Білім • 13 Шілде, 2021

Ана мен баланы қолдауға – айрықша назар

455 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеу­меттік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязов елімізде ана мен баланы әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтып берді.

Ана мен баланы қолдауға – айрықша назар

Ол ана мен баланың құқықтарын қорғау және заңды мүдделерін жоғары қою мемлекет саясатының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда балалы 1,9 млн отбасы әлеуметтік жәрдемақы мен төлем алады. Ана мен баланы әлеуметтік қолдау әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудың көпдеңгейлі жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі және бюджеттен төленетін жәрдемақылардың 5 түрін және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін 2 төлем түрін қамтиды. Биыл бұл мақсаттарға 756 млрд теңге қарастырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға артық», деді А.Ниязов.

Сондай-ақ ол базалық деңгейде мемлекет республикалық бюджет қаражаты есебінен бала тууға 110 846 теңгеден 183 771 теңгеге дейін біржолғы жәрдемақы алуға кепілдік беретінін атап өтті. 2020 жылы ол 52,3 млрд теңге сомасына 430,7 мың адамға төленгенін, 2021 жылы жәрдемақының бұл түріне 51,4 млрд теңге қарастырылғанын және 6 айда оны 186,8 мың адам 24,6 млрд теңге сомасында алғанын алға тартты.

«Жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы төлеу қарастырылған. Жәрдемақының бұл түрі екінші, үшінші және одан кейінгі балаларға – 16 802 теңгеден 25 962 теңгеге дейін арттырыла отырып, баланың туу кезектілігіне байланысты төленеді. 2020 жылы бұл жәрдемақыны 120,9 мың адам жалпы сомасы 31,7 млрд теңгеге алды, 2021 жылға 26,2 млрд теңге қарастырылған, оның 6,8 млрд теңгесі төленді», деп толықтырды Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры.

Ол сондай-ақ бүгінгі таңда елімізде 458 мыңнан астам көпбалалы отбасы тұратынын еске салды. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан берілетін жәрдемақы енгізілді. Төлемдердің мөлшері балалар санына байланысты 46 760 теңгеден (4 бала) 186 688 теңгеге (16 бала) дейін сараланған. Биылғы жылдың 6 айында бұл жәрдемақыны орта есеппен 141 млрд теңге сомаға 458,9 мың отбасы алған. Көпбалалы аналардың абыройы мен беделін арттыру үшін «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы да тағайындалады. Жәрдемақы мөлшері қазіргі уақытта 18 669 теңгені құрайды, оны 230,3 мың адам алады, жыл басынан бері оларға 25,8 млрд теңге төленген.

«Мемлекеттік бюджеттен мүгедек бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақы төленеді, жәрдемақы мөлшері  48 023 теңгені құрайды, бүгінде ол 92 мың отбасына 27,2 млрд теңге сомасында төленді. Мүгедектігі бар бала кәмелеттік жасқа толғаннан кейін олардың қатарынан аса мұқтаж адамдарға бала кезінен бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтың күтіміне байланысты жәрдемақы төленеді, оның мөлшері 48 023 теңгені құрайды, бұл жәрдемақыны бүгінде 15 мыңнан астам отбасы 4,4 млрд теңге сомасында алды. Аталған төлем түрлері баланың мүгедектігі бойынша жәрдемақыдан бөлек жүзеге асырылатынын атап өткім келеді», деді А.Ниязов.

Ол сондай-ақ жұмыс берушілер қаражаты есебінен түскен әлеуметтік аударымдар негізінде жұмыс істейтін әйелдерге арналған мемлекеттік жәрдемақылардан басқа, МӘСҚ-тан жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда біржолғы әлеуметтік төлемдер тағайындалатынын хабарлады. Бүгінде осы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 540 мың теңгені құрайды (2020 жылы оны 203,1 мың адам жалпы сомасы 96,4 млрд теңгеге алды). Бала туғаннан кейін МӘСҚ-тан 1 жасқа дейінгі баланың күтімі бойынша ай сайынғы төлемдер жасалады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша оларды жалпы сомасы 106,4 млрд теңгеге 501,6 мың адам алды, бүгінгі күні орташа мөлшері 32 мың теңгені құрайды. Биылғы жылы жоғарыда көрсетілген әлеуметтік төлемдерге МӘСҚ қаражатынан 253,8 млрд теңге көзделген.

«Бұдан басқа, 2014 жылдан бастап жұмыс істейтін әйелдер үшін олардың 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыста болған кезеңінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау енгізілді. Бұл олардың зейнетақы жинақтарының ұлғаюына, зейнетақымен қамсыздандырудың барабар деңгейіне қол жеткізуге ықпал етеді. 2020 жылы республикалық бюджеттен МӘСҚ-тан 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем алатын 87 275 адамның жеке зейнетақы шоттарына 5,7 млрд теңге аударылды. Осы жылға шамамен 7 млрд теңге қарастырылған», деді спикер.

А.Ниязов мемлекеттік жәрдемақылар мен МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлемдерден басқа, жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік қолдау да көзделгенін атап өтті.

«Жергілікті бюджет есебінен жетім балаларға, мүгедектігі бар балаларға жалпы сомасы 82,3 млн теңге материалдық көмек көрсетілді, табысы аз отбасылардың балаларына, көру қабілеті бұзылған балаларға 57,1 млн теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетілді», деді Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры.

Көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары елдегі демографиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді, мұның дәлелі 2020 жылы бала туу көрсеткішінің 426,8 мыңға дейін өсуі. Бұл ретте үшінші, төртінші, бесінші және одан көп бала туған отбасылардың үлесі 48%-ды құрады. Қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі туралы қоғамдық пікірге жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері бойынша ұрпақты болу жасындағы және балалы отбасыларды қолдау жөніндегі мемлекеттік шаралардың тиімділігін оң бағалайтын халықтың үлесі шамамен 70%-ды құрайтыны анықталды.