Экономика • 02 Тамыз, 2021

Электронды сауда – экономикаға серпін

397 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Пандемияның ел іргесіне жоламағаны керек. Алайда дәл қазір тұтас әлем осы бір пәлекетпен бетпе-бет келіп отыр. Дегенмен пан­­де­­мия­ның шырмауына шыландық екен деп жүрісінен жаңылған мем­лекет шамалы. Әр ел қиындықтан мүмкіндік іздеуде. Біздің ел­дің де бұл ба­ғыт­тағы қадамы нәтижесіз емес. Мәселен, пандемия бас­тал­ғалы бері Қазақстанда электронды сауда ерекше қарқын алды.

Электронды сауда – экономикаға серпін

 

Пандемияның пайдасы

Сауданың мұндай түрі бізде бұрын да болған. Бірақ қар­қы­ны сәл бәсеңдеу еді. Оған ха­лық та көндіге қоймаған-ды. Ко­ро­на­вирус таралып, құндылықтар өзгерген тұста жер бауырлап жат­қан электронды сауда еркін ты­ныс­тай бастады.

Жалпы, біздің елдегі электронды сауданың тарихы аса бір терең де емес. Алғашқы интернет-дү­кендер жаңа ғасырдың келуі­мен пайда бола бастады. Панде­мия­ға дейін ел Үкіметі отандық сауданың ішкі және шетелдік ин­тернет-алаңдарға шығуына ба­­сым­дық беріп келді. Былтыр бас­­тал­ған пандемия осы процесті ай­тар­лықтай жеделдетті. Каран­тин­­дік шектеулер сауда қатынас­тары­­ның басым бөлігін электронды фор­матқа ауысуға мәжбүр етті.

Ел Үкіметінің ресми ақпарат­тық ресурсы таратқан дерекке сүйенсек, былтыр бөлшек сау­да­ның жалпы көлеміндегі элек­трон­­ды сауданың үлесі 1,1 трлн тең­ге­ден асқан. Оның 1 трлн 19 млрд теңгесі ішкі интернет-алаң­дар­ға, 144 млрд теңгесі шетел­дік ин­тер­нет-алаң­дарға тиес­ілі. Сондай-ақ бөлшек тауар айна­лы­мының 9,7 пайызын элек­трон­ды сауда құраған екен. Бұл дегеніміз – 11,6 трлн теңге.

Интернеттегі сатып алушылар саны шамамен 20 пайызға өс­кен. Яғни көрсеткіш 2019 жылы 3,2 мил­лион адамды құраса, был­тыр белсенді сатып алушылар саны 3,8 миллион адамға дейін жеткен. Бү­гінде біздің нарықта 650-ге жуық интернет-дүкен жұмыс істейді.

2018 жылы электронды сауда нарығының көлемі 2017 жылмен (174 млрд теңге) салыстырғанда екі есе ұлғайған – 269 млрд теңге. 2018 жылы бөлшек тауар айналымының жалпы көлемінде электронды сауданың үлесі 2,9 пайызды құрады.

 

Алыстағы Alibaba

Қазақстанда отандық тауар өндіру­шілерді халықаралық сауда алаңдары­на шығару бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Дені Alibaba.com сауда алаңын таңдауда. 2020 жылдың қоры­тын­дысы бойынша 100 компания осы платформада «Алтын жеткізуші» аккаунтын иеленді. Оның ішінде 71 ком­панияның аккаунты нақты жұмыс істеп тұр. Кәсіпорындарға жасалған көмек­тің нәтижесінде 18,1 млн доллар көле­міндегі отандық өнім сатылып, 4 мың­нан аса қазақстандық тауар Alibaba.com-ға орналастырылды.

– Қазіргі таңда 50 компания (іріктеу 2020 жылдың қараша айында өткізілді) «жетілу» сатысында тұр. Әлеуетті сатып алушылармен келіссөздер жүргізі­лу­де, өнімнің сынамалы партиялары жіберілуде. Биыл әйгілі сауда алаңына шығудың үшінші кезеңі жоспарланып отыр. Осы жылы платформаға тағы 50 компания шығады деп күтілуде. Оң тәжірибеге сүйенсек, 2022 жылдың орта шегінде экспорттық жеткізілімдердің жалпы көлемін 50 млн доллардан 100 млн долларға дейін ұлғайтуға болады, – дейді QazTrade қазақстандық сауданы дамыту орталығы» АҚ бас директоры Азамат Асқарұлы.

 

Amazon – арман емес

Осы жылдың мамыр айынан бастап Қазақстан әлемдегі ең ірі электронды сауда платформаларының бірі Amazon-ның «рұқсат етілген» тізіміне енгізілді.

