткіншек көргенін қайталайды. Естігенін санаға сіңіріп өседі. Ал ата-ананың дені «Мәнсіз-мағынасыз бейнероликтер әлемі» деп бағалайтын Tik Tok, ашық-шашық киінуге көзді қызықтырып, дөрекі қылықтарға дағдыландырып жүрген Instagram-мен, жөнсіз-жосықсыз әңгімеге толы әлеуметтік желімен ұрпақты ұлағатты қылып тәрбиелей аламыз ба?  Қаперсіз, қамсыз жүргенімізде қазақ жастарын желі жұтып қойып жүрмесін деген қауіп бар көңілде.