– Біздің кәсіпкерлер Amazon-ға кіру үшін «рұқсат етілген» елдердің тізі­мінде болуы қажет-тін. Яғни сауда алаңында операцияларды жүргізу үшін біздің мемлекетте заңды тұлға мен банктік шот ашылу керек еді. Біз бұл белесті де еңсердік. Қазақстан сатушы елдердің тізіміне қосылды. Енді отандық кәсіпкерлер тікелей қазақстандық банк­тер арқылы төлем қабылдап, сауда жасай алады. Бұл – елдегі электронды сауданы дамыту мен отандық тауарлар экспортын ілгерілетудегі сәтті қадам. Өйткені Amazon-ға шығу – үлкен жетістік. Атал­ған платформа шағын және орта бизнес­ке үлкен жол ашуда. 1,9 млн шағын және орта кәсіпкерлік мұндағы бөлшек сауданың 60 пайызын құрап отыр, – дейді Азамат Асқарұлы.

188 елдің сатушылары тіркелсе де, Amazon-ның әлемнің 200-ден астам елінде жүздеген миллион белсенді клиенттері бар. Былтыр оның таза сатылымы 386,1 млрд долларды құрады.

 

Озық Ozon

Ozon деп отырғанымыз – ресейлік e-commerce-нің алыбы. Оның тұрақты сатып алушылар базасы 16 млн адамнан асады. Ал ай сайынғы пайдаланушылары 80 млн адамнан кем түспейді. Мұнда киім мен азық-түліктен бастап косметика­ға дейінгі 20 түрлі санаттағы тауарлар ұсынылған. Әлбетте, Ozon қазақстандық кәсіпкерлер үшін үлкен әлеуетке ие.

Енді кез келген қазақстандық өндіру­ші осы бір әмбебап сауда алаңын­да өз тауарын ұсына алады. Бізде өндіріле­тін аяқкиімдер, зергерлік бұйымдар мен ауыл шаруашылығы өнімдері бұған дейін де Ozon-да сатылатын. Алайда қазақ­­стандық компаниялар Ресей Феде­рациясының аумағында филиал ашуға мәжбүр болды. Бұл бизнес үшін тиімсіз әрі қымбатқа түседі.

– Логистиканы жетілдіру жергілікті бизнестің Ozon-ға шығуына ықпал етті. Енді қазақстандық кәсіпкерлер Ресейге тауарларды тікелей клиентке дейін өздері немесе сырттағы тасымалдаушылардың көмегімен жеткізе алады. Сондай-ақ жақын уақытта Ozon қазақстандық биз­нес­тің тауарларын Ресейге тасымал­дай­тын серіктес логистикалық ком­пания­лардың тізімін ұсынады. Бұдан бөлек қазір Ресей мен басқа да өңірлерге жет­кізу үшін отандық тауарларды қой­малау мүмкіндігі пысықталуда, – деп нақ­ты­лады QazTrade басшысы.

Еліміздің Сауда және интеграция министрлігі басқа да сауда алаңдарымен келіссөздер жүргізуде. Ондағы мақсат – қазақстандық өндірушілер үшін түрлі сауда алаңдарын барынша қолжетімді ету. Мәселен, ауыл шаруашылығы на­ры­ғындағы бірегей ақпараттық-сауда плат­формасы саналатын Mundus Agri ала­ңына шығу міндеті тұр.

 

Бейхабар бизнес

Өкінішке қарай, көп жағдайда отан­дық компаниялар сыртқы экономика­лық қызметті жүргізу мүмкіндіктерінен бейхабар. Ел Үкіметінің ресми ақпарат­тық ресур­сы таратқан дерекке сүйенсек, отан­дық компаниялардың 20 пайы­­зы уа­қтылы ақпарат алып тұрсақ де­ген ниет білдіріпті. Осыған орай Үкі­мет халықаралық электронды сауда­ның әлеуетті қатысушыларын ақпа­рат­тық сү­йе­мелдеуді қолға алды. Ақпарат­тан­дыру ресми арналар, яғни порталдар, телеграмм-арналар, салалық чаттар арқылы жүргізіледі.

– Бизнесті ақпараттық қолдау аясында Amazon, Rakuten, «ТрейдКи», GlobalSources және бірқатар ресей­лік алаңды қоса алғанда, ірі халық­ара­­лық электронды сауда платформаларына 6 шолу жасалды. Сатып алушылар мен сату­шыларды біріктіретін News Community сауда платформасы қа­тысу­шыларға нарықтың негізгі жаңа­лықтарын, баспасөз хабарламаларын және негізделген шешімдер қабыл­дау үшін анықтамалық ақпаратты ұсы­нады. Бұдан бөлек Халықаралық сау­да орталығымен және Еуроодақпен бір­лесіп, біздің елде Орталық Азиядағы өңір­лік және халықаралық сауданы қол­дау жөніндегі Ready4Trade Central Asia ұзақ мерзімді жобасы іске асырылуда, – дейді Азамат Асқарұлы.

Аталған жобаның бірінші модулі аясында онлайн-сауданы жүргізу бо­йын­ша шағын және орта бизнесті оқы­ту мәселелерімен айналысатын 9 ұлт­тық бизнес-тренер оқытылған. Тоқы­ма, тігін ісі, қолөнер және агробиз­нес саласында жұмыс істейтін шағын және орта бизнестің 45 өкілі іріктеліп алын­­ды. Сондай-ақ қазіргі уақытта екін­ші модульге дайындық жұмыстары жүр­гізілуде. Ол 2022 жылғы мамырға дейін жалғаспақ. Ready4Trade Central Asia жобасын іске асырудың нәтиже­сінде өз бизнесін онлайн-ортада белсенді жүр­гізетін отандық кәсіпорындар пулын қалып­тастыру көзделіп отыр.

Сонымен қатар студенттердің көп бөлі­гін электронды сауда негіздеріне оқы­ту мақсатында Сауда және интеграция ми­нистрлігі биыл онлайн-бизнес­тегі та­быс­­ты кәсіпкерлерді тарта отырып, арнайы оқыту модулін іске қосуды жоспарлауда.

Жалпы, Үкімет шағын және орта бизнес субъектілерін онлайн режімге көшуге ынталандыруды көздеп отыр. Ол үшін әлемнің дамыған елдерінде, айталық, Сингапурда табысты қолданылатын тәжірибеге сәйкес онлайн-дүкен құру­дағы бизнес шығындарын өтеу шарасы ұсынылмақ. Сондай-ақ Қазақстанда элек­тронды сауда субъектілерін табыс са­лығынан босату жеңілдігін алу үшін салық заңнамасының талаптарын пы­сық­тау мәселесі көтерілуде.

Бұдан бөлек бүгінде Сауда және интеграция министрлігіне инвесторлар тарапынан фулфилмент-орталықтар құру туралы ұсыныстар келіп түсуде. Бұл ретте 2025 жылға қарай «Қазпоштамен» бір­лесіп, еліміздің барлық өңірінде 16 фул­филмент-орталықты іске қосу көзделген.

 

Біздің бренд

Былтыр қазақстандық өндірушілер­дің шетелге сатқан тауарларының тізімі 4,6 мыңнан асты. Сауда және инте­гра­ция министрі Бақыт Сұлтановтың ай­туынша, елімізде өндірілген өнімнің негізгі бөлі­гін Ресей, Қытай, Біріккен Араб Әмір­­ліктері, Бразилия, Аустра­лия, Канада, Сингапур, Оңтүстік Африка Рес­­­пуб­­ликасы сатып алған. Осы орайда шет­ел­ге са­тылған өнімдердің ішінде өң­де­лген тауар­лардың да барын атап өткен жөн. Өңделу дәрежесі әртүрлі болса да, Made in Kazakhstan брендімен шекара асы­рыл­ған тауарлардың үлесі көбейіп келеді.

Мәселен, біздің кәсіпкерлер Канадаға гидравликалық жүк крандарын, ба­лық филесін экспорттады. Иә, мұхиттардың ортасында орналасса да, канадалықтар біздің балықтың филесін тұтынып отыр. Сондай-ақ бұл елге мұнай өнеркәсібінде қолданылатын құбырлар жіберіледі.

Қазақстан Францияға авиация өнер­кәсібіне арналған тікұшақтардың бөл­шектері мен өлшеу құралдарын жет­кізеді. Нидерландқа теңізде қолда­ны­латын жер снарядтары, Грекияға қаданы қағуға және алуға арналған жаб­д­ықтар, ал Швейцарияға дәрілік заттар экспорттайды.

Алжир Қазақстаннан қуат сорғы­ларын, мойынтіректер мен гайка кілт­теріне арналған бастиектерді сатып алады. Аргентина арматура, Ирлан­дия бұрғылау жабдықтары мен гидравли­калық қондырғылардың бөлшектерін импорттайды.

Сонымен қатар шетелге қоспа­лан­баған алюминий, металл прокаты, мыс, ферросилиций, қорғасын, феррох­ром, фос­фор, күкірт жөнелтіледі. Сұйы­тыл­ған бутан мен пропан ондаған елде үл­кен сұранысқа ие. Өткен жылдың өзін­де біздің ел шамамен 600 млн дол­ларға сұйытылған газды экспорттады. Қазақстан амин қышқылдарын, нуклеин қышқылдары мен тұздарын, глюконий қышқылын да сатады. Сигареттер, газдалған сусындар, аккумуляторлар, локомотивтер, автомобильдер, тұрмыстық химия мен тамақ өнеркәсібінің өнімдері, кондитерлік өнімдер, киім, автохимия... Шекара асырылатын өнімдердің тізбегін осылай жалғастыра беруге болады.

Бақыт Сұлтановтың айтуынша, елор­дада 10-ға жуық адам жұмыс істей­тін шағын компания бар. Олар Өзбек­­стан мен Вьетнамға парашют экспорт­­таумен айналысады. Кішкентай қорап­тарға салынған отандық жылыжайларда өсірілген қара өрік пен таңқурай Біріккен Араб Әмірліктерінің дүкендерінде сатылады.

Қазақстан раковиналарды, унитаздарды, себезгі кабиналарын экспорттаумен де айналысады. Мұның бар­лығы Қарағандыдағы отандық зауытта өндіріледі. Мұндай зауыт Орталық Азияда біреу-ақ. Оның өнімдері еуро­па­лық технологиялар бойынша жасалған.

Айтпақшы, Coca-Cola бөтелкелеріне арналған қақпақтар да Қазақстанда өндіріліп, экспортқа жіберіледі.

– Қазақстанда өнімнің көптеген түрі өндіріліп, экспортталады. Еліміз біртіндеп жаһандық өндірістік және сауда тізбектерінен өз орнын алуда. Отандық тауарлардың өзге континент­терде сұранысқа ие болуы саясаттың дұрыстығын көрсетеді. Әрине басқа елдердің өнімдерімен бәсекелестіктің бары рас. Бірақ бәсекелестік қазақстан­дық тауарларды одан әрі жақсартуға және жергілікті, сондай-ақ шетелдік тұ­тынушылардың сұранысына ие болу­ға ынталандырады. Үкімет отандық тауар­лардың сапасын арттыруға күш салуда. Өйткені отандық бизнес ішкі, сыртқы нарықтарда өзін жайлы сезінуі қажет, – дейді Азамат Асқарұлы.

 

Оқу көптік етпейді

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту­ды және жаппай кәсіпкерлікті дамы­тудың 2017-2021 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіз­деріне оқытуға бағытталған «Жап­пай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бар екені белгілі.

Жобаның оқыту бағдарламасы 12 модульден тұрады. 11-модуль «Бизнеске арналған электронды қызметтер» деп ата­лады. Ол «Электронды сауда» бөлі­мін (satu.kz, olx.kz), сондай-ақ www.mp.kz, www.skс.kz электронды алаң­да­рын­­дағы жұмысты қамтиды. «Бастау Бизнес» жобасының операторы – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі. «Атамекен» ұлттық кәсіпкер­лер палатасы – оқыту операторы.

Карантин жағдайында бизнесті дамыту үшін бағдарламада электронды сауда алаңдарында, интернет-дүкен­дерде және www.ebay.com, www.etsy.com, www.amazon.com секілді мар­кет­­плейс­­терде жұмыс істеу туралы білім алу қа­рас­тырылған. Мақсат – кәсібін жа­ңа бас­таған кәсіпкерлерді өз бизне­сін қазір­гі эпи­демиялық жағдайда бейім­деуге және www.ebay.com, www.etsy.com секілді түрлі онлайн алаңдарда тауар сатуға үйрету.

Былтыр 33 183 адам оқудан өтіп, 14 397-сі өз бизнесін ашты. Жалпы, жүргізіліп жатқан жұмыстың нә­ти­жесінде электронды сауданың үлесін 15 пайызға дейін арттыру, белсен­ді онлайн сатып алушылар санын 7,7 млн адамға жеткізу жоспарлануда.

 

Экспортты қолдау

Қазақстан экспорттаушыларға түрлі қолдау шараларын ұсынып келеді. Мәселен, жыл басынан ведомствоара­лық комиссияның 14 отырысы өткізі­ліп, онда 89 субъектінің 3,5 млрд теңге көле­міндегі 164 өтінімі мақұлданған. Оның ішінде отандық өңделген тауар­­лар­ды ілгерілетуге (жарнама, қой­ма­ны жалға алу, сертификаттау, көрме) субъектілерден 48 млн теңгеге 5 өтінім келіп түскен. Сондай-ақ 86 субъек­тіден тасымалдауға қатысты 3,4 млрд тең­геге 159 өтінім қабылданған. Мұнда темір ­жолмен, автомобильмен, әуе кеме­лері­мен және теңіз арқылы жеткізу мүмкіндіктері қарас­тырылған.

Мақұлданған өтініштердің 54-і шағын кәсіпкерлік субъектілерінен, 19-ы орта, 16-сы ірі бизнес өкілдерінен түскен. Мақұлданған өтінімдер ішінде 844 646 980 теңге жоғарғы бөліністегі, 2 271 603 226 теңге орта бөліністегі, 384 516 317 теңге төменгі бөліністегі тауарларды жеткізу шығындарын құрайды. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бо­йынша, бөлінген қаражаттың 60 пайызы игерілген.